Салықсыз көлікке қымбат жанармай құятын сәт жақын
2016 ж. 25 наурыз
4366
31
Келесі жылдан бастап көлік салығы алынып тасталуы мүмкін. Оның орны жанармай бағасымен толығатын болады деп хабарлайды Алматы арнасы.
Бұл әзірге тек ұсыныс қана. Егер жүзеге асса, салық жергілікті немесе республикалық бюджетке уақытында түсіп отырады. Жобаның мақсаты да сол.
Алматыда 400 мыңнан аса көлік тіркелген. Оның тең жартысы салықты уақытында өтемейді. Яғни, көлік салығы алынып тасталса, жанармай бағасы 9 теңгеге қымбаттайды.
Нәтижесінде, көлікке құйылған бензин көлемі арқылы салық алынып отырады. "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" тас жолы іске қосылса, салық көлемі арта түспек.
"Жыл сайын көлік салығын әрбір көлік үшін төлеп қажеті жоқ. Яғни, қаншалықты қолданасың, сол әрбір литр бензинді сатып алған сайын салықты біртіндеп төлеп отыруға мүмкіндік бар. Қазіргі есептемелер бойынша мынау акциздің бағасын 9 теңгеге көтеру ұсынылып отыр",- деді Алматы қалалық Мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмысы басқармасының басшысы Еділ Әзімшайых.
Оған қоса, еліміздегі жер салығы мен мүлік салығы бірігуі мүмкін. Яғни, екі түрлі мүлікке ортақ бір салық жүйесі енгізіліп, сол арқылы төлем жасалады. Қазір арнайы жұмыс тобы іске кіріскен. Олар жер мен үйдің ортақ бағасын шығарып бірыңғай салық сомасын белгілейді. Айта кетейік, аталған жоба үкіметте қаралып мақұлданса, келесі жылдан бастап күшіне енеді.