Қазақ жері талан-таражға түсерде елі сенген азаматтар неге үнсіз қалды?

Түнде Алаш арысы Міржақыптың «Қайда едің?» атты өлеңін оқып, көзіме жас алдым. Жері саудаға түсіп, ел не істерін білмей тұрған кезде мен де «қайдалап» азаматтардың намысын жанғым келді. Амал не, Міржақыптай ақын емеспіз... Десек те:

«Сарыарқа сайран жерлерім, Көк орай шалғын көлдерім, Бәрін жауға алдырып, Асқар тау – биік белдерім, Қысылып қазақ тұрғанда, Данышпандар, қайда едің?» дейтін күн туғанын жасыра алмаймыз.

Кеше қазақтың қолқа жүрегін суырып алатын мәселе мәжілісте көтерілгенде біз сенген серкелер (депутаттар) қайда болды?   

Қазақтың тілі мен мәдениетін ту етіп, әншейінде ұлттым дегенде жүрегі қарс айрылатын Майра Арапқызы Айсина неге үн қатпады?.

Қазақ жері көкпарға түскенде Сағат Әшімбаевтай қазақтың біртуар ұлының көзіндей болған Мәулен Әшімбаев неге айғай салмайды?

Елдік мәселеде «жалаңқылышын» сермейтін Зағипа Балиева неліктен тілін тістеп отыр?

Ауған жерінде қан кешкен батыр Бақытжан Ертаев үшін туған жерін қорғап қалу сондайлық қиын шаруа ма еді?

Желтоқсанда жасындай жарқырап теңдік сұраған Нұртай Сабильянов неге жердің иесі де, киесі де қазақ ұлты екенін айта алмай отыр?

Батыр Бауыржанды идеал тұтып, жүректілігімен елдің құрметіне бөленген Бақытбек Смағұл неге үндемейді?

Депутат болып, бүкіл Алашты қуантқан Бекболат Тілеухан сол қуанған халықты араға екі ай салмай жатып, жерге қаратқаны қалай?

Әкімдік һәм азаматтық жолда іскерлігімен ел есінде қалған Серік Үмбетов қайрат көрсетсе болмас па еді?

«Алашордашылардың» ізін жалғап жүрміз» дейтін Азат Перуашев Бөкейханов пен Әлімхановтардың жер үшін қалай күрескенін ұмытып кетті ме?

Ондаған жылдар бойы «Егемен Қазақстан» газетін басқарған Сауытбек Абдрахманов неге бір ауыз тіл қата алмады?

Түйін

 Әрине, бұл тізімді ұзарта беруге болар еді? Әзірге осы да жетер... «Қазақтың жері сатылады?» деп жатқанда бұл азаматтар қайда болды? Өздерінен сұрап көрейікші, ағайын!

Шәріпхан Қайсар

Дерек көзі: Abai.kz