«Біз еліміздің болашағына өз қолымызбен бомба қойып жатырмыз!..»
2016 ж. 01 мамыр
4252
11
Бұ қалай?..
...Сонау 1941 жылы үйленген соң артынша соғысқа кеткен бір атамыздан «қара қағаз» келеді. Соғыс біткен соң оның әке-шешесі «жассың, обалыңа қалмайық» деп, жарамды да сүйікті келіндерін ауылдағы аз еркектің жарамсыздау біріне зорлағандай етіп береді. М.Шахановтың «Ғайшасындағыдай» сол күннің ертесіне болмағанмен, араға біраз уақыт салып кебенек киген ер аман оралады. Үлкендер жағы енді жігітті келіншегін қайтып алуға көндіреді. Бірақ, елде басы бос қыз толып тұрса да, сүйген жарын қимаған, екінші жағынан оның сатқындығын кешіре алмаған ер жігіт «шермиіп жүр екен, ертең баласының атын өзім қоям» деген шартпен келіседі. Сөз бар ма! Ал, намысты азамат ұлдың атын Бұ қалай деп қояды... Біз де 1995 жылы қабылданған, кәзіргі күнде қолданыста жүрген Конституциямызда: «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып (1993-жылғы Конституциядағы «қазақ мемлекеттілігінің бұлжымастығын негізге ала отырып» деген сөздің бұлайша өзгеруінің себебі 15 жыл өткен соң барып белгілі болды), қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді (сөздерді біз қарайттық - авт.) сезіне отырып осы Конституцияны қабылдаймыз» деп жазамыз-дағы, жерді шетелдіктерге сатуға болады деген жауапкершіліктен жұрдай заң шығарамыз. Сатылмаса мынау не? «Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесiне жеке меншік құқығын беру осы Кодекстің 9 және 48-баптарында белгіленген ережелерде ескеріле отырып, ақылы негiзде сауда-саттықта (аукциондарда) жүзеге асырылады». (2016 жылдың 1 шілдесіне күшіне енетін «Қазақстан Республикасының Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2015 жылғы 2 қарашадағы №389-V атышулы заңның (ары қарай №389-V заң –авт.) 24-бап, 2-тармағы). Бұ қалай? Және Конституциның 1-бабында «мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен, оның ішінде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу - республика қызметінің түбегейлі принциптері» қатарына жататынын нақтылап көрсетеміз де, №389-V заңды қабылдау арқылы осы қағиданы бұзамыз. Бұ қалай? Олай дейтініміз бұл мәселе референдумға шығарылған жоқ, ал, «Парламентте дауыс беру арқылы шешті ғой» деуге болмайды, өйткені Мәжіліс мүшелерін халық сайламайды! Сенатты о бастан. Конституция жазылған 1995 жылы да, Жер кодексі қабылданған 2003 жылы да Мәжіліс депутаттары тікелей және жалпыхалықтық негізде құпия дауыс беру арқылы сайланатын. Ал, кәзір көпшілік атын ғана естіген, не істеп, не қойып жатқандары белгісіз, қалың елдің алдына келіп жауап бермейтін партияларға ғана дауыс береді, ал, олар барып өз ішінен тек қалталыларын, лауазымдыларын сайлайды. Енді Жер туралы кодекстің өзінің баптарына келейік. 6-бап, 6-тармақ. «Егер осы Кодексте немесе Қазақстан Республикасының басқа да заң актiлерiнде өзгеше көзделмесе, шетелдiктер, азаматтығы жоқ адамдар, сондай-ақ шетелдiк заңды тұлғалар жер құқығы қатынастарында Қазақстан Республикасының азаматтарымен және заңды тұлғаларымен тең құқықтарды пайдаланады және сондай мiндеттер атқарады». 12-бап. 43-тармақ. «Ұлттық жер пайдаланушылар - Қазақстан Республикасының азаматтары, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлғалар, соның ішінде шетелдік қатысушысы бар (?) кәсіпорындар; 45-тармақ. Шетелдік жер пайдаланушылар - шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шет мемлекет заңдарына сәйкес құрылған заңды тұлғалар (шетелдік заңды тұлғалар), шет мемлекеттер, халықаралық бірлестіктер мен ұйымдар». 20-бап. 2.Меншiк құқығының субъектiлерi: осы Кодексте белгiленген негiздерде, шарттар мен шектерде жер учаскелерiне жеке меншiк құқығының субъектiсi - азаматтар және мемлекеттiк емес заңды тұлғалар. Бұл ретте, егер осы Кодексте өзгеше белгiленбесе, азаматтар деп Қазақстан Республикасының азаматтары, сондай-ақ шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар ұғынылады». Бұл – біздің сонау 2003-жылдан келе жатқан Кодексіміздің өзгертілмеген баптары. «Шетелдік жер пайдаланушылар» болып саналатын шетелдiктер, азаматтығы жоқ адамдар, сондай-ақ шетелдiк заңды тұлғалар ҚР азаматтарымен және заңды тұлғаларымен тең құқылы екен, «ұлттық жер пайдаланушыларға» шетелдік қатысушысы бар кәсіпорындар да кіреді екен, «жеке меншiк құқығының субъектiсi – азаматтар» санатына шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар да жатады екен. Ау, жарандар, бұл не қылған «ботқа»? Шынымен-ақ, «заң әрқашан халықтың мүддесін емес, жеке адамның немесе белгілі топтардың мүддесін қорғайды» дейтін, жазылмаған қағиданың ақиқатқа айналғаны ма? Шынымен-ақ, заңды жаңылтпашқа айналдырған жақсы мен жайсаңдарымыз – сірә, олар Наполеонның «заң қысқа әрі түсініксіз болсын» деген сөзін басшылыққа алса керек - сол кездің өзінде-ақ болашақта шетелдіктерге жер сатылатынын біліп, соның іргетасын мықтылап қалап кеткендері ме?.. Рас, Кодексте (24-б., 1-т., 3-б.) «Шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар, сондай-ақ жарғылық капиталындағы шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың үлесі 50 пайыздан асатын заңды тұлғалар (№389-V заңда осы жерде Кодексте жоқ «...және оралмандар» деген екі сөз бар, ол не үшін жазылған?!) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді 25 жылға уақытша жалға ғана ала алады» деп жазылған. Бірақ, бұл тұжырым аталған үлес 50 пайыздан аспайтын - ал, оны азайтудан оңай нәрсе жоқ – отандық заңды тұлғалар Кодекстің 23-бабының 4-тармағына сәйкес жердің меншік иесі бола алады дегенді білдіреді. Өйткені, «заңмен тыйым салынбағанның бәріне рұқсат»! Тыйым тек Жер кодексінің 23-бабының 4-тармағының соңында, бір ғана жерде бар: «Қазақстан Республикасының шекаралық аймағында және шекаралық белдеуінде орналасқан жер учаскелерін шетелдіктерге, азаматтығы жоқ адамдарға және шетелдік заңды тұлғаларға жеке меншікке беруге жол берілмейді». Ал, бұған жатпайтын жерлер бұл баптың құқықтық аясына кірмейді, демек оларды да сатуға даңғыл жол дайын. Бұны Кодекс те өзінің 24-бабының 3-тармағында былай растап тұр: «Жер учаскесiне жеке меншiк құқығын сатып алу ақысын толық төлеген тұлғаның: осы баптың 2-тармағының 1-тармақшасына сәйкес жер учаскесiмен Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған мәмiлелердiң кез келген түрiн жасасуға құқығы бар; осы баптың 2-тармағының 2-тармақшасына сәйкес, жеңілдікті бағамен сатып алынған жер учаскесімен мәміле жасасуды шектеу мерзімі өткеннен кейін, жер учаскесімен Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған мәмілелердің кез келген түрін жасасуға құқығы бар, шектеу мерзімі жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын әрбір он процент төмендету үшін екі жылды құрайды. Бұл шектеу жер учаскесін кепілге салуға қолданылмайды». Кодекстің 48-бабының 2-тармағы шетелдіктер мен азаматтығы жоқ жандарға қазақ жерін жалдау құқығын аукцион арқылы бастапқы бағасын екі есеге дейін төмендетіп (заңда күнібұрын бұндай ескерту тұрған кезде аукционда бағаны кім көтереді) сатып алуға рұқсат беріп қойса, осы баптың 4-тармағы «Жер учаскесін немесе жер учаскесін жалдау құқығын сатуды» кез-келген ауыл әкімінің еркіне беріп қойған. Бұ қалай? Қазақтың шұрайлы да құнарлы (құнарсыз жер шетелдіктердің өзінде де толып жатыр) жерінің құнын сонша жерге ұратындай басымызға не күн туды?! Кодекстің 26-бабының 5-тармағы мемлекет меншiгіндегi, жеке меншiкте бола алатын жерді азаматтар мен беймемлекеттiк заңды тұлғалардың меншiгiне беруден бас тартуға жол берілмейдi деп шегелейді, ал, «азаматтардың» ішіне «шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар да» кіретінін жоғарыда айттық. Бұ қалай? Кодекс 37-бабтың 3-тармағына сәйкес, осы баптың 5-тармағында аталғандардан басқа жалдаушылар, мысалы, шетелдік заңды тұлғалардың үлесі 50 пайыздан кем заңды тұлғалар жердің меншік иесінің келісімінсіз-ақ өздерінің жалдау құқығын да иеліктен шығаруына болады (яғни, бизнес жасап, өзінің жалдау құқығын басқаларға сатып кете алады) десе, 37-бабтың 4-тармағы мемлекет меншігіндегі жер сатылатын жағдайда жалдаушы басқа сатып алушыларға қарағанда басымдыққа ие деп нықтайды. Жалдаушыларға осыншама мол жеңілдіктер жасап тастаппыз. Бұ қалай? Кодекстің 49-бабының 4-тармағына сәйкес жерді сатып алушы адам оның ақысын бөліп төлей алады, соның ішінде 2 жыл бойы төлемеген, дегенмен, жартысынан көбін төлеп қойса, онда одан ол жерді кері қайтарып алуға болмайды, ал, сатып алушының жерді кепілге қоюына болады. Бұл жерде де шетелдіктер үшін ешқандай шектеулер мен тыйымдар қаралмаған, бұ қалай? Біз Бас прокуратураның осы мақаланы сауал ретінде қабылдап, жоғарыдағы сұрақтарға дәлелді де дәйекті нақты жауап беруін өтінеміз. Және ол ҚР Президенті Н.Назарбаевтың аталған заңды халыққа түсіндіру жайлы талабынан туындайтынын да еске саламыз. Әшейінде қарапайым тілмен жазылатын, жоғарыдағыдай қитұрқылары жоқ Жолдаудың өзін халыққа түсіндіру үшін миллиардтаған теңгені құрбан етіп, бүкіл Парламент апталап жолға шығушы еді ғой, нағыз түсіндіретін кез енді келді. Бірақ, адамның миы түсінуден бас тартатын нәрсені түсіндіру мүмкін емес қой?! Ендігі сөз сол жайлы.«Шетелдерге жер беру - адами пайым-парасаттың шегінен тыс ұғым!»
Расул Жұмалы, саясаттанушы: «Бұл - экономикалық қана емес, ең алдымен саяси мәселе. Жерді тұрақты түрде пайдалануға шетелдіктердің меншігіне беру деген сөздің өзі адамның ақыл-парасатының, әлемдік тәжірибенің шегінен тыс ұғым. Ешбір елде жоқ құбылыс. Сондықтан бұған түсінік бере де алмаймын... Сосын, 25 жылдан кейін не болып, не қоятынын ешкім білмейді. Әлемде аз уақытқа жерін беріп, одан айрылып қалғандар өте көп. Мысалы, Таяу Шығысты-ақ алайық. 1930-40-жылдары палестиналық шенеуніктер еврей кибуцтарына (колхоздың бір түрі –авт.) жерлерін ойланбастан жалға бере берген. Міне, сол жерлерде 1948 жылы араб әлемінің қақ ортасында олар үшін айықпас бас ауруына айналған Израиль мемлекеті құрылды (Палестина мемлекеті әлі жоқ... – авт.). Өзіміз де 1962 жылы Өзбекстанға өте үлкен жерді жалға бердік. Қайтара алғанымыз – төрттен бірі ғана, қалғаны – енді өзбектікі... Тағы да сондай кепті кимесімізге кім кепіл? Оның үстіне жалға және жеке меншікке берілмекші ең көлемді жерлер Ресей мен Қытайға шекаралас аймақтарда! Демографиялық жағдайды, ол екі елдің біздің жерімізге деген белгілі дәмелерін ескерсек, біз еліміздің болашағына, жеріміздің тұтастығына, мемлекетіміздің қауіпсіздігіне өз қолымызбен асықпай жарылатын бомба қойып жатырмыз. Экологияны алыңыз. Қытайда бүгін-ақ орасан үлкен егіс алқаптары жарамсыз болып қалған. Өз бетін аямаған өзгенің бетін шиедей қылмай ма? Байқоңырда 6,5 мың шаршы шақырым жер – іс жүзінде Ресейдің анклавы. Онда ресейлік білім, денсаулық жүйесі жұмыс істейді, «президентіміз – Путин» дейді, мекемелерде Ресей туы ілулі тұр. Бұл қандай аренда?! Ол аумақтың экологгиялық апат аймағанына айналғанын айтпағанда. Сондықтан бұндай қадамға баруға мүлдем болмайды! Меніңше, біздің шенеуніктер ақша істеу үшін неше түрлі амалмен ашық күнді мұнарлатып жатыр. 25 жылдық жекешелендіру тәжірибемізді еске түсірсек, одан халыққа пайда әкелген мысалды таба алмаймыз. Алысқа бармай-ақ, осы жақында заң бойынша әр адамға тиесілі 10 сотық жерді талап еткенімізде, басшыларымыз «мемлекетте соншалық бос жер жоқ» деп еді. Енді келіп, 1,7 млн.гектар бос жер қайдан пайда бола қалды? Тағы бір сұрақ – сол жерді фермерлердің өздері сатып ала ма? Жоқ, оларда ондай ақша жоқ. Ары барғанда латифундистер мен шет елдердегі тыққан ақшасын адалдағысы келетін олигархтар ғана алады. Жерді көркейту үшін емес, субарендаға, субсубарендаға беру үшін, қайта сату үшін, қысқасы тез баю үшін. «Сондықтан біз халықты өз жеріне өзін ие етіп, қолына табыстайық дедік» деген Ұлттық экономика министрінің орынбасары Қайырбек Өскенбаев соларды меңзеп отыр. Жерді сатып ала алатындардың тағы бір қалың тобы – қос азаматтығы барлар. Ресейдің, Израилдің, Австралияның. Өткенде шекарада қытайлықтарға берерде ұсталған 300 төлқұжатты алайық. Ұсталмағаны қанша, кім біледі?.. Бұл мәселе неге бүгін алдыңғы шепке шықты? Экономикамызды сол бойы әртараптандыра алмадық. Мұнайдың бағасы мәңгі жоғары болып тұра алмайды ғой, құлап еді, біздің де жағдайымыздың қандай екені белгілі болды. Жеріміздің аумағы жағынан 9-орында болғанымызбен, азық-түліктің 50 пайызын сырттан әкелеміз! Жері Алматы облысының бестен біріндей ғана, оның өзінің 99 пайызы тас пен құм, кішкентай жалғыз өзені бар Израиль өзін ғана асырап қоймай, ауыл шаруашылық өнімдерінің әлемдегі ең ірі экспортерінің бірі! Ал, бізде жерді алыпсатар, латифундист, олигарх, қысқасы кім көрінген пайдаланады, тек соған ең мүдделі, ең кәсіби, ауылдағы ең тәжірибелі адамдар емес». Жазушы, тарихшы Тұрсын Жұртбайдың да айтары осы: "2008-2009 жылдары қазақ жерiне қатысты жүргiзiлген зерттеулердi қарап шықтым. Жерiмiздiң 64 пайызы жекеменшiкке өтiп кеткен. 3 млн. 700 мың гектар - Лужковтiң жерi, 7 млн. гектар - Терещенконiкi, 4-5 млн. гектар - Кулагиндiкi. Бұл - Ресейдiң статистикасы. Ал, өзiмiздiң статистикаға мен ешқашан сенбеймiн!" Тарихшының сөзін басқалар тұрмақ ҚР Парламенті Сенатының төрағасы, еліміздегі ресми екінші басшы Қ.Тоқаевтың өзі қуаттап отыр: «Бізде 1 миллион гектарға дейін жерді иемденіп алған, өңдеуге деп банктен орасан көп несие алғандар бар. Сол ақшаларды қайтару мәселесі туып тұр". Дипломат адам болған соң сыпайылық жасап Терещенко, Кулагиндерің атын, қанша жері барын тікелей атамай тұр ғой... Біздің биліктің 2003 жылы Жер туралы кодекс қабылдап, оған жерді жеке меншікке сату туралы бап енгіземіз дегенде де басты уәжі «жерге қожайын табылады, ол оны баптайды, күтеді» деген сөз болатын. 13 жыл өміріміз ол үміттің күлі көкке ұшқанын көрсетсе, жер кәзір кімнің қолында екенін Расул баурымыз жақсы айтты ғой. «Жерді сатуға шығарудың ең басты себептерінің бірі - тұрғындардың 25 жыл ішінде жерді тиімді пайдалануды үйрене алмағаны деседі... Менің ОҚО, Төлеби ауданы, Оңтүстік ауылында тұратын інім Қанат Шыныбеков 2014 ж. шағын ферма қожалығын ашу үшін берілетін 3 млн теңгелік несие алу мақсатында ерте көктемнен бастап әрекет етті. Сол несиеге қол жеткізу үшін бас-аяғы аудан орталығындағы 20-н аса есікке кіру керек екен. Ауыл мен ауданның арасын тамыздың ортасына дейін жол қылып, ақырында қолды бір сілтеп қойды... Ал, енді "Жерді тиімді пайдалануды" үйреніп көр!» дейді шымкенттік қоғам белсендісі, ұстаз Өмір Шыныбекұлы. Президент Н.Назарбаев: «Бұндай мәселелерді халықпен ақылдасып барып шешу керек». Дұрыс-ақ! Қазақстан Фермерлер одағының төрағасы Ә.Дарынов: «Кодекске өзгеріс енгізерде Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевқа: «Халықпен ақылдасайық» деп қадала айттым, тыңдамады. Былтыр талқылағанымызда, биыл толқу тумас еді». Министрдің өзі секілді орынбасары Қайырбек Өскенбаев та «бәрібір біздікі жөн» деген пікірінен қайтар емес. «Жерге қандай күтім жасалады, қай мақсатта пайдаланады, біз бәрін бақылауымызда ұстап отырамыз» дейді. Халық 25 жылда олардың «қалай бақылайтынына» әбден көзі жеткен. Ал, енді оның: «Кәзір «былай етіп заңды айналып, жер сатып алуға болады» дейтін "сарапшы" көбейіп кетті. Егер сіздер сондай ақылды болсаңыздар істеп көріңіздер, шетелдіктің жер сатып ала алмайтынына мен сенімдімін» деген сөзі халықты тікелей мазақ ету, себебі ол істің дәл солай болып шығатынын, бірақ, оған ол кезде өзінің жауап бермейтінін өте жақсы біліп отыр!.. Мысалы, жерді 25жылға жалға алған шетелдік алдымен ықтиярхат (вид на жительство), сосын азаматтық алып, көшіп келіп алса, сосын жерді сатып алса не істейміз? Қытайдың өз азаматтарын шетелдерге барып орналасып алуын қуаттап, қолдап, түрлі көмек беріп отыратыны жасырын емес, ол мемлекеттік саясат. Мақсат Ілиясұлы, заңгер: «Кодексте қазақстандық азаматтардың аукцион арқылы сатып алған жерін шетелдік жеке немесе заңды тұлғаларға сату мүмкіндігі мен бір жеке немесе заңды тұлғаның сатып алуы мүмкін жер көлемінің ең төменгі және ең жоғарғы шегі де анықталмаған. Бұған қарап, қазақстандық олигархтардың түрлі жолмен арзан бағаға үлкен көлемде жер сатып алып, оны ШЕТЕЛДІКТЕРГЕ, АЗАМАТТЫҒЫ ЖОҚ АДАМДАРҒА ЖӘНЕ ШЕТЕЛДIК ЗАҢДЫ ТҰЛҒАЛАРҒА қымбат бағаға сатып жіберуіне де еш кедергі жоқ деп топшылап отырмын». Шетелдіктер өздері тасада қалып, жалған тұлға (подставное лицо) арқылы да жер сатып алуы, қашан өз мақсатарына жеткенше осылай қимылдауы беруі де мүмкін. Қысқасы, біз олардың қазақ жерін иелену тұрмақ, кіруіне мүмкіндік беретін титтей де тесік қалдырмауға тиіспіз. Құқық қорғаушы Ермек Нарымбаев: «Жер құрылтайшылары тек қазақстандық жеке тұлғалардан тұратын компанияларға (заңды тұлғалар) ғана берілуі тиіс. Әлемнің көп елінде, мысалы Израилде осылай жасалған. Негізі заңды шұғыл өзгертіп, жер аукционының бәрін тоқтата тұру керек». Бұған жалға алушыларға ҚР азаматтығы берілмейді деген талапты қосуға болады. Не істеу керек? 21 мамырға жобаланып отырған бүкілреспубликалық наразылық митингісінде өкіметке осындай нақты талаптарды қою қажет. Біздіңше ол жайлы Шетпелік (Маңғыстау облысы) ақсақалдар өте жақсы айтты:- Қазақтың жері шетел азаматтарына да, ҚР азаматтарына да ешқашан сатылмасын! ҚР жері шетелдіктерге жалға берілмесін!
- Жер туралы заң қайта қаралсын! 3. Бұған дейін сатылып кеткен жер мемлекетке қайтарылсын! 4. ҚР азаматына жалға беретін жердің көлемі белгіленсін. 5. "Қазақтың жері сатылмасын"- деп бейбіт шеруге шыққан азаматтар заңмен қудаланбасын!
Өмірзақ АҚЖІГІТ, «Қазақ үні»