Бақытбек Смағұл: "Казинодағы шу шығарған, мас адам мен емеспін!"
2016 ж. 22 ақпан
5420
5
"Мен Баян Есентаеваны да, күйеуін де танымаймын"
NUR.KZ редакциясына хабарласқан экс-депутат, ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұл шулы видеодағы кейіпкердің өзі еместігін кесіп айтты.
Айта кетсек, Бақытбек Смағұл осы жолы да Мәжіліс депутаты сайлауына «Нұр Отан» партиясы атынан түсіп жатыр. "Мен партияның жұмыстарымен Қызылордада, Шиеліде жүр едім. Жігіттер маған көрсетті. Ол видеоға түк қатысым жоқ. Біріншіден - мен өмірімде арақ ішіп, темекі тартпаймын. Екіншіден, ана бұзақы - «карлик», менің бойым - 1 метр 80 см. Үшіншіден, казиноға баратындай мен бай емеспін. Бұл мына сайлауалды біреулердің маған жасап жүрген құйтырқы әрекеті болар. Бұны мен жай қалдырмаймын. Мен немесе менің атымнан «Нұр Отан» партиясы «бейнежазбадағы Бақытбек Смағұл» деп таратқандарды сотқа береміз. Сондай-ақ, мен төбелесер болсам, ана жердегі 1-2 күзетші менің «ударымнан» (соққымнан) өліп кетер еді. Сол себепті, казинодағы шу шығарған, мас адам мен емеспін. Мен Баян Есентаеваны да күйеуін де танымаймын", - деді депутаттыққа үміткер Бақытбек Смағұл. Естеріңізге сала кетсек, кеше әлеуметтік желіде «мемлекеттік қызметкер Баха Есентаев казинодан 40 мың доллар ұтылып, шу шығарды» делінген видео тарап кеткен болатын. Бейнежазбаны тамашалағандардың жартысы видеодағы азаматты танымал продюссер Баян Есентаеваның күйеуі Бақытбек Есентаев десе, енді бірі -«Нұр Отан» партиясы атынан сайлауға түсетін, ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұл деген еді. Әлеуметтік желілерде "болашақ депутаттың шошытарлық әрекеті" деп те жұртшылық шулап жатыр. Дереккөз: Nur.kz