ВАЛЕНТИН күнін тойлау – ХАЛЫҚТЫ АЗҒЫНДЫҚҚА ШАҚЫРАДЫ!
2016 ж. 14 ақпан
5126
3
Танымал тұлғалар Валентин күнін тойлауға қарсы
14 ақпан күні әлем елдерінде ғашықтар мерекесі аталып өтіледі. Бұл мейрам Қазақстан жастарының арасында да кеңінен тойланып келеді. Осы орайда, muftyat.kz аталған мерекені тойлауды жөн көрмейтін танымал тұлғалардың пікірін назарға ұсынады.
Сәкен Майғазиев, әнші: - "Әулие Валенитин" деп ат қойып, айдар тағып, өзгенiң қаңсығын таңсық қылу – ойсыздық пен әлжуаздығымыздың белгiсi дер ем. Сосын, "Қозы Көрпеш Баян сұлу" күні деп жүргендерді де қолдамаймын. Біріншіден, бұл күнді тойлайтындай тарихын "бiзге де жұғысты болсын" деп атап өтетiндей мейрам көріп тұрған жоқпын. Олар қосылмаған, бақытсыз ғашықтар. Не үшін тойлауымыз керек? Біз қазақ ежелден анасын құрметтеп, тыныштығын отбасынан тапқан елміз. Тек қана мереке күндерi емес, күн сайын алақанымызға салып, аялап жүруге тиіс нәзік жандарымызды, жарларымызды, ғашықтарымызды неге белгілі бір күндерде ғана елеп-ескеруіміз керек?(жымиып) Қалай айтсақ та,қосылмаған ғашықтардың күнін атап өту дегенге келісе алмаймын. Бауыржан Тұрабаевтың мына бір құйтырқы қалжыңы, әзіл әңгімесі есiме түсiп отыр (күлiп): "Ләйлі мен Мәжнүн, Қыз Жібек пен Төлеген, Қозы Көрпеш пен Баян сұлу сияқты ғашықтарды бәрі әспеттейді, көрер ем солар қосылып, 1 жыл бірге тұрса, не боларын" деген едi. Әзіл әңгіме болғанымен... Біз неге өмірінің соңына дейін бір жастықта қартайып, кейінгіге үлгі боларлықтай отбасы болған жандардың өмірін үлгi етпеймiз? Соңы өліммен аяқталған оқиғаларды алға тарта беру және оны тойлау томпақтау сияқты. Құнанбайды дәретсіз емізбеген Зерені неге үлгі етіп алмасқа? Тағы бір айта кетерлік жайт, "Қозы мен Баян күнi" сияқты бекiтiлмеген бейресми мейрамдармен мерекенiң берекесiн кетiрмеуiмiз керек деп ойлаймын. Ешқандай мемлекет тарапынан қолдау жоқ, белгілі бір топ өкілдері шығарып жүрген мұндай мерекелердi ойлап таба беретiн болсақ бiзде қосылмаған ғашықтар аз емес қой. Мұндай мәселелердiң алдын алу жолы отбасындағы тәрбиеден басталады. "Балаңды тәрбиелеп әуре болма, ол бәрібір өзіңе ұқсайды. Өзіңді тәрбиеле!" деген жақсы сөз бар ғой. Өзі арақ ішетін әке баласына қалай «арақ ішпе» дейді. Менің отбасымда бұл мейрам тойланбайды. Ұлым да бұл күнді мереке ретінде қабылдамайды. Аллаға шүкір, баламды барынша қазақы тәрбиемен өсіруге тырысамын. Сондықтан, отбасындағы тәрбиені дұрыстағанымыз абзал деп ойлаймын. Себебі, "ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің!" Жандарбек БҰЛҒАҚОВ, айтыскер ақын: - Жалпы біз көп нәрсені ақтап алуға бейім халықпыз ғой. Қазір де ұлтымыздың танымына жат рухани тамырымызды балталауға негізделген мейрамдарды ақтап, ұлт санасына сіңдіріп жібергісі келетіндер жоқ емес. Мәселен, «Валентин күніне» байланысты: «Кімнің басында болмайды, жас кезінде махаббат болу керек» деген ұғыммен өмір сүретін жастар тұрмақ, ата-аналар да бар. Өзінің қызына келген жігітті мақтанышпен əңгіме қылып отырған аналарды да өз көзіммен көрдім. Бір бөлмеге кіріп алып, ойыншығын құшақтап жылап отырған қызына: «Не боп қалды тағы да? Жігітіңмен ұрысып қалдың ба? Бір-біріңді ренжіте берсеңдер несіне жүресіңдер?» деген сияқты ақыл айтатын ақымақ ата-аналардың саны артып бара жатқаны жасырын емес. Бұрын әкесі баласына ақыл айтқанда, "сен ат жалын тартып мінетін жасқа келдің" деп айтатын еді, қазір "сен қызға баратын жасқа келдің" деп ұрысатын болды. Ата-ананың аузынан шыққан сөз баланың болашағына елеулі әсерін тигізеді. Бұған заң емес, үйдегі тәрбиенің дұрыстығы ғана шектеу қоя алады. Бірақ, ақыл айтатын әкенің өзі жұмысындағы хатшы қызға шоколад сыйлайды, үйдегі ананың өзі бастығынан 8 наурызға гүл алады. Бастығы бетінен сүйгенге көзі жанып жүрген ата-ана баласына Валентин күнін тойлама деп айта ала ма? Қазір елбасының өзі «балаларды дұрыс жолға тәрбиелейік, медресеге берейік» деген үндеу тастап жатыр, алайда, ата-анасы тура жолда болмаған баланы, біз қалай тыя аламыз? Дәл қазір бізге "Балаңыз 14 ақпанда қайда кетіп бара жатыр?" деген сауалға жедел жауап керек. "Балам қайда барады, неге ол әтір сеуіп жатыр?" деген мәселе қазір оларды қызықтырмайды, өйткені, шешесінің сериалдан, әкесінің газеттен, қала берді ғаламтордан көз алуға мұршасы жоқ. Бұрынғылар балаларын ақшам намазынан кейін далаға шығармайтын еді, ал қазіргілердің бар айтатын ақылы: "Түнгі он екіден кешікпе!". Оның үстіне, шешесі қызына: "Әкең біліп қоймасын, естіртпей кел" деп үйдің кілтін береді. Бұл – екеудің бірігіп әкесін алдауы, ақымақ қылуы. Біріншіден, баланы өтірік айтуға тәрбиелесе, екіншіден суыт жүріске дағдыландырады. Бұл күні дүкендерді, мейрамханаларды жауып тастаймыз десек те, нәтиже шығуы екіталай. Себебі, тәрбие – тал бесіктен. Ата-ананың өзіне біраз насихат жасап, үйдегі атмосфераны өзгерту керек деп санаймын. Келесі бір мәселе, бүгінде мектеп оқушыларының арасында жігіт қаратуда бәсекелестік пайда болған. "Маған былтыр 5 «Валентинка» келген, биыл 10 келді" деп жатады. Жарыстың аты – жігіт қарату. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» дейді емес пе? Мектепте басшылықтан, басқасына үйден тыйым болмаса, ертең әркім ойына келген мейрамды шығарып алып, тойлай беретін болады. Бір танымал адам, бүгін жалаңаштар күні деп, өз шалбарын шешіп, әлеуметтік желіге салса, оқушылар да соны қайталаудан тайынбайтын болған қоғамда жүрміз. Үшіншіден, ақпанның 14-де ғана емес, БАҚ арқылы, 1 ай бұрын, тіпті 1 жыл бұрын аузы дуалы, елге сөзі өтімді кісілер насихат айтқаны дұрыс деп ойлаймын. Оның үстіне соңғы жылдары біз ұлтшылмыз, біз патриотпыз деген ойдың ізімен мереке "Қозы Көрпеш Баян сұлу" күні ретінде өзгертіліп, есімде жоқ, әйтеуір сәуірдің бір күніне апарып тағылды. Бұл жерде «Мен «Москва» деген арақты ішпеймін, «Қазақстан» деген вино ішемін» деген сияқты ғой. «Қосылғыштың орны ауысқанымен, қосындының мәні өзгермейді». Аты ауысқанымен, азғындық мейрамы! Қазір бәрі де ашық-жария. Мен өзімнің некелі жарымды көшеде құшақтауға арланамын, ал оның жанында, танысқандарына әлі 1 ай болмаған, некесі қиылмаған жастардың құшақтасудан арыға барып жатқаны қаншама?! Кез келген әлеуметтік желілерді ашып қарасаңыз, артынан қанша оқырманы, тыңдарманы бар танымал адамдар дастарқан басында әйелін құшақтап отырған, көптеген сурет салады. Ұлттың қаймақтары болып жүрген тұлғалардың өзі сөйтіп жатқаннан кейін, онсызда еліктегіш халықтың ұрпақтары көргенін істемей ме? Сонымен қатар, әншілердің ішінде үйленгенін жасырып жүрген әншілер бар ғой, олар бір иманы тасығандықтан, шариғи нәрседен аттап кетуден қорқып емес, жанкүйерлерім азайып қалады деген арзан оймен жасырып жүргендей. Есті еркек үйленгенін жасырмайды, керісінше, әйелін жасырады. Біз осы нәрсені шатастырып алып жатқан сияқтымыз... Жарылқасын Дәулет, сазгер: Валентин күні – халықты азғындыққа шақыратын мейрам. Оны біреулер «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» деп өзгертіпті. Жапалақты таспен ұрсаң да, тасты жапалақпен ұрсаң да жапалақ өлмей ме? Өзіңіз ойлап көріңізші, Қозы Көрпеш, Баян сұлу деген кімдер? Қозыны Қодар өлтіріп тастаған соң, Баян да өзіне қол жұмсап өлді де, бір молаға кірді. Өзін-өзі өлтіріп, жаназасы шықпай, бір молаға жатқан адамды кімге үлгі қылып отырмыз? Биік үйден құлап өліп жатқан балалар аз ба еді, ағайындар?! Бұл мейрамның атын өзгертіп "ақыл" тапқан "дана" адам жайлы не айтуға болады? Қобыланды батыр жырындағы Құртқаның, Алпамыс батыр жырындағы Гүлбаршынның образы құрып қалғандай, өзіне-өзі қол жұмсаған бейбақтардың есімін дәріптеу өте қорқынышты нәрсе. Біз өскелең ұрпақты суицидке өз қолымызбен итермелеп жатқан жоқпыз ба? Біреу өліп, соның артынан екіншісі өзін өлтірсе, ерлік пе? "Ойбай, осыны алмасам өлем, онсыз өмір жоқ" деп жүрген 18-20-дағы "махаббат періштелерінің" үйленген соң жарты жыл не бір жылдан соң бір-бірін көрместей болып, ажырасып жатқан оқиғалардың куәсі болғанмын. Отбасынын іргесін жастардын бір-біріне деген махаббаты ұстап тұрмайды, Аллаға деген махаббаты берік етеді. Валентин күнін тойлау бізге зиян бермесе пайда бермейді. Мысалы, бұл күн зина жасауға шақырады. Қызың пәктігінен айырылады. Ата-анасын қорлап, абыройына дақ түсіреді. Қызы бар үй арлы қызын жоғалтса, ұлы бар үй сорлы ұлынан айырылуы мүмкін. Өйткені, қорланған қыздың ағасы не әкесі барып ұлды ұрып, жазым етуі мүмкін. Бір емес, екі үйге опат келеді. Мұндай оқиғалар дәл осы күні артатынын ескерсек, қаншама үй қара жамылуы мүмкін. Әкесі де ұлына сөзі өтімді болып, «иманды бол» дей алу үшін, алдымен өзі иманды болуы керек қой. Ал, қазіргі ата-ана өзі бірінші махаббат күнін тойлайды, одан шыққан баланы не деп тыясың? Машинасын сырып алса төбелесе кетуге дайын тұратын әкелердің, қызының арына сызат түссе де қыңқ етiп жатқанын байқамайсың. Әке өзі дүиеқоңыз, ашкөз бола тұрып, баласына ақша деген жаман нәрсе десе илана ма? Бала естігенін емес, көргенін істейді емес пе? Сондықтан, біз аға буын ісімізбен өскелең ұрпаққа үлгі болуымыз керек. Қастерлеп ұстауға тиіс махаббатты Валентинге бір, Қозы Көрпешке бір тықпалап қадірін кетірмей, екеудің арасында жасырын ұстап, аялап, бағалы еткеніміз дұрыс. Айдар Тұрғанбек, әнші: Мен және менің отбасым үшін мұндай мереке жоқ. Біз үшін әр күн мейрам. Мен махаббатымды білдіру үшін белгілі бір күнді күтпеймін. Әркім өз қарамағындағыларға жауапты ғой, мен қарындастарымның да мерекелеуіне жол бермеймін. Валентин күнін не Қозы мен Баян күнін пайдаланып сезіміңді білдіру дегенді қолдамаймын, себебі сезім айтпай-ақ түсінісетін, екі адамның ғана арасындағы нәрсе. Өзгелер түгілі, ол екі адам бір-бірін жақсы көретіндерін көзінен, әрекетінен түсінуі тиіс. Әлеуметтік желілерде маған "Әйеліңіздің суретін неге салмайсыз" деген сұрақтар жиі қойылады, кешіріңіз, ол менің әйелім болса, мен ғана көру керек сұлулығын неге елге жариялауым керек? Жалпы, махаббат мақтаныш емес! Ол неғұрлым жасырын болған сайын құнды деп ойлаймын. Жақсылық та жария болғанда сауабын жоятыны секілді, махаббат та қадірін кетіріп алады деп ойлаймын. Дереккөз: muftyat.kz