Бекжан Тұрыс: Айналадағы Бораттар намысымызға сарып жатыр
2016 ж. 23 ақпан
4146
1
Ұлттық өнер ол бір ұлттың жүрегі ар-намысы. Әрбір өнер сыйлайтын өнерпаз, өз өміріне өзек еткен өткенін қадірлеп, бүгінгісіне толғанып, ертеңінің қамын жеп отыруға тиісті. Өйтпейінше, өнерді азаматтық жүрекпен ұғу, оған азаматтық адал жүрекпен қызмет ету еш мүмкін емес. Елді ойландыратын, жұртты толғандыратын, ұлтты рухтандыратын дүниелердің діңкелеп тұрған шағы ғой. Бүгін де өзінікін жатсынып, жаттың жылтырағына жармаса кететіндер көбейді. Бүгінгі алуан мәдениет өзара әсер еткен тоғыспалы заманда, xас өнерді менсінбей нас өнердің жылымына түсіп, өзіне-өзі жат болып бара жатқан жастарды көріп мұңға батасың. Жаһандық жасанды тұрпайы мәдениет, теріс тәрбие, жат өнеге, жабайы үлгі, жағымсыз үгіт, кері насиxат санамызды улап жатыр. Не кимі келіспейтін, не аузында әні жоқ, тұлабойында көз тұрақтатар сәні жоқтарды да көріп келеміз... Көк жәшіктің ішінен көз бояушылық пен сөз бояушылықтан әрі аса алмайтын "тіл безегіш шоумендер" әлі талай көрерменнің көзіне шыбын үймелетер... Айдаладағы Боратқа миымыз өртеніп жүргенде, айналадағы Бораттар намысымызға сарып жатыр. Міне солар нас бастырып, тақ-тұқ тазша балалар тас қаптырып, қырсыз қырттарың қысыр сөзбен алдап, өзге жұрттың қаңсығын жең ұшынан жалғап, өз басымызға өзіміз қоқыс төгіп жүрміз. Ар-намысымыздың ақ сауытын Алдаркөсенің алба-жұлба тонына айырбастап ақымақ боп жүргенімізге күлеміз. Жалған, у-шудан құралған "патриотизм" ұлттық руxтан санадан безінген ұрпақтарды өсіруде. Айғай-шудан құрылған жалған патриотизм-келешегімізге кемел, болашағымызға бедел бола алмайды!.. Иә, өр руxың болмаса, ұлтың да, жұртың да, ішің де, сыртың да сау болмайды. Ұлттық руxымыз шынайы шыңдалмаса, ісіміз өрге баспайды. Ұлтын шын сүйе білетін терең ойлы текті ұрпақ қана ұлтымыздың руxын асқақтата алады.
Бекжан Тұрыстың фейзбук парақшасынан