Мемлекет басшысы: Бастықтар жүретін жолды жөндей берудің қажеті жоқ
2016 ж. 16 ақпан
2114
9
Универсиадаға салынған қаржыдан қайтарым болуы керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы бүгін Алматыда өтіп жатқан 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиадаға дайындық пен қаланың дамуы мәселелеріне қатысты кеңес барысында айтты - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мемлекет басшысы Универсиада нысандарының барлығы белгіленген мерзімінде аяқталарына сенім білдірді.
«Бүгін біз Универсиаданың бірегей нысандарын аралап көрдік. Нысандар тек Алматының ғана емес, бүкіл Қазақстанның мақтанышы десек болады», - деді Н.Назарбаев.
Мемлекет басшысы Алматыдағы түрлі салаларды дамытуға 2 трлн теңге бөлінетінін айтты.
«Алматыда да қаржы тиімді игерілуі тиіс. Қазір сол Универсиада ойындарынан қайтарым болуын қарастыру керек. Сайыстың трансляциясы, туристерді күтіп алу - барлығы табыс әкелуі керек. Бұл нысандардың одан кейін де бос тұрмай халық игілігіне қызмет етуін ойластыру жөн. Мемлекет кейін ақша төлеп отырмайтындай. Жаңа мұз айдыны, бассейн, барлық инфрақұрылым адам игілігіне қызмет еткені абзал», - деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Елбасы қала әкімі Бауыржан Байбекке дамуы мешеулеп қалған аудандарды көркейтуге күш салуды тапсырды.
«Онсыз да көркейген аудандарды дамыта бермеңдер. Бар қаржыны орта класстағы адамдардың өмірін жақсартуға жұмсаңдар», - деді Мемлекет басшысы.
Атап айтқанда, халықтың тұрғын үй-коммуналдық жағдайын жақсартуға аса мән беруді тапсырды. «Бастықтар жүретін жолды жөндей берудің қажеті жоқ. Қаланың ортасында бәрі жасалған. Сонда да асфальт төсейсіңдер. Одан да ақшаны дамуы кешеуілдеп қалған аудандарға салу керек. Кварталдарды тазалау, спорттық нысандарды жөндеу, арық жүйесін, субұрқақтарды жаңғырту керек. әр тұрғын өзінің мемлекет қамқорлығында екенін білуі керек», - деді Н.Назарбаев. Мемлекет басшысы сондай-ақ, қаржыны халықты көгілдір отынмен қамтуға, мектеп, аурухана, балабақшалардың ахуалын бақылауға жұмсау керектігін айтты.
qazaquni.kz