Жаңа министрден жүйелі жұмыс қана күтіледі...
2016 ж. 15 ақпан
4748
18
Бүгінге дейін кілең жаңа реформалар енгізуімен көзге түскен сала – Білім және ғылым министрлігі екені көпшілікке мәлім. Бұл ведомствоның қандай да бір жаңашылдықты бастағанымен, олардың аяқсыз қалып жататыны да жасырын емес. Мәселен, 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу, оқушыларға бескүндік сабақ кестесін енгізу сияқты өзекті мәселелер нақты шешімін тапқан жоқ. Бұдан тыс Ұлттық бірыңғай тестілеуге енгізілген өзгерістер тағы бар. ҰБТ қандай өзгеріс енгізілсе де, у-шуы басылмайтын сынақ екендігі айтпаса да түсінікті...
Осыдан біраз уақыт бұрын Мәжіліс қабырғасында экс-министр Аслан Сәрінжіпов жоғары оқу орындарын аттестациялаудан өткізу тоқтатылып, оның орнына енгізілуі тиіс болған тәуелсіз аккредитациялауға дайын еместігін айтқан-ды. Сол үшін заңды қайта өзгерту қажеттігін алға тартты. Сонда Мәжіліс депутаты Азат Перуашев шешімін таппаған мәселеден аттап өтіп кетпек болған министрді сынға алып: «Заңды өзгерткенше, министрді ауыстыру керек» дегені бар. Осы төңіректегі келіспеушіліктің ақыры сотқа дейін жеткені де белгілі. Бұл – білім саласындағы қисынсыздық салдарынан туындаған заң шығарушы және билік арасындағы бірінші іс еді. Осы тұрғыда Азат Перуашев өзі үшін емес, мемлекеттік билік тармағындағы өзіне жүктелген міндетін атқарып, Парламенттің абыройы үшін күрескендігін айта кетуге тиіспіз. Бүгінде сонау орынды айтылған сыннан тиісті нәтиже шыққандығы қуантады. Ақыры Білім және ғылым министрі қызметінен кетті.
Жаңа министр тұрмақ, жаңа ай көрсе де жарылқайды деп үміттенетін қазақ, білім саласының тізгінін білікті басшының ұстағанын қалайтыны сөзсіз. Өйткені, Сәрінжіповтен басы ашық күйінде шешілмей қалған мәселелер шаш-етектен. Мұның барлығы кезінде «Қазақ үні» газетінің бетінде тұрақты түрде жарияланғанын көзіқарақты оқырман жақсы біледі. Бұған дейін ҚР Инвестициялар және даму министрінің орынбасары сынды жауапты қызмет атқарған Ерлан Сағадиев білім саласындағы қордаланған мәселелердің шешімін табуға мұрындық болады деген үмітіміз бар.
Әрине, білім саласы – өте күрделі сала. Ондағы өзекті мәселелердің шешімін табу да – біршама уақытты қажет ететін процесс. Бұл тұрғыда Ерлан Кенжеғалиұлына сәттілік тілей отырып, бұған дейін де қаншама рет қозғалып келген, соған қарамастан ешқашан өзектілігін жоғалтпаған төменде келтірілген мәселелердің оң шешімін табуына ықпал етеді деген ойдамыз.
Біріншіден, оқулықтың айналасындағы олқылықтардың барлығын жоюға күш салынса. Яғни, жаңа оқу жылын мектеп оқушылары «оқулық жетіспейді» деген дау-дамаймен емес, білім алуға деген ізгі ниетпен бастаса; сондай-ақ, мектеп оқулықтарындағы өрескел қателерді түзету ісі қолға алынса. Әйтпесе, редакциямызға осы мәселенің төңірегінде келіп түскен хаттар легі әлі күнге дейін толастар емес. Парламент депутаттарының депутаттық сауалын айтпағанда, оқулықтағы қате үшін 2-сынып оқушысы сол кездегі білім министрі Аслан Сәрінжіповке хат жазып, сол күйі жауап ала алмады.
Екіншіден, білім саласын шырмауықша шырмап алған жемқорлық мәселесінің түйінін тарқату тұрғысында жүйелі жұмыс жүргізілсе;
Әйтпесе қазіргі таңда, екіжасар сәбиді балабақшаға орналастырудың өзінде де бармақбасты, көзқысты әрекеттерге жол беріліп жүргені жасырын емес. Сондай-ақ, оған, жоғары оқу орнындарында студенттердің емтиханнан жібі түзу баға алуы, мектептерде қатардағы мұғалімнің санатына қабылдануы, ғылыми атақтарды иелену сияқты мәселелердің барлығында да жең ұшына жалғасқан жемқорлықтың көрінісі анық байқалады.
Үшіншіден, мемлекеттік білім грантының иегерлерін анықтау барысында қазақтілді және орыстілді талапкерлер арасында теңсіздіктің орын алуына жол берілмеуі керек. Яғни, қайткен күнде де ҰБТ-дағы ұлтымыздың ұпайы түгендегеніміз жөн. Былтырғыдай 125 балл жинаған үздік талапкердің көздері жаутаңдап, далада қалмауын осы бастан қарастыру. Мұндай келеңсіздіктер өз кезегінде мектеп бітіруші түлектердің жоғары білім алуға деген құлшынысына кері ықпал ететіндігін ескеру.
Төртіншіден, мемлекеттік балабақшалардағы баланы кезекке қою тәртібін оңтайландыру. Сонымен қатар, мемлекеттік және жекеменшік балабақшадағы тәрбие қызметінің бағасын қолжетімді деңгейге жеткізу.
Бесіншіден, жалақысы көтерілген ұстаздардың қоғамдағы мәртебесін көтеруге көңіл бөлінсе. Бұрынғы министр ұстаздардың оқушылармен ерегісуіне тыйым салғанына қарамастан, екі тараптың арасындағы кикілжіңнің орын алуы жиі қайталанатын көрініске айналды.
Тізе берсе, бұл салада бұдан өзге де өзекті мәселелер жетерлік. Мұны тек бірлі-жарым партиялар мен тәуелсіз газеттер ғана көтеріп жатқан жоқ. Кезінде ҚР Премьер-министрінің орынбасары қызметін атқарып тұрған тұста Бердібек Сапарбаевтың өзі осы саладағы кейбір түйткілдерді ашып көрсеткен-ді. Мұның бірі – экс-министрдің кабинеттен шықпай жұмыс істеуі екендігін астын қызыл сызықпен сызып көрсеткіміз келіп отыр. Кезінде ескі министрден кеткен осындай олқылықтарды жаңа министр қайталамайды деген ниеттеміз.
Жұрт жаңа министрден жаңа реформа күтпейді. Тек осы салада ұлт пен ұрпақты келелі кеңістіктерге бастайтын жүйелі жұмыс жүргізілсе жетіп жатыр.
Гүлмира САДЫҚ
qazaquni.kz