Бір гол соқпаған футболшы жылына 334 миллион теңге алған
2016 ж. 05 ақпан
2454
2
"Ақтөбе" футбол клубы легионерлерге қыруар ақша жұмсағаны ешкімге жаңалық болмас. Бірақ облыс әкімінің хатынан кейін Ақтөбе облысының прокуратурасы тексеріс жүргізгенін көпшілік біле бермейді.
Бұл туралы БАҚ өкілдерімен болған кездесуде Ақтөбе облыстық прокуратураның бірінші басқарма басшысы Маратбек Мырзамұратов мәлімдеді деп жазады Керек инфо.
Прокуратураның тексерісі анықтағандай, "Ақтөбе" футбол клубына бөлінген ақшаның басым бөлігі шетелдік ойыншыларға кетіп жатқан. Соңғы бес жылдың ішінде облыстық бюджеттен клубқа 13,4 миллиард теңге бөлінген.
Италияның бір ғана ойыншысы 2014-2015 жылдар аралығында 334 миллион теңге алған. "Бұл ақшаға 160 орынға арналған су жаңа дене шынықтыру кешенін салуға болатын еді", - дейді прокурорлар. Мысалы, Алға қаласындағы сауықтыру кешенінің құрылысына 262 миллион теңге жұмсалған.
Бұдан басқа футболшылардан бөлек, видео-оператор мен физиотерапевтер де өте жақсы жалақы алған. Осылайша, соңғы бес жылдың ішінде олар "ерен еңбегімен" 183 миллион теңге тапқан.
Сонымен қатар прокуратура облыстағы спорт мектептерін де тексерген. Ақтөбенің бір спорт мектебі жалған жұмысшыларға жалақы аударып, 1,5 миллион теңге көлемінде бюджетке залал келтіргені мәлім болды.
Дере көзі: Керекинфо