"Қамшы" порталының коллажы
Мәжіліс депутаттығына кандидат ұсынған партиялар арасындағы саяси пікірсайыс 16 наурызда өтеді. Мұндай шешім бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысында қабылданған, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. «Қазақстан Республикасындағы Сайлау туралы» Конституциялық заңның 12, 27 және 28 баптарына сәйкес 20 наурызға тағайындалған Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлауға партиялық тізімдерін ұсынған партиялардың саяси пікірсайысын ұйымдастыру туралы қаулы жобасын назарларыңызға ұсынамын. Пікірсайыстың «Хабар» телеарнасында ұйымдастырылуын және 2016 жылғы 16 наурызда өткізу ұсынысын енгіземін», - деді қаулы жобасымен таныстырған ҚР ОСК мүшесі Ләззат Сүлеймен. Сонымен қатар ол саяси пікірсайыс өткізу регламентінің жобасын да ұсынды. «Саяси пікірсайыс Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлауға партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың әрқайсысының пікірсайысқа қатысуға келісімі бойынша өткізеді. ОСК пікірсайыс үшін белгіленген эфир уақытын пікірсайысқа қатысуға ниет білдірген саяси партиялардың арасында тең жағдайда бөлетін болады», - деген ол пікірсайыстың 90 минуттақ дейін созылуы мүмкін екенігін атап өтті. ҚР ОСК мүшелері қаулы жобасын бірауыздан қабылдады. Пікірсайысқа қатысу үшін сайлауға қатысушы әрбір саяси партиядан бір өкілден шақырылады. Қатысушылар жеке басты қаралаудан, саяси партияның, оның мүшелерінің намысына, абыройы мен іскерлік беделіне көрінеу нұқсан келтіретін сөз айтудан, басқа саяси партиялардың өкілдерін кемсітуден аулақ болып, жалпыға бірдей қабылданған әдеп нормаларын сақтауға тиіс. Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздігіне нұқсан келтiруді, әлеуметтік, нәсілдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық араздықты қоздыруды, қатыгездiк пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды, сондай-ақ заңнамада көзделмеген әскерилендiрілген құралымдар құруды насихаттауға және үгіттеуге жол берілмейді. «Қамшы» порталыСӘРСЕНБІ КҮНІ САЯСИ ПАРТИЯЛАР АРАСЫНДА ПІКІРСАЙЫС ӨТЕДІ
2016 ж. 14 наурыз
3361
11