ҚАЗАҚҚА ЕҢБЕК СІҢІРГЕН АДАМ – ұрпағын намысты етіп тәрбиелеген адам

6

  Таяуда Қазақстан Жазушылар одағында биыл жетпіс жасқа толған Зейнеп апай Ахметовамен кездесу өтті. Батыр Баукеңнің – Бауыржан Момышұлының келіні, Алаш жұртына әйгілі шаңырақтың иесі – жазушы Бақытжан Момышұлының жары, оқырман қауымға «Шуақты күндер», «Светлые дни», «Бабалар аманаты» тәрізді кітаптары арқылы танымал қаламгермен жүздесу сыр-сұхбат үлгісінде ұйымдастырылды. Зейнеп апай өзі қозғаған маңызды әңгімелерден бөлек, залға жиналған оқырман қауымнан, әсіресе жастар тарапынан көптеген сұрақ қойылып, сұхбаттың ауқымын кеңейте түсті. Біз өз оқырмандарымызға ұлттық ұғым, халықтық салт-сана, қазақы жөн-жоралғының білгірі Зейнеп Ахметованың кеш барысында айтқан мазмұнды ойларын екшеп беріп отырмыз.  

Бейпіл мақтау – адамды құртатын дерт

Адамды мақтағанда да сәл абайлап мақтау керек, әйтпесе… сеніп қалуымыз мүмкін ғой. Жалпы, байқасаңыздар, бірінші рет өзін көзін бақырайтып қойып мақтаса, адам кәдімгідей ұялады, құлағына дейін қызарып, «жоқ, о не дегеніңіз» деп, қарадай қысылып, ыңғайсызданады. Екінші рет мақтау естігенде ептеп қолайсызданғанымен, іштей әлгі жылы сөз жанына жаға бастайды. Үшінші рет естігенде, оны солай болуы қажет нәрсеге жориды, «сол мақтауға лайық шығармын» деп ойлайды. Төртінші ретте біреу арнайы сөз сөйлей бастаса-ақ мақтау күтіп, дәмететін жағдайда жетеді. Бесіншісінде тіпті «апыр-ай, мынау мені неге мақтамайды?» деп іштей қапаланады. Бейпіл мақтау деген, мақтангершілік деген адамды құртатын дерт қой. Әлгі айтылған жылы сөздердің бәріне де рахмет, бірақ мен оны «өзіме арналды», «өзімнің арқам» деп ойламаймын. Қазақтан қандай жақсы сөз, жарқын тілек естісем, соның бәрін «батыр атаның арқасы», «сол кісінің шапағаты» деп білемін. Ақиқатына келгенде, ол кісінің келіні болмасам, мені кім таныр еді? Қазақтың көп қарапайым келінінің бірі болар едім. Ешқайсыңыздан айырмам болмас еді. Қазір көшеде, тойларда, кездесулерде көпшілік танып, амандасып жатады. Мұның бәрі – атаның арқасы. Өзіме айтылған мақтау сөз, жылы лебіздің бәрін мен «бұл – маған емес, марқұм атаға көрсетілген құрмет» деп есептеймін де, құлағыма кіргізбей, әрі асырып жіберемін.  

«Бесплатный» бата

5Жазушылар одағы – иісі қазақ үшін қадірлі, қасиетті қара шаңырақ қой. Сонау Мұхтар, Сәкен, Сәбит, Ғабит аталарымыздың, одан кейінгі басқа да аяулы ақын-жазушыларымыздың еденіне табаны тиген, дуалына даусы сіңген құт мекен. Әлгінде Одақ ғимаратына кірерде, сосын баспалдақпен өрлеп келе жатқанда, сол кісілерді ойладым, сол тұлғалардың аруағына тағзым еттім. Осыдан үш жыл бұрын бұ дүниеден өткен асылдың сынығы, тектінің тұяғы, менің Құдай қосқан қосағым Бақытжанның (Момышұлы –ред.) аруағынан кешірім сұрадым. «Осы қара шаңырақта Бәкең өткізбеген кештің, Бәкеңе бұйырмаған осындай қошеметтің мына менің маңдайыма бұйырғаны-ай. Мұндай мәртебеге менен гөрі сол лайық еді-ау» деп күрсіндім, жүрегім шаншыды, жаным ауырды. Мен Жазушылар одағының ғимаратына ең алғаш 1962 жылы кіріп көргенмін. Ол кезде университеттің филология факультетінде оқимын. Біреуді іздеп жүрген адамдай үш қабатты түгел аралап, қарбалас жұмыс сәтіндегі қызметкерлерге қызыға қарап, фойеде өзара қауқылдасып, әңгімелесіп тұрған ағалардың жанынан жылдам баса жылыстай өтіп, ұлы тұлғалар жұтқан ауамен тыныстағаныма қуанғанмын. Кейін, Момышұлы әулетіне келін болып түскен соң, бірде атамен бірге келдім. Ғимаратқа кірер алдында ата: «Балам, иіліп сәлем сал!» – деді. Қараймын, алдымда ешқандай кісі жоқ. «Кімге?» деппін. «Қазақ алдымен шаңыраққа сәлем береді. Бұл – қазақтың қасиетті қара шаңырағы ғой!» деді ата. Оң тіземді бүгіп, иіліп сәлем салдым. Тап сол сәтте Одақ ғимаратынан Дихан баба Әбілев шығып келе жатыр екен. Ол кісі мені өзіне сәлем салды деп ойлап қалса керек, «Ой, айналайын, көп жаса, шырағым, бақытты бол!» деп батасын беріп, қауқалақтап қуанып қалды. Сондағы атаның маған айтқан сөзі әлі есімде: «Көрдің бе, балам, менің арқамда бесплатный бата алып қалдың!» – деді. Атаның сол бір өнегесі маған өмір бойы бұлжымайтын әдет болып қалыптасты. Жаңа әзірде осында кірерде де иіліп сәлем салып, сосын кірдім.  

Телеарналар маған он минутты қимады

(залдағы оқырманның «Неге қазақтың салт-дәстүрі туралы телебағдарлама жүргізбейсіз?» деген сұрағына орай айтқаны) Мына заманда ондай бағдарламаны маған кім беріпті? Осыдан біраз жыл бұрын телевизия басшыларына барып айтқанмын: «Маған көп емес, аптасына 10-ақ минут уақыт тауып берсеңдер болды. Жастар қазір ұлттық ұғым-түсініктің, қазақы жөн-жоралғының мәнісін білуден қалып барады. Оларға ұғындыра жүретін үлкендеріміздің де әуселесі анау. Қит етсе «жастар бұзылды» дейміз. Жастар соның бәрін кімнен білерін, көкейіндегі сауалдардың жауабын қайдан іздерін білмей дал болып жүр ғой. Соларға сәл де болсын бағыт-бағдар нұсқау, көзін ашу, көкірегіндегі ұлттық сананы ояту сипатындағы дүние жасайық», – дегенмін. Тыңдап-тыңдап болып, соңында маған қайтарған жауаптары – «Қанша ақша төлей аласыз?» болды. Бұ не масқара? Танымдық бағдарлама жасайтын да – мен, оны түсіріп, эфирге шығару үшін ақша төлейтін де – мен болып шығам ба? Азын-аулақ қана зейнетақысы бар Зейнеп Ахметованың шамасы келе ме оған? Сосын өзімнің ұлым Ержанның ұсынысымен шағын он минуттық бейнекөріністер жасап, ғаламторға салуды бастадық. Қазір жастардың көпшілігі ғаламторда отырады, әлгі ютуб дей ме, содан не болса соны көріп, ыржыңдап, уақыт өткізеді. Одан да әлгіндей мазмұнды әңгіме тыңдап, білмегенін біле жүрсін деген ниет менікі. Кейін білуімше, менің жаңағы шағын бейне-әңгімелерімді де ютубтан мыңдаған адам көріп, тыңдапты. Телеарнадан орын тимеген соң, осының өзіне шүкіршілік етіп отырмыз.  

Үлкен ұялмаса, кіші қайтіп қымсынсын…

Қазір телеарналарды қарап отырсаңыз, не көп – шоу көп, шу көп. Солардың бәріне қаражат бөлініп жатыр. Көпшілігі – қазаққа түк те бермейтін бостекі дүниелер. Бұ күнде телеэфир әншілер мен әзілкештерден босамауға айналды. Неге екенін қайдам, осы сықақ жағындағы жігіттер әйелдің рөліне тым әуес болып кетті. Және келістіріп ойнап, керемет қылып жатқандары да шамалы. Сосын қазақтың келінінің сырт келбетін, киім киісін осы әзіл-сықақ театрлары-ақ әбден масқаралап бітті. Қайсысын қарасаңыз да, басына ақ орамалды жапсыра байлап, үстіне қырғыздың базарынан әкелген қытайдың арзан халатын киіп шыға келеді, аяғында – қара шұлық, жаман тәпішке… Қазақ келінінің бейнесі осындай ма еді? Тіпті «Шаншардың» бір қойылымында келіні атасын мойнына мінгізіп алып, шауып жүр. Бәленің бәрін білетін Уәлибек соның ерсі екенін, ұят екенін неге білмей қалды екен? Келінінің мойнында бұлғақтап отырған ата – Жүсіп. Ол да дардай адам емес пе? Басқалары үндемегенде, тым болмаса сол айтуы керек еді ғой: «Әй, мынауымыз ұят болады! Атасын мойнына мінгізген келін көріп пе едіңдер қазақта?» деп. Үлкен ұялмаса, кіші қайтіп қымсынсын…  

«Жар-жар» жаңаруы керек

Небір сұмдықтарды тойға барғанда көреміз. «Осы өмірге лайық отты жағып, жар-жар!» деп басталатын «Жар-жар» кешегі кеңес заманында өз қызметін өтеді, қазір де сәннен қала қойған жоқ, бірақ, енді «Жар-жарға» өзгеріс, жаңару керек. Өйткені, біріншіден, жар-жар – үйлену тойында емес, қыз ұзатыларда айтылатын нәрсе. «Сен енді біреудің жары боласың» деген мағынада болған оның мәтіні. Кеңес өкіметі тұсында біз оны екі жастың бас құраған тойында шырқалатын әнге айналдырып жібердік. Қазір, Құдайға шүкір, кім көп, ақын көп. Соларға тапсырыс беріп, неге ұзатылу тойында айтылатын ұлттық сипаттағы жаңа «Жар-жар» жаздырмасқа? Сосын қатып қалған ештеңе жоқ, ақындарымыз соның бірнеше үлгісін жасаса, әр тойда әралуан «Жар-жар» айтылып жатса, несі бар?

Жартылай жалаңаш келіннің бетін ашудың қажеті не?

Сосын, қыздар, айналайындар, тұрмысқа шығатын кезде тойға иығы мен кеудесі ашық, жотасы жалаңаш, шетелдік үлгідегі ақ көйлекті кимеңдерші, бас тартыңдаршы содан! Неге осы біз өзгенің қаңсығына таңсық боламыз да жүреміз? Бар ғой, қазақтың әдемі көйлектері, сәукелесі! Тіпті, арнайы тіктіруге де болады. Тойға келетін үлкен қариялардың, ақсақалдардың, ақ жаулықты әжелердің көзінше жаңа түскен келіннің ашық-шашық жүруі жараспайды. Той алдында беташар жасайтынымыз тағы бар. Өзі жартылай жалаңаш жүрген келіннің бетін ашуда не мән қалады? Тағы бір түйткіл: жас келіннің гүл лақтыруы. Ол теріс қарап тұрады да, қолындағы шоқ гүлді арт жаққа қарай лақтырады. Ол жерде күйеуге шықпаған бір топ жас қыз уласып-шуласып жатады. Сырттай қарап тұрсаң, осының өзі ерсі емес пе? Сол тойда әлгі жас бойжеткендердің әке-шешесі, аға-жеңгесі, ағайын-туысы отыр. Қанша байсырап бара жатсаң да, солардың көзінше «тезірек күйеуге тиейін» деп гүлге сонша таласып не көрінді?  

Жыртыс-көкпар

Баяғыда қыз ұзатылғанда атам қазақ көкпар берген. Қазір жағдай басқаша. Мен соның орнына жыртыс-көкпар ұйымдастыруды ұсынып жүрмін. Ол былай: ұзатылып бара жатқан қыздың аяғының астына жібек мата төселеді. Қызды жігіт жақ ақ мата үстімен жүргізіп алып кеткеннен кейін қалған жұрт та жан-жаққа бытырай жөнелмей, біраз кідіруі керек. Тамада оларды ақ матаның екі жағына бөліп тұрғызып, әлгі жібек матаны ортаға тастап, жыртыс-көкпар жасайды. Адамдар артысып-тартысып, жаңағы матадан жыртып алады: біреуге бір жапырағы тиер, біреу қомақтырақ жыртып алар – әйтеуір ешкімге де үлессіз қалмайды. Бұл – бір жағынан, «осындай той әрқайсымыздың шаңырағымызда болсын» деген ырым, тәбәрік, екінші жағынан, аялап өсірген аққуын қолдан ұшырып, көңілі жарым боп тұрған ата-ананың, ағайынның еңсесін тіктеу, тойдың соңын думан қызыққа айналдырып жіберу.  

Атасының аузына қасық тыққан келін ертең оның кӨзін шұқымай ма?

Үйлену тойы әбден қызып, үлкен кісілердің кейбірі қайтып кетіп, қайсыбір қонақтардың көзіне бір адам екі адам боп көріне бастаған тұста жалп етіп жарық сөнетіні бар. Сөйтсек, торт келе жатыр екен. Бір жағынан, той аяғында тойып алған жұрт сол тортты жеп те қарық қылмайды, бекерге рәсуа болады. Екіншіден, қуаныш үстінде шам сөндіру – қазақта жаман ырым. «Шырағың сөнбесін» деп тілейміз ғой бір-бірімізге. Мынау – енді ғана шаңырақ көтеріп, шам жағып жатқан жас отау үшін тіптен жақсы ырым емес. Сосын екі жас пен оның ата-анасы ортаға шақырылып, бір-біріне торттан ауыз тигізеді. Бұл қайдан шыққан салт, не сән? Алғашқы күні-ақ қайынатасы мен енесінің аузына қасық тыққан келін ертең олардың көзіне пышақ тығып жүрмей ме? Бұл дәстүрсымақтың орнына келін шәй ұйымдастырса қандай жақсы болар еді? Әрине, тойдағы адамның бәріне шәй құюы шарты емес. Төрдегі ең үлкен әжелер мен аталардың үстеліне барып, ол кісілерге ықыласпен бір-бір кесе құйып берсе, баталарын алар еді ғой.  

Жақсы ісің де, жаман қылығың да тікелей ұлтыңа барып тиеді

Ауылда жүргенде қай-қайсымыз да тек әке-шешеміздің перзенті болдық. «Пәленшенің қызы ғой, өркені өссін!» дейді ел риза болса. Әлдебір қателігің болса, «Өй, Түгеншенің баласы емес пе, ата-анасы жақсы адамдар, бұл нағып мұндай болды екен?» деп, кейіп жатады. Ал туған ауылдан ұзап, қалаға, басқа ортаға келген сәттен бастап бәріміз «қазақтың ұлы», «қазақтың қызы» атанамыз. Себебі, бұл жақта ешкім де ауылдағы Пәленше мен Түгеншені танымайды – қазақсың ба, жақсы ісің де, жаман қылығың да тікелей ұлтыңа барып тиеді. Иығыңа ата-анаңның, әулетіңнің, аулыңның ғана емес, ұлтыңның жауапкершілігі, ұлтыңның намысы артылғанын сонда білесің. Қазаққа еңбек сіңірген адам деп мен ұрпағын намысты, қазақы, білімді етіп тәрбиелеген адамдарды ғана айтар едім. Сондықтан қайда жүрсеңдер де «қазақтың ұлы», «қазақтың қызы» деген атқа лайық болып жүріңдер, айналайындар! * * * Кездесу барысында бұдан да басқа тақырыптар сөз болды. Көпшілікті қызықтырған бала тәрбиесі, ене мен келін арасындағы қарым-қатынас, жаңа тігілген жас отаудың қиындықтары, «Шуақты күндердің» жазылу тарихы, Бауыржан атаның мінезі, Бақытжан ағаның әзілкештігі, тұсаукесер салты туралы жан-жақты әңгіме шертілді. Дәстүрлі әнші Гүлшат Тәкежанованың өтінішімен, З.Ахметова сахнада оның кішкентай қызының тұсауын кесіп, батасын берді. Осындай сырласу кештерін сағынған көпшілік жазушыдан қолтаңба алып, суретке түсті.  Жазып алған – Сәкен СЫБАНБАЙ.