ҮЛКЕН ЖЕРДЕ ТУҒАН СОҢ ЗАТЫҢ БӨЛЕК...
2016 ж. 06 мамыр
8786
4
Мемлекет және қоғам қайраткері, ұлттық өнер мен әдебиет жанашыры, белгілі меценат Ислам Әбішев алпыс жасқа толды. Осынау іскер басшы, білікті маманға халық ықыласы, ел құрметі айрықша екені байқалады. Неге десек, ол небір жоғары лауазымды қызметтерде жүргенімен, ерекше елжандылығынан, қарапайымдылығынан айнымапты. Қашанда елдің мұңын мұңдаған жетекшінің әр кезде туған елінің игілігі мен ұлттық мүдде жолында қалтқысыз қызмет етуге ұмтылатынын аңдаймыз. Бүгінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары жөніндегі комитет төрағасы Ислам Әлмаханұлының ел экономикасымен қатар ұлт руханиятының өркендеуіне зор көңіл бөлетіні қызықтырмай қоймайды. Төменде белгілі тұлғалардың әр кезеңдерде айтқан лебіздері ұсынылып отыр.
Қадыр Мырза Әли, ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:
ӨНЕГЕЛІ ӨМІР ИЕСІ
Тәуелсіз еліміздің туын берік ұстап, қазақилығымызды нығыздап, туған жерімізді ұлықтау жолында қыруар істер тындырып жүрген санаулы азаматтардың арасынан Ислам Әбішевтің алар орны айрықша. Ұлтымыздың рухани қуатын, алдаспандай сенім мен жігерін желдің жүзіне суарып, шыңдап жатқан қиын кездерде Ислам туған өлкесін гүлдендіруге аянбай еңбек етіп, білікті маман, тәжірибелі ұйымдастырушы, принципшіл бастық ретінде көптің ықыласына бөленіп жүрді. Оның қызмет барысындағы шыншылдығы мен еңбекқорлығы, мемлекеттік жұмыстарға белсене араласуы ел-жұрттың алдындағы абыройын асқақтатты. Өскемендей алып шаһардың әкімі болып тағайындалған күннен бастап, қаланың өміріне үлкен жаңалықтар енгізді. Ол қандай істе де қалт кетпеуді мұрат тұтады. Не істесе де ойланып, толғанып «жеті рет өлшеп, бір рет кесуге» ұмтылады. Әлемнің алдыңғы отыз елінің қатарынан орын алуға ұмтылып жатқан қазіргі кезде өз халқын, өз елін дүниежүзі елдеріне жан-жақты танытуға күш-жігерін салып еселі еңбегімен көзге түскен қоғам әрі мемлекет қайраткерлері саусақпен санарлықтай тым аз. Солардың арасынан егемен еліміздің өркендеуіне аянбай тер төгіп, биік асуларды бағындырып келе жатқан қоғам қайраткері Ислам Әлмаханұлының республикамыздың экономикасы мен ауыл шаруашылығын өркендету жолындағы еселі еңбегі баршамызға жақсы мәлім. Сонымен қоса, елімізде өнер мен мәдениеттің барлық салаларын дамытудың мемлекеттік бағдарламаларына сәйкес жасаған елеулі жұмыстары жұрт назарын аударып келеді.
Елбасының ірі жобаларын басшылыққа алып, өзінің жеке қабілетімен, күш-қайратының нәтижесінде Өскеменнің әлеуметтік-экономикалық дамуын күн санап ілгері бастыруда. Бүгінгі таңда өсіп-өркендеудің жаңа шыңдарын бағындырған қаланың білім, денсаулық, мәдени-рухани тұрпаты жаңаша өрістеп отыр. Осындай экономикалық-әлеуметтік дамумен қатар өнер мен мәдениеттің назардан тыс қалмауына да атсалысып келеді. Бұған жыл сайын өткізіліп жатқан «Шығыс шынары» Халықаралық жыр мүшәйрасы, Халықаралық мүсіншілер байқауы, өнер жарыстары мен фестивальдер, еліміздің әдебиет және өнер қайраткерлерімен кездесулер өткізуі жарқын мысал бола алады. Халықтың рухын аласартпай, асқақтатып, жанын жасытпай жадыратып тұратын ірі істер қашанда ұлттық сананы оятуға, мұқалған намысты қайрауға бағытталатыны рас. Иә, халықтың зердесіне нұр құятын үлкен шараларды ұйымдастырудағы Исламның көздегені де осы – қуатты рухты сіңіру.
Өмірде қарапайым, үлкенге ізетті, кішіге ілтипатты Исламның қазақ руханиятының алтын қазығына айналған ірі тұлғалар – Т.Молдағалиевты, Қ.Жұмаділовты, Т.Медетбекті, Қ.Бегмановты, И.Сапарбайды, т.б. Өскемен қаласына шақырып, олармен кездесулер өткізіп тұруы ерекше толқытады. Ақиқатын айту керекпіз, ел тізгінін ұстаған әкімдердің арасында дәл Исламдай ақындар мен жазушыларды, актерлер мен суретшілерді жақын тартып, олармен қарым-қатынас жасап отырған ешкімді көрмедік. Ол әдебиет пен өнер қайраткерлерін сырттай бақылаушы емес, олардың тыныс-тіршілігінен үнемі хабардар болып отырады. Тіпті, кітаптарын шығарысып, мерейтойларын ұйымдастыру шараларына да көмек қолын созып жүр. Мұның бәрі халқым, елім деп соққан жүректің қалауымен жасалып жатыр. Кісілік пен адамгершіліктің бәрін бір бойына жиған өнегелі өмір иесі Исламның алдағы уақытта да халқына берері мол. Ел мүддесін бірінші кезекке қоя білетін мемлекетшіл азаматтың тындырған ісінен, тындырары көп деп білемін.
Тұманбай Молдағалиев, ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:
ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ТҰЛҒАСЫ
Қазақ халқы ықылым замандардан бері талантты перзенттерге кенде болып көрген емес. Сондай қазақы рухты, қазақы тәрбиені бала күнінен бойына сіңіріп өскен Ислам Әбішев бүгінгі Қазақстанның дамуына сіңірген еңбегі өлшеусіз екенін бәріміз де жақсы білеміз. Ол Оңтүстіктей құт дарыған киелі өңірде бірнеше жылдар қатарынан облыс әкімінің бірінші орынбасары болып, басқарушылық, ұйымдастырушылық қабілетін жан-жақты көрсеткен еді. Шынын айту керек, соңғы жылдары Өскемен десе Исламның аты қоса атала бастады. Елгезек, тынымсыз, әр сөзіне мән беріп ойлана сөйлейтін осы бір азаматтың есімі ел құлағын елең еткізетін болды. Себебі, ол әкімдік қызметке келгеннен бастап Өскемен қаласы бұрынғысынан да құлпырып, жайнап кетті. Ең біріншіден, Ислам қала тазалығына айрықша мән берді. Көшелерді тазартып, гүл ектірді, демалыс саябақтарын ашты. Екіншіден, жылдар бойы орнынан қозғалмай тұрған әлеуметтік мәселелерді де тез шешуге кірісті. Әсіресе, жер телімдерін беру, көп қабатты үйлерді салып бітіру, балабақшалар ашу, спорттық кешендер салу, т.б. Үшіншіден, ұлттың рухын көтеретін үлкен іс-шараларды ұйымдастыра алды. Атап айтқанда, «Шығыс шынары» Халықаралық жыр мүшәйрасы, Халықаралық мүсіншілер байқауы, алуан түрлі өнер сайыстары мен фестивальдер, еліміздің атақты әдебиет және өнер қайраткерлерімен кездесулер, аудандардың облыс орталығындағы күндері, қала тарихында қазақ тіліндегі тұңғыш «Өскемен» газетінің өмірге келуі – осының бәрі шығыс өңірінде ұлттық рухты асқақтатуының нақты мысалы еді. Мен бүгінгі кезде Алаш арыстарының ісін жалғастырып келе жатқан Исламдай бауырларымыздың бар екендігіне тәубе етемін. Қазақ ұлтын нығайту, ел басқаруда әділетті бағытты басшылыққа алып, асыл құндылықтарды орнықтыруға, әспеттеуге ат салысып жүрген Исламның ұлтжандылығын айрықша бағалаймын. Өрелі мақсаттарға жету үшін қайратты намысқа жанып, Өскемендей орыс рухы басым қалаға қазақи рең әкелді. Бірнеше ұлттың құтты мекеніне айналған өскелең қаланың қақ төріне ұлы Абай ескерткішін тұрғызды. Қазақтың салт-дәстүрін насихаттайтын этноауыл, туған тілімізде шырқалған ән, күмбірлеген күйлер мен ақындардың сайысы өзіміздің елімізде кімнің еге екендігін дүйім жұртқа паш етті. Жалпы, билік өкілдерінің барлығы бірдей ел қалаулысы бола алмайды. Өнегелі өмірі мен елге сіңірген еңбегі, ақыл, парасаты үшін халық өз перзенттерінің кейбірін ғана ел азаматы санайды. Сондықтан да, мұндай бақыт екінің біріне бұйыра бермеген. Ал, Ислам осы бақыттың дәмін татқан адам. Бұған оның ел мүддесін алға шығарып, пендешілік мүддені кері ысыра білу қасиеті әсерін тигізді. Заманында қазақтың дана перзенті Әйтеке би: «Жақсыны ұлықтай білу, жайсаңды қызықтай білу – ақылдың ісі» депті. Ендеше «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, туған Отанына мүлтіксіз қызмет етіп келе жатқан Исламның жетістігі ұрпаққа теңдессіз үлгі, таптырмас өнеге деп білемін. Ол туабітті мемлекетшіл адам. Өзінің ерекше қасиетін, елге сіңірген ерен еңбегін, сол жолда көрген қиындықтар мен кедергілерін жария еткен емес. Қашанда кішіпейілдігінен танбай келеді. Қандай істе болсын, жел өтінде әрдайым өзі тұрады. Бұл жүрегінде иманы бар адамға тән қасиет. Содан болар, әрдайым жақсылық жасауға құлшынып жүреді. Исламдай күндіз-түні еңбектеніп жатқан қайыспас қара нардай ұлтжанды ерлер бар кезде Егемендігіміздің баянды, Тәуелсіздігіміздің табанды болатына шүбә келтірмеймін. Исламның халқым деген бағыттағы еңбегі жемісті де табысты болсын деп тілеймін.
Қабдеш Жұмаділов, Қазақстанның Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:
МЕМЛЕКЕТШІЛ ҚАЙРАТКЕР
Менің осыдан тура жиырма жыл бұрын жазылған «Қайраткерлер қайдан шығады?» деп аталатын мақалам бар. Кезінде газетте басылған, кейін кітапқа кірген сол мақалада жәй атқарушы шенеунік кім, қызметкер кім, қайраткер деп кімдерді айтамыз деген мәселе жан-жақты талданды. Шенеунік – жоғарының әмір-пәрманын бұлжытпай орындап отыратын лауазымды қызметкер. Үкімет аппаратында мұндай қызметкерсіз жұмыс жүрмейді. Демек, олар да – биліктің қажетті бөлшегі. Бірақ шенеунік-қызметкердің өзі сөйлемейді, астындағы тағы сөйлейді. Тақтан тайған күні шенеунік нөлге айналады. Ал қайраткер деп жоғарыдан жол-жорық күтіп отырмайтын, жұмысты саналы түрде жасампаздықпен жүргізетін, ұлтқа жаны ашитын, мемлекетшіл тұлғаны айтамыз. Шын қайраткер астындағы таққа тәуелді емес, оны лауазымды қызметінен алып тастасаң да, тіпті қапасқа қамап қойсаң да қайраткер болып қала береді. Тәуелсіздікке ұзақ жылдық күреспен, қантөгіспен жеткен елдерде ұлт көсемдері, яғни қайраткерлер айдауда, қуғын-сүргінде жүріп жасақталады (мысалы, Махатма Ганди, Жабахарлал Неру, Мандела, Ясыр Арафат, т.б.) Ал мұндай кезеңді бастан кешпеген, тәуелсіздікке аяқ астынан, кездейсоқ қолы жеткен Қазақстан секілді елдерде қызметкер көп болғанымен, қайраткер жағы тым тапшы. Бізде өз басын күйіттемей, алдымен ұлт қамын ойлайтындардың аз болатыны содан. Мен осы шағын мақаланы жазар алдында зиялы қауымға жақсы танымал, біздің жазушылардың жанашыр досы – Ислам Әбішевті жоғарыда аталған категориялардың қайсысына жатқызуға болады деп біраз ойландым. Ақырында ол жүріп өткен жолдарды ой елегінен өткізе келе, бұл азамат қатардағы көп қызметкердің бірі емес, ұлтқа жаны ашитын және үнемі ізденіс үстінде жүретін мемлекетшіл қайраткер деген қорытындыға келдім.
Бұрын ұзақ жыл оңтүстік өлкеде қызмет істеген Исламды мен жете білмейтінмін. Онымен етене араласқаным – соңғы он шақты жылдың айналасы. Алдымен қуанышты хабар жетті. Шығыс Қазақстан облысына Бердібек Сапарбаев әкім болып тағайындалыпты. Сонымен бір уақытта Өскемен қаласына басшы болып, Ислам Әбішев деген азамат келіпті. Екеуі де ұлттың ұлтанды жерінен, біреуі – Сыр бойында, екіншісі – оңтүстік аймақта өскен жігіттер екен. Бұрын басшыға жарымай келген шығысқазақстандықтар облысымызға екі бірдей қара көз азаматтың келуін жақсылыққа жорып, айрықша қуандық. Ой-хой, дүние! Бұған дейін кімдер билемеді бұл өлкені? Тәуелсіздіктен кейін Метте деген неміс жігіті жеті жыл отырды осы облыста. Бәлкім, басшыларға жақса жаққан шығар, бірақ ел жағдайын, халық мұқтажын білмейтін адам еді. Меттеден кейін ол орынға Храпунов келіп жайғасты. Ел байлығын шайқап ішіп, ұрттап төгіп, осында ол біраз жыл сайраңдады. Әлгі «жапалақ келіп жалп етіп, жартысын ішіп ол кетті. Қарға келіп қарқ етіп, қалғанын ішіп ол кетті» дегеннің кері. Жат жұрттың шенеуніктері сенің әдебиетіңді, мәдениетіңді қайтсін, аймақтың байлығын сүліктей сорып, қалтасын қалыңдатып алды да, қалаған жағына тайып отырды. Өзгесін қойшы, жаңағы әкімдердің тұсында біздің жазушыларға Өскеменге кірудің өзі мұң болған. Бір жолы партизан жазушы Қасым Қайсенов Өскеменге барып қалады ғой (батырдың туған ауылы Өскеменнің дәл түбінде). Әлдебір шаруамен облыс әкімі Меттенің қабылдауына кіре аламай, кезек күтіп, екі-үш күн жүріп қалады. Ақыры кезегі келіп, әкімнің кабинетіне кіргенде, көкірегінде қыжылы бар Қайсенов Меттеге: – Әй, дорогой, сен менен қорықпа. Мен неміс өлтіруді көптен бері қойып кеткенмін! – депті. Оны айтқан – қаһарман жазушы Қасым Қайсенов қой. Ондай сөзді партизандар ғана айта алады. Ал басқамыз... сол әкімдердің есігін ашпаған күйі қала бердік. Ал облысқа Бердібек пен Ислам келгеннен кейін біздің жазушылар Өскеменге қарай ағылды-ау бір. Сөйтсек, адамдар бір қалаға барғанда бедірейген тас үйлерге емес, адамға барады екен ғой. Ұлтын сүйген азаматтар ұлт жазушыларын өздеріне магниттей тартқан. Бұрынғы обком үйінің алдындағы Лениннің ескерткішін жұлып тастап, оның орнына ұлы Абайды орнату – өзгерістің басы болды. Әлі көз алдымда. Қайдан шыға келгені белгісіз, қала толған қазақ. Алматы мен Астанадан жазушылар да ағылған екен. Сол жиында айтылған менің бір сөзім бар: «Бұл қалаға алдымен Абай келді. Ұлы ұстаздың соңынан шұбырып біз келдік» деген едім. Сөйтіп, жыл өткен сайын тас қаланың жүзі жылына бастады. Біртіндеп имандылыққа бет бұрып, еліміздегі ең тәуір мешіттердің бірі Өскеменде салынды. Мен сол мешіт ашылғанда сөз сөйлеп: «Мешіттің көкке бой созған мына мұнаралары – жәй нәрсе емес, ол ғарышпен тікелей тілдесетін, арман-тілегімізді Аллаға жеткізетін антенна тәрізді» деген едім. Сол сөзім кейін қала тұрғындарына тарап кетті. Келесі жылы барсақ, қала сипаты мүлде өзгерген. Өскеменнің шығыс жағындағы биік жотаға алыстан көз тартатындай етіп, ақ кірпіштен өрнектеп, «Қазақстан» деген сөз жазылыпты. Жотаның дәл төбесінде көлемі он есе үлкейтілген қазақтың көк туы желбіреп тұр. Достардың рухын үстем етіп, жаулардың өзегін өртейтіндей-ақ көрініс! Исламның қалаға сіңірген еңбегі мұнымен бітпейді. Ол өзі басқарған үш-төрт жылдың ішінде қала көшелерін қалай безендірді десеңізші! Әсілі, шығыстың қазағы да, орысы да гүл өсіруге олақтау келеді. Бір жылы барсақ көше бойлары мен саябақтар қызылды-жасылды гүлдерге толып кетіпті. Сұрастырып көрсек, Ислам сол көктемде әкімшіліктің барлық қызметкерін сенбілікке алып шығыпты да, көше жиектері мен әр үйдің ауласына гүл еге бастапты. Әкімнің өзі күрек ұстап жүрген соң, қала тұрғындары да шыдап тұра алмай, еңбекке араласып кетіпті. Содан бүкіл қала гүл алаңына айналған.
Ал, қаланың бір қапталын тұтас алып жатқан этнографиялық мұражайды айтпай кету мүмкін емес. Бұл басқа ешбір қалада ұшыраспайтын өз алдына жатқан табиғи қорық сияқты. Басқа өңірде сирек кезігетін осы өлкенің өсімдіктері де осында бас құраған. Мен паркте сейілдеп жүрген қала тұрғындарынан әдейілеп сұрадым: – Қаланың қақ ортасына осыншама сұлулықты орнатқан кім? – деймін ғой баяғы. – Білмейтін бе едіңіз? Біздің қаланың әкімі Ислам Әбішев қой, – дейді бәрі бір ауыздан. Орысы да, қазағы да өз әкімдеріне дән риза. Шығыс Қазақстан облысы десе, ойымызға бірден Алтай оралатыны белгілі. Ал Қатонқарағай өңірін – сол Алтайдың жақұт көзі десе болғандай. Шығыс өлкенің адамы болсам да, мен осы жасқа келгенше Қотанқарағайды көрмеген екенмін. Марқұм Оралхан Бөкеев маған туған өлкесін өзі аралатпақшы болып жүруші еді. Ол дегеніне жете алмай кетті ғой... Көбімізге арман болған сол Қатонқарағайды жазушыларға таныстырған – тағы да Ислам Әбішев болды. 2011-жылдың жазында 20-30 жазушыны үш топқа бөліп, Қатонқарағайдың бұғы өсіретін шипажайында бір ай бойы демалдырды-ау! Саф ауа, тұмса табиғат. Таңертең оянсаң ақша бұлттар сенен көп төменде, сонау сай табанынан енді-енді өріп келе жатады... Несін айтасың, бұл өзі нағыз бұғының мүйізін отайтын мезгіл екен. Әр күні бұғы мүйізінің тамшылаған жас қанын ұрттап, мүйізбен буланған ваннаға түсіп, құр аттай сергіп қайтқанымыз есімде. Жазушыларды жыл сайын шипажайда демалдыру үрдісін Ислам Әбішев бұдан кейін де үзген жоқ. Келесі жылы жаңағыдай үш топқа бөлінген 40-30 жазушы Бурабайға бардық. Тағы бір жылдан соң Шымкентке таяу «Тау самалы» демалыс үйінде болған күндеріміз де естен шықпайды. Өткен жылы демалған «Жаркент» санаторийіндегі родон суларын қалай ұмытарсың! Ең кереметі, осының бәрі үкімет есебінен емес, оңтүстікте шағын бизнесі бар Ислам өз қалтасынан төлеп отырды. Өмірде барға қанағат етіп, харакетсіз отыра алмайтын, жаңалыққа жаны құмар, қандай шаруаға кіріссе де еңбегі жанып жүре беретін, қадамы құтты, іскер адамдар болады. Өз басым Ислам Әлмаханұлын дәл осындай адам деп білемін. Ол Алматыдағы политехникалық университетті бітірген соң туған өлкесі оңтүстікке барып, қызметтің неше алуан сатыларынан өтті. Аудандық, облыстық комсомол жетекшісі, совхоз директоры, аудан әкімі, облыс әкімінің бірінші орынбасары. Осыдан кейін ғана Өскемен қаласының әкімі. Қазіргі қызметі республикалық Су ресурстары комитетінің төрағасы. Жалпы, Ислам Әбішев – одан да жоғары жауапты қызметке қойсаң да сеніміңді ақтайтын азамат. Тегінде, қандай қызмет атқарсаң да, артыңда айта жүретін із қалғанға не жетсін. Осыдан екі-үш жыл бұрын оңтүстік өлкесін аралап жүріп, оралмандар қоныстанған бір ауылға әдейі бұрылғаным бар. Не көрдің дейсіз ғой? Басқа еш жерде ұшыраспайтын ғажап көрініске тап болдым. Төрт-бес жүз отбасына бірінен-бірі аумайтын қаз-қатар ақшағала үйлер салған. Кереметі – әр үйдің алдында қысы-жазы көкөніс өсіретін жеке-жеке жылыжай (теплица) бар. Онда не жоқ дейсің, қияр да, қызанақ та, бұрыш пен сарымсақтың неше түрі құжынап өсіп тұр. – Несін айтасыз, осы жылыжайлар бала-шағаны асырап тұр! – дейді Өзбекстаннан келген қандастарымыз. – Осының бәрін ойлап тауып, орнатып жүрген кім? – деймін таң-тамаша болып. – Мұны ойлап тапқан – Ислам Әбішев қой! – дейді үй иелері мұны қалай білмей жүрсіз дегендей өзіме таңырқай қарап. – Облыс әкімінің бірінші орынбасары болып тұрған кезінде бізді осында қоныстандырып, мына қалашықты тұрғызған – сол кісі... Шіркін, жүріп өткен жеріңде осында игілікті із қалып, ол қызметіңді бұқара халық аузынан тастамай айтып жүрсе, ер жігітке одан артық не керек?! Несін жасырайын, Ислам Әбішев Өскеменнен – Астанаға ауысыпты дегенді алғаш естігенде, көңілім қоңылтақсып-ақ қалды. Азаматтың жоғарылап өскені жақсы-ау, бірақ мен үшін оның әлі де шығыста қала тұрғаны керек еді. Орыс жайлаған Өскеменде қазақ рухының қабындай бастауы кімдерге жақпай қалды екен. Әйтеуір, елшіл азаматты бұл қаладан кетіруге тура келген. Республикалық Су ресурстары комитетінің төрағалығы да өте жауапты жұмыс. Су иесі Сүлеймендей, осы елдің өзен-көлі, бастау-бұлағы, егіске су шығарған тоған-каналы, қыл аяғы шөл даладағы құдыққа дейін телмеңдеп саған қарайды. Бірақ, амал не, бұл өзі жыл сайын қыруар қаржы бөлінсе де жұмысы өрге баспайтын, былығы көп мекеме болып шықты. Тура жолдан таймайтын Исламды да соны түзеу үшін шақырса керек. Жұмысқа кіріскен алғашқы айлардың өзінде-ақ, ол осы салада қордаланып қалған талай былықтың бетін ашыпты. Мұндағылар, сірә, судың да сұрауы бар екенін ұмытса керек, жалған жоспарлар, қағаз бетінде ғана қалған құрылыстар, жоғарыға жолданған өтірік ақпарлар... Нәтижеде із-түзсіз кетіп жатқан жүз миллиондаған қаржы... Ал енді мықты болсаң, осы қылмысқа қарсы күресіп көр! Бұрынғы басшылар да әбден тамырланып алған, бір ұшы құқық қорғау органдарымен, қаржы полициясымен жалғасып жатқан ысқаяқ пысықтар екен. Заң орындары айғақ-дәлелі дайын тұрған қылмысты індетудің орнына, Ислам Әбішевтің өзі туралы іс қозғайды. Мәселе анықталғанша деген сылтаумен Исламды тоғыз ай бойы қызметтен шеттетті-ау! Содан істің аяғы жоғарғы сотқа, Президентке дейін жетіп, мәселенің ақ-қарасы зорға анықталды. Алаяқтар құрықталды, әрине. Ислам өзіне жабылған жаладан зорға құтылып, өз орнына қайта отырды. Мына заманда әділеттен таймау, ақырына дейін адал боп қалу – қандай қиын, мырзалар?! Міне, жазушылардың жанашыр досы, көркем әдебиетті жан-тәнімен сүйетін сол Ислам Әлмаханұлы ердің жасы алпысқа қарай қадам басыпты. Біз, қалам ұстап жүрген қауым өз ұлтына жаны ашитын, мемлекет мүддесін көзінің қарашығындай қорғайтын іскер азаматқа бұдан былай да кесек табыстар тілейміз!
Темірхан МЕДЕТБЕК
Мемлекеттік сыйлықтың иегері
РУХЫ БИІК АЗАМАТ
Мен Исламмен көп жігіттерден кейін таныстым. Танысқаннан кейін де аралас-құраластығымыз соншалықты тығыз бола қойған жоқ. Кездесе қалғанда сәлем-сауқат сұраудан, бір-бірімізге тілеулес екенімізді білдіруден әрі аспады деуге болады. Біздің бір- бірімізді жақын тұтуымыз, аға- інідей болып кеткеніміз 2002 жылдан басталды деген дұрыс. Олай дейтінім, мен 2002 жылы Қазақстан Жазушылар одағының екінші хатшылығынан босап қалдым... Одақтағы кетіп жатқан ағаттылықтарға, әртүрлі құйтырқылықтарға, көзапара жұртты алдау мен арбауға төзбеген мен, сол жылы өткен құрылтайда бірінші басшылыққа кандидатурамды ұсынғанда қарсы болғам жоқ... Бірақ сол кезде жоғарғы жақта қолдаушысы көп (қазір де солай!) Нұрлан Оразалин қайта сайланды. Сөйтіп мен жұмыстан босап қалдым... Жә, бұл енді ұзақ әңгіме. Ол әңгіме уақыты келгенде жалғаса жатар... Менің қазіргі айтпағым, жұмыстан босап қалған мен айдалада қалғандай күй кештім. Үйге келіп-кетушілер де, қит етсе қонаққа шақырғыштар да, маза берместен телефон соғушылар да сап тиылды. Мұндай жайт қызметтен шеттетілген талай-талай азаматтардың басынан өткен ғой. Несін айтасың қиын- ақ болады екен. Сол жатқаннан сегіз ай сегіз күн үйкүшік боп жаттым. Жанашыр бірер жігіттер ғана телефон соғады. Қалғандары тым- тырыс. Сонда бір қобалжып, көңіл- күйім жүдеп, сүлесоқ жүрген күндердің бірінде жылы бір хабар келді. Ордабасы ауданының әкімі Ислам Әбішев бір топ ақындарды елді аралатуға, табиғаты әсем жерлерді көрсетіп, жалпы демалып қайтуға шақырыпты. Ең жасы үлкені мен екем. Ғалым Жайлыбай мен Қазыбек Иса бар. Содан кейін, ол кезде тіпті жас ақындар Маралтай, Әмірхан Балқыбек, Жарас Сәрсек, Әлібек Шегебайлар. Әрине, бұл шақыруға жата- жата әбден саржамбас бола бастаған мен бірден келісім бердім. Сонымен Шымкентті бетке ұстап улап-шулап тартып кеттік. Шымкенттен Исламның өзі қарсы алды. Қасында бір топ азаматтар бар. Сол күні бізді молшылықтың кең дастарханында қонақ етті. Жақсы пейіл, жақсы ниет адамдарды тез жақындастырады ғой. Емен-жарқын әңгіме, көңілді отырыс, ән мен күй, адам жанын лезде- ақ серпілтіп жібереді. Менің сол күні-ақ Исламның аузын ашса көмейі көрінетін, алды кең, құшағы ыстық азамат екеніне көзім жетті. Көңілді отырыстың ара- арасында Исламның аудан экономикасы жайлы, ел мен жер туралы, қазіргі күні мен болашағы хақында айтқан әңгімелерінен оның нағыз осы заманның адамы екенін аңғардық. Дастархан басынан тұрып сыртқа беттегенде Ислам ертең Қаратаудың теріскей бетіне, Созақ жеріндегі Қызылкөлге баратынымызды айтты. Алматының жанға жайлы көлеңкелі құшағында жүре-жүре денелеріңіз болбырап қалған шығар. Сіздерді Қызылкөлдің ащы суына түсіріп жақсылап ширатып алайық деп қояды. Ертеңіне Қаратаудың теріскей бетімен жүріп кеттік. Сол жағымызда қазыналы кәрі Қаратау, алдымыз бен оң жағымызда көсіліп жатқан алып Сарыарқа... Апыр- ай, Қызылкөл ащы болғанда да у-зәһар екен. Екі-үш рет сүңгіп шықсаң, шашың ұн қатқан бұлғауыштай,ал терің тыртысып тырысады да қалады. Кепкеннен кейін денеңді сипасаң, тұла бойыңнан аппақ тозаң құйылады. Исламның кешегі айтқаны рас па деп қалдым. Қандай босбелбеудің де мынадай тұзды судан кейін ширамауы мүмкін емес сияқты. Лезде- ақ тұздалып қақталған сүр еттей болып шыға келдік. Сол маңда балалар демалатын лагерь бар екен. Сол жерде талай- талай әңгіменің басын шалдық. Жарықтық Қаратау бойы тек қазынаға ғана емес, әңгіме- аңыздарға да бай ғой. Сол бір асыл байлықтарды ойымыз бен бойымызға сіңіріп, біз де байып қалдық. Ендігі бағыт-Түлкібас. Бірақ онда , бір өзбек жігітінен басқа аудан басшылары жоқ боп шықты да, аудан орталығына көп аялдамастан атақты Ақсу- Жабағылыға кеттік. Ғажап! Айнала тұтасқан сыңсыған орман. Самал желмен жамырасып сыбдыр қаққан жапырақтар аптап ыстықтан пысынап келген бізді бейне бір желпіп тұрғандай әсер қалдырады. Шамалы жүрсең, мөп- мөлдір боп тұла бойын әлде бір қытық буғандай сылқылдап ағып жатқан мөп- мөлдір бұлақ сулары. Дәмі қандай?! Мейірлене жұтасың. Өзім оңтүстіктен болсам да, Ақсу - Жабағылыны бұрын көрмеп ем. Рахат екен. Жалғыз мен емес бәріміз де суын ішіп мейір қандырып, ақ балтырлы ақ қайыңдарды құшақтап мәз болыстық... Сонан кейін таулы аймаққа Қазығұртқа тарттық. Бізді аудан басшысы Әли Бектаев қарсы алды. Ақжарқын жігіт екен. Әсіресе, оның шешендігіне сүйсіндік. Суырылып сөйлеп кеткенде қайырым бермей кетеді... Содан кейін Әли бізді таулардың үстімен алып жөнелді дейсің. Айналаңның бәрі өркеш-өркеш тау шоқылары. Бір жағың биік-биік жақпар жартастар, екінші жағың терең шатқалдар. Дәл жаныңнан бұйра- бұйра бұлттар өтеді. Адам кейде бала боп кетеді ғой. Жайлап жылжып бара жатқан сол бұлттарды қуып жетіп, ауылдағы қырқымнан кейін бұрқырап үюлі жататын жүндерді құшаққа толтырып алатынымыздай, одан да бір құшақ бұлт алып қалғың келеді. Қайталанбайтын бұл сұлу көріністі Ислам мен Әли де, біз де үнсіз тамашалап келеміз. Сарыарқада өскен Ғалым бір кезде “пай- пай аспан асты мен таудың арасындағы өлең-әлемінің ішінде келе жатқандаймыз” деп тамсанып қояды. Тамсансаң тамсанатындай- ақ көрініс! Сол шоқы-шоқы, өркеш-өркеш таулардың бір шатқалын қақ жарып бұлқан- талқан ашуланып, ақ көбігін жан- жаққа шашып бұрқырап ағып жатқан өзен жағасына да жеттік-ау. Ашулы өзенді көріп Маралтай арқаланып әлдене деп жатыр. Тас талқан боп, күркіреп, өкіріп аққан өзен даусынан оның даусы естілмейді. Дәл қасында тұрған Әмірхан оған әлденелерді байыппен түсіндіріп жатқан сияқты. Қастарындағы Қазыбек пен Әлібек үнсіз жымия салды... Тау қойнауындағы көлемді алаңқай қандай керемет! Жанға жайлы, тәнге қуат! Сонадай жерде күркіреп аққан өзен. Ағаш жапырақтарын түртіп ойнаған самал жел. Жұтқан сайын жұта бергің келетін ауа. Сәлден кейін дастархан басына жиналып, дәм татып ап, ән шырқап, жастар жағы би билеп мәз- мейрам болыстық. Бір айта кететін жайт, бұл сапардың алғашқы күнінен бастап ақындардың бәрі де бастары құралған бойда бірімен бірі жарысып өлең оқып келеді. Мен де құр қалғам жоқ. Неге екенін білмеймін, Исламға менің “Шолпанға өтініш” деген өлеңім қатты ұнады. Отырған жердің бәрінде қолқалап отырып, соны оқыттырады. Не керек, әйтеуір сол өлеңді қайтқан күнге дейін оқыдым. Ол тыңдаудан, мен оқудан жалықпадық. Сол өлеңді еске түсіріп, тағы бір оқып көрейік. Шолпан, Бүкіл Қазақстанның Арақ- шарабын Жиып әкелші, Бүкіл Қазақстанның Сырасын құйып әкелші!— Өлгенше ішейін. Ай аунап, Күн түнге кіріп Сөнгенше ішейін. Ішейін! Бұзық дүниеге қарап Күйініп ішейін. Қызық дүниеге қарап Сүйініп ішейін. Мас болайын!— Ат құйрығын кесісейін: Дос пен дос, Қас пен қас болайын. Несіне қорқам!— Шайқалсам!— Сүйеп қалатын Алатауым тұр ғой. Одан қалса Қаратауым тұр ғой. Несіне қорқам!— Шүкір!— Жапырағым бар ғой. Құласам— Шалқайып жататын Сарыарқам, Былғансам Жуындырып алатын Атырауым бар ғой. Шолпан әкелші! Тояйын, Сонан кейін қояйын. Кейінірек осы өлең ауыздан ауызға тарап, той-томалақтарды басқаратын асабалар айтатын болыпты. Яғни, бұл өлеңнің бағын ашқан – Ислам інім... Шардарада бізді аудан әкімі Әуелхан күтіп алды. Мұнда да сол көл- көсір көңіл, жайылып жатқан кең пейіл! Кемеге де міндік, қайықта да жүздік, алтындай құбылып тұратын, бір тозаң ұшпайтын шағыл құмда да жаттық, суға да түстік. Дене сергіді, жан жадырады. Сонымен біз Ислам бастаған азаматтардың бәріне рахмет- алғысымызды айтып, өсіңдер, өніңдер, қызметтерің бұдан былай биіктей берсін деп бата- тілегімізді төгіп Алматыға қайттық. Әрине, әңгімені осымен бітіруге болар еді. Бірақ тағы да бір эпизод еске түсіп тұр. ... Сол сапардан соң біраз күннен кейін бір жақсы хабар сап ете қалды. Сөйтсек, Ислам облыс әкімінің бірінші орынбасары, Әли облыс әкімінің орынбасары, Әуелхан облыс әкімінің аппарат жетекшісі болып үшеуінің де қызметтері жоғарылап кетіпті. Бірден телефон шалдық. Құттықтадық. Ақындардың ақ батасы қабыл болыпты дестік. Олар да шынында да солай болды деп жатты. Олармен кездескен сайын сол бір әдемі жолығысуларды шын ықыласпен еске аламыз. Сол бір ыстық қауышуларды тек еске алып қоймай өлең етіп құйған да болдым. Өлең “Әкім інілеріме” деп аталады. Ислам, Әли, Әуелхандарға Сендер бізді Жотаның үстімен жүргіздіңдер, Таулардың үстіне мінгіздіңдер, Қазақтың талай ақыны кірмеген Бұлттардың ішіне кіргіздіңдер. Күндей күркіретіп күлгіздіңдер, Талай- талай тарихты білгіздіңдер! Әкім інілерім мен Ақын інілерім Шұрқырап табысты. Өзен мен өзен қосылғандай Бұрқырып табысты. Ормандарға кіріп Қайыңдардай болдық, Өзендерге түсіп Жайындардай болдық. Өгемдей сарқырадық, Бөгендей жарқырадық. Шардараны шайқап іштік, Қызылкөлді—рас! – Тұзды екен Байқап іштік. Күнде жанып тұрды, Сендер де жанып тұрдыңдар. Жанымызды алау етіп Жағып тұрдыңдар. Араларыңда Ақ жүрекпен ақтарылып Жарылып жүрдік. Ағаштардың жапырақтарын Күн өтпесін деп! Жамылып жүрдік. Адамдармен кездесіп Алыптарға айналдық. Бұрқырап тасыған Ақ жал толқынды Шабыттарға айналдық. Мыңжылқыдай марқайдық Қазықұрттай қартайдық. Ислам Әбішев ұйымдастырған осы бір мәнді де мазмұнды сапар осылай аяқталып еді. Х Х Х Исламның маған жасаған тағы бір қамқорлығын айтпай кету мүмкін емес. 2005 жыл болатын. Ол кезде мен Иманғали Тасмағамбетовтың арқасында “Ақиқат” журналының бас редакторы болғам. 2005 деген менің алпысқа келген жылым. Наурыз айында толдым. Обалы не керек газеттер мен туралы мақалаларды да, сұхбаттарды да беруіндей- ақ берді. Оған ешқандай реніш жоқ. Бірақ туған жерім жағынан – облыс тарапы жағынан да, аудан тарапы жағынан да “оу, Темке, алпысқа келіп жатыр екенсіз, елге келіп кетпейсіз бе немесе не істемек ойыңыз бар, бізге тапсырмаңыз жоқ па” деген, ең болмаса телефонмен де бір ауыз сөз айтылмады. Ағайындар да тымпи ойнағандай жым- жылас болып қалды. Баяғыда мен Маңғыстауда елуге толғанымда ауылдың екі жігітіне, арнайы қаулымен ұжымшардың азын- аулақ малын саттырып, қолдарына қаражат ұстатып, оларды Ақтауға жіберген атпал азамат Жарылқасын көкем де үнсіз. Ол кісінің ол тұста үнсіз қалатындай себебі де бар еді. Өз басынан өтіп жатқан қым-қуыт жағдайлар, ол кісіні жан-жағына мойнын бұрғызбаса керек. Осының бәрін көріп- біліп отырған мен алпыс жасымды атап өтуден күдер үзген едім. Дегенмен, мен осы атаусыз қалатындай адам емес едім ғой деген ой қалды. Әрине, қамықпасам да, жабықтым. Бірақ бөрі арығын білдірмес, сыртқы жүнін қампитар дегендей еңсемді түсірмей- ақ, ешкімге де шағым айтып, мұң шақпай- ақ жүріп жаттым. Күз де кеп қалды. Бір күні Шымкент жақтан хабар жетті. Шардарада тұратын бір қаламгер ініміз 50 жасын тойлайды екен, соған шақыртыпты. Алматыдан бір топ жігіт боп бардық. Шымкенттен Исламдар да келді. Той дүркіреп өтіп жатты. Әлгі ініміз қолпаш сөздер мен си-сияпатқа кенелді де қалды. Екі- үш темір тұлпар мінді. Сахнада ән мен күй. Біз болсақ дуылдасып қол соғып, қошемет көрсетудеміз... Ислам той иесімен бірге төрде. Бір кезде, кейіннен өзі айтқандай, залда отырған маған көзі түсіп кетеді ғой. Дастархан басында Қасымхан, Қазыбек інілерінің айтқан сөздері ойына оралып, апырай, Темірхан көкемнің алпысы атаусыз қалып бара жатқаны қалай. Бұл, бізге сын емес пе, қой болмас, тез арада қолға алып, шағын болса да атап өтейік деген байламға келеді. Шымкентке келген бойда Серік Тәукебаев, Еркебұлан, Марғұлан Марайымовтарды, ауылдағы Жарылқасын ағамды, қала әкімін, басқа да азаматтарды қосып, ақылдасып, екі аптаның ішінде Түркістанда атап өтуге уағда етіседі. Солай да болды. Алматыдан, тіпті Астанадан адамдар шақырылды. Шерхан Мұртаза, Төлен Әбдік, Дулат Исабеков, Әшірбек Сығайлар бастап, Қасымхан, Ғалым, Қазыбек, Маралтай, Әмірхан, Әлібек інілеріміз қоштап Түркістанға сау ете түстік. Шымкенттен Мархабат бастаған жігіттер келді. Барған күні- ақ туған жеріме-Нұртас ауылына барып кеш өткіздік. Ертеңіне Қожа Ахмет Яссауи университетінде кездесу болды. Кездесуді Қасымхан інім жүргізіп отырды. Кеш жақсы өтті. Банкет ұйымдастырып қойыпты. Түркістан қаласының құрметті азаматы атағын берді. Астыма темір тұлпар мінгізді. Сөйтіп не керек аяқ астынан марқайдық та қалдық. Жадау көңіл жадырап сала берді. Әрине, әңгіме тек темір тұлпарда ғана емес, көңілде ғой. Осының бәріне бас - көз боп жүрген, әрине, Ислам еді. Содан кейін оны қалай құрметтеп, қалай қадірлемессің?! Х Х Х Жалпы менің бір ерекше байқағаным, Ислам Әбішевтің тұла бойы толып тұрған ұлттық рух. Ал рухты адам рухани өмірге бей- жай қарай алмайды. Маған жасап отырған қамқорлықтары да, тек ағайындық ықыластан ғана емес, ең алдымен мені сол рухани әлемнің бір мүшесі деп қарауынан. Әйтпесе, бүкіл ағайынның көңілінен шығу мүмкін емес қой. Егер Исламды жақынырақ біле түссең, оған көзіңіз әбден жетеді. Ол қай жерде жүрсе де, ең алдымен қолға алатыны белгілі- белгілі қаламгерлерге қамқорлық жасаудан бірде бір таңған емес. Ол жыл сайын кезең- кезеңге бөліп ондаған жазушылар мен журналистерді бірде оңтүстіктің, бірде шығыстың, бірде Жетісудың демалыс орындарында үзбестен демалдырып келеді. Олардың ішінде Қабдеш Жұмаділов, Дулат Исабеков, Төлен Әбдіков, сияқты қазақ әдебиетінің бетке ұстарлары бар. Оның рухани әлемге қызмет етуден бірде бір рет тайқығанын көрген емеспін. Бірер мысал келтіре кетейін. Өскеменге әкім боп барған бойда республикалық, халықаралық деңгейдегі “Шығыс шынары” атты мүшайраны бастады да жіберді. Ұлттық рухы көтеріле алмай жатқан шығыс жерінде жасалынған бұл шара үлкен оқиға ретінде қабылданды. Оған қаншама ақындар қатысты. Алғашқы мүшайраларда бүгінде марқұм боп кеткен Қадыр, Тұманбай ағаларымыз қазылар алқасының мүшелері болды. Олар да дән риза болысты. Бұл жерде облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың да еңбегін айрықша атап өткен жөн. Ол да Өскеменнің қақ ортасына, Ленин ескерткішінің орнына Абайдың алып тұлғасын орнатып, бүкіл республика жұртшылығын бір рухтандырып еді. Сол азамат Исламның атқарып жатқан істеріне қолдау көрсеткенін айтпасақ ақиқаттың ала жібін аттап өткендей болар едік. Сондай-ақ, Исламның әдебиет, мәдениет, өнер саласында жүрген қаншама адамдарға қол ұшын бергенін тізбелеп кетсек, тауыса алмаспыз. Біреуіне көлік мінгізсе, тағы біреуіне үй алып берген, үшіншісінің кітабын шығаруға көмектескен. Олардың бірқатарының аттарын атап, түстерін түстеуге болар еді. Бірақ бәрі бір бәрін түгендей алмайтын болғанан кейін осы жерден аялдай тұрайық деп ойладым. Жеке адамдарға жасалынған жақсылықтары бір төбе болса, көпшілікке, сол арқылы әдебиет пен мәдениетке жасалынған жақсылықтары екінші төбе. Төбе емес- ау биік жота. Солардың біреуіне ғана тоқтала кеткенді жөн көрдім. Осыдан екі-үш жыл бұрын Орталық Азия университетінде “Дала дарыны” жобасы бойынша 15 жыр жинағының тұсаукесері өтті. Оған республикамыздың облыстары мен Алматы, Астана қалаларындағы кітабы жарық көрмеген жас ақындардың жырлары топтастырылыпты. Әр жинаққа он- онбестен ақындар кірген. Ол дегеніңіз республика бойынша 150-200 жас ақын. Яғни республикадағы 150- 200 ақынның тұсауы кесілді. Міне, осы жобаны іске асырған кім дейсіз ғой. Тағы да сол-Ислам Әбішев. Ол осы жобамен- ақ республикадағы қаншама жыр- бұлақтарының көзін ашып берді. Бұған енді қалай сүйсінбессің! Қалай толқып- тебіренбессің! Шын ниетіңмен бар бол, рухы биік азамат дейсің!
Исраил Сапарбай,
ақын-сазгер, драматург, Тәуелсіз платиналы «Тарлан» сыйлығының лауреаты
САРАТАН МЕН СӘУІРДІҢ АРАСЫНДА...
Сақилықтың сал-сері салтын қалап, Қашан көрсем жүргенің аңқылдап-ақ! Көзмоншағы төгілген көгершіндей Көңіліңнің құсы бар алтын қанат!
Ақ саумалдан – Нәр алған бал тұнбадан Аңқылдаған ұнайды қалпың маған. Саған Мейір сыйлапты Тәңір ием, Маған Алла ұстатса Алтын қалам.
Періште де емеспін, Пендең де емен, Кең дүниеге сыймаймын келгенде өлең! Қанша күнді ұзаттым қара түнге, Екі көзі телмірген, телмеңдеген?..
Қанша мәрте айта алмай ақырғы әнді, Қанша мәрте мақсатым мақұлданды... Қара басын қамдаған әкім көп қой, Сендей әкім бар ма екен ақынжанды?
Дос та кетті жайына, Қасты қайдам... Өз болмысым өзіме ашты майдан! Кейбір кезде жаулаймын жер-дүниені, Кейбір кезде аумаймын Тас құдайдан!.. Дерт те мені алмады, Өрт те мені, Жайқалып тұр жанымның көк терегі! Өмір мені сүйеді өліп-өшіп, Өлім мені өлердей жек көреді!
Солай, інім, байқасаң ағаң жайын, Менің музам – тәмәм қыз, тәмәм қайың! Саратан мен Сәуірдің арасында Сауық құрған сабазбын самалдайын!
Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ,
ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері
ОҢТҮСТІК
Досым Ислам Әбішевке
Оңтүстік – қаны да ыстық, жаны да ыстық, Сапарда сансыз бапты сағыныстық. Түркістанның киелі топырағын Тұмар қып ғарышқа да алып ұштық.
Уызындай ұлтымның ұйып тұрған, Дәстүрімен Оңтүстік күй ұқтырған. Асқақтатқан алашты, аспандатқан Әл-Фараби, Иасауи биік тұлғам.
«Жерлесім, деп мақтан сен, Нұх пайғамбар», Қазығұрттай мызғымас құт-қоймаң бар! Қажымұқан аруағымен жебегенде Түсетұғын жүрекке жүкті ойлаңдар.
Тайқазаннан жатқанда ырыс тарап, Несібесін ұлтымыз уыстамақ. Көрсеткесін әрбір төр туыс қабақ, – Жыр самғайды жүректен күміс қанат.
Алатау мен Қаратау төс қағысып, Қауышқан жер алты алаш дос табысып. Жер-жаһан меймандостық көрсетсе де, Оңтүстіктен оза алмас еш жарысып.
Өзіңе келіп тұрмын, Оңтүстігім, Өзектегі өршітіп өрт ұшқынын. Отырардың ошағын тұтатуға От берді Өр Алтай мен Ертіс бүгін. Гуннен туған ұрпақсың күнге құмар, Мидағы нұр өрбіген, тілдегі нәр. Шаңырағы қазақтың шайқала ма, Оңтүстіктей орнықты діңгегі бар!
Төле бидің қақ жарған қара қылы – Атанды ма Ақсу мен Жабағылы?! Созақ, Келес, Сарығаш, Шардараны, Ен жайлаған ежелден қазақ ұлы!
Сауран, Сайрам, Темірлан, Ордабасы, Жібек жолын жалғаған жөн-жорасы. Есім, Қасым, Абылай ғасырлары, Біздің ғасыр олардың қолбаласы!
Ұлы Отаны – Оңтүстік – ұлылықтың, Жылылықтың осында сырын ұқтым. Қайран досым, бұл сенің туған жерің, Бәйтеректей саялы, түбі мықтым!
Үлкен жерде туған соң затың бөлек, Кіші болып қалуға хақың да жоқ. Бастыққа – сен секілді ақыл керек, Достыққа – мен секілді ақын керек!
Еске түсіп бала кез – дүрмек күнің, Көңіліңді алдың ба бірлеп бүгін? Мен сенің дініңдемін, Ислам дос, Білгенге достық деген – құрметті дін!
Көпен ӘМІРБЕК, журналист, сықақшы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері РУХ – СЕНІҢ ТЫНЫСЫҢ (Ислам Әбішұлының 60 жылдық мерейтойына) Бір жағынан інісің, Бір жағынан «КБ»сың.* Бәсең жүріп бәйге алған Бозжорғадай жүрісің. Бір жағынан інісің, Бір жағынан «КБ»сың. Сетінетпей сөздің де Жатқызасың тігісін. Бір жағынан інісің, Бір жағынан «КБ»сың. Мыңқ етпей-ақ істейсің Мың адамның жұмысын. Бір жағынан інісің, Бір жағынан «КБ»сың. Ұсақты да ұлықтап, Бітеу қылған ірісің. Бір жағынан інісің, Бір жағынан «КБ»сың. Тіфә-тіфә, өтеді Бір ісіңнен бір ісің. Бір жағынан інісің, Бір жағынан «КБ»сың. Бар байлықтың атасы Рух – сенің тынысың. Ынтымағың – ырысың, Ықыласың кім үшін? Ұлтың үшін дән еккен Ұласа берсін Ұлы ісің! *«КБ» - күйеу бала деген сөз.
Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ,
ақын, Халықаралық Абай атындағы сыйлықтың лауреаты
ҚАНАТТЫ
О, Исеке!
абзал дос,
сардар ағам,
Маңдайында шырағы жанған адам.
Қанатының астымен маржан шашып –
Ұшып шыққан шағала Шардарадан.
Сол арда құс,
арлы құс,
арман – қанат,
Қонбайтынын сезгелі арзанға бақ.
Туған елдің қалқиды аспанында
Қанатының астына маржан қадап.
Тұратұғын әр таңы шарқ ұрудан,
Армандыны демейтін қолтығынан.
...Ордабасы басынан көргем оны –
Қара Ертістің қастерлі толқынынан.
Исекең бұл,
күзіне жеткен күрең,
Біздің баста тұрмайды көктем кілең.
Талаптыға тамызық беру үшін
Қанаттыға айналып кеткен білем.
Сарыарқаның құбылып құмай таңы,
Мен секілді сені де мұңайтады.
Есіл де есіл,
есіл күн елес беріп –
Есіл – Нұра ағысы сыр айтады.
Тірлігінде өр көрер,
еңіс көрер,
Шапқан жері тұлпардың тегістелер.
Сені бес күн жалғанда қоршап жүрген –
Ақын деген – қанатты періштелер.
Бас сауғалап алдыңнан қашқан қайғы,
Ақ таң сайын рухың аспандайды.
Қанатты деп сені де қабылдаймыз –
«Адамзаттан ақында дос болмайды».
Тілін ұғып қиян мен шалғайлардың,
Суын ішкен өренсің бар қайнардың.
...Дос болуға біздермен жетпейді анық –
Ақшасы мен мен алтыны сан байлардың.
Ақын біткен өзіңе сеніп алып,
Ақтарады алдыңда шерін анық.
«...Исекем» – деп толғайды
тағдырласым –
жан құрдасым Қасымхан Бегманов.
Күнестейсің Исекем,
күнгейдейсің,
деп қоясың көргенде: бір келмейсің.
...Оңтүстіктің ыстығын Қараөткелде –
Жалғыз өзің арқалап жүргендейсің.
Дауыл көрмей бір мезгіл,
дүлей көрмей,
Жүрейікші бауырым, үрейленбей.
Дүниесі дүбірлеп тұратұғын –
Су иесі Өзіңсің, Сүлеймендей.
Ақын үшін тағдырдың жолы қайда,
Өрі қайда
білмедік оры қайда?
...Жүйріктерді мәреден күтіп жүрген –
Күреңбай да Өзіңсің,
Толыбай да.
Гүлдерге орап сен жүрген көшелерді,
Келген көктем көгертсін көсегеңді.
Қанаттылар қазақта аз, Исеке,
«Қанатты» деп атадым осы өлеңді...
Қазыбек ИСА,
ақын, Халықаралық "Алаш" сыйлығының лауреаты, Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлық – "Алтын Күз" орденінің иегері
АҚИЫҚ
Ислам Әбішевке
Тереңдік бар тегің мен зейініңде,
Имандылық ұйыйды мейіріңде.
Оңтүстікте Ордалы орның бөлек,
Шардарадай шалқиды пейілің де.
Қайратың бар қайнаған құрыш дара,
Ынтымақтан туады ырыс қана.
Өскеменді өзгерттің өскелең ғып,
Шыққан күнмен жарысып Шығыста да!
Еңбекте ғой Ер нарқы, сірә да ұқсақ,
Бұзды қамал бұландай бұлалық шақ.
Өз ұлдарын әскерге жібергендей,
Шығыстықтар қимады шығарып сап...
Кең далаңдай көңілің, көрші барып,
Туған жерге шығады жол шұбалып...
Судай таза болған соң өмірде бұл,
Өрге жүзіп келесің өршіп ағып...
Көкірегің көмбедей күй алаңы,
Жүректерге әр ісің ұялады.
Қанат сыйлап халқыңның ықыласы,
Ақиыққа айналдың қиядағы!
Намазына қосатын жандар барда,
Жеткізеді Алла өзі армандарға!
Көмегіңді көрмеген дарындар аз,
Бәрі қазір айналды тарландарға!
Сырдай сырбаз көңілі сырлас аға,
Ақ тілекті ел айтар нұрға сана.
Айтып бітпес Алашқа қадіріңді,
Ақын біткен Алпыс күн жырласа да...
Жайсаң Ерім, жаның жаз, шуақ дерсің,
Арыныңды алапат ұнатты ел шын!
Орда бұзар Отыздың екеуі – Алпыс! –
Екі есе енді Құдайым қуат берсін!
Ел қыраны жыр – маржан болсын тарту! Бауырым Ислам Әлмаханұлы Әбішевтің 60 жасқа толған туылған күніне арнаймын! Көркем көктем, Арыс толып аққанда, Өрік ағаш гүлден сырға таққанда. Ел түстігі бір шаттыққа бөленді, Бұл жалғанның Сіз есігін қаққанда. Сырдария өзені асып тасқан, Жағасында өмірге келгендіктен. Дарқан мінез бойыңда қалыптасқан, Жомарт дария киесі енгендіктен. Кем кетігін таба алдыңыз әр істің, Көзіңізбен көреген, мергендікпен. Қайта ұстатты елімнің су тізгінін, Елбасы өзіңізге сенгендіктен! Басындағы бар қазақ қайғы, мұңы, Жүрегіңде қоңырау боп қағылар. Қазыбектің – Орта жүз Ұлы биі, Ақыл, ойы бір бойыңнан табылар! Мағынасы, ойыңның тазалығы, Секілді ару көктем таңғы шығы. Үніңнен естілгендей бабалардың, Жақсылыққа үндеген жаңғырығы. Елден ұзап, алысқа сапар шексең, Бауырымсың мен үнсіз сағынатын. Кірпік қақпас Исеке қыран тек сен, Биік шыңдар заңына бағынатын. Мал тобымен жүреді, қыран жалғыз, Өміріңнен өзгеше бір ән салды із. Ол сенің қыран мінез қасиетің, Бәлкім сол мінезіңді сағынармыз! Сарқылмағай сұрапыл қайрат, төзім, Аштыңыз талай мөлдір бұлақ көзін. Сіз ұстазсыз, көп шәкірт тәрбиелеп, Игі ісімен көрсеткен жансыз өзін! Салмағымен таңбаланар нар ізі, Адал еңбек әр адамның парызы. Ары таза, жаны таза болса адам, Алла алдында өтелмек бар парызы. Исеке көрдің міне алпыс көктем, Ойлансаң мынау әлем көркем неткен. Сараң сасық сумен тең, жомарт – мөлдір, Сіз жомартсыз, оған ел көзі жеткен! Облыста, ауданда әкім болып, Көпшілік көңілінен шыға алдыңыз, Жаныңыз жаратқанға жақын болып, Халықтың қайғы мұңын ұға алдыңыз! Арсыздарға қатал үн қата алдыңыз, Өмірден ащы, тұщы тата алдыңыз. Еліміз су саласын көркейтем деп, Елбасының өзінен бата алдыңыз! Кем – кетігін, дөп тауып, терең бойлап, Күн, түн демей халықтың қамын ойлап. Еліңе адал еңбек тарту етіп, Елдің тойын халықпен жүрсіз тойлап! Арман, мақсат әр жанды күтеді алдан, Алдамастан жеткізгей түлкі жалған, Ел тізгінін қолға ұстар өзіңіздей, Ұрпағыңыз көп болғай шырын балдан! Әр күніңіз шатты болғай шалқыған, Толы болғай мол бақытқа балқыған. Тоқсан бесте сезінгейсіз Жамбылдай Махаббаттың хош иісін аңқыған. Ағылсын жас келгенде тіліңнен бал, Жылы сөз бен батаңды таратып қал. Немере, шөберелер мақтан тұтып, Деп жүрсін менің атам кемеңгер шал. Алпыс жасқа Сіз келіп қуаныштан, Біздің көкке жетпей тұр сәл төбеміз. Жасыңызға осынша жас қосылып, Асқақ болғай қашанда мәртебеңіз! Алдағы өмір болғай аға баянды, Біз шырқайық көңіліңізге сай әнді. Байтеректей бұтақтарын кең жайған, Жалпы жұртқа түсіре бер саяңды! Ағамсың арқа сүйер, лағыл затың, Жан қиналса қасымнан табылатын. Қабылдаңыз жолданса маржан – тілек, Бауырыңнан жыр болып ағылатын! Ізгі тілектерін маржан жырмен өрнектеген, ініңізСенбек Сансызбайұлы
12 мамыр 2016 жыл
"Қазақ үні" газеті