Мың жылдық төріндегі Наурыз тойы
2016 ж. 29 наурыз
4364
0
Еліміздің ең алып қаласы – Алматыда Наурыз мерекесі аталып өтті. Орталық алаңда киіз үйлер тігіліп, мерекелік сахна салтанаттың сәніне айналды. Қазақстан өнер шеберлері мен шетелдік эстрада жұлдыздары жиналған жұртшылыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлап, жүз мыңнан аса алматылықтар мен қала қонақтары үлкен Наурыз-думанның куәгері болды. Бұл күні мерекелік шаралар қаланың барлық 8 ауданында ұйымдастырылды.
Жыл сайын жер бетіне күн қызуымен қоса жан жылуын да ала келетін Наурыз мерекесінің алматылықтар үшін биыл орны бөлек, маңызы ерекше. Тамыры тарих қойнауында жатқан алып шаһар үстіміздегі жылы өзінің бір мың жылдық мерейтойын атап өтпекші. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан қала ықылым заманнан әлем жұртшылығының назарында болған. Алматы топырағында талай-талай тарихи оқиғалардың іздері қалған. Біздің қасиетті жерімізге саудасын дөңгелеткен саудагерлер ғана емес, әлемге әйгілі зерттеуші ғалымдар да ат басын бұрып, қала тарихы жайында құнды деректер жинап, әсем табиғаты туралы тамсана жазып, өшпес естеліктерін қалдырған. Алматы – Алаштың саяси, мәдени орталығы. Қазақтың бетке ұстар әдебиет, мәдениет, өнер қайраткерлерінің өмірі мен еңбегі осы қаламен тығыз байланысты.
– Алматы қаласы Қазақстан тарихының көш басында келген. Алғашқы демократиялық қозғалыстар да Кеңестер одағы бойынша осы біздің сүйікті шаһарымызда шаңырақ көтерді. Алматылықтар қашан да елеулі өзгерістердің алдыңғы легінде болған, бүгін де солай. Наурыз біздің төрімізге биыл кеңінен аталып өтетін Алматы қаласының мың жылдығы мерекесін шығарып отыр. Сондықтан да баршамыз бас қосқан бүгінгі шара «Мыңжылдық қала мерекесі» деп аталып, қыркүйекке дейінгі аралықты қамтитын 100-ге тарта шаралар легін бастайды. Өзінің бір мың жылдық мерейтойын қала тұрғындары қомақты табыстармен қарсы алғалы отыр. Әсем Алматы күннен-күнге көркейіп, өзінің қайталанбас тұлғасымен тамсандырып келеді. Алматы экономикалық, мәдени және да басқа да салалар бойынша тұрақты даму үстінде. Біздің қаламызда жоғары деңгейдегі әлемдік маңызы бар түрлі саяси, мәдени, спорттық іс-шаралар өткізіліп келеді. Соның бірі қазір қызу дайындық жүргізіп жатқан – дүниежүзілік Универсиада. Бұл спорт жарысын да алматылықтар лайықты дәрежеде өткізетініне сенімдімін. Ару қаласын бағалай білетін оның тұрғындары алдағы уақытта да өзінің Алматысын алақанына салып аялай беретініне еш күмәнім жоқ, – деді көпшілікті Әз-Наурыз мерекесімен құттықтаған қала әкімі Бауыржан Байбек.
Мерекелік шара аясында «Цесна» компаниясы әзірлеген 500 келі бауырсақ пен қаладағы кәсіпкерлер дайындаған 500 литрге жуық «Наурыз-көжеден» қалаған адамға тегін дәм татуға мүмкіндік болды. КССРО Халық артисі, Социалистік Еңбек Ері Бибігүл Төлегенова ақ батасын беріп, мерекелік дәмнің жасалуына өз үлесін қосты.
Қолына бір кесе наурыз көжені алып, дәм татқан қала қонағы Қалқаман қария:
– Жарықтық Наурыздың жөні бөлек қой, қалай жадыратып жіберді жер бетін! Жаратқан иеміз осы жайдары күннен жазбасын, қазақ жерінде қашан да осындай жайма-шуақ күндер болсын! – дейді ағынан жарылып.
Бағзыдан ата-бабаларымыз үлкен мән беріп, маңызын жоғары бағалаған Наурыз мерекесі алматылықтарға үлкен күш-қуат беріп, алдағы жылға үзілмес үміт сыйлағандай. Ел тілегін қабыл алған Алматы аспаны да ашылып, көпшіліктің көңілін көл-көсір еткен мынау мерекеге көктен күлімдей қараған Күн де нұрын себеледі. Алаңды әсем ән мен тәтті күйге бөлеген өнерпаздарды тамашалаған тұрғындардың саны сағат санап арта түсті. Қазақтың ұлттық киімін киген жастар қалың топқа айрықша сән беріп, өзгелерден ерекшелене түсті.
– Бүгінгі күн мен түн теңескен, Ұлыстың ұлы мерекесі құтты болсын! Әрбір шаңыраққа Алла тағала жақсылық пен қуанышын нәсіп етсін. Бұл Ұлыстың Ұлы күні барша қазақстандықтар қолын жайып, еліміздің амандығы, жұртымыздың тыныштығы үшін дұға тілеуде, Алла сол дұға-тілегімізді қабыл етсін! – деді көпшілікті құттықтаған Алматы қаласының бас имамы Нұрбек Есмағамбет.
Наурыз мейрамын тойлап жатқан алаң 7 аймаққа бөлінген. Алаңда орын тепкен этноауылда халық нөпірі көп. Қаз-қатар тігілген ақ шаңқан киіз үйлер көз алдымызға қазақтың көне ауылын алып келеді. Қолөнершілер жәрмеңкесі ұйымдастырылып, шеберлік дәрістері көрсетілді. Ұлттық тағам әзірлеуден «Нағыз келін» сайысы өткізілді. Киіз, былғары, керамика, жібек, күміс, ағаш пен металдан жасалған бұйымдар жәрмеңкесі мен «Ғасырлар тоғысындағы қазақтар» атты XIX-XX ғасырдағы мұрағаттағы суреттер көрмесі көпшіліктің көңілінен шықты.
Ал, ұлттық ойын түрлерін ойнап, дәстүрлі спорттық сайыстарға қатысуға ниет білдіргендер «Асық ату», «Жамбы ату», «Қол күрес», «Арқан тартыс», «Тоғызқұмалақ», «Қазақша күрес», ұлттық ат спортынан «Көкпар тарту» сынды сайыстарда бақ сынады.
Концерттік бағдарлама мерекенің өн бойында жалғасын тауып, оған өзіміздің өнер шеберлерімен бірге Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Якутия және басқа да елдерден келген өнер ұжымдары қатысты. Шығармашылық ұжымдар өз билерінде көп ұлтты Қазақстанды жан-жақты қырынан көрсете білді. Одан бөлек, мультимедиалы-хореографиялық көріністер қойылып, жастарға сауықтық, шоу-бағдарламалар ұсынылып, ертегі кейіпкерлеріне енген аниматор қуыршақтар, цирк қойылымы кішкентай көрермендерді риза етті. Сондай-ақ концерттік бағдарлама шеңберінде тұрғындарға үш мың дана көктем гүлі – қызғалдақтар үлестіріліп, «Көрісу» флешмобы ұйымдастырылды. Алматының мыңжылдығына орай аспанға түрлі түсті 1000 шар ұшырылды. Көпшіліктің көңіл күйіндей көк жүзінде қалықтаған шарлар аламатылықтардың ақ тілегін ғарышқа жеткізуге асыққандай аспан төріне бет алып, тым алыстап бара жатты...
«Астана» алаңында таңғы сағат онда басталған «Мыңжылдық қала мерекесі» шарасы кешкі сағат тоғызда Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік отшашуға ұласты. Алматы аспаны сантүрлі бояумен ажарланып, әлемдегі ең әсем шаһарлардың бірі екенін тағы да паш етті.
Зейнолла АБАЖАН
"Қазақ үні" газеті
Деректер мен дәйектер- Алматы қаласы 500 мың шаршы шақырымға жуық жерді қамтып, Іле Алатауының солтүстік беткейінде теңіз деңгейінен 700-100 метр биіктікте орналасқан.
- Алматыда ресми деректер бойынша 1,5 миллионнан аса адам тұрады, ал шыны мәнінде ол 2 миллионнан асып жығылады. Тұрғындардың басым бөлігі -қазақтар.
- 1859 жылы қалада небары 5 мың адам тұрса, 1982 жылы миллионыншы қала тұрғыны дүниеге келді.
- Алматы – бақша қала. Көктем маусымында, оңтүстік алқаптардағы бау-бақшаларда алма, өрік, шие гүлдеген кезде қала ертегідегідей көрініске айналады. Алматы қаласының атауы алма сөзінен шыққан. Дәл осы жерде аты әлемге танымал апорт алмасы өседі.
- Б.з.д. 10-9 ғғ. қола дәуірінде қазіргі қала аумағы ертедегі жер өңдеушілер мен малшылардың қонысы болды. Бұған дәлел — ерте кездегі Тереңқара мен Бұтақты қоныстарының табылуы. Бұл жерлерде керамика, тастан жасалған қарулар, темір мен сүйектен жасалған бұйымдар табылған.
- Б.з.д. 7 ғ. сақ дәуірінде Алматы сақтардың, кейіннен үйсіндердің тұрғылықты жері болған. Осы кезеңнен көптеген қорғандар мен қоныстардың орындары қалған, олардың арасында ерекшеленетін «сақ патшаларының» қорғандары. Солардың ішіндегі ең танымалы — Есік қорғаны, онда «Алтын адам», Жалаулы қазынасы, Қарғалы диадемасы, жетісулық «көркемдік қоласы» — шамдар, құрбандық шалатын орын, қазан сияқты көне дәуір жәдігерлері табылған. Сақ және үйсін дәуірінде Алматы аумағы Қазақстан жерінде құрылған ертедегі мемлекеттердің орталығы болған.
- Б.з. 8-10 ғғ. Алматы өміріндегі келесі кезең орта ғасыр кезеңі. Бұл қала мәдениетінің даму, отырықшылыққа көшу, жер өңдеу мен қолөнердің дамуы, Жетісу аумағында көптеген қалалық қоныстардың пайда болу кезеңі. Қазба жұмыстарының нәтижесінде керамика, темір және сүйек бұйымдар табылған.
- 10-14 ғасырларда «Үлкен Алматы» аумағындағы қалалар Ұлы Жібек жолы бойындағы сауда байланысына қатысты. Алматы сауда, қолөнер және ауылшаруашылық орталығының біріне айналды. Бұған дәлел — осы жерде табылған 13- ғасырдың 2 күміс дирхемі. Бұл дирхемде алғаш рет қаланың аты аталынады.
- Алматының 2,5 мың жылдық тарихы бар. Қала тұрған жерді ежелден қазақ ұлтын құраған тайпалар мекен еткен Іле Алатауының етегінде Алмату қаласы туралы алғашқы жазба деректер Рашид ад-Диннің шығармаларында кездеседі. Бабыр Шыңғыс хан шапқыншылығынан қираған Алмалык,, Алмату қалалары туралы жазады. Мухаммед Хайдар Дулати және Шараф ад-Дин Йезди өз шығармаларында Алматуды атап кеткен.
- 1560-1564 жылдары Жетісу жерінде Қазақ хандығы құрылды. Қазақ хандығының іргесі қаланған жер Алматы маңындағы Қозыбасы деген тау еді. Қазір бұл жер — Алматы облысы, Самсы теміржол бекеті.