Елімізде әр азаматқа ақша таратылуы мүмкін...
2016 ж. 16 наурыз
21866
67
Жәрдемақы, зейнетақы, шәкіртақы секілді әлеуметтік төлемдер жойылып, бюджет ақшасы жұртқа жаппай таратылуы мүмкін деп хабарлайды КТК арнасы.
Жақында президент Нұрсұлтан Назарбаев үкіметке «базалық табыс» деп аталатын жобаны қарастыруды тапсырған болатын. Ол ел азаматтарының барлығына көрсетілетін көмек. Егер жоба енгізілсе, әлеуметтік төлемдер яғни жәрдемақы, зейнетақы, шәкіртақы жойылып, оның орнына еліміздің 17 миллион халқы ай сайын белгілі бір мөлшерде ақша алып тұрады. Десе де, қазіргі экономикалық жағдайда бұл қазынаға ауыр тиері анық дейді сарапшылар. Әрі жұмыссыздық деңгейі де күрт өсуіп кету қаупі бар.
Базалық табыс – ел бюджетіне түскен пайдадан жұрттың өз үлесін алуы деген сөз. Яғни, «бай», «кедей» деп бөлмей барлығына бірдей ай сайын төленетін ақша. Қазір әлемнің бірнеше дамыған мемлекетінде осындай төлемдер тәжірибе ретінде іске асырылып жатыр. Енді Қазақстанда осы қазынаға түскен артық табысты халыққа бөліп бермек ойда.
Елімізге базалық табыс жобасы енгізілсе, барлық әлеуметтік төлемдер: зейнетақы, шәкіртақы мен жәрдемақы болмайды. Оның орнына мемлекет өз азаматтарының барлығына ай сайын жалақы бергендей ақша төлеп тұрады. Тіпті, ол үшін жұмыс істеудің қажеті жоқ.
Десе де мұндай бастаманы министрліктің өзі де аса қолдап отырған жоқ. Өйткені, бұл жұртты жалқаулыққа үйретеді. Өйткені, ай сайын жайдан-жай ақша түссе жұмыссыздардың саны артатыны анық. Бірақ базалық табысты мұқият зерттеуді тапсырған елбасы мемлекет мойнына масыл болғандарды шексіз жарылқай алмайтынын талай ескерткен.
Базалық табыстың пайдалы жақтары да жоқ емес. Мысалы, бұл жоба Намибия мен Индия ауылдарына сәтті жүзеге асқан. Яғни, жұртқа ай сайын ақша таратып отырыпты. Нәтижесінде ешкім жұмысын тастамаған. Керісінше, халықтың жағдайы артып, қылмыс азайған. Бірақ Қазақстан мұндай өзгеріске дайын емес дейді сарапшылар.
"Елімізде 4 миллион тұрғын ғана жұмысқа жарамды. Ертең барлығына ақша таратсақ жұмыссыздық артып, бұл экономикаға ауыртпалық түсіреді. Оның үстіне дағдарыс кезінде бюджет артық шығындана алмайды", - дейді сарапшы Шолпан Әйтенова.
Десе де, үкімет 17 миллион халықты үміттендіріп қойған жобаны бүгін ертең іске асырғалы жатқан жоқ. Әр адамға қанша ақшадан тиетіні де белгісіз. Әзірше, президенттің премьер-министр Кәрім Мәсімовке жүктеген тапсырмасы бойынша, бұл бастаманың тиімді және тиімсіз тұстары жіті қарастырып жатыр.