Өткен аптадағы жаңа кадрлық тағайындаулар
2016 ж. 25 сәуір
2460
0
Осы аптада елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен еліміздің Украина, Грекия және Жапониядағы елшілері ауысты.
ФОТО RIA.RU
Мұнан бөлек, жаңа білім вице-министрі қызметіне кіріссе, жергілікті жерлерде де кадрлық ауыс-түйіс орын алды. ҚазАқпарат апта ішінде орын алған осы және өзге де тағайындауларға шолу жасайды.
Сонымен, Самат Исламұлы Ордабаев Қазақстанның Украинадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалды. Ал Алексей Юрьевич Волков Қазақстанның Грек Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне кірісті.
Сонымен қатар Ерлан Баударбек-Қожатаев Қазақстанның Жапониядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалды.
Осы аптада Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев министрлік ұжымына жаңа вице-министр Суханбердиева Эльмира Амангелдіқызын таныстырды.
Эльмира Амангелдіқызы 2013 жылдан 2016 жылғы сәуір айы аралығында Астана қаласы білім басқармасының басшысы қызметінде болған.
Қызылорда облысы әкімінің өкімімен Бекпанов Бақытбек Тұрсынбекұлы Қазақстан президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілінің қызметін қамтамасыз ету басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды. 2013 жылдан осы кезге дейін Қармақшы аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы қызметін атқарып келді.
Арман Шаққалиев Еуразиялық экономикалық комиссияның Техникалық реттеу және аккредиттеу департаментінің (Мәскеу қ.) директоры лауазымына тағайындалды. Бұған дейін ол Қазақстан стандарттау және сертификаттау институтын басқарды.
Өскемен қаласы әкімі қызметіне бұған дейін ШҚО әкімі аппаратының басшысы болған Ерлан Аймұқашев келді. Ол Өскемен қаласы әкімі лауазымына тағайындалғанға дейін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің аппарат басшысы қызметін атқарды.
Қазақстан Бас прокуроры Асхат Дауылбаевтың бұйрығымен еліміздің төрт облысында көлік прокурорлары тағайындалды.
Атап айтқанда, Шымкент көлік прокуроры болып Байғонысов Ғалым Омарбекұлы, Маңғыстау көлік прокуроры болып Әшенов Мұхитбек Батырбекұлы, Жамбыл көлік прокуроры болып Майлыбаев Ерхан Асаубайұлы, Ақтөбе көлік прокуроры болып Ордабаев Абылайбек Асылбекұлы тағайындалды.
«Нұр Отан» партиясы жанындағы Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесінің төрағасы қызметіне Жанат Жарасов келді.
Сондай-ақ, Батыс Қазақстан облыстық сот әкімшісінің басшысы болып Рахымқұл Айтмағамбетов тағайындалды.
«Цеснабанк» АҚ Басқарма Төрағасының Бірінші орынбасары лауазымында қызмет атқарған Тәжіяқов Ержан Бисенғалиұлы «Цеснабанк» АҚ Басқарма Төрағасы болып тағайындалды.
«Зерде» Ұлттық инфокоммуникациялық холдингі» АҚ Басқармасының шешімімен Хайрушев Асқар Евгеньевич «Қазтелерадио» АҚ басқарма төрағасы лауазымында міндетін атқаруға кірісті. Асқар Хайрушевтің телекоммуникация саласында, компания саясатын басқару және анықтау, тиімді маркетингтік, коммерциялық қызметтер, сондай-ақ бизнес-процесстерді құруда көпжылдық еңбек тәжірибесі бар.
Дереккөз: ИА "Казинформ"