СУБСИДИЯ ТОҚТАТЫЛСА, АУЫЛ ХАЛҚЫНЫҢ ЖАҒДАЙЫ АУЫРЛАЙДЫ

 "Ақ жол"  партиясына  Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара ауданы мен Мақтарал ауданы  шаруа қожалықтарынан хат келді. Олар ауылшаруашылығына демеу болып отырған субсидияның тоқтатылуына алаңдап,  Мәжілісте халық жағдайын ойлаумен ерекшеленген  "Ақ жол" партиясынан  ертең Сенатта қаралатын субцидия мәселесінің оң шешілуіне ықпал етуін сұрайды. Мұндай хаттар  Түркістан ауданы шаруа қожалықтарынан да келуде. Біз төменде  дихандардың жанайқайын білдірген сондай хаттарды жариялап отырмыз.

maqta

 Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарына!

Мемлекетіміздің дамыған 30-елдің қатарына қосылуға бағытталған Елбасымыздың 5-институционалдық реформасын, сол реформаны іске асыратын 100 нақты қадамды, «Ұлт жоспары- Қазақстандық арманға бастайтын жол» бағдарламасын  Шардаралық дихандар да зор ықыласпен қолдап, қуаттайды, іске асыруға әрекет етуде. Дегенменен, теңгеміздің құнсыздануы, тұтыну тауарларының, техникалық ресурстардың қымбаттауы дихан қауымның әлеуметтік жағдайына айтарлық кері әсер етуде. Ауа райының қолайсыздығына, табиғи апаттардың кедергілеріне қарамастан барлық күш-жігерлерін сарп етіп, әртүрлі дақыл түрін өндіріп, еліміздің экономикасын өркендетуге өздерінің сүбелі үлестерін қосып келеді. Оған қоса егістік суармалы жерлеріміздің көп жылдан бері мелиорациялық жөндеу жұмыстары жүргізілмегендіктен шаруалар көптеген қиыншылықтармен кездесіп, өз қаражаттарымен егістік жерлерін игеріп келеді, отбасын асырап, мемлекетке салығын төлеп тіршілік кешіп жатыр. Оған мемлекеттен берілетін азын-аулақ субсидия қаражаты да қолжалғау болатын. Елбасымыздың ауыл шаруашылығын дамытуға бөлінетін қаржы қысқартылмайды, деген сөзін медеу тұтып жүрген  дихандардың көңілі кенеттен су сепкендей басылды. Себебі,  Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтың БАҚ-қа  берген сұхбаттарында биылғы 2016 жылдан бастап гектарға берілетін субсидия тоқтатылып, инвестсубсидия берілетін көрінеді. Жалпыға бірдей беріліп жатқан субсидия елдің еңсесін көтерумен қатар жер-анамыздың да шырайын келтіріп жатқан еді. Өйткені, егістік жерлер толық игерілетін. Инвестсубсидияға да қаржы керек, өндіруші кәсіпкерлерді қолдаған дұрыс шығар, дегенмен өнім өсірушілерді де ұмытпаған жөн секілді. Әлі дайындала қоймаған шаруалар мемлекеттің жәрдемінсіз аяққа тұрып кете қоюы екіталай, ол үшін екі-үш жыл керек. Жалпы, бұл реформаны дихандардың көбісі  білмейді. 23 желтоқсанда Астанадан келіп Ауыл шаруашылығының вице-министрі Сапархан Омаров, Республикалық Фермерлер Одағының бастығы  Әуезхан Дарынов , облыс әкімінің орынбасары  Сапарбек Тұяқбаев болып, Шымкентте «Кооперативке бірігу, субсидия туралы» жиналыс өткізген. Ол кісілердің айтуы бойынша, бұл мәселе жоғарыдан шешіліп қойылған, қайта-қайта қозғай берудің қажеті жоқ дегендей сөздер айтқан. Ол жерде дихандар бұл шешіммен келіскен жоқ. Сол бойы жабулы қазан жабулы қалған болатын. Ал, енді содан кейін де БАҚ құралдарынан естіп қалып жүрміз. Бұл шын болатын болса игерусіз жерлер көбейіп, тұзданып-сорланып кету қаупі туындайды. Оны игеруге де ертең мемлекеттің қаражаты кететіні белгілі. Оған халықтың жағдайын қосыңыз, бұл мына заманда жығылған үстіне жұдырық болғалы тұр. Сондықтан Сіздерден сұранарымыз, субсидияны көбейтсеңіздер көбейтіп,  қысқартуға жол бермесеңіздер екен.  Оңтүстік Қазақстан облысы, Шардара ауданы  дихандары: «Ақорда» ш/қ төрағасы:                                                     Т.Канаев «Тоқай» ш/қ төрағасы:                                                        А.Әділбеков «Пернебай» ф/қ төрағасы:                                                 К.Жұмабек «Өркен» ш/қ төрағасы:                                                        И.Әділханов «Мақсат» ш/қ төрағасы:                                                      Ж.Жүзбаев «Нұрман»  ш/қ төрағасы:                                                    А.Тілеубаев «Шапағат» ш/қ төрағасы:                                                   К.Әбдікерім «Өтемісова Ф» ЖШС төрағасы:                                         С.Өтемисов «Алтынбек-МЫ» ЖШС төрағасы:                                    Ы.Мекембаев «Болатбек» ф/қ төрағасы:                                                   Б.Куметов және т.б.

Шет елдерде ауыл шаруашылығын субсидиялау бізден  6-7 есе көп

Мақтарал ауданы бойынша жыл сайын 136,0 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі. Егілген ауыл шаруашылығы дақылдарынан алынған өнімдерін шаруалар көрші елдерге, еліміздің басқа да облыстарына және көршілес аудандарға сатады. 2016 жылы Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі басым ауыл шаруашылығы дақылдарын субсидиялауды алып тастауды жоспарлап отыр. Бүгінгі күнге дейін аудан аумағында орналасқан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге басым дақылдарды субсидиялау үлкен көмек болып келген. Шаруалар субсидия қаржысын сапалы тұқымдар, жанар-жағар май, түрлі минералды тыңайтқыштар және т.б. қажеттіліктерге пайдаланудың арқасында ауданда жердің құнарлығы жылдан-жылға артып, мол өнім алынып келген. Алайда, шаруалар тарапынан егіліп келген басым ауыл шаруашылығы дақылдарына бөлініп отырған субсидия қаржысы берілмейтін болса, ауданда егістік жерлердің көпшілігі игерілмей қалуына және халықтың әлеуметтік жағдайын төмендетуіне әкеп соқтырады және шаруаның шамасы келмей игерілмей жатқан жерлер көбейуде, ең қатерлігі жер қайта сорлануда. Осы жоғарыдағы жағдайлардың алдын алу үшін, ауыл шаруашылық дақылдарын сапалы өндіру, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қалыптастырудағы әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып Сіздерден, басым ауыл шаруашылығы дақылдарына субсидия қаржысы берілуіне ықпал етулеріңізді сұраймыз.      Себебі: Шет мемлекеттерде ауыл шаруашылығын субсидиялау бізге қарағанда 6-7 есе көп.          Оңтүстік Қазақстан облысы, Мақтарал ауданының шаруалары атынан:   Мақтарал ауданының құрметті азаматы                                            Б.Сериков  «Кетебай» өндірістік кооперативінің төрағасы                               С.Бекенов «Балмұхан» шаруа қожалығының төрағасы                               М.Атабайұлы «Жанат» шаруа қожалығының төрағасы                               Ж.Қаназарова «Абай» селолық су тұтыну кооперативінің төрағасы                               Д.Асауов «Нұралыжол-Ж» шаруа қожалығының төрағасы                               Е.Ералиев «Бескетік» селолық тұтыну кооперативінің төрағасы                               Т.Бердалиев qazaquni.kz