"Ұлы көшті жетектеп келеді әне, Бейбарыс!.."
2016 ж. 04 наурыз
4573
5
МЕНІҢ АТА-БАБАМ ҚУҒЫН-СҮРГІННЕН ҚАШҚАН ЖОҚ,
сонда мен оралманмын ба, кіммін?
Философия ғылымдарының докторы Нұргелді Уәлиұлының “Ана тілі” газетінің 2009 жылғы 20 –санында (21-27 маусым) “Оралман” сөзін олқы көрмейік” атты мақаласы жарияланыпты. Автор айтқандай оралман атауына қарсы болған “жекелеген адамдар” емес Елбасының өзі болатын. Бірақ, мен өз басым Нұргелдінің пікіріне қосыламын. Біріншіден оралман деген ешқандай кемсіткен ар-ожданға тиетін сөз емес екені, (монғолдар, қытайлар дегеннен ойлағанда) біздің шетелде туып-өсіп, Қазақстан тәуелсіздік алған соң Отанымызға оралғанымыз шындық. Екіншіден бұл сөз халық ішінде, ақпарат, баспасөз беттерінде әбден қалыптасып кетті. Тіпті орыс тілін білмейтін біз бейбақтар орыстарға ойымызды жеткізе алмағанда “Мы оралманы” десек шетелден келгенімізді, орысша білмейтінімізді дереу түсініп, орысша білетін бір қазақты ертіп келе қояды. Оралман сөзін сауатты халық граматикалық тұрғыда да етістік емес, оқырман, көрермен (“аларманға алтау аз, берерменге бесеу көп”) деген сияқты етістіктен зат есім тудыратын жұрнақ арқылы жасалған атау екенін жақсы біледі. Бірақ, мақаладағы “оралман” деген сөзге берілген түсіндірме шындыққа жанаспайды. Бұл анықтамаға жүгінсек Елбасының көреген саясаты арқасында тәуелсіздік жылдарында байырғы Отанына оралған мың-мыңдаған қазақтың шамамен бір пайызы ғана оралман болып шығады. Басқасын қалай атауымыз қажет? Неге дейсіз ғой. Нұргелді: “Қазақ тілінде оралман деп қазақ халқының тарихында “жаппай қуғын сүргінге (репрецияға) ұшыраған этникалық тазалаудан (геноцид) қашып, саяси сауға сұрап, жат елге жаппай қоныс аударған қандастарымыздың, олардың үрім-бұтағының тәуелсіздіктің таңы атқаннан кейін өз Отанына қайта оралғандарын айтады” деген анықтама беріпті. Анықтама беріп қана қоймайды шағын мақалада осы тіркесті үш рет қайталап, шегелеп айтады. Байырғы қазақ даласының бір пұшпағында отырып, алпауыт, зорекер көршілеріміз жерімізі бөліске салғанда шет елдік болып қалған қандастарымыздың ұрпағы жайлы ештеме айтпайды. Оралмандардың намысына тиетін де - оралман деген атау емес, оралмандардың барлығын жоғарыдағы нәубеттен қашқандардың ұрпағы деп түсінетін қате түсінік. “Мен Монғолиядан немесе Қытайдан келген оралман едім” десеңіз жоғары білімді азаматтарымыздың өзі “Сонда сіздердің ата-бабаларыңыз 1937 жылғы нәубет кезінде қашып кетке бе?” деп сұрайды. Бір кезде Өмірзақ Сәрсенов деген “дөкей” ағамыздың өзі "Көктөбедегі кездесу" бағдарламасында “Оралмандар - кешегі ел басына күн туғанда Отанын тастап, қашып кеткен байлардың ұрпақтары. Ұлы Отан соғысында олардың жаны ауырған жоқ. Сондықтан Қазақстан азаматтары біздер өз сыбағамызды неге береміз” деген мағынада Жүрсін Ерманмен ой бөліскенде (нақтырақ айтсақ көгілдір экран алдындағы миллиондаған көрерменге қате түсінік бергенде) талып қала жаздағанымыз бар. Бұл- нағыз сауатсыздық, халқымыздың өткен тарихынан бейхабарлық, сананың сайыздығы екендігіне көз қарақты оқырмандар келіседі деп ойлаймын. Әрине, мұндай теріс пиғылдылардың ортамызда көп еместігі қуантады. Әйтседе, “бір қарын майды бір құмалақ шірітеді” дегендей оралмадармен жергілікті халықтың айрандай ұйыған берекесін сауаты төмен, көзқарасы теріс бір адам бүлдіруге болатындығын да ескергеннің артықтығы жоқ. Шын мәнінде бүгінгі оралмандардың бәрі қиын- қыстау заманда отанын тастап, қашып кеткендердің ұрпағы ма? Жоқ, әсте олай емес. Оралмандарда онсан тағдыр, тарих бар. Бүгінгі Қазақстан шекарасынан тысқары жерде өмір сүріп жатқан қазақтардың бірі сол нәубет шақта ұрпағын аман сақтап қалудың қамымен шекара асып кетсе, екінші біреуі өзінің ата қонысында отырып-ақ озбыр саясаттың кесірінен шетелдік болып қала берді. Мәселен, біркездері Қазақстанның астанасы болған Орынборда тұрған қазақтар - бүгін Ресейліктер. Сол кезде өз отанының астанасында туып өскен, немесе сонда қызмет істеп, тіршілік кешкен ұрпақтың бүгін шетелдік болып қалғаны үшін еш кінәсі жоқ екені белгілі. Бүгін олар да өз отанына оралман ретінде оралуға мәжүбір. Сол сияқты ұлтсыздықты ұрандаған кеңестік дәуірде одақтас 15 республика халқы тіршілік қамымен мидай араласып кетті. Көршілес Қырғызстан, Өзбекстан сияқты орта Азия республикаларын былай қойғанда ұлан байтақ Кеңес Одағының батысы мен шығысындағы республикалар мен қалалардың өзі екі ауылдың арасы болып есептелінді. Мәскеуден, басқа да ірі қалалардан білім алып, мамандық игерген кадрларымыз “отан тапсырмасымен” алпауыт мемлекттің әр шалғайында қалып, мамандығы бойынша қызмет істеп, мал малданып, жан жанданып, қалып қойды да, әркім өз шаңырағына иелік еткен бүгінгі таңда солардың барлығы шетелдік болып шыға келді. Басқаны қойғанда Өзбекстанда тұратын миллион жарым қазақты қашқын деуге кімнің қақысы бар. Ал, бүгіндері Қытай мен Монғолияда өмір сүріп жатқан қазақтардың тағдыры тіптен басқаша. Демограф, тарихшы Мақаш Тәтімов ағамыздың Қазақтың жер қартасы алып балықтың бейнесін елестетеді. Сол алып балықтың басын отаршылдар кесіп әкеткен деген сөзі бар. Арғы бабамыз түріктердің Орхон өзені сағасында, Шыңғысхан дәуіріне дейін Керей, Найман, Уақ, Меркіт, Қоңырат тайпалары қазіргі Монғолия территориясының қақ төрінде өмір сүргенін есепке алмағанның өзінде Керейлердің 1370 жылдарға дейінгі Шағатай дәуіріндегі, одан кейінгі Әмір Темір заманындағы ата қонысы өр Алтай, жалпы қазіргі Шыңжан өңірі болды. Бұл өлке үшінгі қазақ жандығы ман жоңғар арасындағы қыр?ыс, атыс-шабыс екі ғасырға жалғасқаны, 1700- жылдардың ортасында жоңғарлар қазақтар мен қытайлардан жеңіліп, қырылғаны қырылып, қалғаны босып кетті де, өр Алтай бос қалды. Сөйтіп, Абылай хан Цин патшалығыман дипломатиялық келісімге келіп, Алтай тауының шығысы мен оңтүстік беткейін ресмй түрде қазақ хандығына қаратқаны жайлы қазақ тарихшыларынан бұрын қытай тарихшыларының өздері жазып кеткен. (Цин патшасы “Гаузүун патшалығының орда естелігі” 793 том. 20 бет,Тайпей 1964) Бұл ата қонысымызды аруақты бабаларымыздың отаршылдардан үшінші рет азат етуі болатын. Сөйтіп, Жәнібек батыр Бердәулетұлы бастаған Абақ керей түгелдей дерлік, Найманның бір бөлігі осы байырғы қонысы, алтыннан алқа таққан, жер жәннаты өр Алтай өңіріне қайта жылжыды. Өр Алтайдағы ата қонысына қайта орныққан Абақ керейлер ел бірлігі үшін қарадан хан сайламайтын қазақтың байырғы дәстүрімен төре тұқымы Әбілпейіз ханнан балаларын сұратып алып, төре сайлап, төбелеріне көтерді. Тек отаршылдардың озбыр саясаты салдарынан 1868 жылы Ресей мен Кытай шекара бөліскенде бұрын ешкім бөліп жармаған, біріне жайлап, біріне қыстап келген қазақтың бір тұтас даласы өр Алтай (ҚХР) мен төр Алтай (Шығыс Қазақстан) шекара сызығының екі жағында қалып қойды. Міне, сол күннен бастап өр Алтайдағы ағайындар шетелдіктер, анығырақ айтсақ қытайлықтар болып есептелінді. Ал, Монғолия қазақтарының тарихына келсек, бүгіндері миллион жарымға жеткен өр Алтай (Шыңжан) өңіріндегі қазақтар малы мен басы қатар өсіп, толықсыған тұста, бір жағы қазақтарға Манж- қытайлардың алым- салық қысымы күшейген дәуірде, дәлірек айтсақ, 1860 жылдардың ортасында үдере көшіп емес, бір бел асып, Алтай тауының теріскей беті Монғолияның батысына қоныстанған керей әулетінің үрім бұтақтары. Қазіргі 100 мыңдай қазақ мекендеп отырған Монғолияның бұл өлкесі Шыңжан үшін ғана емес, Қазақстан үшін де бір белдің асты деуге әбден болады. Әйгілі Мұзтаудың төрт жағында төрт елдің қазақтары ықылым заманнан бері шекаралас өмір сүріп жатыр. (Солтүстігі Ресейдің Қош ағаш ауданы, шығысы Монғолияның Бай- өлке аймағы, оңтүстігі қытайдың Шыңжан өлкесі, батысы Қазақстан) Мұны айтып отырғанымыз- Қытай мен Монғолдан жер даулау емес, қарапайым халыққа Қытай мен Монғолиядағы қазақтар ата жұрты қазақ даласынан ауа көшіп кетпегенін, өз жерінде отырып, саясат салдарынан өзге елдік болып қалғанын түсіндіру. Сөйтіп қазіргі Монғолиядағы қазақтар Бай-өлкеге шамамен 140 жылдың алдында мекендесе, (одан бұрынғы 110 жыл Шыңжанда) Қытайдағы қазақтар қазақ даласының құрамдас бөлігі, ата қоныстары Шығыс Түркістан (Шыңжан) өлкесін 250 жылдан бері тұрақты мекендеп келеді. өйтсе бүгінгі оралмандарды әлдекімдердің түсінігіндегідей сенің ата- бабаң 1931 жылғы аштық, 1937 жылғы нәубет кезінде елін, жерін тастап бас сауғалап, қашып кеткендер деп, шетқақпай етудің, ғайбат айту сауатсыздықтың салдары болса керек. Мүмкін іштарлық болар. Іштарлық дегеннен шығады, бәз біреудер үкімет орлмандардың басына бар байлықты үйіп төгіп жатқандай сезінеді. Рас, үкімет оралмандарға жағдай жасап отыр. Бірақ, көре алмайтындардың айтқанындай дәрежеде емес. Қазіргі көрсетіліп отырған көмек олардың жыртығын жамауға, үй түгіл ауылдық жердің өзінен үйшік сатып алуға жетпейді. Бір сөзбен айтқанда үкіметтің миллиардтаған қаржысын қымқырып шетелге қашып кетіп жатқан жемқорлардың көмейінде кетен ақшамен салыстырғанда оралмандарға бөлінетін қаржы иненің жасуындай. Әңгіме желісіне қайта оралайық. Әрине, қытайда, басқа да елдерде нәубет кезінде бас сауғалап, қашып барған қандастарымыздың ұрпақтары да өмір сүретіні шындық. (Қытайдағы 2 миллион қазақтың көп болса бес пайызы нәбет жылдарында қашып барғандардың ұрпағы болар) Бірақ оларға да қалай, қандай кінә артпақпыз? Олар сол кездегі солақай саясаттың құрығына бай, манапсың, пиғылың теріс деген желеумен мықтап іліккен жазықсыз жандар болды. Егер бас сауғаламағанда өзі ғана емес ұрпақтары тып- типыл болып құрып кететін еді. Жалпы, қазақ халқы ондай тұрлаусыз болса Ұлы Отан соғысы кезінде де біразы қашып кетпеспе еді. Сондықтан нәубет кезінде шекара асқандардың жазығы ұрпақтарын қырғыннан аман сақтап қалғандығында болмаса керек. Бүгінгі оралман ретінде қара ша?ыраққа келіп, еліміз тәуелсіздігін нығайтуға үлес қосып жатқандарды? біршамасы - сондай заман тәлкегіне ұшырап, құрып кетуден өзін ғана емес бүкіл әулетін құтқарып қалған аталарымыздың үрім бұтағы. Сондықтан оларға құрмет, мейірбандық сезім тіптен бөлек болуға тиіс леп ойлаймын. 1940 жылдардың аяғында қытайдағы қырғыннан қашып Үндістан, Пакстанға өткен қазақтарға түбіміз бір туыспыз деп түрік ағайындардың қамқрлық жасап, бір қиырдан көшіріп алғанын өмірзақ Сәрсенов сияқты ағаларымыз білеме екен? Оның қасында шетелдегі қазақтар біздің нағыз бауыр етіміз емес пе. Әрі оралмандарға жасалған қамқорлық ғана емес еліміздің егемендігін баянды ету жолындағы ұлттық саясат екенін әр қазақ түсінсе игі еді. Жалпы, өзге жұрт сияқты қазақтар да қашаннан ешқашан бүтін отырған халық емес. Қай кезде де тағдыр тәлкегіне түсіп, ұлтынан, ұлысынан жырақтап қалып, ел жерін аңсап, сағынышпен сарғайып дүниеден өткендер қаншама. Біз білетін тарихта, арғысы осыдан 8 ғасыр бұрын құлдыққа сатылып, Мысырға кетіп, соңынан хан тағына отырса да ел жерін ұмытпай туған жеріне аманат айтқан БЕЙБАРЫС сұлтан болған екен. Сондықтан осы бір ой алқындысын Дүйсенбек Қанатбаевтың:
“Айналайын, атажұрт, кейде жақын, кейде алыс, Жеткізбей- ақ қойдың- ау сегіз ғасыр” дей ме арыс, Кезін аңсап қаршадай, әлі күнге шаршамай, Ұлы көшті жетектеп келеді әне, Бейбарыс.
Мәні осы тірліктің, сәні осы тірліктің, Жаны осы тірліктің, қаны осы тірліктің, Отанына оралған, бүгінгі әр оралман, Сенің дағы жанкешті қадамыңа гүл бітсін, Шайқалмасын ешқашан, Шаңырағы бірліктің!” деген өлең жолдарымен аяқтайын.
Бодаухан Тоқанұлы, журналист
жеке архивінен
qazaquni.kz