ӘКІМДЕР БАР ӘРТҮРЛІ...
2016 ж. 01 наурыз
3792
15
Жаратылыс, табиғат заңы адамзатты қашанда таңғалдырумен келген. Жер бетінде қанша адам болса сонша мінез, соншама болмыс бар. Әр адам өз алдына қайталанбас тұлға. Сол сияқты әкімдер де, олар да адам баласы. Олар да бір-бір тұлға. Әрқайсысының өз ерекшеліктері, елді басқарудағы өз тәсілдері бар. Әр әкімнің шығар өз шыңы мен құлдырайтын шыңырауы да жоқ емес...
АСТАНА ӘКІМІ ҮЛЕСКЕРЛЕРДІҢ ҮМІТІН ҮЗДІ
Қала тұрғындары алдында есеп берген елорда әкімі Әділбек Жақсыбеков Астанадағы қоғамдық көліктер мен кептеліс хақында, медициналық көмек көрсету сапасына қатысты және бір жылда қол жеткізген жетістіктерін жатқа тақпақ оқыған оқушыдай небары жарты сағатта тізіп шықты. Бас қалада бас қатырарлық мәселелер жетерлік, оны бір сағат емес бір күнде айтып тауыса алмайсыз. Соның ең бастысы баспанаға, балабақшаға байланысты. Әсіресе үлескерлердің жанайқайы бір толастаған емес. Ордалы жиынға әкімнен көмек күтіп келген үлескерлердің үміті ақталмады. «Алаяқ құрылыс компанияларына алданып қалған салымшылар мәселесін сот арқылы өздері шешсін», - деп шорт кесті Жақсыбеков. Елорда басшысы арзан баға ұсынып, жұрттың бар ақшасын жинап алатын жалған компаниялардан сақ болыңдар деп талай рет ескерткенін еске салды. Ал Астана құрылыс алаңдарында алаяқ құрылыс компанияларының өріп жүргені оны тіпті де алаңдатпайтын секілді. Елордада жүздеген адамның қаржысын жинап алып, жұртты баспанасыз далада қалдырған 19 компания бар екен. Сонда тұрғындарды тақырға отырғызғандарды кім тоқтады? Олардың жалғанды жалпағынан басуына не себеп? Қаланың иесі кім? Есесіне Жақсыбеков ұйқыдан ерте оянғысы келмейтін астаналықтардың «маубастығына» қатты қынжылды. Әкімдік қаладағы көлік кептелісін жою үшін мектептегі сабақты ертерек бастамақ болған. Алайда, балаларының денсаулығын ойлаған ата-аналар жаппай қарсы шығыпты. Жиынға келіп, Жақсыбековке сұрақ қоямыз дегендердің де жолы болмады. Әкім көпшіліктің көзінше жауап бермей, жедел баяндамасынан соң біраз адамдарды жеке қабылдап жайына кетті. Желімдей жабысқыш қайдағы бір тұрғындарға алтын уақытын өлтірмей, басқа маңызды жұмыстарына асыққанға ұқсайды. Қала әкімінің қала тұрғындарынан артық қандай жұмысы бар екенін білмедік. Жылына бір рет әкіммен жүздесуге жиналған жұрттың жүрегінде қандай әсер қалғанын өздеріңіз шамалай беріңіздер. Қазір барлық деңгейдегі әкімдер халық алдында есеп беріп жатыр. Бұл билік пен бұқараның бетпе-бет жолығып, көзбе-көз сөйлесуіне жылына бір-ақ рет берілетін жалғыз мүмкіндік. Оның өзі жауға шапқандай шұғыл өткеніне жұрттың ренжуі түсінікті. Астанадағы аталмыш жиналыс Қазақстан тарихына әкім атаулының ең қысқа есебі болып енетіні анық. Бұдан шұғыл өткен шараны жақын арада іздеп таппайтын шығармыз.АЛМАТЫ АУАСЫ ТАЗАРА МА?
Әкімнің есеп беруі алып қаламыз Алматыда да өтті. Айтарлығы, Астанағыдай асығыс емес, тұрғындар мен шаһар басшысы арасында біраз әңгіме өрбіді. Жиналысқа қатысушылардың көптеген сұрақтарына Бауыржан Байбек нақты жауап беруге тырысып бақты. Мегаполисте қордаланған мәселелерді көтерген тұрғындар әкімді тығырыққа тіремек болғанмен жас басшы жолын тауып, әрбір сұраққа тыңғылықты жауап берді. Бүкіл еліміздегідей баспана мен балабақша мәселесі бұл жерде де көтерілді. Балабақша кезегін жаңадан салынатын ғимараттармен бірге кезінде салынып, иесіне де елге де пайда әкелмей қаңырап бос тұрған коттедждер арқылы шешу керектігін алға тартты әкім. Алматыдағы ескі тарихи ғимараттарды сақтап қалу, қоғамдық көлік, жұмыспен қамту, зейнеткерлер мен мүгедектер мәселесі де сөз болды. Әсіресе экология тақырыбы тереңірек қозғалды. Тұрғындар табиғаты тамылжыған туған қаласындағы бүгінгі экологиялық ахуалға алаңдайтындарын баса айтты. Қала құрылысы табиғатты талқандап жатқаны жандарына бататындықтарын білдірді. Бұл ретте де Бауыржан Байбек мүдірмеді, тіпті тапқырлығымен тұрғындардың өзін таңғалдырды. Қала ауасын көлік түтіні бұзатыны белгілі, сондықтан қоғамдық автобустарды түгелдей газ отынына көшіретінін айтып, жекеменшік көліктерді пайдалануды азайтуға кеңес берді. Ол үшін керек болса денсаулыққа пайдасы мол велосипед мінуді ұсынды. Ұсынып қана қоймай өзінің де осы қарапайым көлікке отыру ойы бар екенін жұрт алдында жайып салды. «Әкімдіктің 86 қызметкері жақында велосипедке отырады» деді нақты санды келтіріп, әрине оның ішінде өзі де бар. Әкімнің бұл сөзі нанымды шыққаны соншалық, жұрт қолпаштау да көрсетіп жіберді. Велосипед дегеннен шығады, кезінде Беларус басшысы Александр Лукашенко да жұмысына осы велосипедпен келіп-кетіп жүріп-ақ бірден президент болып кеткен-ді. Қатардағы адамдарға басшының қарапайым болғаны ұнайтыны белгілі. Сондықтан Алматының әкімі велосипедке отырса ұтылмайды, керісінше ұтады. Бәлкім, Лукашенко секілді президентікке де қымбат көлік мінгендерден бұрын жетіп қалар. Кептелісі жоқ жерлермен жүретін көлік иесі саяси тосқауылдарға да тап болмайды. Өйткені халыққа жақын әкімді Құдай да қолдайды ғой...Зейнолла АБАЖАНОВ
"Қазақ үні" газеті