Азамат Тасқараұлы: САТ!
2016 ж. 10 қаңтар
2634
6

Уай, оң болмас бұл түйелі көш анық,
Нар дегеннің, нәлет атқыр, есі ауық.
Көшегіңе қиын болар, сат бәрін,
Сенің өрең - САУДА деген бес әріп.
Жоқ-ау сенде жеке аласым, жеке өшім,
Көрсет бізге құн мен пұлдың көкесін.
Қазақтығың құны кеткен сөз болды,
Азаттығың?
Оны да сат, әкесін...
Алтыны көп алыптарды сыйлағыш,
Сенің үшін алтын сарай - үй нағыз.
Кейуананың кебе құрғақ көз жасын,
Алтын бедер тостағыңа құй дағы іш.
Бақ па, боқ па, не дарыған шекеңе,
Саған жұмақ - аты дардай мекеме.
Сат, тағы сат, өзіңді сат, құныңды айт,
Жамағат боп жинап берсек жете ме?!.
Қаланы сат, даланы сат, сат бәрін,
Сат бұл елдің сәбилерін, қарттарын.
Сен де, бай-ау, тартынбадың ақшадан,
Мен де, байғұс, қу тілімді тартпадым.
Саудагерім, түсірме, әсте, еңсені,
Теңге болсын намысыңның өлшемі.
...Сенің жеген әр тиының табытта,
Көр құрты боп көзіңді ойып жер сені.
Азамат Тасқараұлы