Көрісу күні керек пе?
2016 ж. 15 наурыз
4322
4
Ай мен Үркердiң қиылысып өтуiн көшпелi ежелден бері қазақ жұрты «тоғыс» деп атаған. Тоғысу дегеніміз тоқайласу, үйлесу, түйiсу деген мағынаны білдіреді. Қазақтың танымал жазушысы Мұхтар М.Мағауиннің шығармасында: «Шу бойындағы төpт халықтың тоғысында жеңiсiне жол ашқан» деген сөздер бар. Халық сенімінде тоғыс наурыз айының 14-інен 15-іне қараған күнi келеді. Қазақтың ырымы бойынша, тоғыстың алдындағы қыста қойдың құмалағы қалың қарға батса, жақсылыққа жорып, ырысты жылдан дәметкен. Еліміздің батыс өңірі Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында, көршілес Ресейдің Астрахан, Саратов, Орынбор, Қарақалпақстанның қазақтар көп қоныстанған жерлерінде Наурыз мерекесі айдың 14-күнінен басталып, «Көрісу» (яғни, қауышу) салты (Кей жерлерде «амал мерекесі» деп те аталады) басталады. Қазақтың танымал табиғат тамыршысы Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы өзінің жан-жақты зерттеу еңбегінде 8 күндік Наурызнама өтетінін жазған екен (ескіше 1-8 наурыз, қазіргі күнтізбеде 14-21 наурыз аралығы). Демек, ұлтымыздың көктемді тануы қадым заманнан шындыққа тым жақын. Амал мейрамында «амал кірді», «амал келді» деп қуанамыз. Шығыс елдеріндегі күн (шәмси) күнтізбесі бойынша, наурыздың басталуы хамал (амал) айының 1 жұлдызы есептеледі. Хамал (амал) дегеніміз Тоқты шоқжұлдызының ескі парсыша атауы. Яғни, күн мен түн теңеліп, амал кірген сәтте Тоқты шоқжұлдызы туады. Наурыз парсыша Жаңа күн. Ертеде қазақ бұл күнді «Наурыз» демей, «Амал» деп атаған. Амал мерекесі немесе Көрісу дәстүрі еліміздің көп өңірлерінде ежелден сақталған. Шәкәрімнің ұлы Ахаттың жазбаларында: «14 март ескіше 1 март. Әкей айтты: «Бүгін ескіше 1 март, қазақша Жаңа жыл, Ұлыстың ұлы күні дейді. Ал жаңа жылдың бұрынғы аты Наурыз, бұл фарсы тілі. «Жаңа күн» деген сөз. Қожа-молдалар «ескі әдетті қалдырамыз» деп, құрбан, ораза айттарын «Ұлыс күні» дегізіп жіберген. Ескі қазақша, ескі түрікше Жаңа жыл күнінің аты Ұлыс. Жаңа жыл басының ұлыс екеніне мынадай дәлел бар. «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар» деп жазады... Өкінішке қарай, 1918 жылдың 24 қаңтарында «Батыс Еуропа күнтізбесінің Ресей мемлекетіне енгізілуі туралы» В.И.Ленин қол қойған декрет қабылданды. Декретте 1918 жылдың 31 қаңтарынан кейінгі күн 1 ақпан емес, 14 ақпан болып есептеліп, халқымыздың көне дәстүрін ұмыттыру үшін отаршыл үкімет бар күш-қуаты мен әдіс-тәсілдерін аяған жоқ. Десе де, ұлтымыздың алтын қазыналары түбiрiмен қопарылған аумалы-төкпелi заманда да қайсар қазақ өзінің Көрісу күнін бәрібір түбегейлі ұмытпады. Ұлық дәстүр шежірелі Маңғыстау түбегінге мықты сақталды. Мысалы, Маңғыстау өлкесінің тарихын ұзақ уақыт бойы зерттеген орыстың ғалымыАндрей Аставьев қазақтың Көрісу дәстүрінің ғылыми тұғырнамасын анықтап, Амал мерекесінің тамыры моңғол мен тувалық халықтарында жатыр деп жазды. Адай руының мәліметінше, Үстірт аймағы мен Маңғыстау түбегіне шығыстан келген адамдар, сірә, өздерімен бірге Күнтізбе жүйесін алып келген болса керек. Моңғолдардың күнтізбесінде бір аптада тоғыз күн болған. Күнтізбе 22 желтоқсаннан басталып, жылдың төрт маусымы (көктем-жаз-күз-қыс) тоғыз күннен тұратын кезеңдерге бөлінген. Қысқы күн тоқырауы кезеңінен Жаңа жыл басталып, содан бері қарай күн ұзақтығы созылады. 23 желтоқсан – 14 наурыз аралығындағы уақыт – тоғыз аптадан тұратын кезең. 14 наурыз күні көктем келіп, жапырақтар бүршік атып, көкек құсы құйқылжыта ән салады. Көктемнің тоғызыншы күні күн мен түннің теңесуі тойланады. Шығу төркіні тереңде жатқан айтулы күн алаш баласына етене жақын. Амал мерекесі жаңа өмір, жаңа жыл, жаңа күнмен көрісу деген мағынаны білдіреді. Қыстың ызғары кетіп, шуақты көктем басталған Амал таңының алдында адамдар үй ішін жуып, тазалап, ауланы ретке келтіріп қояды. «Басымыздан Пайғамбар сипайды» деген наным-сенім болғандықтан, бір күн бұрын кешкісін адамдар міндетті түрде бастарын жуап, тазаланады. Жаңа киімдерін әзірлейді. Таң сібірлеп атысымен әр ошақ ерте тұрып, елең-алаңнан есіктерін ашып қойып, Көрісе келген адамды қабақ шытпай көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алып, мұнтаздай таза үйіндегі мол дастарханға шақырады. Бұл күні күн шыққанда есігі ішінен құлыптаулы тұрған үй болмайды, ешкім ұйықтап жатпайды. Тарихында көшпелі ғұмыр кешіп, шеті мен шегі жоқ далада тарыдай шашылып, киіз үйде тұрған қазақ халқы қар еріп, жер жіби бастағанда туған-туыс, жақын-жұрағатын іздеп, үскірік аязды алты ай қыстан мал-жанының аман-есен шыққанына шүкіршілік қылып, бір-бірімен көріскен. «Бір жасқа шығуыңмен!» деген тілектің артында «Қыстан аман шығып, жаңа жылға қадам басуыңмен» деген тілек-тәубә жатыр. Ең бастысы, Көрісу адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі әрі жасы кішілердің үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін дәстүрлі салты. Көрші-қолаң, дос-жаран, құрбы-құрдас бір-біріне «Қосқан жасың құтты болсын!», «Ғұмырың ұзақ болғай!» деген ақтайлақ ниетін айтады. Көрісу күні үлкен мен кішінің арасында сыйластық пен сыпайылық орнататын имандылыққа негіз салған мереке. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде бір-біріне сәлем берген екі адамға да сауап жазылатыны, соның ішінде, бірінші сәлем берген адамға көбірек сауап тиетіні айтылады. Демек, осынау орасан ізгілікке толы күні ескі өкпе-реніш кешіріліп, татуласып-табысады, араздық ұмытылады. Ер адамдар құшақтасып, төс түйістіреді; әйелдер беттерінен сүйіп, көріседі. Өзара мал-жанының амандығын сұрасып, қыстан аман-есен шыққандықтарына тәубе келтіреді. Қазақтың әдептілік дәстүрі бойынша, тек келіндерге аталарымен және қайын ағаларымен көрісуге болмайды. Ағайын-туыс, құда-жекжат, дос-құрбы сыйлы адамдарына жібек шапан, көйлек-жаулық сыйға тартады. Жастар ақсақалдардың ақ батасын алуға асығады. Бұл күні ешкім ешкімге ренжімей, жайдары жүреді. Көріскен ағайын бір-бірінің отбасына, ағайын-туыстарына амандық-саулық, құт-береке тілейді. Қарызы бар кісі осы күнге дейін борышынан құтылса, құба-құп. Шаттық пен қуанышқа, ақ бата мен молшылыққа толы мәре-сәре бұл мейрам қазақтың бауырмалдығының бір көрінісі. «Жыл бойы балаларымыз тоқ, дастарханымыз мол болып, арамызға сызат түспесін» деген ақниет-жоралғымен мал сойылып, қыстан қалған сүр қосылып, қазан толтырылып ет асылады. Мал соймағандар сақтап қойған шұжығы мен үлпершегін салып, қазан көтереді. Үлпершек мал жүрегінің сыртындағы қапшығы. Қазақ үлпершектің екі жағындағы құлақшаны кесіп алып, қаны әбден сорғыған жүректің жіңішкелеу жағын тіліп, ішіне ұсақтап туралған ет пен ішмай тығады. Сосын, тілінген жағы мұқият тігеді де, шұжық сияқты дәмді тағам дайындайды. Қазанға салып үстіне су құйып, тұз қосып қайнатады да, суығасын қиялап турап, табаққа салып, бетін көк жуамен әсемдейді. «Көк қарға келмей көктем шықпайды» дейтін Амал күні сүбе қабырғасымен тұтас ішекке тығылған қазы, сонау күздің басында шыжғырып шыны ыдысқа құйып сақтаған, түсі сап-сары бояудай қанық сары май Көрісуге келгендердің бір сыбағасы. Кейбір үйлер қазанға май қатып күріш, жармасын салып, жеті түрлі дәм қосып, наурыз көже асып қояды. Тары қайнатылып, бидай қуырылып талқан мен жент жасалады. Әрбір отбасы жеті шелпегін пісіріп, иіс шығарып, бауырсағын пісіреді. Өйткені, Самарқанның көктасы еритін Ұлыстың ұлы күні күн мен түннің теңелетін біздің түркі жұртының ортақ мейрамы Жыл басы, Жаңа жылымыз, ұлттық мерекеміз. «Түс болып қалды, үш үйдің есігін ашуға үлгермей қаласың» (маңғыстаулықтардың кейбірі 40 үйдің есігін ашу керек деп есептейді) деп асығатыны да бар. Біздің маңғыстаулық бауарларымыз Амал мерекесін Отпан тауында тойлайды. Аталмыш мейрам «Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде өтеді. Маңғыстаудың биік шоқысы осы Отпан тауы Балтық теңізі деңгейінен 532 метр биіктікте орналасқан. Таудың басында Адай батырға арналған 37 метрлік ескерткіш орнатылған. Бой көтерген екі стелада Адай атаның (Адай руының бабасы) екі ұлын (Құдайбеке мен Келімберді) бейнелері. Ұлы қаншық қасқырдың мүсіні де менмұндалайды. Аңыз бойынша, қасқыр – бүкіл түркі халқы үшін күш пен рухтың еркіндігінің бейнесі. Бір кезде Отпан тауы жау шапқанда елге белгі беретін бекініс болған, яғни, оның басында жанған от қатер жайлы ескертетін. Бүгінгі бейбіт күні ұлық таудың басында Амал мересін тойлау кезінде ғана от тұтатылады... ...Қасат қар еріп, көктемнің иісі бұрқырап, шыбын-шіркей, құрт-құмырсқа, жан-жануар, тіршілік атаулы ұйқыларынан оянған сәтте қыс бойы ұйқыда жатқан балпақ оянып, інінің аузынан далаға қарайды. Балпақтың басын қылтитып інінен шыққанын 14 наурызда қазақтың кең даласының құмдауыт қыраттарында көруге болады. Ата-баларымыз: «Пенденің аузы аққа, малдың аузы көкке тиді» деп, адамның адаммен, жылдың жылмен көрісетін күнінің ертеңін, яки, 15 наурызды «Қыс жұлдызы бiтiп, жаз жұлдызы туды» деп айдарлаған. Сондықтан, Көрісу күні қазақты ынтымақ-ұйымшылдыққа, береке-бірлікке бастайтын ғибратты дәстүр. Көрісу күнінің негізгі шарттары үлкенді сыйлау, кішіге қамқорлық, әлсізді демеу, жарлыны жарылқау ізгіліктің бастауы. Төс қағыстырып, қол алысу, үлкендерден бата алу, адамдар арасындағы сыйластық, қауышу – Көрісу күнінің кейінгі ұрпаққа сабақ боларлық қасиеттері. Жылдың басы Әз-Наурыз Амал күнінен кейін жылымық сәуір кіргенде бәбісек шақырады. Саpала түстi, ұзын сиpақты, айдарлы көкек тәріздес кішкене құстың нәзік үні жылулық пен жақсылықтың белгісіндей әуезді естіледі. Ал, дәп Амал күні Наурыздың жұмсақ ақшақары жауса, ежелгі жұртымыз «Жаңа жылда жақсылық көп болады», деп үміттенген. Иә, үмітіміз азаймасын!
Қажымұқан ҒАБДОЛЛА qazaquni.kz