Дәнеш мұрасы бүгінгі және ертеңгі ұрпақтың еншісінде
2016 ж. 29 қаңтар
11842
8
Биыл туғанына 90 жыл толатын әйгілі әнші, саңлақ сазгер, Қазақстан Республикасының Халық әртісі Дәнеш Рақышевтың қызы Гүлнәр Рақышевамен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.
-Дәнеш Рақышев ағамызға биылғы жылы 90 жыл толады. Төл перзенті ретінде, сондай-ақ жанашыр ретінде нені қолға алдыңыз, нені бастай алмай жатырсыз?
- Әке мен ана алдындағы қарызды өтеу мүмкін емес шығар ешқашан. Дегенмен, перзенттік борышымызды атқару міндетіміз болып табылатыны рас. Осындай кезде «Әттең, тонның келтесі-ай...» деген сөз ойыма орала береді.Үлкен бір тас түйін қолды байлап тұрғандай сезіледі. Айтар сөзге ауыз бар ғой әрине, бірақ соны жарататын тіл шіркіннің байлаулы тұратыны қиын-ақ. Армандаған жоспар көп, Алла соның орындалуына нәсіп етсін деп тілеп қоям кейде өзіме. Тек қана біздің ауданымыздың ғана емес, барша Жетісу өңіріне есімі аян, дүйім Қазақстан жеріне әйгілі өнер тарланы, ән әлемінің кемеңгері, баршамыздың мақтанышымыз болған әкеміз Дәнеш Рақышұлының артында қалдырған мол асыл мұрасы бүгінгі және ертеңгі ұрпақтың еншісінде. Ол кісі жайлы айтпау, елемеу, ескермеу біз үшін үлкен күнә болар. Арамызда жүргенде биылғы жылы бірінші мамырда 90 жасқа келер еді. Ендігіде, сол туған күні қарсаңында аудан, облыс, республика көлемінде үлкен іс-шаралар жоспарланып отыр. Ең бірінші қолға алған дүниенің бірі,ол естелік кітап шығару. Бүгінгі күнге дейін бас-аяғы біраз жиналып қалды. Кітапқа әкемнің достары, туған-туыс, таныс-біліс, көз көрген ағайындарының бірге өткізген күндерінен, естіген, көрген сәттерінен естеліктері енгізілмекші. Одан кейінгі өзімнің бір арманым, әкемнің өмірі жайлы Алматы облысы Панфилов аудандық Д.Рақышев атындағы халық театры әртістерінің көмегімен спектакль қою. «Жақсының жақсылығын айт - нұры тасысын» демекші, аудан әкімі Бердәулет Ешенұлы Абдулдаев пен ауданымыздың құрметті азаматы Серік Ақсубаев мырзаларға алғысымды білдіре кеткім келеді. Әкеміз дүниеден өткелі бері анам екеуміздің арманымыз ауданда Дәнеш мұражайының ашылуы еді. Мінеки, биыл аты аталған ел ағаларымыздың арқасында осындай үлкен қуанышқа бөленіп отырмыз. Мұражай орталықтағы балалар саябағында орналасқан ғимараттан беріліп отыр. Ресми түрде ашылу салтанатын туған күніне қарсы ұйымдастырсақ деген ниет бар. Осындай өнердің құдіретіне бас иетін халқының жанашырлары барда ауданымыздың мәдениеті де гүлдене бермек деп ойлаймын. Осы жерде бір айта кететін жайт, 2008-2009 жылдары Жаркенттегі «Өнер мектебіне» Дәнеш есімі берілді деп аталынып кетті де, орта жолда тоқтап қалды. Мектебіміздің биылғы жылы 10 жылдық мерейтойы. Осыған орай Дәнеш Рақышев есімі ресми түрде берілсе құба-құп болар еді.
-Облыс, республика көлемінде түрлі іс-шаралар жүзеге асатын болар. Облыстық мәдениет басқармасы жоспарларын жасап, бастауға тас-түйін отырса керек.
- Бұрынғының адамдары айтса, қалт айтпайды. Әйгілі жазушы Сәбит Мұқанов әкеміздің дауысын естіп, «Сенің әнің, дауысың халқыңның асыл қазынасы екенін түсін», деп, бағалаған екен. Ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов те ыстық ықыласын білдірген. Қазіргі таңда сол дауыс, сол ән қазына емес пе? Арттағы біздердей үрім-бұтағына, бізден кейінгі ұрпаққа мұра емес пе? Таптырмас асыл қазына деп осыны айтуға болады... Ендігі келер ұрпаққа бұл мәңгілік тарих. Ал, сол тарихты жоғалтпай, аялап өмірін сақтап қалу біздің түбегейлі міндетіміз. Осының барлығын біз болашақ ұрпаққа айтып, дәріптеп, көрсетіп жеткізуіміз керек. Мінеки, осындай тарихымызды ұмытпайтын ел-жұртымыз барда, әрине бұндай шаралар әрі қарай да жалғасын тоқтаусыз таба береді деп ойлаймын. Рахмет, әкімшілік басшыларына, облыстық мәдениет басқармасына, ауданымыздың әкімшілігіне осынау игі істерге бастап отырғандарына.
-Алдағы уақытта естеліктерін шығару қолға тездетіп алынса, дұрыс болар еді.
- Бұл жайында барлық ақын, жазушыларға, таныс-туыстарға, шәкірттеріне айтылған болатын. Естеліктер мен мақалалар жазылып та жатыр. Жеке бір Дәнеш өмірі жайлы естеліктер кітабын бастыру басты мақсатымыз болып тұр. Әкемнің өнерін насихаттап, ізін жалғастырып жүрген шәкірті, әнші ініміз Нұржан Жанпейісов «Саясында алманың» атты оқулық –кітап жазып дайындап отыр. Ендігі бір ойы толық Әсет, Дәнеш, халық әндерін нотасымен антология жинағын шығару. Естелік кітаптарды бастыру, барлық әндерін нотасымен басып шығару қолға алатын істің бірі болмақ.
-Жақында Дәнеш ағаның өзінің өнеріне пайдаланған, талай-талай әндерді шырқап, өзіне серік еткен қоңыр домбырасын республикалық «Қазақ халық музыкалық аспаптар мұражайына» тапсырыпсыз. Ұсыныс кімнен болды. Бұл да тойға дайындықтың бастамасы ма?
- Әкеміз бүкіл өмірін таза өнерге арнаған жанның бірі. Сол өнерде өзіне серік болған, арқасына шабыт қондырған, жанына жақын жүрегінің бір бөлшегіне айналған домбырасы еді. Әлемді шарлап, әнін халыққа сусындатып, өзі сол халықтың ілтипатымен қуанышқа бөленіп жүретін. Ол кісінің мен білетін он екі домбырасы болған. Үйге келген шәкірттеріне немесе біреу ырымдап сұраса, сөзсіз сыйлай салатын. Мен өзім Талдықорған қаласындағы Қ.Байсейітов атындағы сол кездегі музыкалық училищеде оқып жүргенімде әкемнің 3-4 түрлі дмбырасын ұстаған едім. Соның бірі жан-жағы ақ өрнекпен көркемделініп жасалған домбырасы болатын. Ол домбыра қазіргі таңда Талдықорған қаласындағы облыстық І.Жансүгіров атындағы орталық мұражайда сақтаулы тұр. Шамамен 1985-1986 жылдары әкемізге көлемі үлкен, қайың ағашынан ойып жасалған, дауысы зор, әдемі өрнектермен оюланған домбыраны Орынғазы Бейсенбетов деген аспап жасаушы сыйға тартқан екен. (Бұл күнде ол кісі дүниеден озған). Гастрольдік сапарларға шыққанда, сол домбыраның өзін жеке бір адам көтеріп жүретін. Көлемі жағынан да, салмағы жағынан да біраз ауырлау еді өзге домбыраларға қарағанда. Өмірінің соңғы сәттеріне дейін сол домбырасын қолынан тастамай әнін шырқап өтті. Анам ол домбыраны қастерлеп, ақ матаға орап, үйде сақтап келген. Әкемді сағынғанда сол домбыраны анда-санда қолыма алып, иіскеп-иіскеп алатынмын. Міне, жақында киелі (біз үшін ол киелі де, қасиетті) домбыра өз орнын тапқандай болды. Кімге тапсырсам екен, бұл домбыраның ары қарайғы күйі не болмақ, деп ойлап жүргенімде, бірде бейтаныс бір жігіт телефон соғып, «Сіз Дәнеш ағаның қызы Гүлнарсыз ба? Сіздің шаңырақта Дәнеш атамыз ұстаған домбырасы бар екен. Мен Сізге Алматы қаласынан, «Қазақ халық музыкалық аспаптар мұражайынан» хабарласып тұр едім, есімім Мақсат» деді. «Көп ойлануға уақыт болмай тұр. Жыл соңында жұмысымыздың есебін беруіміз керек еді», деді. Мен бір жағынан абдырап тұрып қалдым, не деп жауап берерімді білмей. Бір жағынан көкейімде жүрген бір ойға, таба алмай жүрген сұрағыма жауап тапқандай болдым. Көп ойланбастан келісімімді бердім. Бір жағынан бұндай шешімге тез келген себебім, Нұржан інім де (әкемнің шәкірті) домбыраның дәл сол мұражайда тұруы керектігін айтқан еді бір кездері. Себебі онда әр заманнан, әр дәуірден келген киелі аспаптар өз ордасын дәл тапқандай, бәрі бір жерде бас қосып, әр аспапқа жан бітіп, бір сиқырлы күш секілді күй кешіп жатқандай сезілді. Сол мұражайда әкемнің ұстаздары атанған Әсет, Мәмет, Қадрихандардың да қара домбыралары менмұндалап тұр екен. Әр нәрсенің өз уақыты болады деуші еді, міне, сол уақыт келді...Ойламаған жерден құдай айдап, әкемнің домбырасын құшақтап мұражайдан топ ете қалдым. Дәл осы 90 жылдықты күтіп тұрғандай болғанын айтсаңызшы. Арнайы ресми түрде аспапты қабылдау рәсімі мен кездесу іс-шаралары сәуір айында өткізілетін болды.
-Бүгін мені бір нәрсе қатты мазалайды. Дәнеш ағаның жары, көзі тірісінде ешқандай атақ алмай кеткен Рахиләм Имәрованың өнерге қосқан үлесі зор еді. Алайда, кезінде дұрыс бағаланбай кетті. Енді өзің тұрып жатқан үйге «Ескерткіш тақта» қойылса, қандай жақсы болар еді. - Иә, дұрыс айтасыз. Анамыз Рахиләм әкеміздің қасында өмірде де, өнер жолында да қиыншылығы мен қызығын бірге бөлісіп, бір өткізген асыл жары еді. Айлап, жылдап гастрольдік сапарларда күннің ыстық, суығына қарамай бірге жүріп, бірге төзіп, бірге қол ұстасып өтті десек артық айтқандық емес. Бұған мен өзім де куә болғам. Концерттік бағдарламаны өзі жүргізіп, арасында скетч (әзіл-ысқақ) қойылымдарын көрсетіп, билеп жүріп, тамылжыта әнін де шырқап алып жөнелетін. Бұның өзі қаншалықты еңбекті талап ететіні белгілі. Шын мәнінде билеп жүріп, ән айту да оңай емес. Ол кездері атақ-дәрежеге қол жеткізу қиынның қиыны еді. Дегенмен, сол кездің адамдары атақты да ойламайды-ау деймін. «Мен неге теледидарға түспеймін, маған да атақ беріңдер» деген ойдан анамыз аулақ болатын. Әкеміздің қабағына қарап, сол кісінің әр іс-қимылына тамсана қарап жүре беретін адал да, пәк жан еді ғой. Қазіргі таңда әншілерге ән айту жеңіл шаруа болып кетті. Фонограммаға түсіріп алады да, жұлдыз болып шыға келеді. Сахнаға шыққандары кеше, шеттерінен Мәдениет қайраткері, Еңбек сіңірген әртіс атағын алып алып, мәз-мәйрам болып жүреді. Мәдениетке қандай еңбек сіңіргендерін өздері де білмейді. Оны халық бағалай ма, жоқ па ойларына да кіріп шықпайды. Кейінгі кездері мәдениет пен өнерге жеңіл көзқараспен қарайтын болып кеттік пе, қалай?! Айтып айтпай не керек, қайран өткен күндер-ай, қайта оралмас кездер-ай деп күрсінуден басқа не қалды. Сұрағыңызға оралар болсам, «ескерткіш тақта» қойылса дейсіз. Әрине, бұндай жақсылықты, қуанышты көзінің тірісінде көрмегеннен кейін неғайбыл? Дегенмен, аруақ та болса бәрін сезеді дейді ғой, жатқан жерінде бір аунап қалар. Ондай жақсылықтарға қол жеткізіп жатсақ, ел боп, жұрт боп, қуанып қалар едік. Қазіргі таңда біз тұрып жатқан қара шаңырақтың, әкеміздің 80 жылдық торқалы тойы қарсаңында, сол кездегі облыс әкімі Серік Үмбетовтың қолынан анамыз Рахиләмға кілті тапсырылған болатын. 2006 жылдан бастап шаңырақтың түтінін түтетіп өмірінің соңғы күндеріне дейін осы үйде тұрды. 90 жылдық ұлы тойында осындай ел көңіліндегі сұрақтар шешімін тауып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Бірақ, біріншіден Алланың көмегімен, екіншіден ауданымыздың ел ағалары барда, бір қолдау көрсетілер деген үміттеміз.
Роза ЫСТАЙ,
Жаркент қаласы,
Алматы облысы.
"Қазақ үні" газеті
САЗДЫ ӘУЕН
Қазақстанның Халық әртісі, әнші-композитор Дәнеш Рақышевқа
Күйтабақпен тарап Дәнеш жыр-әні,
Күнде тыңдап жүрді Оңтүстік ұланы.
«Соға кет» деп сол кезде айтқан әндерің,
Сол жағымды солқылдатып жүр әлі...
Елге келіп, орындалды арманың,
Әсем әнмен атты арайлы таңдарың.
Сезімді әнде сен шырқаған бар ма мін? Сазыңа елтіп, сұлуларды жырладық,
Салдық құрып, «Саясында алманың».
Тарландарды тыңдап жүрміз таңдап біз, Салған әнің жүректерге жалғапты із.
Жетісуды жырлаған соң жеткізіп,
Жәннат жерден жолықтырдым Жәннат қыз...
Талай кешіп жүрген кезді таң шығын,
Салады еске сазды әуенің балшырын.
Атқа қалай мінгенімді білмеймін,
Арқаланып, әніменен «Аңшының...»
Туған жерге тұмадай ән шығарып,
Елін сүйген ер едің ғой шын алып.
Арғы бетте абақтыда жатқанда,
Атам Ботай алған екен шығарып...
Тап болса да, тар жол, тайғақ қатер мың, Қалмадың сен қыспағында жат елдің. Әуезовтың ықыласын аударып,
Әсет әнін Отанына әкелдің.
Азаттықпен ажарланып ел өңі,
Есіміңді ардақтаумен келеді.
Әр қазақтың әлдилеген сезімін,
Әнің мәңгі қанат қаға береді!
Қазыбек ИСА
27.01.2016