Милициялар митинг туралы сұрады - жер сатуға қарсы белсенділер
2016 ж. 04 мамыр
3461
0
Шымкенттік бірнеше белсенді жас «жерге қатысты бейбіт шеру жайын» әңгімелесу үшін жиналған жерлерінен полиция ұстап әкетіп, митинг туралы жауап алғанын хабарлады. Мұны Азаттыққа сол азаматтардың бірі Сүйін Абулда хабарлады.
«Сағат 5 шамасында Әл-Фараби ауданындағы Жаңа Шаһар аялдамасының маңындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің ауласында 9 адам жиналып, әңгімелесіп отырған едік. 30 шақты полиция қызметкері жан-жағымыздан қоршап алды. Олар менімен бірге Марат Жанысбаев, Дәурен Қалдыбаев және Жадыра Дүйсенбекованы Қаратау аудандық полиция бөліміне апарып, бізден алда болады деп жатқан митинг туралы жауап алды» дейді Сүйін Абулда.
Өздерін «Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары бейбіт шерудің алдын алу мақсатында ертең кездесуге шақырғанын» айтқан белсенді «біз шеруді тыныш өткізу үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізуді ойластырып отырған едік» дейді.
Шымкент қаласы Қаратау аудандық ішкі істер бөлімінің кезекшісі Берік Нұржанов бірнеше азаматтың сол мекемеге әкелінгенін растап: «Жол патрульдік қызметіне хабарластым. Оларды алып келген жеріне қайта алып кетті» деп қана жауап берді.
Шымкентте бұдан бірнеше күн бұрын 30-ға жуық адам үкіметтің ауыл шаруашылығы жерлерін сату және шетелдіктерге жалға беру жоспарын дәмханада талқылауға мәжбүр болған.
Сәуір мен мамырдың басында Қазақстанның бірнеше қаласында үкіметтің ауыл шаруашылығы жерлерін аукцион арқылы сату және шетелдіктерге жалға беру мерзімін ұзарту жоспарына байланысты жаппай және жалғыз кісілік қарсылық акциялары өткен. Жүздеген адам қатысқан митинг Атырау, Семей және Ақтөбеде өткен. Ақтөбе, Жаңаөзен, Қызылорда қалаларында полиция наразыларға жер мәселесіне қатысты митинг өткізуге кедергі келтіріп, таратып жіберген.
Дерек көзі: Азаттық