Барлық мектептердегі бастауыш сыныптардың мемлекеттік тілде болуын, орта мектептің 70 пайызы мемлекеттік тілде болуын талап етеміз.
2016 ж. 05 сәуір
13439
35
Президент назарына мемлекеттік тіл мәселесіне қатысты АШЫҚ ХАТ
ҚР президенті Н. Назарбаевқа,
ҚР Білім және ғылым министрі Е. Сағадиевқа,
Сенат және Мәжіліс депутаттарына,
БАҚ өкілдеріне
Білім жүйесі, Қазақ елінің мектеп жасындағы ұрпағына кезекті эксперимент жүргізбекші. Сорақысы осы жолғысы тіліміздің мүлде өшуіне (бұл ұлт өшуінің алғышарты екені сөзсіз) қойылған төте жол. Себебі, мектептерде енді 2 пән ғана қазақша – Қазақстан тарихы және қазақ тілі, қалған барша жаратылыстану пәндері ағылшынша өтпек, орыс тілі және дүние жүзі тарихы орысша өтпек. Бұл - ұлтқа деген қарусыз, аштықсыз, т.б. физикалық түрмен емес, бірақ нақтылы рухани геноцид деп бағалауға әбден болатын жахандық шара. Өйткені барша мамандар, өте жуық болашақта (қазақ тілі мен Қазақстан тарихы мамандарынан басқалары) ағылшын тілді болмақ. Барлық ғылымның алғышарты жаратылыстану пәндері екені белгілі. Бұл қазақ тілі ғылымнан ығысады, алғашқыда қолдану аясы мүлде тарылып, соңынан тарих қойнауына кетеді деген сөз. Өйткені қоғамдағы қатынас - сол қоғамды құрап отырған мамандардың тілінде өтетіні анық. Осы орайда, бұның ҚР конституциясына мүлдем қайшы екенін, және Елбасымыздың 2 жолдауын: (- 2012-жылғы:: «қазақ тілі 2025-жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады. Осылайша, тәуелсіздігіміз бүкіл ұлтты ұйыстыратын ең басты құндылығымыз – туған тіліміздің мерейін үстем ете түседі. Тілге деген көзқарас шындап келгенде елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан оған бей-жай қарай алмаймыз», - 2014-жылғы: «Қазақ тілі ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналды. Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз Мәңгілік елімізбен бірге мәңгілік тіл болады»), еске сала отырып, ҚР барлық мектептердегі бастауыш сыныптардың мемлекеттік тілде болуын, орта мектептің 70 пайызынан кем емесі мемлекеттік, қалғаны сұраныс тілінде болуын талап етеміз. Шетел тілдері: ағылшын, неміс, т.б. тілдер пән ретінде, қажеттілік бойынша, гуманитарлық және жаратылыстану бағыттары бойынша оқытылсын. Қазақ тіліне, әдейі, үркіту пиғылмен жасалып отырған қастандық - халықаралық терминдерді қазақылау доғарылсын. Өйткені әр дамыған толыққанды өмір сүре алатын тілдер – жүмыс тілі, яғни заманауи техника мен технологиялар тілі, – бұндай тілдердің белгілі құрамы, бұл көп болуы да мүмкін, халықаралық терминдегі кірме сөздер. Тек осы жолмен жүрсек қана, тарихта, өз ұлтын тілі арқылы жойған мемлекет ретінде қалмайтынымызға, керісінше ұлтымыздың алдындағы парызымызды әр азамат сезініп, дамыған мемлекеттердің ортасынан орнымызды ойып орнығатынымызға сенімдіміз.
Руза Бейсенбай тегі,
Павлодар қаласы.
Қолдаушылар тізімі:
qazaquni.kz