"Астана ЭКСПО-2017" бас мердігері субмердгерге қарыз болып қалған
2016 ж. 10 наурыз
3050
11
"Астана ЭКСПО-2017" бас мердігері АДС компаниясы" ЖШС өзінің субмердігері "Северстальконструкция" ЖШС-ге 100 млн. теңге берешек болып қалған. Бұл туралы бүгін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесінің төрағасы Ғани Қасымов мәлім етті.
"Астана ЭКСПО-2017" xалықаралық көрмесінің бас мердігері өз міндеттемелерін толық орындаған субмердігер "Северстальконструкция" ЖШС-ге келісімшарт бойынша қаржы төлемей келеді. Қазіргі уақытта қарыз көлемі 100 млн теңгеден асып отыр", - деді Ғ. Қасымов.
Оның айтуынша, "Северстальконструкция" ЖШС ҰКП-ға көмек сұрап келген.
ҰКП-ның баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, бас мердігер металл құрылғыларын жеткізу мақсатында 2014 жылы "Северстальконструкция" компаниясымен шарт жасасқан. Оның жалпы көлемі 622 млн теңгені құраған.
"Северстальконструкция" ЖШС өз міндеттемелерін толық орындаған. Алайда оған 106 млн теңге әлі төленбеген.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясымен бірнеше рет осы сауал бойынша кездесулер өткізді.
Дерек көзі: ҚазАқпарат