ҰЛТЫМ ДЕП ӨТКЕН ҰЛ ЕДІ...
2016 ж. 07 наурыз
5431
2
Рухы мен пейілінен таң атқан,
Жаралғандай ұлттық мүдде-санаттан,
Жігіт едің елді аузына қаратқан.
Қазақ халқы ұлтсызданған ғасырда,
Тіл мен ділге құнсызданған ғасырда,
Сен бізге өте қажет едің, Болатхан!
Енді саған пейішінің есігін
Айқара ашсын құдіретті Жаратқан!
Мұхтар Шаханов.
Еліміздің Ұлттық кітапханасының Көрмелер залында көрнекті мемлекет қайраткері, кәсіби дипломат, жоғары санатты елші, білікті экономист, ұлт жанашыры Болатхан Тайжанның туғанына 75 жыл толуына орай еске алу кеші өтті.
Ел ахуалы, мемлекет мүддесіне балғын бозбала шақтан жан ауырта бастаған Болатханның есімі халық тарихында оның сонау 1963 жылы Мәскеуде оқып жүрген кезінде өзінің Сәбетқазы Ақатай, Мұрат Әуезов, Аймұқан Таужан, Бимұхаммед Шекербай сынды өзге де бірқатар отаншыл қатарластарымен «Жас тұлпар» ұйымын құрушы ретінде-ақ жазылып үлгеріліпті. Әйткенмен, ұлтын шексіз сүйген ұлан бүкіл ғұмырын туған елінің сәулетті келешегі жолындағы күреске арнайды. Ол өмірінің соңына дейін өзі атқарған небір биік қызмет тұтқаларының бәрін туған халқының тағдырына жұмсаған екен. Әсіресе, Болатхан Тайжан қайраткерлігі ел егемендігі жарияланған тоқсаныншы жылдар басында халық дәулетін тонауға сала бастаған жемқорларға қарсы арпалыста айқын көрінеді. Қандай жауапты қызметте отырса да, жаным арымның садағасы деген қағиданы берік ұстанған арлы азамат саясаттағы солақай тұстарды да биліктегі биік тұлғаларға әрдайым тайсалмай айта білді. Шетелдік инвесторларға да ең алдымен жергілікті ұлт мүддесімен санасулары қажеттігін ескерткен осынау Бөкең еді. Араб, ағылшын, орыс тілдерін еркін меңгерген энциклопедиялық білім иесі мемлекеттік Қазақ тілінің мәртебесі үшін де қатты шырылдап, жас мемлекетіміздің сыртқы саясатын қалыптастыру жолында орасан шаруалар атқарды. Алпауыт елдердің ақылмандары сұңғыла идеолог ретінде Болатхан Құлжанұлымен әрдайым санасып отыруға мәжбүр болатын. Бүгінде көпшілік жұрт Сұлтан Бейбарыс бабамыздың қазақ екенін Мысырда бас елші қызметінде жүргенінде айдай әлемге алғаш паш еткен осы Болатхан екенін біле қоймайды.
Міне, алақандай Баянауылдан түлеген Болатхан бала осылайша біртіндеп бүкіл Қазақ елінің сүйікті перзентіне айналған екен...
Үлкен кітап көрмесіне ұласқан еске алу кешіне белгілі қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орындарының студенттері мен бұқаралық-ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
***
Алматының «Горький – теннис парк» клубында теннистен қоғам және мемлекет қайраткері Болатхан Тайжанның 75 жылдығына арналған қалалық жарыс өтті. Оған Алматы мен өзге де аймақтардан келген ең үздік 47 спортшы қатысып, жарыс соңында жеңімпаздар турнир Кубогы және әр орынға сай 50-30-20 мың теңгеден қаржылай сыйлық алды. Финалға шыққандар мен жүлдегерлерге мақтау қағазынан тыс «Болатхан Тайжан атындағы қор» басып шығарған кітаптар үлестірілді. Сонымен бірге бұл жарыстың қорытындысы бойынша ең үздік теннисшілердің ресми рейтингі жасалды. Жарысты Асқар Бекбаев пен Мұхтар Тайжан ұйымдастырып, Марат Баймұхаметов бас төреші болды.
Жарыс алдында сөз алған Болатхан Тайжанның жары Айсұлу Тайжан бокс пен теннис – Болатхан Тайжанның ең сүйікті спорт түрлерінің бірі болғанын айта келіп, спортшыларға жақсы өнер көрсетуіне тілектестігін білдірді. Ал «Болатхан Тайжан атындағы қордың» президенті, қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан бұл жарыс тек өз әкесіне ғана арналмағанын, бүкіл әкелерге арналып отырғанын ескерте кетті. «Сонымен бірге қоғам қайраткерлері мен ұлт жанашырларының еске алу шараларын дөңгелек үстел деңгейінде ғана емес, халықтың көңілі мен рухын көтеретін спорттық шаралар өткізу, оларды дәріптеу мен насихаттаудың анағұрлым әсерлі екенін айтып өтті. Сондықтан да, ұлт жанашырының 75 жылдығын өткізерде халықты белсенді өмірге жетелейтін шаралар ұйымдастырдық» деді.
«Болатхан Тайжан атындағы қор» алдағы уақытта да бірнеше мерейтойлық іс-шара өткізбекші.
Айнұр АХМЕТ
"Қазақ үні" газеті