Елбасы айтқандай, прокуратура мемлекеттік тілдің құқықтарының күнде бұзылып жатқандығын неге тексермейді?!
2016 ж. 18 ақпан
2602
1
Біз мынаны ұмытпауымыз керек. Кеңес империясы идеологиясымен уланған адам ешқашан достықпен қимыл жасамайды, ол тек жұдырығына сүйеніп, күшті ғана түсінеді. Ресейдің марқұм президенті Борис Ельциннен: «Сіз демократсыз ба?» деп сұрағанда, ол мүдірместен: «Мен совет адамымын. Ал, совет адамы ешқашан демократ бола алмайды!» деп жауап беріпті. Нағыз шындық сөз!
Ұлтын сүйетін ұлтшыл, яғни мемлекетшіл қазақ Қытайға да пайдалы емес. Ал, демократияны жалаулатқан әрі қалқан еткен күллі батыс үшін нағыз қазақ - нағыз жау. Тілі мен ділі бүлінген қазақ керек батысқа да, басқаға да. Ал, тілі мен ділі бүлінген лас қазақ - нағыз қазақ емес, ұлтшыл да болмайды. Мұндай мәңгүрт бүгін Қазақстанда күн көрсе, ертең, айталық, Камерунда тойып жүре береді...
Қазақы болмысы мен тегін жоғалтқан қазақтың қазаққа еш пайдасы жоқ, тек орасан зиян ғана шегеміз. Құлдық сананың сырқатының сыры осында...
Екі күн бұрын Алматы қаласын дамыту мен 2017 жылғы Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың дайындығы жөніндегі жиналыс кезінде Елбасы Н.Назарбаев барлық облыс бойынша “Қазақстан Республикасындағы тiл туралы” Заңының сақталуын тексеруді тапсырды. Артынша GU-GU.kz порталында Ержан Жаубай: «Елбасының осы сөзі үшін қуануы керек еді» дей келіп, мұның өзі, яғни «көптеген БАҚтың президенттің сөзінің негізіне бойламай, аттандап жатқаны... - ел мен Елбасының арасына іріткі салудан басқа түк те емес». Әрі қарай автор былай дейді: «...Президенттің: «Егер адам орыс тілінде сұраса, жауап та орыс тілінде болуы керек» - деген сөзін: «Егер адам қазақ тілінде сұраса, жауап та қазақ тілінде болуы керек» - деп ұғуға тура келеді. Өйткені, Тіл туралы заң бойынша, егер адам қай тілде сұрақ қойса, сол тілде жауап берілу керек. Мемлекет басшысы айтқандай: «Егер ол орыс тілінде сөйлесе, ол жауапты орыс тілінде алуы керек». Ендеше, “Егер ол қазақ тілінде сөйлесе, ол жауапты қазақ тілінде алуы керек. Ал сіз қазақ тілінде сөйлесеңіз, сізге орыс тілінде жауап берсе, онда Президент айтқандай: «Бұлай жасайтындардың барлығын жұмыстан шығару керек!». Ал бұған қазақ тілінің еліміздегі 134 тілдің бірі емес, Конституция бойынша МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ екенін де қосыңыз. «ҚР Тілдер туралы» Заңның «Азаматтардың өтiнiштерiне қайтарылатын жауап» деп аталатын 11-бабында: «Мемлекеттiк және мемлекеттiк емес ұйымдардың азаматтардың өтiнiштерi мен басқа да құжаттарға қайтаратын жауаптары мемлекеттiк тiлде немесе өтiнiш жасалған тiлде берiледi», - деп тайға таңба басқандай жазылған.
Президент сөзін “Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, қолдану аясын кеңейту өз қолдарыңызда. Жоғарыға жолдайтын хаттарыңызды тек қана мемлекеттік тілде жолдаңыздар. Сол кезде басы артық әңгіме болмайды” – деп түсіну санасы бар адамға тайға таңба басқандай анық екенін байқау қиын емес. Біреуді кінәлап, біреудің мінін іздегенше, сөз астарына (!) мән берген абзал болар».
Біздіңше, бұлай ой қорытудың да реті жоқ емес. Бұған қосымша Елбасының «Тіл туралы мәселеде бізде заң бар» дегені өте дұрыс. Сосын: «Бізде Конституцияда жазылған» дегені де жөн. Басшы ретінде: «Прокуратура неге тексермейді?» - дегеніне қос қолымды көтеріп: «Прокуратура Қазақстанда мемлекеттік тілдің құқықтарының күн сайын, қадам сайын өте өрескел бұзылып жатқандығын неге тексермейді?!.» - деген қалың елдің сөзін қосқым келеді.
Мемлекет жетекшісі: «Мен білемін, көп президенттер бір тілде ғана сөйлейді. Путин орыс тілінде, түріктікі түрік тілінде сөйлейді. Ал мен екі тілде сөйлеймін. Бұл маған өте ұнағандықтан емес, мені барлық тұрғындар түсінсе деймін» деді. Тамаша ғой, демек, Қазақстандағы мемлекеттік биліктегі әрбір қызметкер ұлтына, ұлысына қарамастан, «Бізде Конституцияда жазылған» тәртіппен және «Тіл туралы бізде заң бар» болғандықтан, «барлық тұрғындар түсінсе» деген ниетпен, мемлекеттік тілде сөйлеуі керек. Олай етпесе: «Бұлай жасайтындардың барлығын жұмыстан шығару керек».
Бір қарағанда, бәрі дұрыс, бірақ, менің уайымым: біздің биліктегі ана тілін түсінбейтін менің қаракөз бауырларым мен басқа ұлт өкілдері-жерлестерім жұмыстан шығып қалса, шиттей бала-шағаларын кім асырайды?!. Ал, бала-шағаларын ойлаған адам олардың болашағын- Мемлекетін, Мемлекеттік тілін де ойлауы керек!
Қажымұқан ҒАБДОЛЛА
qazaquni.kz