Б.Сағынтаев: Қытай бізден барлығын сатып алмақшы
2016 ж. 19 ақпан
5325
7
Қазақстанның азық-түлік нарығы Қытайға бағытталуы тиіс. Бұл туралы бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің алқа мәжілісінде ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев мәлім етті.
Вице-премьердің сөзі бойынша, көптеген келіссөздерден кейін Қытай қазақстандық азық-түліктерге өзінің нарығын ашып отыр.
«Бұл үлкен жеңіс. Бізге басқа жаққа қарап қажеті жоқ, Қытай біздің шығарғандарымыздың барлығын «жұта» береді. Біз олардың стандарттарымен жұмыс істеуге дайын екенімізді айттық, олар бізге өз стандарттарын берді», - деді Б.Сағынтаев.
Оның сөзіне қарағанда, Қытай қазіргі уақытта қазақстандық өнімдерге қарай бет бұра бастады. Алайда, Б.Сағынтаев, бұған біздің мемлекеттік органдардың тым салғырттығы кедергі келтіруі ықтимал екендігін де жасырмады.
«Бізде тек бір түйткіл ғана бар. Ол - біздің мемлекеттік органдардың үйлесімсіз жұмысы. Біз осы туралы айтқанда, техникалық реттеу комитеті бұл істі ауыл шаруашылық министрлігіне ысырды, министрлік болса, комитеттің жұмысы деп ат тонын ала қашты. Әрбір мемлекеттік орган өз міндеттемелерінен қашуда. Нәтижесінде - «баяғы жартас, сол жартас». Жұмыс орнынан қозғалған жоқ», - деп атапа өтті вице-премьер.
- Олар өздерінің бизнестерін, халқын Қазақстанға қарай бұра бастады. Бізге осыны тек пайдаланып қалу керек. Қолдау көрсетуден тайынбау қажет. Олар бізден барлығын сатып аламыз деп отыр: астық, бал, ет, сүт өнімдері, өсімдік майлары мен тоң май. Жай ғана сатып алып қана қоймай, Қазақстанға инвестициялар құямыз деп уәде етті. Бірлескен кәсіпорындар құрмақшы. Жұмыс орындарын ашып, салық төлеуге дайын. Ал өнімін өздері сатып алып отырады. Бізге енді не қалды? Беттерінен қақпай, қажетті жағдайлар жасау ғана қалды», - деді Б.Сағынтаев.
Дерек көзі: ҚазАқпарат