Білім және ғылым министрінің назарына!
2016 ж. 04 наурыз
3273
10
ҚР Білім және ғылым министрі
Сағадиев Ерлан Кенжеғалиұлына:
Қазақ елі таяу жылдары үш тілде білім беруге жаппай көшуді жоспарлап отыр. Осыған орай бірнеше заңды сауал туындайды:
- Алдағы уақытты барлық мектепте дүниежүзі тарихы тек орыс тілінде, ал жаратылыстық пәндер(химия, биология, информатика, физика) ағылшын тілінде ғана оқытылмақ. Қазақ елінде тұрып тым болмаса мектептегі барық пәндерді қазақ тілінде оқып бітіру мүмкіндігі неліктен сақталмайды? Бұл Ата заңға қайшы емес пе? (Ата заңымыздың 19-бабында: «әркімнің ана тілі мен төл мәдениетін пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдап алуға құқығы бар», – делінген).
- Үш тілді білім беру жүйесі жүзеге асқанда қазақ тілінің қолданыс аясы керісінше төмендеп кетпей ме? Өйткені, мектептен бастап қазақ тілінде оқыту аясынан дүниежүзі тарихы мен жаратылыстық пәндер алынып тасталмақ. Сонымен қатар жоғары оқу орындарында да аталған пәндер бойынша(техникалық, медициналық сала да бар шығар) оқытылатын мамандықтар ағылшын тілінде оқытылса, сол салалардағы қазақ тілді маман азаяды деген сөз(қазақ тілі пән ретінде оқытылғанымен мамандық ағылшын тілінде оқытылса мамандар да ағылшын тілді болып шығады ғой) Сонда қазақ тілі жаратылыстық ғылымдар саласынан мүлдем ығысып кетпей ме? Демек, қазақ тілі гуманитарлық сала мен ауыз екі тіл немесе тұрмыстық тіл деңгейінде ғана қалмай ма? Бұл Елбасымыздың алға қойған мақсатын орындауға қайшы емес пе? (Елбасымыз 2012-жылғы халыққа жолдауында: «қазақ тілі 2025-жылға қарай өмірдің барлық саласында үстемдік етіп, кез келген ортада күнделікті қатынас тіліне айналады. Осылайша, тәуелсіздігіміз бүкіл ұлтты ұйыстыратын ең басты құндылығымыз – туған тіліміздің мерейін үстем ете түседі. Тілге деген көзқарас шындап келгенде елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан оған бейжай қарай алмаймыз», – деген еді).
- Алдағы жоспар бойынша елімізде көптеген мамандықтардағы ағылшын тілді мамандар көбейе түспек. Алайда, еліміздегі еңбек ақының төмендігіне байланысты, білім мен ғылым, техника мен медицинаны меңгерген мықты мамандар жоғары жалақы беретін шетелдерге бет бұрып кетпей ма? (бұл үрдіс қазірдің өзінде бар).
- Болашақта қазақ тілді қарапайым халық пен ағылшын тілді маман(олар қазақша білгенімен мамандықты ағылшынша оқыса сол тілде ғана ойын еркін жеткізуге мәжбүр болады ғой) арасында түсінбестік пайда болмай ма?(БАҚ өкілдері де техника саласын ағылшын тілінде бітірген маманнан ағылшынша сұхбат алып қазақша аударып беруге мәжбүр болуы мүмкін ғой) Қысқасы, қазақ тілі – мемлекеттік мәртебеге көтерілудің орнына аударма және тұрмыстық тіл деңгейіне төмендеп кетпей ме?
- Бүгінгі қоғамдағы ең өзекті мәселе – ұлттық тәрбие мәселесі. Тіл мен техниканы жаппай меңгертеміз деп жүргенде ұлттық тәрбие мен отаншылдыққа тәрбиелеу – тағы да қалтарыста қалмай ма? Келешекте бүгінгіден де қатігез ұрпақ көбейіп кетпей ме?
Елбасымыз 2014-жылғы халыққа жолдауында: «Қазақ тілі ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналды. Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз Мәңгілік елімізбен бірге мәңгілік тіл болады», – деген еді. Үш тілде білім беру – осы идеяны қаншалықты қорғап нығайта алады?
Ескерту: ел ертеңіне бейжай қарамайтын азамат ретінде жоғардағы сауалдардың денін жазбаша түрде министрдің атына жолдадым. Заңда көрсетілген құқықтарымды пайдалан отырып жазған хатыма заң бойынша белгіленген мерзімде жауап алам деп ойлаймын. Жауап қолға тиісімен БАҚ-та жарияланады.
Құрметті оқырман: сіз осы мәселелерге қалай қарайсыз?
Жарқын Сәленұлы, журналист
Дерек көзі: kazbilim.kz