Н. Сәбильянов: Жаңа жасақталған парламент те ел игілігі үшін жұмыс істейді
2016 ж. 14 қаңтар
2430
4
Көпшілік болжағандай, мәжіліс мерзімінен бұрын тарағысы келетінін жариялады. Депутаттар бүгін тіпті президентке үндеу жазып үлгерді. Сөйтіп елбасыдан кезектен тыс парламент сайлауын өткізуді сұрап отыр деп хабарлайды КТК арнасы.
Халық қалаулыларының ойынша, қазіргідей дағдарысы қыспаққа алған тұста тарап кеткен дұрыс.
Мәжілістің тарайтыны өткен жылдан айтылса да, депутаттар дым білмейтіндей кейіп танытып жүрген. Енді міне, төменгі палатадағы 3 партияның ойы бір жерден шығып, өз еріктерімен таратуды сұрап отыр. Жалпы отырысқа жарты сағат қалғанда шұғыл тілшілерді жинаған «Нұр Отан», «Ақжол» мен коммунистер мерзімінен бұрын қызметімен қоштасуға дайын екендерін мәлімдеді.
“Ұлт жоспарын жүзеге асыруға заңдарымыз қабылданды, дағдарысқа қарсы жоспар қабылданды. Енді осыларды тиімді жүзеге асыру керек. Мен ойлаймын жаңа жасақталған парламент те халық, ел игілігі үшін жұмыс істейді”, – деді депутат Нұртай Сабильянов.
11 жыл орнынан қозғалмаған Нұртай Сабильяновтың мәжілісті таратудан тәжірибесі бар. 2011 жылғы сайлау да уақытынан бұрын өткізілген еді. Бұл жолы да депутаттар ауқымды реформаларды тезірек бастау үшін жаңа парламентті жасақтау керек деп отыр. Елді елең еткізген үндеуден кейін төменгі палата мүшелері жалпы отырысқа жиналды. Халық қалаулыларының тарқайтынын біліп еркінсіген министрлер де залға кірмей жүріп алды.
Бүгін мәжілісмендердің де министрлерге шүйлігіп, мәселе талқылайтын көңіл-күйі жоқ. 14 заңды 1 сағаттың ішінде асығыс қарап шықты. Өйткені, қазір депутаттар алдағы сайлауды ойлап мазасызданып жүр.
“Сайлауда мені делегат қылып сайлай ма, сайламай ма, оны әріптестерім біледі. Әріптестер маған сенсе, арман қарай жұмыс істей алады деп, мен келемін. Сенбесе, басқа жұмыстар бар. Партияда, бизнесте де жұмыс істеуге болады. Ол маған проблема емес”, – деді депутат Тұрсынбек Өмірзақов.
Қазіргі мәжілісмендердің орташа жасы 60, ал ең егдесі 79 жастағы Владислав Косарев. Коммунистердің серкесі «парламентке қайта оралсам» деген арманын жасырған жоқ.
“Заттарымды жарты сағатта жинап алам ғой. Мемлекеттік басқару туралы айтсам, сайлауға қатысамын әрине”, – дейді Владислав Косарев.
Ал, ең жас депутат өзіне сенімсіз, ерекше қобалжып жүр. 36 жастағы Алмас Тұртаевтың әзірге нақты жоспары да жоқ екен.
“Мен әзірге ешнәрсе айта алмаймын, шын айтамын”, – деді ол.
Төменгі палатада түрін ешкім танымайтын, яғни отырыстағы талқылауға мүлдем қатыспаған, 4 жылды үнсіз өткізген депутатар да бар. Олар жайлы орынтағына оралмай қалса да өкінбейді екен.
“Мен министрлерге тікелей жазамын”, – дейді мәжіліс депутаты Үсенгелді Медеуов.
Яғни, сіз 4 жыл бойы бос отырған жоқпын, жұмыс істедім дейсіз ғой?
-Енді ше?
-Қанша заң өткіздім соның бәрін қараңыздар.
Егер мәжіліс мерзімнен бұрын тараса, кейбір депутаттарға мүлдем обал болмақ. Өйткені, парламентке жаңадан келген халық қалаулыларының арасында бір министрге сауал қойып көрмегендер де бар.
“Ресми сауал жасағаным жоқ. Жоқ, жасадым. Жариялап үлгеретін шығармын”, – деді депутат Әлия Ғалымова.
Негізі, Конституция бойынша мәжіліс күзге дейін жұмыс істеуі керек. Егер елбасы депутаттардың «ерте тарайық» деген бастамасын қолдаса, төменгі палата жұмысын тоқтатып, сайлауалды демалысқа кетеді. Әр партия съезін өткізіп, саяси додаға қатысатын кандидаттарының тізімін әзірлеуі тиіс.
Конституция бойынша, кезектен тыс парламент сайлауы президенттің жарлығы шыққан соң екі айдан кейін өтеді. Дәл солай болса, саяси науқан наурыз айына белгіленуі керек. Мәжіліс тараған жағдайда, елдегі заң шығару ісімен уақытша сенат айналыса тұрмақ. Ал төменгі палатадағы 107 депутат жарты миллион теңге жалақы, қымбат көлік пен элиталық пәтерлерін босатып беруге дайын отыр.
qazaquni.kz