Елбасы Батыс Қазақстан облысына барды
2016 ж. 09 наурыз
2087
2
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысына келді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Елбасы алдымен «Болашақ-Т» ЖШС-ның үй құрылысы комбинатына ат басын бұрмақ.
Оралда 2014 жылы «Болашақ-Т» ЖШС (қуаты - жылына 50 мың шаршы метр темірбетон бұйымдары) мен «СВ плюс» ЖШС-ның (40 мың шаршы метр) екі үй құрылысы комбинаты пайдалануға берілген еді. Сол жылы «Болашақ-Т» ЖШС-ның үй құрылысы комбинаты «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасы аясында кезекте тұрғандар үшін тоғыз қабатты, 180 пәтерлік тұрғын үй құрылысын бастаған еді. Оны компания өткен жылдың желтоқсанында салып бітірді. Бұл - елімізде тұрғын үй индустриясын дамыту бағытында бой көтерген алғашқы үй.
Содан кейін Елбасы Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында болып, Ақ Жайық өңірінің шығармашылық орта және зиялы қауым өкілдерімен кездеспек.
Қазақстан халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қадыр атындағы орталық өткен жылы ақынның 80 жылдығына орай ашылған болатын. Мұнда ақынның музейі мен кітапханасына қоса сондай-ақ Қазақстан Жазушылар, Композиторлар және Суретшілер одақтарының филиалдары жұмыс жасайды. Мұнда соңғы кезде ақын-жазушылардың әдеби-музыкалық кештері, басқа да шаралар көптеп ұйымдастырылуда.
Түстен кейін Елбасы Орал қаласындағы теннис орталығында өтетін Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған Қазақстан халқы Ассамблеясының «Біздің күшіміз - бірлікте» атты республикалық форумына қатысу жоспарланған.
Дерек көзі: ҚазАқпарат