Ерасылды өлтірді деген күдіктілердің бірінің әкесі мәлімдеме жасады
2016 ж. 15 ақпан
3542
1
Ерасыл Әубәкіровті өлтіру ісі бойынша күдіктілердің бірі Аян Мейірбаевтың әкесі ұлына қатысты түсініктеме берді. Tengrinews.kz редакциясы өскемендік бизнесмен Есен Мейірбаевпен байланысқа түсті.
АЯН МЕЙРБАЕВ. ФОТО: ВКОНТАКТЕ
Оның баласы Аян Мейірбаевқа медициналық жоғарғы оқу орнының студенті Ерасыл Әубәкіровті өлтірді деген айып тағылып отыр. Осы іс бойынша тағы үш адам қамауға алынды.
Есен Мейірбаев порталға берген сұхбатында баласын сипаттап берді.
"(...) Тергеу органдары барлығын анықтап, болып жатқан оқиғаға ақылға қонымды түсінік береді. Аянға келер болсам, ол жақсы бала. Оған қатысты айтылып жатқан сөз маған ауыр тиіп отыр, бірақ ашуға берілмеймін, ешкімді айыптамаймын, ешкімді қорғаштамаймын. Белгілі бір күш құрылымдары бар, олар барлығын анықтайды", - деді ол.
Қазіргі уақытта Аян Мейірбаевтың әкесінен осы іс бойынша куәгер ретінде жауап алыну үстінде. Ол баласынан ертеде Ерасыл Әубәкіров жайлы естімегенін, оның үстіне осы іс бойынша аты аталып отырғандар жайлы да білмегенін айтып берді.
ФОТОДА ЕРАСЫЛ
"Менің балам шағын коммерциялық келісімдерде сатып алу жүйесінде кейбір тапсырмаларды орындаған. Ол компаниямда заң жөніндегі кеңес беруші маман болды", - деп түсіндірді ол.
Ал "Ірі бизнесмен ретінде тергеу барысына әсер етіп, қысым түсіре аласыз ба?" деген сұраққа ол былай деп мәлімдеді:
"Кәсіпкер деген кім? Ол құдай емес, құзыры бар адам емес. Ол қарапайым еңбекқор, таңғы алтыдан түнгі он екіге дейін түрлі нысандарда жұмыс істейді. Егер ол өмірінде жетістікке жетсе, өз ақылымен, еңбегімен жетеді. Ал ол кәсіпкердің баласы болса, міндетті түрде біреу болуы керек пе?".
Сонымен қатар, ол әлеуметтік желілерде таралып жатқан видеолар мен аудиоларға қатысты ойын айтты.
"(...) Мұны да тергеу шешеді. Оқиғаның әрбір сағатын, әрбір минутын, секундын қалпына келтіруге болады. Бұл әділ болады. Сол нысанда не болғанының барлығын анықтайды", - деді ол.
23 жастағы Ерасыл Әубәкіровтің денесі 10 ақпанда жедел-іздестіру жұмыстарының барысында табылды. Қылмыс жасады деген күдікпен төрт адам ұсталды.
Ерасыл Әубәкіров елордадағы жоғары оқу орнының алтыншы курсында оқыды. 3 ақпанда үйінен шығып кетіп, қайта оралмады. Келесі күні достары оның жоғалып кеткенін хабарлады. Әубәкіров интерн-хирург болған. Студенттің достары оның үздік оқығанын, белсенді болып, қатарластарымен жақсы қарым-қатынаста болғанын атап өтті.