ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ сауалға ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ жауап бермегендер де жұмыстан шығарылады
2016 ж. 17 ақпан
10121
40
Президенттің Баспасөз хатшысының түсіндірмесі елеңдеген елдің көңілін демдеді
“Бұл ЕРЕЖЕ билік өкілдерінің ҚАЗАҚША сөйлейтін азаматтарға ЖАУАП БЕРЕ АЛМАЙТЫН ЖАҒДАЙЛАРЫНА ДА ҚАТЫСТЫ”
Мемлекеттік тілдің дамуы - мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі және оған қандай да бір шек қою Қазақстанның ұлттық мүддесіне қайшы
Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы Дәурен Абаев Facebook желісіндегі Ақорданың арнайы парақшасында президенттің тіл туралы айтқан сөзіне қатысты өз пікірін білдірді деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"Өз сөзінде Президент шенеуніктердің мемлекеттік қызметтерді көрсете отырып, азаматтардың сұраныс жасаған тілін есепке алуы керек екенін нақты айтты. "Тіл туралы" Заңда "Өтiнiштерге берiлетiн жауаптар Қазақстан Республикасының заңнамасына сiлтеме жасай отырып, мазмұны бойынша негiзделген және дәлелдi, мемлекеттiк тiлде немесе өтiнiш берiлген тiлде болуға, арыз берушiнiң қабылданған шешiмге шағым жасау құқықтарын түсiндiре отырып, оның дәлелiн жоққа шығаратын немесе растайтын нақты деректердi қамтуға тиiс" делінген. Шенеуніктердің заңның бір ғана бөлігін есепке алатын жағдайлары кездеседі. Ел Президенті мемлекеттік қызметкерлерге дәл осы ретивпен айтты. Мысал ретінде ол орыс тілінде келіп түсетін өтінішті келтірді, алайда бұл ереже билік өкілдерінің қазақша сөйлейтін азаматтарға жауап бере алмайтын жағдайларына да қатысты. Сондықтан осы тақырыптың айналасындағы алаңдаушылықтың ешқандай негізі жоқ. Мемлекеттік тілдің дамуы - мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі және оған қандай да бір шек қою Қазақстанның ұлттық мүддесіне қайшы", - деп түсіндірді Дәурен Абаев Ақорданың Facebook желісіндегі парақшасында Tengrinews.kz тілшісінің сауалына жауабында. Айта кетейік, сұрақ былай қойылған болатын: "Мемлекет басшысының кешегі "Тіл туралы" Заңды сақтау жөніндегі мәлімдемесі әлеуметтік желілерде көп талқыланды. Президенттің бір тілде өтініш жолдаған адамдардың мемлекеттік органдардан сол тілде жауап алуы туралы сөзін кейбір азаматтар түсінбей қалды. Мемлекет басшысының не айтқысы келгенін түсіндіріп беріңізші?" Кеше Алматы қаласын дамыту және 2017 жылғы 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиадаға дайындық мәселелері жөнінде кеңес кезінде Нұрсұлтан Назарбаев барлық облыс бойынша "Қазақстан Республикасындағы тiл туралы" Заңының сақталуын тексеруді тапсырған болатын. "Адам орыс тілінде сауал жолдап, жауапты қазақ тілінде алып жататын жағдайлар туралы қауесеттер жетіп отыр. Прокуратура неге тексермейді? Егер адам орыс тілінде сұраса, жауап та орыс тілінде болуы керек. Президент Әкімшілігіне барлық облыс бойынша тексеруді тапсырамын. Бұлай жасайтындардың барлығын жұмыстан шығару керек", - деген еді Назарбаев. Яғни, Президенттің баспасөз хатшысы Дәурен Абаевтың сөзінен шығатын қорытындыға қарасақ, кеше алдын ала Qazaquni.kz ұлттық порталы жазғандай, қазақ тіліндегі сауалға қазақ тілінде жауап бермегендер де жұмыстан шығарылады: "Ендеше, “Егер ол қазақ тілінде сөйлесе, ол жауапты қазақ тілінде алуы керек.” Ал сіз қазақ тілінде сөйлесеңіз, сізге орыс тілінде жауап берсе, онда Президент айтқандай: “Бұлай жасайтындардың барлығын жұмыстан шығару керек!” Ал бұған қазақ тілінің еліміздегі 134 тілдің бірі емес, Конституция бойынша МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ екенін де қосыңыз. «ҚР Тілдер туралы»Заңның «Азаматтардың өтiнiштерiне қайтарылатын жауап» деп аталатын 11-бабында: «Мемлекеттiк және мемлекеттiк емес ұйымдардың азаматтардың өтiнiштерi мен басқа да құжаттарға қайтаратын жауаптары мемлекеттiк тiлде немесе өтiнiш жасалған тiлде берiледi», -деп тайға таңба басқандай жазылған". http://www.qazaquni.kz/?p=46858 qazaquni.kz