ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ШЕЖІРЕШІСІ
2016 ж. 19 қаңтар
7446
7
Ақорда секілді қасиетті мекеннің шырақшысы тәрізді – Тәуелсіз елдің шежірешісі, абыз Махаң, абзал Махаң – ұлтжанды, елшіл, мемлекетшіл Махмұт Қасымбековтей тұлғалар барда Елбасының да, елдің де мерейі үстем бола бермек.
Махмұт Қасымбеков 1952 жылы 2 тамызда Жамбыл облысының Шу қаласында дүниеге келген. Білімі жоғары, математика пәнінің мұғалімі, экономист, саясаттанушы, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор.
Еңбек жолын 1969 жылы Шу қаласындағы С.Сейфуллин атындағы орта мектепте бастады. 1974 жылы Абай атындағы Қазақ педагогика институтының математика факультетін, 1985 жылы Алматы халық шаруашылығы институтының жоспарлау-экономикалық факультетін, 1990 жылы Алматы жоғары партия мектебін бітірген.
1973-1976 жылдары Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты комсомол комитеті хатшысының орынбасары, кейіннен хатшысы болып істеді.
1976-1983 жылдары Фрунзе аудандық, Алматы қалалық және облыстық комсомол комитеттерінің хатшысы, республика комсомолы Орталық Комитетінде бөлім меңгерушісі болып істеді.
1983-1990 жылдары Алматы облыстық және Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде еңбек етті.
1990 жылдан – Қазақстан Республикасы Президенті мен Министрлер Кабинеті Аппараты, кейіннен Мемлекет басшысының Әкімшілігі Жалпы бөлімінің меңгерушісі.
1996 жылдың наурызынан – Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің меңгерушісі, ал кейіннен бастығы қызметін атқаруда.
Махмұт Қасымбеков 100-ден астам ғылыми мақалалар жариялаған, ол 25-ке тарта кітаптардың авторы, телавторы және құрастырушысы. Қазақстан Республикасының ғылым, техника және білім саласындағы Мемлекеттік сыйлығының иегері, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев», ІІІ дәрежелі «Барыс», «Құрмет» ордендерімен, бiрнеше медальмен марапатталған.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ең жақын үзеңгілес серігі Махмұт Базарқұлұлы Қасымбеков туралы көп адам біле бермеуі де мүмкін. Өйткені бұл кісі жылт-жылт етіп теледидарға көп шыға бермейді. Баспасөзге де судыратып сұхбат беретіндердің сұрыбынан емес. Олай болатын да жөні бар: Қазақстан Президенті Кеңсесінің бастығы сөзден гөрі істің адамы; жылтырап көрінгеннен гөрі өз жұмысын жарқырата жүргізгенді қолай көреді; артық дабыра мен дақпыртты жақтыра бермейтіндігі бірден аңғарылады, сонысымен де мемлекеттік қызметкерлер арасында өте құрметті, айрықша сыйлы.
Махмұт Базарқұлұлы Елбасының сөздерінен құралған 16 томдық еңбектің жарық көруін қамтамасыз еткен кісі, жалпы жиынтығы отызға тарта кітаптың авторы. Президенттің жеке архиві мен мұражайын құруға сіңірген еңбегі тіпті ерен. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір жолы – Қазақстан Республикасының жаңа тарихы деуге де болады. Махмұт Қасымбеков Елбасының ғана емес, сонымен бірге біздің Тәуелсіз еліміздің жаңа, төл шежіресін өз қолымен түзуші адам десек те болады.
Бұл күнде бізге оп-оңай сияқты болып көрінетін 80-жылдардың соңы мен 90-жылдардың бас кезін еске алайықшы. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшылығына сайланған 1989 жылдың маусымында жағдай өте күрделі болатын. Бұл кезеңде Нұрсұлтан Назарбаев коммунистік партия заманға сай өзгеруге қабілетті деген ұстанымда болды. Сол тұстағы жоғары дәрежелі талай жиналысқа журналист ретінде қатысқанда өзіміз де көрдік. Шынын айту керек, Горбачев бастаған қайта құру бастамасына көптеген кеңес адамдары сияқты бәріміз де сөзсіз иландық. 1989 жылдың 18 тамызында қалалық және аудандық партия комитеттері бірінші хатшыларының республикалық кеңесі өтті. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы «Шын мәнінде, қайта құру жылдарында кадрлар құрамын тереңнен «қайта сілкілеп», тоқырау кезеңін жанына жақын көргендерден арылуға қол жеткізілді. Алайда адамдар кеткенімен, дәстүрлер қалатыны белгілі» деген мазмұнда сөз сөйлеген болатын. Нұрсұлтан Әбішұлы қоғамдық өмірді демократияландыруға баса көңіл бөлді. Орталықтың әкімшіл-әміршіл тәсілдерінен бас тартуға ұмтылды. Ол республика партия ұйымдарын өз бетінше жұмыс істеуге бағыттағысы келді. Осы негізде партия комитеттерінің жетекшілерін баламалы негізде құпия және тікелей дауыс беру арқылы сайлау тетігін іске қосты. Бұрын баламалы сайлау дегенді көзге елестетудің өзі қиын еді. Енді екі және одан да көп үміткерден 141 қалалық және аудандық комитеттер хатшылары, оның ішінде 59 бірінші хатшы сайланды. Осындай баламалы негізде Гурьев, Қарағанды, Көкшетау және Шымкент облыстық партия комитеттерінің бірінші хатшылары сайланды. Соның арқасында облыстық комитеттер 70 пайызға, қалалық және аудандық комитеттер 80 пайызға жаңарды. «Аппарат қажет, бірақ ол жаңарған, өз қызметін жан-жақты орындауға қабілетті аппарат болуы тиіс» деген болатын Нұрсұлтан Әбішұлы.
Назарбаев тап осы тұста басқару ісін жетілдірмей өзі ойға алған реформаларды жүзеге асырудың қиындығын сезінді. Елді тығырықтан шығарудың жолын таңдау қажет болды. Демократия мен нарықтық экономикаға тең келер жолдың жоқтығын терең түсінді. Қоғамды жаңғырту арқылы алға жүру, ал экономикада – нарықтық бағытқа түсу Н. Назарбаевтың табандылықпен таңдаған жолы болды.
Нарықтық экономикаға саналы түрде қарсы шығушылар көптеп табылды. КСРО-ның көбесі сөгіліп, іргесі шайқалған 1991 жылдың 19-21 тамызында «Тамыз бүлігі» бұрқ ете түсті. Бұл төңкеріс коммунистік партияның онсыз да қамшының сабындай қысқа қалған ғұмырын қиып түсті. Көп ұзамай КСРО ыдырап шыға келді. Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік басқарудың қағидатты жаңа құрылымдарын құрудың қажеттігін дер кезінде түсінді. Бұрын мүлдем болып көрмеген жаңа жағдайда жұмыс істей алатын жас басшылар мен атқарушы кадрлар шоғырын қалыптастыру керектігін айқын ұқты. Мұндай құрылымды өмірдің өзі ұсынды. Ол – президенттік институт еді. КСРО-да президенттік институт 1990 жылдың наурызында КСРО президенті лауазымына Михаил Горбачевтің сайлануымен пайда болған еді. Мұндай институттар одақтас республикаларда да құрыла бастады. Бұл бір жағынан ел егемендігіне қарай жасалған алғашқы маңызды қадам болса, екінші жағынан Орталықтан және партиялық қыспақтан құтылудың бір жолы іспеттес еді. Президенттік институт мемлекетті басқарудың жаңа құрылымының негізін қалады. Мемлекеттің саяси жүйесін реформалауға мүмкіндік берді. Президенттік институттың қалыптасуы оңайлықпен бола қойған жоқ. Қазақстандағы президенттік институттың бастауы КСРО-ның соңғы тұяқ серпуімен сәйкес келді. 1990 жылғы 24 сәуірде Қазақстанда президенттік институт құрылып, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің мәжілісінде Нұрсұлтан Назарбаев ел Президенті болып сайланды. Одан кейінгі кезең Президент лауазымын енгізу тәуелсіз Қазақстанның саяси жүйесінің қалыптасуына шешуші ықпал жасап, КСРО ыдыраған соң мемлекеттік биліктің сабақтастығын қамтамасыз еткен аса маңызды оқиға болғанын көрсетті. Сол тұста Мемлекет басшысы Президенттік кеңес деген жаңа құрылым құрды. Президент жанындағы алқалы саяси-консультативтік орган өте тиімді жұмыс істеді. Президенттік кеңес мемлекеттік құрылыс, демократиялық және нарықтық реформалар жүргізу бойынша сараптамалық-талдамалық қызмет көрсетті. Оңтайлы да ұтымды ұсыныстар жасады. Басшылығына Н.Әбіқаев, оның бірінші орынбасарлығына В.Ни тағайындалған, бөлім меңгерушілері Қ.Сүлейменов, Ғ.Шалахметов, М.Бабушкин, Т.Сауранбеков, Г.Бердюгин және басқалар болған Мемлекет басшысының Кеңсесі (кейіннен Президент пен Министрлер Кабинетінің Аппараты, бүгінде – Президент Әкімшілігі) құрылымы да «аттың жалында, түйенің қомында» дегендей, жүре, тез, төте түрде қалыптасты. Ол кезде аппарат құрамында қазіргідей Хаттама және Президенттің баспасөз қызметі сияқты функцияларды орындайтын құрылымдар атымен болған жоқ. Президенттің қызметін ұйымдастырушылық-хаттамалық және ақпараттық қамтамасыз ету жұмыстары Махмұт Қасымбеков жетекшілік ететін жалпы сектор қызметкерлерінің иығына түсті.
Президенттің сәл кейінірек айтатын бір сөзі бар: – «Бұрын-соңды біз мұндай мемлекет құру ісін өз бетімізше жүргізіп көрдік пе? Бәрі біз үшін шешіліп, кесіліп, даярланып қойылатын...». Расында, Тәуелсіздіктің даңғыл жолына түсу, дербес шешімдер қабылдап, елдік, мемлекеттік мұраттарды айқындау, осы жолда жанқиярлықпен жұмыс істейтін мамандар мен адамдарды табу оңайға түскен жоқ. Ең өткір проблемалардың қатарында – кадр тапшылығы тұрды. Президент ә дегенде талай тың бастама көтерді. Жекешелендіру бағдарламасын ұсынғанда оның идеясын бөлісетін, тіпті түсінетін адамдар санаулы ғана болды. Жұрттың бәрі күнкөріс қамымен жүрген шақта мемлекеттік билікке келгісі келетіндер табыла қоймады. Көптеген кәсіби мамандар мұндай жұмысқа келгісі келмеді. Сондай сын сағатта Махмұт Базарқұлұлы секілді өз ісін жетік меңгерген, тапсырылған істі тап-тұйнақтай етіп атқаратын, мәттақам мамандар саны он саусақтан ары аспайтын.
1990 жылдың сәуірі мен 1991 жылдың тамызы аралығында республикада Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің аппараты мен Қазақ КСР Президентінің аппараты дейтін екі аппарат қатар жұмыс істеді. Екі аппарат екі түрлі бағытта болды. Компартияшылдар жаңа жағдайда жұмыс істеуді жат көрді. Олар Президент аппаратындағыларға ала көзбен қарап, «біздің күніміз қайта туады» деген түрде көкірек керетін. Махаңның бір естелігінде былай деп еске алатыны бар: – «Президент Аппаратының қызметкері ретінде мен кадр тапшылығы проблемасымен бетпе-бет қалып отырдым. Күндердің бір күнінде өзім басқаратын секторға Алматы облыстық партия комитетінде істейтін, өзім мықты кәсіби маман ретінде білетін тәжірибелі аппаратшы және тамаша сөз зергерін жұмысқа шақыруға шешім қабылдадым. Қандай да бір қызметкерге «құда түскен» жағдайда этикет әуелі оның бастығының келісімін алғанды жөн санайды. Ойымда еш нәрсе жоқ, сол кездегі Алматы обкомының хатшысымен байланысқа шығып, мен де солай жасадым. Менің өтінішіме қайтарған оның жауабы есімнен тандыра жаздады. «Немене, сендер әлі өздеріңнің «президенттік» ойындарыңды ойнап болған жоқсыңдар ма?.. Сен маған хабарласып отырған бірінші адам емессің, Президенттің жігіттері маған телефон шалып, біресе ананы, біресе мынаны сұрайды. Оқасы жоқ, жақында біз сендерді қуып таратамыз. Ал құнды қызметкерлерімізді сендерге бермейміз» болды оның айтқандары. Бұл кісіні мен бұрыннан танушы едім. Сондықтан да болар, одан мұндай жауап есту шын мәнінде, өзегімді өртеді. Сөйтіп, біздің ескіден келе жатқан өзара құрметімізге сызат түсті. Сөйтіп, мен Президент Аппараты басшысының бірінші орынбасары Владимир Ниге қайырылдым. Менің аргументтерімді тыңдап алған Владимир Васильевич пышақпен кескендей етіп былай деді: «Бұл жерде қандай әңгіме болуы мүмкін? Өзіңізге пайдасы тиеді-ау дегендердің барлығын ала беріңіз». Егер осындай кадрлар үшін таластағы қалжыңға бергісіз «көкпар» (батыста мұны «ақылды бастар үшін күрес» деп атайды) Президент командасына, еш артық айтқандық емес, әрбір сауатты маман мен әрбір білікті қызметкердің келуіне септігін тигізді. Қосарланған саяси билік жағдайындағы мұндай күрес бүкіл кеңес қоғамына тән еді».
1991 жылдың 29 тамызында Семей ядролық полигонының жабылуы, 1991 жылдың 2 қазанында ғарышқа қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің ұшуы мен 1991 жылдың 1 желтоқсанында Қазақстан Президентінің алғаш рет өткізілген бүкілхалықтық сайлауы тәуелсіздік жолындағы ерекше бір белес болды. Сол сайлауда абсолютті көпшілік дауыспен Нұрсұлтан Назарбаев ел Президенті болып сайланғаны белгілі. 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы өзінің Тәуелсіздігіне қол жеткізді. 1991 жылдың 10 желтоқсанындағы өзінің инаугурациялық сөзінде Нұрсұлтан Әбішұлы жас мемлекеттің алдында тұрған бірінші кезектегі міндеттер ауқымын нақты айқындап берді. Алда қыруар жұмыс, қатпар-қатпар тірлік тосып тұр еді. 1990 -1991 жылдары еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев іс жүзінде Қазақстанның институттық негіздерін қалыптастырып, болашақ егемендігіміздің іргетасын қалады. 1990 жылдың 25 қазанында «Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Декларация елдің толық мемлекеттік тәуелсіздігі жолындағы мемлекеттік-құқықтық жүйесін одан әрі дамытуды қамтамасыз еткен жас мемлекеттің алғашқы негіз қалаушы заңнамалық актісі болды. Оның үстіне, құжат мемлекеттік билікті заңнамалық, атқарушылық және сот жүйелеріне бөлу қағидатын бекітті. Осы орайда Жоғарғы Кеңес заң шығарушы биліктің айрықша артықшылығын алса, Президент Мемлекет басшысы ретінде – бұйрықты-атқарушылық билікке, Жоғарғы сот билігіне ие болды. Кім қайда барарын білмей, әр ел әр тарапқа дағдарған тұста Президент «Қазақстан – 2030» стратегиялық бағдарламасын жариялады. Қазақ елін өршіл рухта дамытудың шешуші бағыттарын белгілеген стратегиялық бағдарлама өзінің өміршеңдігін іс жүзінде дәлелдеді.
Елбасының Кеңсесін басқару секілді аса маңызды жұмысты Махмұт Қасымбеков қамшы салдырмай атқарды. Махмұт Базарқұлұлына Мемлекет басшысының күнбе-күнгі қат-қабат жұмыстарын жүйелі түрде реттеу, күн сайын алдына кіріп, ұлт Көшбасшысының үлгісі-өнегесін көру, небір тарихи маңызды шешімдердің қабылдануына куәгер болу бақыты бұйырыпты. Мемлекет тарихының қалай жасалатынын күнбе-күн нақты бақылауға мүмкіндік алғанын былай қойғанда, тіпті сол тарихқа өзі де тікелей куәгер ретінде қатысып келеді. «Менің қызметім сондай. Сыртқа шығатын, шетте жүретін жұмыс емес. Жұрт алдында суырылып сөйлеп жату да біздің міндеттің сипатына келе бермейді. Мен ата-бабаларымыздың көшпелі өмір сүргені, соған байланысты қағазға жазылған құжаттар көп сақталмағаны, мұның өзі елдің тарихын жазуға қиындық келтіретіні жөнінде көп ойланған едім. Сондықтан да өз билігіміз өз қолымызға тигенде мемлекеттілігіміздің деректі жазбаша тарихын қалыптастыру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру қажеттігін анық сезіндім.
Ат жалын тартып мінген жылдарым егемендіктің елең-алаң шағына, тәуелсіздіктің таңсәрі шағына тұстас келгені, осы кезеңде жас мемлекетіміздің қаз басып, қалыптасуына хал-қадірімше араласқаным, тәуелсіз Қазақстан атты ғимараттың бір кірпіші болып қалануға ұмтылғаным, сол жұмысты халқымыздың бағына біткен дара да дана тұлғаның – еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей басшылығымен, үйрене жүріп, тағылым ала жүріп атқару мүмкіндігі маңдайыма бұйырғаны – баға жетпес бақытым. Мен сол бақыттың бағасын білдім дей аламын» деп толғанады Махаң.
Махмұт Қасымбеков – Елбасының сенімді серіктері қатарында келе жатқан көрнекті қайраткер, белді ғалым, қарымды қаламгер, мейлінше мемлекетшіл тұлға, елшіл азамат. Ол ұзақ жыл мемлекет басшысының тікелей қарамағында қызмет атқарып, президенттік институтты зерттеумен кәсіби тұрғыда айналысып келеді. Оның ғылыми және шығармашылық қорында президенттік институтқа, Н.Ә.Назарбаевтың саяси қызметіне арналған ғылыми монографиялар, оқу құралдары, көп томдық басылымдар, публицистикалық жинақтар, көптеген мақалалары бар.
Президент Кеңсесінің бастығы Махмұт Қасымбековтің «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы» кітабы оқырман назарын бірден жаулап алды. Бұл кітап халықаралық танымалдыққа тез ие болды. Бірнеше тілге аударылды. Әлем халқы Қазақстан Президентінің болмыс-бітімін, оның жан дүниесін, адамдық қалыбын танып, білгісі келеді. Осы орайда Махмұт Базарқұлұлы: – Мен ол кісінің жай адам еместігін, шын мәнінде, ұлы тұлға екенін өз көзіммен көріп келемін. Көптеген жылдар бойы Президент Кеңсесін басқарғандықтан, соған байланысты Елбасының алдына жиі кіретіндіктен, ол кісінің айтқан әңгімелерін көкірекке түйе жүрдім, жүйелі жазба жасап отырдым. Ақыр аяғында оларды жинақтап, жүйелеп, қалың жұртшылыққа жеткізуді парыз санадым. Президент үлгісінен үйренетін жайлар өте көп екеніне менің кітабымдағы нақты мысалдар дәлел болады деп ойлаймын. Осы жылдар ішінде мен Елбасының адамдық қасиеттерін жақын тани алдым. Ол кісінің де жан дүниесінде алай-дүлей бұрқаныстар болып жататынын, тәуелсіздіктің тағдыры үшін қандайлық сынақтарға түсетінін, қиналатынын, қуанатынын көрдім. Президент өзінің көрегендік саясатымен Қазақстанды ырысы артық, ынтымағы жарасқан елге айналдырды. Халықаралық саясатта үлкен жеңістерге қол жеткізді. Қазір қарап отырсаңыз, КСРО-ның бұрынғы республикаларының Қазақстаннан басқа бірде-бірінің көршілермен шекара мәселесі толық шешілмеген екен. Ал Қазақстан бұрынғы одақтас республикалармен ғана емес, Қытаймен де шекарасын дау-шарсыз шегендеп алды. Ресеймен шекара бекіту де оңайға түскен жоқ. Осының бәрінде Нұрсұлтан Әбішұлының даналық дипломатиясы жатыр. Елбасымыздың Астананы салуы өз бетінше бөлек ерлік. Президенттің жаңа қала тұрғызу жолындағы ізденістері, қиналыстары, ондағы әр құрылысқа қуануы да көз алдымда өтті. Мемлекеттің болашағын айқындайтын осындай ұлы істердің қалай атқарылатынын да оқырманға айтып бергім келді.
Менің бұл кітабым Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ел үшін жасаған теңдесі жоқ ерлігін халыққа шынайы жеткізудің тағы бір талпынысы, – деп ақтарыла сыр шертеді.
– Мемлекеттік қызметте, Елбасының жанында жүріп осындай кітап жазғаныма кей адам таңданыспен қарайды. Ал дұрысында мұндай кітапты біз жазбағанда кім жазуы керек? Мен Елбасының қарамағында 1990 жылдың 4 сәуірінен бері жұмыс істеп келемін. Әуел баста Президент Аппаратын құру жайында шешім қабылданғанда қатты қиналғанбыз. Оған дейін біздің барлық тапсырмамыз Мәскеуден келетін, біз соларды орындаумен отыратынбыз. Керек қағаздарды Қазақстан жағдайына бейімдеп қана жазатынбыз. Президенттік институтты енгізу арқылы Нұрсұлтан Әбішұлы елді дербес мемлекет болуға дайындай бастады. Сол тұста басшымыздың іскерлік қасиеттеріне талай рет куә болғанбыз. Одан бері талай су ақты, аппаратта да көп адам жұмыс істеді. Талайлар келді, талайлар кетті. Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен аппаратта жұмыс істеп жүргендерден қазіргі Әкімшілікте мен-ақ қалған сияқтымын. Басқалар түрлі жұмыстарға ауысты. Содан бері тапжылмай бір жұмыста отырмын, – дейді Махмұт Базарқұлұлы.
Махмұт Қасымбековтің Қазақстан Тәуелсіздігі үшін ұзақ жыл сіңірген еңбегін ескерген Елбасы оны жанынан бір елі алыс жібермейді. Жақында ғана бір топ мемлекеттік қызметкердің зейнет жасын ұзартқанда Мемлекет басшысы Махаңа тағы да айрықша ықылас көрсетті. Қаншама жыл бірге жүргенде Елбасымызды жақыннан тану, оның адамдық қасиеттерін көру, соларды хаттап, қағазға түсіру оңай шаруа емес.
– Қай-қайсымыздың да өзіміз көптен бері жақсы білеміз-ау дейтін жандарды кейде ойламаған жерден жаңа бір қырынан ашып жататынымыз бар ғой. Бұған әдетте олардың оқыста айтатын уытты сөздері, шуақты әзілдері мен қалжың-қағытпалары да себеп болады. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев туралы да осыны айтуға болар еді. Алайда күнделікті ресми қарым-қатынастың қарбаласында ол кісінің де ең алдымен өзіміз сияқты адам екенін көңілден таса қалдыратын сияқтымыз. Әйтпесе адамға тән нәрсенің бәрі оған да жат емес. Сәтімен айтылған әзіл-қалжыңға ол да жаны жадырай күледі. Астарлы әзіл-қалжыңды өзі де жасындай жарқылдатып айтады. Сондайда ішкі жан дүниесі де жарқырап ашыла түсетіндей көрінеді бізге. Осыны ескерген мен Президенттің өмірінде кездескен эпизодтардан шағын топтама әзірлеп едім. Олардың бірқатарын Мемлекет басшысының қызметіне қатысты кітаптар мен мақалалардан жинадым. Қайсыбірін жұмыс барысында өз аузынан естідім. Енді біреулерін бейресми жағдайда жанында болып, сондай сәттерді көзімен көргендер айтып берді, – дейді Махаң өзінің шығармашылық жолына шабыт берген ұлт Көшбасшысы туралы кеңінен толғанып.
Елбасының өлең шығаратын тамаша қасиеті бар екенін біреу біледі, біреу білмейді. Махмұт Базарқұлұлы қазақтың көрнекті ақыны Тұманбай Молдағалиевтің Елбасын жыл сайын Жаңа жыл мейрамымен құттықтап тұратын дағдысын былайша хаттапты: «Тұм-ағаң, әрине, құттықтауын өлеңмен жолдайды. 2008 жылдың қарсаңында да осылай болды. Өлең Тұм-ағаңның өзінің пейілі мен жүрегіндей өте жылы екен. «Нұрсұлтан бауырыма. Жаңажылдық жыр» деп аталатын сол өлеңнің төрт шумағы мынадай еді:
Өстің ғой тұнықтарда ат суғарып,
Өзіңді аялаумен өтсін халық.
Ылайық сенің биік мәртебеңе
Жаңа жыл жаңа бақыт жетсін алып.
Жақсыны, жаманды да көрді басың,
Іздеген батырымсың шөл жуасын.
Өзіңнің аман жүрген әр күніңе,
Мынау бір жалпақ жатқан ел қуансын.
Келеді алға тартып алтын арба,
Сәт сайын қарқын қосып қарқындарға.
Сен барсың, асыл інім, жан бауырым,
Нұрсұлтаным дейтұғын халқың барда.
Тапсам деп қазағымның қалай бабын,
Жайнадың, жазғы таңдай арайландың.
…Жаңа жыл кірген кезде өз үйіңе,
Бізді де бірге кірді деп ойлағын.
Сәлеммен, Тұманбай бауырың. 22.ХІІ.2007.
Хатты сол күнгі поштамен бірге Нұрсұлтан Әбішұлына бердік. Бір-екі сағаттан кейін Президенттен қайтқан поштаны қарап отырсам, арасынан Елбасының Тұм-ағаңа жолдаған жауабы ұшырасты. Ол хатты оқып қана қоймай, ақынның құттықтауына екі шумақ өлеңмен жауап қайтаруды жөн көріпті. Мемлекеттік елтаңбамыз басылған өзінің қызметтік ресми, сарғыш, мөртаңбалы парағына қара сиямен былай деп жазыпты:
Қазағымның тапсам деп қалай бабын,
Мен жүрмін тәуелсіз ел ойлап қамын.
Сен жырлай бер қазақтың бақ, ырысын,
Жылдан-жылға аман боп, Тұманбайым!
Жақсыны, жаманды да көрді басым,
Сондықтан асымаймын, тасымаймын.
Тұманбайлар ісімді қолдап жүрсе,
Бастай берем халқымды, жасымаймын.
Хатының соңына «Ақын емес – Н.Назарбаев» деп қолын қойыпты. Әрине, мұны мінсіз өлең деу жөн бола да қоймас. «Ақын емеспін» деп қол қойғаны да содан ғой. Бірақ ең бастысы, «екі ауыз өлең шығармайтын қазақ болмайды» деген халықтық қағиданы ұстанып, Нұрсұлтан Әбішұлы өзін толғандырған ақынның өлеңіне өлеңмен жауап бере білген. Бұл екі шумақтан азамат жанының шуағы мен нұры есіп тұр. Байыптай қарасақ, осының өзі елдік дәстүрдің ерен бір көрінісі ғой. Хатты сол күні-ақ Алматыда тұратын ақынның мекенжайына жөнелттік. Хат барған соң, Тұм-ағаң Президент кеңсесіне телефон соғып, Елбасының ізетіне өзінің қатты риза болғанын білдіріп, рақметін жеткізді. Жүрегі нәзік жан ғой, тебіреністен табан астында туған тағы да бірер шумақ өлеңін телефон арқылы маған жаздыртып, Нұрсұлтан Әбішұлына табыстауды сұрады. Әрине, ардақты ағамыздың ол өтінішін қуана орындадық. Жалпы, Нұрсұлтан Әбішұлының бойында шығармашылыққа бейімділіктің сонау жас кезінен-ақ бар екенін айта кету керек».
Махмұт Базарқұлұлы ештеңені жанынан шығарып қоспайды, қиял қуып кетпейді, барды бар, нарды нар күйінде көрсетеді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмір жолын кейінгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге ретінде дәріптейді. Дәріптеуі – шынайы.
«Нұрсұлтан Әбішұлы өз елімізде жеке басын айрықша дәріптеуге ұдайы қарсы болып келе жатқанын көріп жүрмін. Мәселен, елді мекендерге, көшелер мен мектептерге есімін беруге келісімін бермей келе жатқандығы туралы бұдан бұрынырақ бір мақаламда жаздым да. Жұртшылықтан түскен ұсыныс хаттардың бәріне де Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей тапсыруымен осындай жауап беруге мәжбүрміз. Тек биыл ашылатын халықаралық университетке ғана есімін беруге келісімін берді. Оның өзінде де Мемлекет басшысының атымен аталса, университет бүгінгі заман талабына сай келетін жоғары оқу орнына тезірек айналар ма еді деген оймен ғана келісті. Осы орайда, Нұрсұлтан Әбішұлының бір үлкен мәжіліс кезінде, тіпті: «Кабинеттерге менің үлкен портретімді іліп қоюға үзілді-кесілді қарсымын. Егер сол адам мені жақсы көреді екен, ендеше, портретті үйіне апарып іліп қойсын» деп ашуланғаны бар. … Қаласа, тіпті жатын бөлмесіне де ілуіне болады, – деді сосын сөзіне ащы мысқыл араластыра. Сөз түсінетіндерге осының өзі де жеткілікті болса керек» деп жазады Махмұт Базарқұлұлы.
Кеңсе бастығы ұқыпты, жауапты, мұқият, тәртіпті, талапты адам болуы шарт. Махмұт Қасымбековтің бір бойында осынау абзал қасиеттердің бәрі бар. Соның бәрінің бастауында – сірә, бір кездері тақымы терден құрғамаған, елім, жерім деп күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмеген шұбыртпалы Ағыбай секілді батыр бабасынан қалған елшілдік қасиет жатса керек! Сондай текті тұқымның түлегі, асылдың тұяғы, алтынның сынығы іспеттес азаматтың есімін Елбасы тектен-тек елемегенін байқаймыз.
Ақорда секілді қасиетті мекеннің шырақшысы тәрізді – Тәуелсіз елдің шежірешісі, абыз Махаң, абзал Махаң – ұлтжанды, елшіл, мемлекетшіл Махмұт Қасымбековтей тұлғалар барда Елбасының да, елдің де мерейі үстем бола бермек.
Нұртөре ЖҮСІП
qazaquni.kz
Дереккөз: aikyn.kz
*Тақырып өзгертілді