Көңілдестерін бопсалауды қазақ қыздары да әдетке айналдыра бастады
2016 ж. 05 ақпан
4859
1
Қазақ деген қызы түгіл ер-азаматы ешкімнің ала жібін аттамай, ар мен намысты бәрінен биік қойған дені таза, діңі берік ұлт едік. Бойынан ұяттың лебі есіп, иба мен ізетті қанмен тарап, бабадан мирас болған ұлы құндылықтай қастерлей білуші еді біздің ел. Ел мен жерді қорғайтын буырқанған бұла күш және соған сай адамгершілік пен мейірімділік қазақтың ұлы мен қызына тектен сіңген, табиғаттан дарыған асыл қасиет болатын.
Біз осы асылды жоғалтып алдық. Ел арасын сұмдық пен сұрқиялылықтың неше түрі жайлап барады. Жынды сумен жолдас болып, темекі түтінімен өз өмірін тұншықтырған, есірткіге еркін берген жігіттерді, қанша қыздың етегін түргенімен мақтанып, өзінің серілігін, мықтылығын төсектес болған қызының санымен өлшейтін зинақор еркекті, дін жолына түсемін деп балағын шорт кесіп, алақандай бетін қауғадай қыл-қыбырмен бастырған жігіттерді, «алдына келсе атасының құнын кешетін» кешегі буынның бүгінгі сәл нәрсеге бола долданып, суық қарумен қасындағы жолдасын қаныпезерлікпен жайратып салып, «батырсынып» тұратын есерсоқ ұрпағын, бүлдіршін қыздың тұла бойын тіміскілеп, балғын денеден тоят іздеген азғын ер кіндіктіні емес, қазақтың «маңдайына жел, бетіне күн тигізбей» қадірлеген қаракөз қыздары туралы жазуға мәжбүр болдым.
Қазір қазақтың қыз-келіншектері сорақылықтың түр-түрін шығаруда. Той-томалақта ар-ұятты етекпен бірге түріп тастап, қарт отыр, бала отыр демей тозғын қылықтың неше түрін көрсететін болып алды. Араққа тойып алып, аяқ астында әуейіленіп жататындар да солар. Той иесінің тойды өзгелерден ерекше етіп өткізуге тырысқан бәсекелестігі мен асабаның өзін жарнамалауына қажетті арзан ойын-сауығына шығып, кішкене сый-сияпат үшін жанын салып, абыройын ашатын қыздар аз емес. Көше бойында, қоғамдық орындарда шаштасып, аузынан боқтықтың неше түрі шығып алысып-жұлысып төбелесетіндерге көп куә. Ойнап жүріп от басып, айы-күні жетіп өмірге келген сәбиін өз қолымен өлтіретін немесе қатыгездікпен далаға лақтырып кететін, әжетханаға бейнебір керексіз нәрседей шімірікпей тастай салатындар көбейіп келеді. Бас-аяғы он күннің ішінде республика көлемінде мұндай сорақылықтың үш оқиғасы қатар тіркелді. Алдымен сұмдық оқиғаның хабары Тараз қаласы маңындағы әжетханадан жаңа туылған нәрестенің табылуынан басталды. Құдай өмір берейін деген болар, нәресте тірі екен. Артынша, Жамбыл облысында жолдың бойынан лақтырылған шақалақтың өлі денесі табылса, арада 5-6 күн өтпей жатып Маңғыстау облысы Бейнеу ауданының Сарға ауылы маңынан картон қорапқа салынған сәбидің денесін мал бағып жүрген ауыл тұрғындары тауып алды. Жабулы, жасырын күйінде, лақтырылған қалпында ит-құсқа жем болып табылмай, ашылмай қалғандары жоқ деп ешкім айта алмас. Сорақылықтың, азғындаудың бұдан асқан мысалы бола қоймас…
Бүгінде «Қызға қырық үйден тыйым» салу ерте заманның ертегісі сияқты елес болды. Кеше ғана әлеуметтік желілерді «жарып жіберген» өзінің бұғанасы қатпаған қызалақтарына арақ ішкізіп мәз болған әкенің әрекетін немен, қалай түсіндіре аламыз?! «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетіні» бар, әке қолынан арақ ішіп ауызданған қыздардың болашағынан не күтуге болады? Қыз демекші, бүгінгі қыздардың тағы бір оғаш әрекеті – жыныстық қатынасты, нақтысын айтсақ, көлденең көк аттымен кездесіп, оратыла кеткен ойнасын ақша бопсалаудың жолына айналдыруы болып тұр. Қазір «зорлап кетті, қорлап кетті» деп құқық қорғау орындарына шағымданатын қыздардың көпшілігінің байбаламы пайда көксеген, жігіттен ақша өндіріп алу немесе қандай да бір мұқату, тұқырту, кек қайтару үшін жасалған қитұрқылық болып шығуда. Деректерді сөйлетсек, Ақтау қаласында 23 жастағы қыз өзін 30 жастағы азаматтың зорлағаны туралы тиісті орынға шағымданған. Қыздың айтуынша, 2015 жылы 28 шілдеде жігіт өзін Ақтау қаласының 11 шағын ауданындағы 8б үйіндегі бір пәтерге шақырып, кейін тиісе бастаған, соңында ұрып-соғып, зорлаған. Ал күдікті жігіт болса, төсек қатынасына қыздың өз еркімен барғандығын айтқан. Сондай-ақ, дәл осындай шағым Жаңаөзен қаласының 22 жастағы тұрғынынан түскен, онда ол өзін жаңа танысының көлік ішінде зорлағанын жеткізген. Тергеу барысында полицейлер қыздың өтірік айтып отырғандығына алғашқы минуттарда-ақ көз жеткізген, себебі, мұндай оқиғалармен бірнеше рет ұшырасқан полицейлерге шағымның шикілігін тану қиын болмағанға ұқсайды. Өйткені, соның алдында ғана Ақтау қаласының 25 жастағы тұрғыны өз танысының үстінен зорлады деп шағымданып, алайда, тергеу барысында барлық шындықты айтуға мәжбүр болған екен. Ал шағымдануына таныс жігітінің өзге қызбен көңіл жарастыруы, сол себепті жігіттен кек алу ойы себеп болған. Сондай-ақ, 18 жастағы қыз жігітті өзімен кездескісі келмегені және әлеуметтік желіде байланысқа шықпағаны үшін «зорлады» деп шағымданса, Жаңаөзен қаласынан Ақтау қаласына жеке шаруалармен келген 25 жастағы бойжеткен өзін ғаламтор арқылы танысқан жігіттің көлік ішінде зорлағанын айтып арыз түсіреді. Тергеу нәтижесінде, 31 жастағы азамат ғаламтор арқылы таныса сала кездесіп, бейтаныс еркектің көлігіне отырған қызды жазғырып, ал жыныстық қатынастың ешқандай зорлық жолымен емес, екеуінің келісімі арқылы орын алғандығын айтып берген. Мұндай мысалдарды тек Маңғыстау көлемінде емес, еліміздің барлық өңірінен көптеп келтіруге болады. 2016 жылды қарсы алу кезінде қарағандылық әйел жаңа жыл қарсаңында танысқан жігітпен өз үйінде дастарқандас болып, соңы зорлықпен аяқталғанын жария етті. Жігіт өз кезегінде жыныстық қатынасқа әйелдің қарсылығы болмағанын айтып ақтала сөйлеген. Қарақия ауданының Жетібай ауылынан Ақтаудағы туыстарына келген 27 жастағы келіншек дәмхананың бірінде жігітпен танысады. Кейін жігіттің үйіне барып, бірге ішімдік ішеді. Әйелдің шағымы бойынша, аздап масайған азамат бойжеткенге тиісіп, көнбегесін зорлаған. Ал қамауға алынған 32 жастағы жігіт өз кінәсін мойындамай отыр.
Мәселенің екі жағы бар. Кінәні қыздарға аударып салып, оңай сытылып кетпек болған жігіттердің әрекеті де кездеспей қалмайды. Мысалы, Мұнайлы ауданының 33 жастағы тұрғыны өзін жете танымайтын екі жігіттің саунада ұрып-соғып зорлағанына қатысты құзырлы орындарға шағым түсіреді. Күдікке ілінген 32 және 35 жастағы азаматтар «өзі келісті» деп кінәні әйелге үйіп-төккенмен, шағымданушының денесіндегі көгеріп, жырылған соққы іздері жігіттердің бұлтаруына мүмкіндік бермеген. Сондай-ақ, бұрынғы күйеуім, ескі танысым, көршім, жаңа танысқан жігіт, тіпті, күйеуім зорлады деп шағымданғандардың біразының шағымы «жаптым жала, жақтым күйе» екені дәлелденген. Яғни, «қыздардың өзі келісті» деген уәж жігіттер жағының қулығы болуы да мүмкін. Шағым негізінде, расында, ерлер тарапынан келетін зорлық-зомбылық бар ма, әйтпесе, қыздар жігіттерден кек қайтару, ақша өндіру немесе өзге де жеңіл ойларын желеу еткен бе, оның ақ-қарасын айырып, заң жүзінде шара қолдану құқық қорғау орындарының қызметкерлеріне үлкен жауапкершілік жүктейді.
Жаңа танысқан жігітке еріп көлікке отыру, онымен бірге бөтен пәтерге бару немесе оны пәтерге шақыру, мерекелік дастарқандарда екеуден-екеу оңаша бас қосу, сондай-ақ, беймезгіл уақытта есік қағып, су сұраған ер адамға есік ашу аңғалдық па, жеңілтектік пе? Біреулер мұндай әбес әрекет пен ерсі қылықтардың, анайылық мінездің қалыптасуын, көбеюін жаһанданудың құшағында тұншығумен түсіндіреді. Дұрыс та болар, әйтсе де, әлем елдерінен үйренетін үрдіс те, үркетін тұс та жеткілікті. Жастарға, қазақ қыздарына біз осыны қалай түсіндіре аламыз? Мектеп бағдарламаларында, ата-ана мен ұстаз тәрбиесінде ұлттық құндылықтарға айрықша мән беріліп, жіктеп-жіліктеп түсіндіру жеткіліксіз бе? Елге танымал, жалпақ жұрттың алдына шыққан, жастарға үлгі болар деген әйел-аналардың өзі әлеуметтік желілерде «шешініп», жартылай жалаңаш суреттерін ұсынып, елді бөрліктіріп әлек. Бұл жұрттың назарын өзіме аударсам деген мақтаншақтық, өзімшілдік дерті, жұрт назарынан тыс қалып қоймасам екен деген қорқыныш-уайымның кесірі. Біз қазір аулада ойнап жүрген, мектеп-балабақшадан оралған бүлдіршіндерді алдап-сулап қолға түсіріп, зорлаудан қанағат алатын педофилдерге, мүгедек қыздардың дәрменсіздігін пайдаланатын зорлықшыларға, өз туған қыздарын жылдар бойы зорлап келген арсыз әкелерге қалай күйінсек, солармен бірге арам ойлы, азғын қылықты қыздардың бар екендігіне опынуға, етегін жел түрмейтін қазақ қыздарының осыншалықты құлдырау деңгейіне назар аударуға және алдын алуға жұмыстануға тиіспіз. Бүгінгі «бедірей» деген қыздың күні ертең «кекірей» деген келін болып, бір отбасының маңдайына жазылған сор болмасына кім кепіл? Ал төсек қатынасы еріккен екеудің ермегі, жыныққан жастардың рахаты емес, Алланың бұйрығымен арнайы ниет етіліп, жуынып-шайынып, дені сау, мейірімді ұрпақ тілеп түсетін ақ некедегі ерлі-зайыптылар арасындағы табиғи қарым-қатынас. Мақсаты – ләззат алу емес, ұрпақ жалғастыру. Бұл – ақ некелі адал қатынаста жамбас арқылы бойлай келген нұрдың ер мен әйел шәухатына құйылып, Жаратқан Алланың «сүф» деп дем беруі арқылы ана жүрегінің астынан екінші бір періштенің жүрегі соғып, ана тамырынан нәр алу арқылы тоғыз ай, он күн дегенде жарық дүниеге жаңа бір адамның келуіне негізделген қатынас.
Біз кімбіз, біз не істеп жүрміз? Ойланайықшы, бауырлар. Күні ертең Алланың манағы «сүф» деп берген жанын «үф» деп кеудеден шығарып, кері қайтатын кезең де келеді. Жүріс-тұрысымызға, іс-әрекетімізге осы бастан есеп бере білгеніміз жөн. Тұмшаланып киінбей-ақ, тіпті, бес уақыт намазды оқып, дін жолына түспесек те, жүрегімізден иман отын өшірмесек, жоғарыда айтылған ер мен әйел тарапынан кетіп жатқан сорақылықтардың бірде-біреуі болмаған болар еді. Ұят иманда жатыр, жүрегінде иманның нышаны жоқ жаннан ұят іздеу суы тартылып, қаңсып қалған құдыққа қауға салғанмен бірдей. «Тәрбие отбасынан басталады, бесікте жатқаннан бастап беріледі» дейміз, сол отбасындағы әке мен ана, бесікті тербетуші қол түзелмей, жүрек тазармай, ештеңе де түзелмейді. Ендеше, ойланайық! Кеш болмай тұрғанда ойланайық, ағайын!
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
Дерек көзі: «Егемен Қазақстан». (Тақырып өзгертілді)
Маңғыстау облысы.