Енді санаулы күндерден соң, елімізде ҚР Парламентінің Мәжілісі мен Мәслихатының депутаттығына үміткерлердің кезектен тыс сайлау өтеді. Партиялар сайлау алды үгіт-насихат жұмыстарын тәмамдап, халықтың даусына жүгінетін күннің қарсаңында «Ақ жол» демократиялық партиясы Орталық кеңесінің хатшысы, ҚР Парламеті Мәжілісінің депутаттығанан үміткер Берік Дүйсембинов мырза «Abai.kz» порталына сұхбат берді.
-Аға, әңгімемізді әуелі сіздің «Ақ жол» партиясына келуіңізден бастасақ. Сіздің таңдауыңыз не үшін «Ақ жолға» түсті?
-Мен не үшін «Ақ жолды» таңдадым дегенге айтарым, Мен Азекеңмен (Азат Перуашев-ред.) партияға дейін, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында жүрген кезден таныспын. Ол кезде ол палата емес, одақ еді. Біз Азекең екеуіміз бірге қызметтес болдық. Жақын араласа бастадық, бір-бірімзді жақын тани бастадық. Оның идеологиялық ұстанымы, оның саяси бастамалары менің көңілімнен шықты. Сол кездің өзінде біз жас кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін біршама шаруаларды, жобаларды бірге атқардық. Шама-шарқымыздың келгенінше кәсіпкерлерге қолдау жасау үшін тырыстық. Біз:"Бір қазақ үш қазақты асыраса, оған көмектессе, біздің еліміздің халқы әлдеқашан бай болып шыға келер еді" деген ұстанымда болдық. «Атамекен» одағында жүрген кезде осындай идеялармен көптеген жобаларды жүзеге асырдық.
Кейіннен Азекең, «Парламентке түсейін деп жатырмын, маған қолдау білдір, менімен бірге бол» деп айтты. Мен, әрине, бірге жүрген досымды, Қазақстанның дамуына бір кісідей атсалысып келе жатқан азаматты қолдадым. Бұл 2011 жылы еді.
«Ақ жол» - бұл кешегі мал баққан, отырықшы менталитеттегі қазақтан, кәсіпкер, бай, ауқатты қазақ шығару үшін күресіп келеді. Өйткені біз Қазақстанның басты құндылығы - мұнай мен металдар емес, біздің талантты халқымыз деп есептейміз.
-Сіз саясаткерсіз бе, әлде кәсіпкерсіз бе? «Ақ жолдағы» орныңыз қандай?
-Бұл дегеніңіз саяси ұстаным ғой. Ең бірінші менің саяси ұстанымым – Тәуелсіздіктің қадіріне жету. Ата-бабаларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап қалған осынау даланы ертеңгі ұрпаққа сақтап, жеткізу. Осы жолда құрбан болған ұлтымыздың арыс ұлдарының ерлігін өз ұрпағымымызға насихаттау. Бұл - менің азаматтық борышым. Сонау тоқсаныншы жылдары, қазақтың еркектері үйіндегі жылқысын сатуға базарға әйелін жіберетін. Өздері базарда сауда жасауды ұят санайтын. Осындай қазақтан кәсіпкер қазақ жасап шығару үшін мен де өз үлесімді қосамын және қосып келемін де. Менің ұстанымым – бір қазақ жағдайы келіп тұрса, тым құрығанда өзінің жақындарына, туыстарына, достарына жәрдемдесуі тиіс.
Екіншіден, біздің осынау ұлан-ғайыр жеріміздің асты да, үсті де бай. Өкінішке орай, сол байлықтың қызығын қазір өзгелер көріп жүр. Бұл - сіз бен біздің байлығымыз.
Еліміздің тәуелсіздік алуы - қазақ халқының тілін, мәдениетін және рухани құндылықтарын ығыстыруды қалайтын күштерді тоқата алды, оларды біздің еліміздің барлық этностарының тілі және төл мәдениетін сақтай отырып, әрбір қазақстандықтың игілігіне айналдыруға мүмкіндік берді. Сыртқы әлемге ашықтығымыздың арқасында Қазақстан азаматтары жалпы әлемдік құндылықтарға: ғылыми-техникалық және мәдени жетістіктерге барған сайын көбірек араласа бастады. Жеке тұлғаның кәсіби, шығармашылық, рухани дамуына ел ішіндегі саяси тұрақтылық, ұлтаралық, дінаралық келісім қолайлы жағдайлар жасауда.
-Сіздің ойыңызша, «Ақ жол» партиясының Парламенттегі орны қандай? "Міне, мынау" деп ауыз толтырып айтарлықтай, партияның V шақырылымдағы Парламент қабырғасында көтерген өзекті мәселелерін атап көрсете аласыз?
-Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық Партиясының Парламенттегі орны ерекше. "Ақ жол" -көптеген өзекті мәселелерді қозғап, бастама көтеріп жүрген бірден-бір партия. Әрине, ауыз толтырып айтарлықтай атқарылған игі істер жетерлік. Солардың ішінде, БАҚ арқылы бұқараға тарап, халық оң бағасын берген шаралардың бірсыпарысын атап өтуге әбден болады. Мысалы, «Ақ жол» партиясының бастамасы бойынша, «Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту мәселелерi жөнiндегi кейбiр заң актiлерiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобасы қабылданды. Бұл Заң жобасының негізінде халықты жұмыспен қамтуда жаңа жолдар ашылды.
Қазақта айтады ғой, «Жалғыздың аты шықпас, жаяудың шаңы шықпас» деп. Сол дегендей, біздің партия өткен шақырылымда Парламентке аз ғана құраммен барды. Бар болғаны сегіз адам Мәжілісте отырып, көптеген игі бастамалардың өтуіне түрткі болдық. Маргарет Тетчер айтыпты ғой, «Бір адамның өзі қоғамның бүкіл өмір сүру құндылықтарын өзгертіп жіберуге мүмкіндігі бар» деп. Біздің партия осал емес. Біздің артымызда қаншама халықтың сенімі жатыр. Біздің артымызда жақтастарымыз бар. Біздің тірегіміз бар. Демек, біздің Параламентте орнымыз бар деген сөз. Біз - халықтық партиямыз. Мысалы, осы уақытқа дейін біздің «Ақ жол» депутаттары халықпен тікелей байланыс орнатты. Әр сейсенбі күні біз онлайн жүздесулер өткізіп тұрдық. Халық депутатпен тікелей сөйлесе алды. Сол арқылы біз көптеген ірілі-ұсақты мәселелерді шешуге тырыстық.
-Халық білетіндей, «Ақ жол» бастамасымен «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» кейбір келеңсіздіктері әшкереленді...
-Дұрыс айтасыз... Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің бағдарламасы - өз мүмкіншілігімен, қолма-қол баспана сатып ала алмайтын қаракөздерімізге баспаналы болуға жол ашатын бағдарлама еді. Кейіннен бұның да өз келеңсіздіктері болды. Содан кейін біздің партия Парламент қабырғасында бірнеше мәрте сауал қойды. Кейін бұл мәселелер Елбасының құлағына жеткеннен кейін мәселе шешілді. Қазір аталған банк кейбір жобаларды «Ақ жол» партиясымен ақылдасып отырып жүзеге асыруда.
Одан бөлек, Риддер қаласында бүкіл ауыл ауыз сусыз отырғанда, біздің партияға көмек сұрап, хат келіп түсті. Біз ауыз сусыз отырған риддерліктертің мәселесін Паламентте көтердік. Бұл мәселе де шешімін тапты.Сондай-ақ, ШҚО да қазақ тілін білмейтін әкімдердің, мектеп директорларының мәселесін де аз көтерген жоқпыз. Өйткені қазақ тілін, яғни, мемлекеттік тілді білмейтін адам ол басшы бола алмайды. Ол Заңды құрметтемейтін адам деген сөз.
-«Ақ жолдың» еліміздің руханияты мен мәдениетіне қосқан үлесі аз емес екенін көріп жүрміз. Мысалы биыл ЮНЕСКО көлемінде мерейтойы аталып өтілетін Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын мемлекет деңгейінде атап өту туралы бастама көтердіңіздер...
-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы өзі айтқандай, біздің қазақтың тарихында ұялатындай ештеңе жоқ. Біз өткен күнімізбен мақтанамыз, ертеңімізге үлкен сеніммен аттанамыз. Біз, «Ақ жол» партиясы, Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын лайықты деңгейде өткізу жөніндегі Мемлекеттік комиссия құру қажет деп санаймыз. Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан (Бөкейханов) және Ахмет Байтұрсынұлының (Байтұрсынов) өмірі мен қызметтеріне қатысты тергеудің архивтік материалдарын зерттеуге Сұлтан Хан Аққұлұлы Жүсіп жетекшілік ететін алаштанушы зерттеушілер тобына рұқсат беруін де сұрадық. Осы және бірқатар рухани шаралардың әр кез басы-қасынан табылатын «Ақ жол» партиясы еліміздің экономикасына ғана қызмет етпейді. Сондай-ақ, оның руханияты мен мәдениетіне, әдебиетіне шын жанашыр болып келеді. Біздің партиямыз осы жылдар ішінде поэзия кештеріне қолдау білдіріп, мүшәйралар ұйымдастырды. Біз алдағы уақытта да тіл мәселесі, қазақы құндылық, Алаш құндылықтары секілді еліміздің, ұлтымыздың руханиятына үлес қосатын жобаларды атқаратын боламыз.
-Сіз Қазақстанның келешегі туралы не айтасыз?
-Қазақстанның болашағы өте жарқын болатынына сенуіміз керек. Қазақтың даладай дарқан көңілінен болар, мына біздің ырысымыз, бейбітшілігіміз ертең де сақталып қалады. Сол үшін біз бүгін аянбай еңбек етуіміз керек. «Ақ жол» партиясы жастарға сенеді. Өйткені, бүгінгі өскелен ұрпақ – ертеңгі ел тізгіншісі.
Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Нұргелді Әбдіғаниұлы
Сұхбаттың жариялану ақысы “Ақ жол” партиясының сайлау қорынан төленді.
Abai.kz
БАЙ ҚАЗАҚ БАСҚАЛАРҒА ДА ЖӘРДЕМДЕСУІ ТИІС
2016 ж. 18 наурыз
4819
6