5760 теңге тұратын картоп сатып алар ма едіңіз? (фото)
2016 ж. 15 наурыз
2116
2
Қазнетте Астанадағы супермаркеттердің біріндегі картоп бағасы қызу талқыға түсті. Белгілі болғандай, картоптың бір келісі 5760 теңге тұрады.
Бұл туралы желі қолданушысы Еркебұлан Кенжеболатовтың Facebook-тегі парақшасында жарияланды.
Өзге желі қолданушыларының бұл жайтқа көзқарастары сан-саққа бөлінді.
"Егер made in KZ болса, мен бірнеше келісін сатып алар едім. Өзіме Наурызға орай сыйлық жасар едім", - дейді Сабина Серікова.
"Ұсыныс болып тұрса, мұндай бағаға сатып алатын тұрғындар да бар деген сөз. Нарық заңы", - деп мәлімдеді Гүлден Үрістемова.
"Мұндай баға қоярда қай жерімен ойланған?", - деп сұрақ тастады Aiman Shambayeva есімімен тіркелген қолданушы.
Сол арада "Жетi аспан" ЖШС қызметкерлері Facebook-тегі бұл жазбаға жауап қайтаруға асықты.
"Бұл сирек кездесетін көкөніс. Оған сұраныс HoReCa өкілдерінен бастап, қарапайым сатып алушыларға дейін келіп түседі. Біздің Galmart желісі бағаны қоймас бұрын, жолға кеткен шығынынан бастап, барлық тұстарын есепке алып, әділ баға қояды", - деді сауда орнының менеджері Қаламқас Жанбосынова.
Қаламқас келісіне 75 теңгелік қарапайым картопты да сауда орнынан алуға болатынын және қымбат картоптар Франциядан әкелінетінін алға тартты.