ДАИШ тұзағы немесе соқыр сенімнің салдары
2016 ж. 26 ақпан
4061
0
Ертеде аталарымыз имандылық туралы әңгіме айтқанда:«Жақсылыққа адамның жаны жақын тұрады», «Жақсылыққа адам сүйсіне қарайды» деуші еді. Өйткені, ислам – мейірімділік және бейбітшілік діні. «Ислам» сөзінің өзі амандық, бейбіт өмір деген мағыналарды білдіреді. Ал, енді осы дінді ұстанатын мұсылман – момын адам. Мұсылман ең алдымен рухани таза адам, ол ешкімге жаманшылық ойламайды, біреудің ала жібін аттамайды, мұқтажға жәрдем береді, жаны жақсылыққа жақын, парыздарын да бұлжытпай орындайды. Сондықтан да хадис шәрифте: «Мұсылман тілімен де, қолымен де қауіпсіз адам» деп келеді. Міне, дәстүрлі ислам сомдаған мұсылманның бейнесі осы. Бүгінде қой терісін жамылған қасқыр сияқты көптеген террористік ұйымдар да ислам атын жамылып, әлем жұртшылығын әбден әуре сарсаңға салды. ДАИШ осындай террористік ұйымдардың бірі. Киімдері қара, жүздері суық, шаштары өскен, сақалы қараусыз кеткен ДАИШ-тың содырларын пайғамбар сомдап кеткен мұсылманның бейнесімен салыстыра алмайсыз. Қалайша адамзатты мейіріммен жаратқан Алланың дінін жамылып, жазықсыз адамдарды, бейкүнә балаларды, нәзік әйелдерді, әлсіз қарияларды жайдан-жай өлтіруге болады? Алланың дінін ұстанған адам жан-жағына қорқыныш пен үрейді емес, қуаныш пен шаттық сыйлауы керек емес пе? Суһайб әр-Румидің риуаяты бойынша имам Мүслим жеткізген хадисте пайғамбар (с.ғ.с.): «Мүминның ісі ғажап! Расында оның барлық ісі жақсылық. Бұл нәрсе тек мүмінге тән, басқа ешкімге нәсіп болмаған», – деп айтқан. Ал, енді ДАИШ содырларының істеп отырғаны мүлдем басқа. Зорлық пен зомбылық, қантөгіс. Жер бетінде мейірім мен бейбітшілік символына айналған ана мен баланы аяусыз өлтіруде. Бүгінде содырлардың Ирак пен Сирия жеріндегі бейкүнә балаларды ұрлап, қару пайдалануды үйрететін арнайы лагерлерге жіберіп, тоғыз жасқа толған соң оларды соғыс шептеріне жіберетіні белгілі. Бұған қоса, бұл ұйым оларды жарақат алған әскерлері үшін жан-жақты донор ретінде де пайдаланады. Мәселен, ДАИШ 2015 жылдың қаңтар айында Ирактың Мосул қаласында теледидардан футбол көргендері үшін 13 баланы өлтірді. Алаңға халықты жинап, футбол көрудің харам екенін айтып, кейін бейшара жасөспірімдерді ешқандай аяусыз пулеметпен қырып салған. Ал ата-аналар балаларының өлі денелерін алып та кете алмаған. Өйткені содырлар «Сендер дұрыс тәрбие бермегенсіңдер» деп оларға да кінә тағып, айыптаулары мүмкін еді. АҚШ-тың Джорджия университеті жүргізген зерттеу қорытындысына сүйенетін болсақ, онда мамандар бірнеше жыл қатарынан террористік ұйымның үгіт-насихаты мен өзге де материалдарына, сонымен қатар, лаңкестікке тартылған жас балалардың белсенділігіне сараптау-талдау жұмыстарын жүргізген. Зерттеу қорытындысында сарапшылар қарулы қақтығыстарда 8-18 жас аралығындағы 89 бала қаза болғанын мәлім етті. Жасөспірімдердің көпшілігі негізінен Ирак пен Сирия елдерінен. Олардың басым бөлігі бомба орнатылған көлікпен жанкештілікке барған. Қазір ДАИШ қатарындағы балалардың 60 %-і – 12-16 жастағылар. ДАИШ террористік ұйымындағы балалар мен жасөспірімдер саны 2014 жылғы дерекпен салыстырғанда үш есеге көбейген екен. Шынайы исламда ойын баласын өлтіру немесе соғыс мақсатында пайдалану, азаптау былай тұрсын, оны алдауға да болмайды. Бұған ислам қатты қарайды. Баланың өзі де, жаны да қымбат. Ертедегі дін ғалымдары мен тақуалары баладан бата сұрайтын болған. Оның дұғасын Алла тез қабыл алады деп өзі үшін дұға жасауын өтініш қылған. Өйткені бала – бейкүнә. Бұған қоса Алла тағала балаларды осы дүниенің гүлі мен сәні етіп жаратқан: «Мал мен балалар дүние тіршілігінің сәні...» (Кәһф: 46). Иә, асыл дініміз баламен бірге әйел баласын өмір бойы құрметтеп өтуге бұйырады. Ол бізге ана, әпке, жеңге, қарындас не қызымыз болсын оны өмір соңына дейін құрметтеу – мұсылмандық міндетіміз. Құранда арнайы «Ниса», яғни «Әйелдер» деп аталатын сүре бар. Осының өзі мұсылман қоғамындағы әйелдің орны мен маңызын білдіреді. Пайғамбар да (с.ғ.с.) өзінің мәшһүр хадисінде: «Жәннат ананың аяғының астында», – деп айтқан. Алайда мұндай аят пен хадистер ДАИШ содырларына мүлдем қатысы жоқ деп ойлайсың. Олар мұндай тыйымдарды ұстанбайды, елемейді де. Өйткені ДАИШ үшін әйелдерді өлтіру, ұрлау, күңдікке сату, көңіл көтеру, зорлықпен содырларға үйлендіру және т.б. қылмыс түрлері үйреншікті нәрсе. Мәселен, 2014 жылы ДАИШ мүшелері күрд халқының қыздары мен әйелдерін тұтқынға алып, Таяу Шығыста әйелдерді жыныстық күңдікке сатумен айналысатын саудагерлерге сатып жібергені мәлім. Ал тұтқынға тұскен басқа әйелдер ДАИШ мүшелеріне тоқалдыққа немесе жыныстық күң қызметшісі ретінде қызмет көрсетуге мәжбүр. Олардың мұндай қорлығы мен зорлығына шыдай алмай өмірмен қош айтысып жатқан қыз-келіншектер де бар. Олардың нақты саны белгісіз. Анығы сол, ДАИШ басшыларының бірі Әбу Анас әл-Либи 150-ге жуық қыз-келіншекті өлтіруге бұйрық берген. Олардың арасында аяғы ауырлары мен балиғат жасына жетпегендері де болған. Олардың бар кінәсі содырлармен жыныстық қатынасқа түсуден бас тартқан. Мұны Ирактың Адам құқығын қорғау министрлігі хабарлаған. Бейбіт өмірді былай қойғанда, тіпті, ұрыс заманында да ислам соғысқа қатысы жоқ бала-шағаны, кемпір мен шалды, әйелдер мен өзге дін қызметкерлерін қинауға, атуға тыйым салған. Біз мұны пайғамбар дәуіріндегі жорықтардан да көреміз. Мұсылмандар Мекке шаһарына кіргенде пайғамбар осылай әмір еткен. Ол кезде Меккені билеп тұрған мүшріктер болатын. Сонда мұсылмандар: «өз ауласына кіргендерге, үйінде отырғандарға, есігін жауып алғандарға, Қағбаның қасындағыларға, балалар мен әйелдерге, қарияларға, қарсылық қылмаған ешбір жанға қылыш көтеруге болмайды, ағашты шабуға, жануарды өлтіруге тыйым салынады» деген бұйрық алады. Ал енді мұсылман халифасы Әбу Бәкір Сыддық әскер қолбасшысы Усама ибн Зайдке мынадай өсиет айтқан: «Саған он нәрсені өсиет қыламын: әйел адамды, сәбиді, жасы келген қарияны өлтіруден сақ бол! Жеміс ағашын кеспе, көтерілген ғимаратты құлатпа, азық мақсаты болмаса қой, түйені сойма, пальма ағашын өртеп, суға ағызба. Шектен тыс қатыгез болмаңдар. Өздерін құлшылыққа бағыштаған қауымдарды көрсеңдер, оларға тимеңдер». Құран мен сүннет осыны бұйырады. Исламдағы бұл талап тек мұсылмандар үшін емес, сол мұсылман мемлекетінде жасап жатқан барлық адамдарға қатысты: «Қиямет күнінде адамдар арасында алынатын есептің біріншісі – адам өлтіру» (Мүслим). Осыдан мынадай заңды сұрақ туады: «Құранға да, Сүннетке де амал қылмай отырған ДАИШ содырлары – кімдер? Олар жоғарыда айтылған ислам қағидаттарына теріс амал жасайды. Өздерінен басқалардың барлығын кәпір санап, жазықсыз адамдарды қырып, әлемдік маңызы бар мәдени мұраларды (Жүніс, Шит пайғамбарлардың кесенелері, Аммар ибн Ясирдың қабірі, тарихи мешіттер, Дар әш-Шаррукин қаласы, Намруд қақпасының «сақшылары», көне Палмира және т.б.) қиратып, оларды жермен жексен етуі – олардың адамзатқа қарсы дұшпан екенін дәлелдейді. Ислам атын жамылып, ақ көңілді жастарды алдап, арбап оларды бейбіт халыққа қарсы қойып жүрген ДАИШ зұлмат емей немене? ДАИШ-тың идеологиясы тұнып тұрған бүлік. Кішіні үлкенге, баланы әкесіне, қызды анасына, жастарды бір-біріне «мұсылман-кәпір» деп қарсы қояды. Ислам жазықсыз адамның өміріне қауіп төндіруге, жеке мүлкіне қол салуға, ар-намысын таптауға рұқсат бермейді: «Бүлік шығару – кісі өлтіруден де ауыр күнә» (Бақара: 217). Сондықтан, Сирияға барып, ДАИШ-тың қатарында жиһад қыламын, шаһид боламын деуге ешбір негіз жоқ. Ол жақтағы терроризмді Алланың жолындағы соғыспен шатастыруға болмайды. ИШИМ – исламнан емес. Бұған қатысты ислам әлеміне танымал түрлі ғұламалар шураларының (Бүкіләлемдік мұсылман ғұламалар ұйымы, Ирак мұсылман ғұламаларының қауымдастығы, Сирия ислам кеңесі, Мысырдың бас мүфтиі Абдул Карим аш-Шауқи, Уақф министрі Мұхаммед Мұхтар Жұма, Мысыр пәтуа шығару басқармасы және т.б.) пәтуалары шықты. Жазықсыз халықты қырып, кейін «Аллаһу акбар» дегеннен ешкім жәннатқа кіре салмайды. Ешкім де мұндай лаңға бой алдырып, өзіне де, исламға да абырой әкелмейді. Керісінше, қанша бейкүнә баланың обалына, ақ жаулықты ананың қарғысына қалмақ! Мұны еліміздің көзі ашық, көкірегі ояу әрбір азаматы білгені дұрыс. Жастарымызды осындай қателіктен сақтап қалуға күш салайық.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ, философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы, qazaquni.kz