Ақышев неге алаңдаулы?
2016 ж. 03 наурыз
2495
1
ҚР Ұлттық банкінің басшысы Данияр Ақышев қазақстандықтарға жинап жатқан қаражатын 50 де 50 ұстанымы бойынша жинауға кеңес берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Біз алдағы уақытта ұлттық валютадағы депозиттердің үлесінің көтерілетінін күтеміз. (...) Теңгенің айырбас бағамы әлсіз болса да, нығайса да, Ұлттық банк азаматтарға өз жинақтарын 50 де 50 ұстанымы бойынша жинауға кеңес береді. 50 пайызын ұлттық валютада, 50 пайызын шетел валютасында", - деді Ақышев Сенаттың отырысында.
Ал үзіліс кезінде ол нарық экономикасының жағдайында осындай кеңестің айтылып отырғанын қоса айтты. "Қазір қандай динамиканың бар екенін көріп отырсыздар, теңге әлсіз болуы да мүмкін, нығаюы да мүмкін. Ақшаны екі валютада жинаудың дұрыс нұсқа деп есептейміз. Бұл қалыпты стратегия, бұл арқылы жинақты барынша тиімді сақтауға болады", - деді Ақышев.
"Ақпанның соңында салық төлемі кезінде Ұлттық банк нарықта шетел валютасына сұраныстың көп болуынан валюта сатып алуға мәжбүр болды. 2016 жылы ақпанда Ұлттық банктің валюта сатып алу формасындағы интервенциясы 474 миллион долларға, яғни 2,4 миллиард доллар сауда көлемінің 20 пайызына тең болды. Яғни, Ұлттық банк валюта сатып ала отырып, алтын-валюта қорын толтырып алды. Болжам бойынша, 2016 жылдың ақпанында Ұлттық банктің алтын-валюта қоры 2,8 пайызға ұлғайып, 27,7 миллиард долларды құрады", - деді Ақышев.
Ол Ұлттық банктің айырбас бағамының еркін ауытқу саясатын ұстана беретінін жеткізді.
"Бір жағынан бұл алтын-валюта активтерін сақтауға, екінші жағынан отандық тауар өндірушілер арасындағы бәсекелестікті қолдауға көмектеседі. Айырбас бағамының еркін ауытқу шарттары кезінде сыртқы факторлардың, оның ішінде мұнай бағасы мен Ресей рубліне байланысты бағам күнделікті өзгеріп отырады. Сонымен қатар, ішкі факторлар да бұған әсер етеді. Дегенмен бұл саясат ішкі тұрақтылық сақталмаған кезде кенеттен девальвация болудан сақтайды. Яғни біз Ұлттық банктің бағамды бір деңгейде ұстап, жағдай өзгерген кезде кенеттен девальвация жасауға мәжбүр болу тәжірибесінен өтуді доғардық. Ұлттық банк бағамның кенеттен өзгеруінің алдын алу құқығымен валюта нарығына қатыса отырып, еркін айырбас бағамы саясатын ұстануды жалғастыруға ниетті", - деді Ұлттық банктің төрағасы.
Дерек көзі: tengrinews.kz