ЖАҢА АВТОКӨЛІКТЕРДІ ҚЫМБАТТАТҚАН САЛЫҚ КОДЕКСІН ҚАЙТА ҚАРАУ ҰСЫНЫЛДЫ

avto6 «Ақ жол» партиясының депутаттары жаңа автокөліктердің қымбаттауына әкеліп жеткізген Салық кодексінің кейбір нормаларын қайта қарау керектігі туралы бастама көтерді. ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешовтың атына жолданған депутаттық сауалды Мәжілістің отырысында партияның жетекшісі Азат Перуашев әріптестерінің назарына ұсынды. «Ақ жол» партиясының атына отандық автокөлік жасаушылардан көптеген хаттар келіп түсті. Арызда 1-қаңтардан бастап енгізілген көліктерді бірінші тіркеуге қатысты алынатын алымдардың ауырлығы туралы айтылады. Басында бұл отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған шара деп аталғанмен, шын мәнінде керісінше машина жасаушылардың мүддесіне қарама-қарсы болып шықты» – делінген депутаттық сауалда. Естеріңізге сала кетейік, Салық кодексіне мемлекеттік құзырлы орындар ұсынған бұл өзгертулер бойынша бір жылдан асқан автокөліктерге тіркеу үшін қосымша салық салыну керек-ті. Бірақ, аталмыш кодексте көліктің шығу жылы ғана айтылғандықтан көптеген түсініспестіктер туындады. Мысалы, өткен жылдың 31-желтоқсанында жасалып шыққан көлік келесі жаңа жылдан кейін, яғни 2-3 күн өткенде «ескі» болып шыға келеді. Өйткені оны былтыр жасалған деп есептейді. Сөйтіп оны тіркеуге алғанда иесі қосымша салық төлеуге мәжбүр. Айталық, 2015 жылы желтоқсанда шығарылған жеңіл автокөлікке 2016 жылдың қаңтарында оны тіркеу үшін 1-3 жыл болған есебінде 50 айлық көрсеткіш көлемінде қосымша салық төлеу қажет. Мұндай автокөлікті сатып алушы өз қалтасынан қосымша 105 мың теңгеден артық ақша шығарады. «2015 жылы желтоқсанда шығарылған жүк көліктері (оның ішінде шағын және орта бизнеске арналған жеңіл салмақы техникалар да бар), автобустар мен троллейбустарды сатып алушылар 240 айлық көрсеткіш көлемінде артық шығынға түседі. Бұл техникалар бір ай ғана бұрын шығарылғанына қарамастан бірден 508 мың теңгеден аса қымбаттайды. Осындай келеңсіздіктің кесірінен барлық жерде жылдың соңында шығарылған атокөліктерден жұрт жаппай бас тартуда. Егер Салық кодексінде көрсетілген өзгерістер сол күйінде қалса, аталмыш жағдай одан әрі жалғаса бермек» – дейді Азат Перуашев. Солақай салық саясатының нәтижесінде қойма­ларда сатылмаған көлік­тердің саны күннен күнге артып, өндірушілер айналым­дағы ақшасынан айырылып, өндірісті тоқтатуға мәжбүр болады. Қазақстан автобизнес ассоциациясының дерек­тері бойынша бүгіннің өзінде 2015-жылдың соңында шығарылып сатылмай қалған техникалардың саны 4,5 мыңға жеткен. Ал оның жалпы құны 27 миллиард теңгені құрайды. Бұған осы себептермен сатылмай тұрған жеңіл автокөліктерді қоссақ бұл көрсеткіш бірден екі есеге дейін өседі. Демек, көлік жасауға жұмсалған осыншама қаржы құр босқа кетті деген сөз. Өндірушілер пайданың орнына зиян шегіп отыр. Бұл қолдан жасалған қиындықтан шығу үшін автокөлік жасаушылар жыл соңында өндірісті мүлдем тоқтатуға амалсыз барады. Мұның салдарынан жұмысшылар саны мен жалақы көлемі қысқаратыны белгілі. Ал, мұның ақыры білікті мамандарды жоғалтуға әкеліп соқтырады. Сөйтіп шала заңның салдарынан жап-жақсы жұмыс істеп тұрған өндіріс тоқтайды. «Кәсіпорындардың тұрақты жұмыс ырғағының бұзылуы жұмысшыларға ғана әсер етіп қоймайды, бюджетке түсетін қаржыны да азайтады. Сөйтіп бір ғана кәсіпорын емес, бүкіл ел экономикасын әлсіретеді» –дейді ақжолдықтар. «Артық қыламыз деп тыртық қылдық» деді бұл Салық кодексіне енгізілген өзгертулер туралы Азат Перуашев. Осы қалыптасқан жағдайға байланысты «Ақ жол» партиясы бұл өзгетулерді ұсынған мемлеттік органға жіберген қателерін түзетуді талап етті. Салық кодексінің 456- бабындағы 6,4-бөліміндегі заңды өзгертіп, 0,25 айлық көлеміндегі алым 2 жылға дейінгі автокөліктерге қолдануды ұсынды. Ал екі жылдан асқан автокөліктерді тіркеу қымбатырақ бағаланады.

«Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі

"Қазақ үні" газеті