Көрермені жоқ фильмнің құны көк тиын

Ұятын жоғалтқан ұлт – бақытсыз. Ұлттық құндылықтарын дәріптей алмаған өнер өкілдері – шарасыз. Өзінің болмысын танымаған ұрпақ – талғамсыз. Талғамы қалыптаспаған орта – қауіпті.

picturepicture18526_77353Басты құндылықтарға басымдық бергенде ғана өркенниеттіліктің негізін қалаймыз. Онсыз, ол даму да, қарыштау да емес. Бар болғаны - тұралау. Әлемді өзгерту үшін көп әрекеттің қажеттілігі жоқ. Қажетті ғана қадамдар жасау маңызды. Бұл заңдылықты киногерлер де өз шығармашылығында қолданатын уақыт келді. Адамзат дамудың жаңа сатысына көтерілді. Сапа – нәтижелерімізді қайта сараптауға мәжбүрлейді. Бос қоқысты – уақыт көтермейді. Уақыттың ішкі қарқыны күшейді. Сұрыптаудың талаптары қатаң өтеді. Өнердің табиғаты бос дүниені онсыз да көтермеген. Талант пен талғамның жаңа деңгейлі дәуірі келеді. Уақыт – құнды. Рухани құндылықтардың негізін жаңғырту – тиімді. Уақытты мазмұнды өткізу үшін. Көрермен түсінді. Өрге баспайтын, бастамайтын дүниеге бос телміруден пайда жоқ екенін. Экран өнеріне өмірін арнаған шығармашылық тұлғалар ойлануы керек. Өзінің өмірлік жолында мамандыққа жасаған бағытының дұрыстығы жайында. Бойындағы қасиетінің мүмкіндігі туралы. Бар мен жоқтың бірі ғана –ақиқат. Саннан сапа шығарамыз деп өзімізді көп алдадық. Мүмкіндік жасадық. Ғажайып туындылар әлі де болса бір туар деп. Бос үміт. Ақталмаған. Бос тірлік. Қоқысқа батқан. Біз жыл сайын аз фильм түсіреміз дейміз. Олай емес. Құрығанда соңғы екі жылдың кино анықтамасын алып қарасақ, жеткілікті түсіреміз. Өкініштісі сол, есімізде екі фильмнен артығы сақталмайды. Қазір, екі фильмге телміретін емес, жиырма фильмге рухани сусындайтын уақыт туды. Дүниетанымыңды кеңейту үшін оның маңызы зор. Қазіргі ішкі қажеттілік қарқынды. Сапасы әр санына қарай артып отыруы керек. Адамзат үшін айтар ойың маңызды. Идея масштабты болмаса, әлем әрине мойындамайды. Әлемдік прокатта осыны ескерсек қана жетістікке жетеміз. Халықаралық кинофестивальдер шектеулі кәсіби конкустық мойындаулар. Халықтық емес. Өнердің шынайы бағасын беретін – халық. Әлем халықтары емес, отандық көрермендер атын білмейтін фильмдер бізде өте көп. Демек, шығармашылықтағы биігін бағындыра алмаған авторлар көп. Өзі мен өзгенің өмірлік уақытын ұрлаған. Әр буын өкілдері өз дәуірінің жауапкершілігін көтереді. Сол заманның өмір деңгейінің мазмұнына жауап береді. Құлдыраған құндылықтарының құнын өтейді. Рухани әлемнің мәртебесі рухтың күшімен көтеріледі. Қазіргі дәуірдің буыны оның себебін қаржыға ғана әкеп тірейді. Материалдық пен рухани әлемнің күшін үндестіру үлкен шеберлік. Материалдық жағдайға ғана сүйенген, рухани қауқары жоқ дүниелер экранда өте көп. Жұқпалы індет сияқты. Ұялап алған. Жылы жер тапқан. Арланбайды. Ұяттан безген көріністері үшін. Ұятын жоғалтқан ұлт – бақытсыз. Ұлттық құндылықтарын дәріптей алмаған өнер өкілдері – шарасыз. Өзінің болмысын танымаған ұрпақ – талғамсыз. Талғамы қалыптаспаған орта – қауіпті. Түпкі мақсатында адамзаттың келешегінің үміті жоқ авторлардың ортаңқол дүниелері – талғамды бұзатын қауіпті қару. Олар жауапкершілік сезінбейді. Азғындықты насихаттаудан арланбайды. Ақиқатты аштым деп ақталады. Ақтық сөз жоқ жерде ақиқат жоқ екенін ескермейді. Өте сапалы нәтиже беретін ғана қадамдар жасау маңызды. Шешуші рөлге ие шығармашылық тұлғалар ғана бұл жүкті көтеріп шығады. Ісімен, арымен, шеберлігімен. Солардың мүмкіндігін арттырсақ қана ұтамыз. Олар еркін ойдың қауқарына сүйенеді. Әр туындысы арқылы әлем алдындағы ұлттың беделін түйсінеді. Бөлмейді, қараламайды. Экран өнерінің құдіреті арқылы адами құндылықтардың күшін сезіндіреді. Рухын біріктіреді. Біз кейде келемеждеп күлеміз. Әсіресе, кәсіби мамандар. Үнді елінің кинематографындағы кейіпкерлерінің жас шығарудағы жалғаншылдығына. Меніңше, бұл қате. Түпкі негізіне сүйенсек, үнділердің актерлік мектебі, оның шеберлігі теңдессіз. Әлемдік кинематограф өкілдерінің үнділерден үйренетіні көп. Кеңес дәуірінде үнді фильмдерін насихаттау арқылы үйренді де. Халыққа үлгі ете білді де. Адамшылдық қарым – қатынастың маңызды екенін. Үнділер сюжеттің басты құндылығын рухани-моральдық ұстанымдарға негіздеу арқылы арттырды. Қарапайым ғана жақсылық пен жамандықтың ара- жігін ажыратуды басты кілт ретінде қолданды. Дінді насихаттаудан қорықпады. Құдайдан безбеді. Құдайларына табынатын көріністері арқылы сенімдерін ашық жариялады. Салт– дәстүрімен мақтанды. Көреген ұрпақ екенін көрсетті. Рухтан жоғары мағына ойлап табудың мәні жоқ екенін экран өнері арқылы дәлелдеді. Бізде салт – дәстүрдің бояуы қанық емес. Болмысымызды толық танып болғанымыз жоқ. Ұлы ұлттың ұрпағы бола тұрып, мақтанбаймыз. Ұсақ-түйек оқиғаларды терумен жүрміз. Шын талант ұсақ-түйек терумен айналыспайды. Ол жанып тұрған оқиғаны жаңғыртып, экранға шығарып қайта жан береді. Кілтті сюжетті табатын да, жазатын да драматург мамандар. Олар өздерінің Жаратушыдай экран өнеріндегі кейіпкерлердің тағдырын жазатын құдіретін сезініп жүрген жоқ. Қаламдары -қауқарсыз. Диалогтағы сөздері тым әлсіз. Жүректі қозғайтын күші жоқ. Құрығанда, үнділерше экран алдындағы көрерменін жылата алмайды. Жас – не мойындалудан, не шарасыздықтан шығатын құпиясын ескермейді. Көрермені жоқ фильмнің құны көк тиын. Көп фильм түсіріп, қыруар қаржы жұмсаудың қажеттілігі жоқ. Егер ол халықтың ішкі мәдени деңгейін көтерудің игілігіне жұмыс істей алмаса. Сөреде жатуға жаралған жарамсыз идеялардың авторлары осыны ескеруі қажет. Мемлекеттік қазынаның қаржысы олар үшін қайырымдылық қоры емес. Он фильмнің орнын бір сапалы фильммен толтыратын ұстаныммен әрекет жасағанымыз орынды. Бір мазмұнды фильммен бүкіл әлемнің экранын жаулайтын тәсілге көшуіміз керек. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу арқылы құнымыз бен беделіміз артады. Болмысымызды тереңінен ашу арқылы өзімізге көпшіліктің назарын телмірте аламыз. Ұлттық нақышы жоқ дүние – келбеті келіспеген құрақ сияқты. Салт-дәстүр өз деңгейінде жаңғырғаны дұрыс. Қазақтың өмір сүру философиясы аса терең. Біз ерекше жаратылған халықпыз. Өзіміздің жақсы жақтарымызды экранда жариялауға да толық құқымыз бар. Ортақ мақсат болмаса - бәрі бос. Әр бағытқа тартқан тірлік-баянсыз. Жаратылыстың заңдылығының өзі бір ғана жүйемен жүзеге асады. Тұтас бір ағзаның қызметіндей жолға қойылған жүйе. Әр мүшенің қызметі бір ғана тұтас ағзаның тіршілігін ұстап тұруға бағытталған. Қарапайым ғана заңдылық. Шығармашылық тұлғалардың мүддесі де рухани әлемнің құндылықтарының құнын арттыруға ғана бағытталған. Олардың шығармашылықтағы ойлау жүйесі де бір мақсатқа бағытталмаса, нәтиже аз.

Гүлзат КӨБЕК Киносыншы, Өнертану PhD докторы, Тұран университетінің профессоры

qazaquni.kz