Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың биылғы жылғы 30 қарашадағы Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауы елді бір серпілтіп тастады.
Халқымыз қатты қызығушылық танытып, асыға күтетін жылдың басты саяси оқиғасы болып табылатын Президент Жолдауы – мемлекетіміздің бағыт-бағдарын айқындайтын, халықтың алдына жаңа міндеттер қоятын жылдың басты құжаты. Елбасының биылғы Жолдауы аса күрделі кезеңде жарияланып отыр. Алпауыт елдердің текетіресі мен санкциялар алмасуы, халықаралық терроризмнің өрши түсуі, босқындар ағыны, шикізат бағасының төмендеуі мен жетекші елдер экономикасы өсуінің баяулауы әлемдік экономиканы дағдарысқа әкелді. Еліміз әлемдік экономиканың құрамдас бөлігі болғандықтан, біз де басқа елдер сияқты әлемдегі орын алып отырған осы үдерістердің қармағына ілініп отырмыз. Бұл – біз үшін жаңалық емес, саяси экономиканың заңдылығы. Даму мен дағдарыс капиталистік экономикада кезекпе-кезек алмасып отыратын заңдылық екені бұрыннан белгілі.
Қазіргі дағдарысқа біз тәжірибе жинақтап, алдын ала дайындықпен келіп отырмыз. Елбасының тікелей тапсырмасымен іске асырылып жатқан еліміздің Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында біз шикізат ресурстарына ғана қарап қалмайтын экономика құрудамыз. Бес жылда өңдеу өнеркәсібі 1,3 есеге, химия өнеркәсібі мен құрылыс материалдары өндірісі 1,7 есеге өсті. Жаңадан машина жасау өнеркәсібі пайда болды, экспорт 3 есе артты. «Нұрлы Жол» мемлекеттік инфрақұрылымдық даму бағдарламасы іске асырылуда. Бізде қажетті Ұлттық қор мен алтын-валюта резерві бар. Ұлттық валютамыз – теңге еркін бағамға көшті. Бес институттық реформа мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспары жүзеге асырыла бастады.
Тағы бір ерекше айта кететін жайт, еліміздің тұрғындарының экономикаға деген көзқарасының түбегейлі өзгеруі. Нарықтық қарым-қатынастарды, еңбек өнімділігін, табыстарын, өздерінің даму жолдарын толық меңгерген меншік иелері пайда болды. Нәтижесінде елімізде еңбек өнімділігі 60 пайыздан астамға артты. Халқымыздың әл-ауқаты көтерілді. Білім беру мен денсаулық сақтауға жұмсалған шығындар соңғы 10 жылда 10 есе өсті. Тәуелсіздік жылдары елімізде жаңадан 1700-ден астам білім беру, 1300-ден астам денсаулық сақтау, жүздеген таза ауызсумен қамтамасыз ететін, тағы басқа көптеген әлеуметтік нысандар іске қосылды. Медициналық қызмет көрсету сапасы жақсара түсті. Халқымыздың саны өсті. Жұмыссыздық азайды. Тарихымыз, мәдени мұраларымыз түгенделіп, халық игілігіне жұмыс істеуде. Халқымыздың әлеуметтік-экономикалық жағдайының түзелуінің арқасында отандастарымыздың орташа өмір сүруі 72 жасқа жуықтады.
Бір шолып қарағанда, адамды бәлендей әсерге бөлей қоймайтын осынау құрғақ цифрлардың астарында көп мән жатыр. Егер егемендіктің алғашқы жылдарындағы өндіріс біткен тұралап, жаппай жұмыссыздық белең алып, ішкі жалпы өнімнің жылдық көлемінің құлдырау көрсеткіші 25,4 пайыз болып, инфляция шарықтап (1992 жылы – 3061 пайыз, 1993 жылы – 2265 пайыз), адамдардың жаппай күйзеліске түскен кезеңін еске алсақ және сол кездегі жағдайды халықтың қазіргі тұрмысымен салыстырсақ, екеуінің арасы жер мен көктей екені бірден көзге түседі. Осы салыстыру арқылы-ақ еліміздің өсіп-өркендеу жолдарын айқын аңғаруға болады.
Әлемдегі сын-қатерлерді талдап, алысты болжап, келешекте атқарылар істерді бүгінгі нақты жағдайлармен шебер ұштастыра білетін Елбасымыз биылғы Жолдауында кез келген дағдарысқа қарсы 3 стратагема бар олар: «өсім, реформалар, даму» деп атап көрсетіп, оны орындауға байланысты міндеттерге тоқталды. Осы бағытта 5 институттық реформа мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру үшін қысқа мерзім ішінде көптеген заңдар қабылданды. Олар 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істей бастайды.
Елбасы өз Жолдауында дағдарысқа қарсы және құрылымдық жаңарулардың 5 бағыты бойынша: қаржы секторын тұрақтандыру, бюджет саясатын оңтайландыру, жекешелендіру және экономикалық бәсекелестікті ынталандыру, жаңа инвестициялық саясат және жаңа әлеуметтік саясатты іске асыру бағыттарын айқындап, оларды орындау біздің негізгі міндетіміз екенін, біздің мақсатымыз – елі бақытты, жері гүлденген қасиетті Отанымыз – Қазақстанды «Мәңгілік Ел» ету екеніне ерекше тоқталды.
Қаржы секторын тұрақтандырудағы негізгі міндеттері: теңгенің еркін бағамы жағдайында тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету, инфляция деңгейін 4 пайызға дейін төмендету, біртұтас зейнетақы қорын, проблемалық несие қорын Ұлттық банктің бақылауынан шығарып, оларды 2016 жылы жеке қазақстандық немесе шетелдік компаниялардың басқаруына беріп, зейнетақы қорының табыстылығын арттыру.
Қаржы секторының теңгенің еркін бағамы жағдайында жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін Ұлттық банк несиелері бойынша терең талдау жасап, үмітсіз қарыздарды есептен шығаруы керек. 2015 жылдың басында еліміздің банк секторында жұмыс істемейтін қарыздар көлемі 4 трлн. теңгеге жуық болды. Және бұл банктер портфелінің 29 пайызын құрады. Бұл – әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Мерзімі өткен қарыздар көлемі Орталық және Шығыс Еуропа елдерінде – 9%, Англияда – 8%, Германияда – 7%, Ресейде – 5%, Оңтүстік Корея мен Сингапурде – 1%. Егер еліміздің экономикасын, шағын және орта бизнесті несиелендіруді жаңғыртамыз десек, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың еліміздің банк секторында жұмыс істемейтін қарыздарды 2015 жылы 15%-ға дейін, 2016 жылы 10%-ға дейін төмендету жөнінде қойған міндеттерін орындауымыз керек. Сонымен бірге, долларсыздандыруға бағытталған іс-шаралардың барлығын да тиянақты атқарып, ел тұрғындарының ұлттық валютамыз – теңгеге деген сенімін нығайтуға қол жеткізудің маңызы ерекше.
Елбасы Жолдауындағы Ұлттық банктің қоғам мен қаржы мекемелеріне өз қызметінің мәселелері бойынша үнемі тиянақты ақпарат беріп отыруы тиіс деген тапсырмасы өте орынды деп есептеймін. Еліміздегі барлық жеке және заңды тұлғалар бар жиған-тергенін банкке депозитке салады, банк арқылы жұмыс істейді, несие алады және тағы басқа да қызметтер жасайды. Салық төлеушілерден жиналған бюджет қаражатынан, Ұлттық қордан екінші деңгейлі банктердің жұмысын жандандыруға қаржы бөлінеді. Ол қаржылар қалай жұмыс істеуде, қайтарымы қандай, алдағы кезде қандай күрделі мәселелер туындауы мүмкін, несиелердің жағдайы қалай, осы сияқты салымшыларды ойландыратын басқа да сұрақтарға Ұлттық банк тарапынан тиісті дәрежеде ақпарат берілмейді. Керек десеңіз, Ұлттық банктің төрағасын тағайындауға келісімді Парламент Сенаты береді, алайда, Сенат келісімін беріп, тағайындалған Ұлттық банктің бұрынғы басшыларының бірі ұдайы жыл сайынғы Сенатқа беретін есебіне өзінің орынбасарларын жіберіп отырғанын бұқаралық ақпарат құралдары жарысып жазғанын да білеміз.
Қазақта «Көрпеңе қарай көсіл» деген мәтел бар. Бұл тура қазіргі дағдарыс жағдайында басшылыққа алынатын қағида болуы тиіс. Себебі, бүгінде елімізде шикізат бағаларының түсуіне байланысты салық түсімдері 20 пайызға азайды. Оның ішінде қосымша құн салығы – 25 пайызға, ал корпоративтік табыс салығы 13 пайызға төмендеді. Елбасы біздің алдымызға мемлекеттік кірістер мен шығыстардың бүкіл жүйесін қайта қарау, жаңғырту, салықтық әкімшілендірудің тиімділігін қамтамасыз ету міндетін қойды. Бұл – өте орынды мәселе. Парламентте талқыланатын Үкімет пен Есеп комитеттерінің республикалық бюджеттің орындалуы туралы есебінде осы мәселе жыл сайын көтеріледі. Мәселен, Есеп комитетінің мәліметі бойынша, салықтық әкімшілік ету сапасының төмендігіне байланысты 2014 жылы салықтық түсімдер бойынша бересі (недоимка) 2013 жылмен салыстырғанда 1,8 есеге ұлғайып 78 млрд. теңге болды. Ал салықтық түсімдер бойынша артық төлемдер 1,7 трлн. теңгені немесе 2014 жылғы барлық салықтық түсімдердің 46%-ын құрады. Әрине, бұл кейінгі қаржы жылының, яғни 2015 жылдың кірістер бойынша жоспарының орындалмауына сөзсіз әсер етті.
Елбасы бюджет шығыстарын оңтайландыру мақсатында Үкіметке барлық бюджеттік бағдарламаларға толық ревизия жүргізуді тапсырды. Тиімсіз, артық шығындар немесе жекеменшік сектор арқылы шешілетін шығындар бюджеттен қысқартылуы керек. Бұл бағытта шешімін табуды қажет ететін мәселелер жеткілікті. Мәселен, 2014 жылғы «Республикалық бюджет туралы» заң жобасы Парламентте 2 рет нақтыланып, оны іске асыру туралы Үкімет қаулысына 24 рет өзгеріс пен толықтыру енгізілген. Яғни, орта есеппен айына 2 реттен өзгерістер енгізілген, ең соңғысы 30 желтоқсан күні енгізілген. Соған қарамастан, жыл қорытындысы бойынша 26,4 млрд. теңге игерілмей қалды. Өңірлерге нысаналы трансферттер ретінде берілген 13,1 млрд. теңге игерілмей, республикалық бюджетке қайтарылды. Ал 2015 жылы қарашада болған Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Е.А.Досаев 2015 жылы бюджет қаражатының 68 пайызы ғана игерілгенін айтты. Дағдарыс кезінде, қаржы жетпей жатқанда бөлінген қаржылардың игерілмеуі тіптен түсініксіз. Оның себептері толық зерттеліп, келешекте ондай жағдайларды болдырмау жолдары қарастырылуы керек.
Соңғы кездері еліміздің мемлекеттік және мемлекет кепіл берген борыштың көлемі ұлғайып келеді. Шетелдерден еліміздің дамуына тікелей әсер етпейтін қарыздар алу да жиілеп кетті. Мысалы, жуырда Парламентте «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта құру және Даму банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Шағын және орта кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру жобасы) ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды. Келісімге сәйкес несиеге алынып жатқан 40 млн. АҚШ доллары негізінен кәсіпкерлерді оқыту, әртүрлі консультациялар мен жаттықтырушы шеберлерді даярлау үшін өткізілетін тренингтер, семинарлар мен оқуларға, солардың әртүрлі жолсапар шығындары мен тамақтануларына жұмсалады екен. Әрине, бұл да керек шығар. Алайда, қазіргі қиын жағдайда мұндай несиелердің қажеті бар ма?!
Біз қазіргі дағдарыс жағдайында да, алдағы кезде де, экономикада да, басқа секторларда да шикізат бағаларының өсуін күтіп отырмай, жаңаша ойлау, жаңаша іс-қимыл жүйесін қалыптастыруымыз керек. Ол үшін Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бұрыннан талап етіп келе жатқан, ал қазіргі қалыптасқан жағдайда бірінші кезекке көтеріліп отырған жаппай үнемдеу, ысырапкершілікке жол бермеу мәселесін басшылыққа алып, жұмыс істеуіміз керек. Үнемдеу тек бюджеттік бағдарламаларды қысқарту емес. Ресурстарды, қаржыларды, уақытты үнемдеуді науқаншылдыққа айналдырмай, оны барлық салада ендіріп, табыс әкелмейтін артық шығындарды қысқартып, өнімнің, қызметтің, жұмыстың өзіндік құнын азайтуға, сапасы мен еңбек өнімділігін арттыруға, бір сөзбен айтқанда, бәсекеге қабілетті етуге жетуіміз керек. Мәселен, кәсіпкерлерге рұқсат беру мерзімін барынша азайту, әкімшілік кедергілерді жою, артық функцияларды бәсекелестік ортаға беру және тағы басқалар.
Мысалы, бүгінде электр қуатын үнемдеу мен энергия тиімділігін арттыру еліміздегі өте өткір мәселелердің бірі болып отыр. Қазіргі таңда Қазақстанда ішкі жалпы өнімнің 1 долларын өндіруге 2,8 кВт/сағ. шығындалса, Жапонияда – 0,22, Ұлыбританияда – 0,23, Германияда – 0,27, АҚШ-та – 0,30, Түркияда – 0,56, Қытайда 1,22 кВт/сағ. жұмсалады екен. Яғни, бұл – Қазақстанда электр энергиясы тиімді пайдаланылмайды, ысырапшылыққа жол беріледі деген сөз. Ал дамыған елдердің көрсеткіші бізден бірнеше есе төмен. Сол себепті бүгінде электр қуатын үнемдеу күн тәртібіндегі басты міндеттердің бірі болуы тиіс.
Ауыл шаруашылығына келсек, елімізде 1 га ағын су нормадан артық жұмсалады, су пайдалану коэффициенті төмен. Республика бойынша су пайдалану коэффициенті 0,72 болса, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарында ол 0,6 ғана болып отыр. Егер еліміз бойынша су пайдалану коэффициентін 0,82-ге көтерсек, 127 000 гектар жерді суландыратын 1 млрд. 272 млн. текше метр су үнемделеді екен. Дамыған елдерде 1 м3 суға 2,5-6,0 кг ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілсе, бізде небәрі 0,4-0,8 кг ғана немесе 5-6 есе аз өндіріледі. Су үнемдеу технологиясының ең озық түрі – егістікті тамшылатып суару әдісі. Бұл тәсіл суды 3-4 есе үнемдейді, гектар өнімділігі 3-4 есеге артады, тыңайтқыштарды пайдалану коэффициенті 2-2,5 есе артады. Нәтижесінде өнімнің өзіндік құны төмендейді, әр гектардан түсетін таза пайда мен еңбек өнімділігі 3,5-4 есе өседі. Міне, бұл – озық инновациялық технологияны ендірудің жемісі. Осындай мысалдарды экономиканың барлық саласынан келтіруге болады. Алдағы кезде барлық бағытта ресурстарды үнемдейтін осындай озық технологияларды ендіруге күш салуымыз керек. Яғни, бұл біздің күнделікті жұмысымыздың нормасына айналуы тиіс. Кез келген мәселені шешуде, атқаруда, өндіруде әрбір кәсіпкердің, мемлекеттік қызметкерден бастап, әкімдердің, орталық атқарушы орган басшыларының, Үкіметтің жұмыстарының басты бағыттарының бірі болуы тиіс.
Тағы бір айта кететін мәселе, қазіргі қиын кезеңнің өзінде жаңа инновациялық технологиялар мен идеяларды іздестіру, оларды өндіріске ендіру арқылы түпкі өнімдер өндіруді, қосымша құн алуды көбейту арқылы жаңа табыс көздерін қарастыру өте маңызды.
Елбасы Жолдауында мемлекеттік шығындар мен субсидиялар жүйесін қайта қараған жөн екенін атап көрсетіп «ҚазАгро» Ұлттық холдингі арқылы көрсетілетін мемлекеттік қолдау ауыл шаруашылығы тауар өндірушілердің тең жартысы үшін қолжетімді емес екенін өте дұрыс айтты. «ҚазАгро» ҰХ арқылы соңғы жылдары агроөнеркәсіп кешенін индустрияландыру, қаржыландыру бағытында көптеген жұмыстар атқарылды. Алайда, Елбасы айтқандай, «ҚазАгро» ҰХ қаржылық институттары тарапынан берілетін қаржылар барлық өңірлер мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін толық қамтымайды. Мысалы, 2013-2015 жылдары «ҚазАгро» арқылы ауылшаруашылық тауар өндірушілерге егін егу мен жинауға жыл сайын республикалық бюджеттен 60 млрд. теңге көлемінде арзандатылған несиелер берілді. Бұл несиелер бүкіл республика өңірлеріне берілуге тиіс болса да, оны негізінен астық егетін солтүстік облыстар ғана алып келді. Мысалы, 2013-2015 жылдары көктемгі дала жұмыстары мен егін жинауға берілген жыл сайынғы 60 млрд. теңге несиенің 95%-ын Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының ауылшаруашылық тауар өндірушілері алып келген. Республиканың қалған өңірлері небәрі 5% несие алса, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарының шаруалары ешқандай несие алмаған.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен тәуелсіздік жылдары елімізде белсенді әлеуметтік саясат жүргізіліп келеді. Әрқашанда, өткен қиыншылықтарға қарамастан, әлеуметтік саланы дамыту ең бірінші кезекте болып келді. Тек, соңғы 10 жылда әлеуметтік салаға жұмсалған мемлекеттік шығын 3 есеге өсті. Мемлекеттік жәрдемақылармен және төлемдермен 1,5 миллион адам қамтылған. Әлемдегі дағдарысқа қарамастан, Елбасы 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің еңбекақысы – 28 пайызға, білім беру саласы қызметкерлерінікі – 29 пайызға, әлеуметтік қорғау қызметкерлерінікі – 40 пайызға, әлеуметтік жәрдемақылар – 25 пайызға, «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысының 30 пайызға артатынын жариялады. Үкіметке 2016 жылдың 1 тоқсанына дейін еңбекпен қамтудың жаңа «Жол картасын» жасауды тапсырды. Ол елді мекендерді абаттандыруға, инфрақұрылымдарды дамыту жобалары арқылы жұмыссыздыққа жол бермеуге, кадрларды қысқа мерзімде қайта даярлау, біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді. Кәсіпкерлікті дамытуға микронесиелер беруге жағдай жасайды.
Елбасы Жолдауы біздерге – Парламент депутаттарына да үлкен жауапкершілік жүктейді. Өйткені, біздер өзіміздің заң шығару кәсіби міндеттерімізді атқарып, қабылданатын заңдардың сапасын көтеріп, еліміздің алға дамуына мұрындық болуымыз қажет.
Қуаныш АЙТАХАНОВ,
Парламент Сенатының депутаты.
"Егемен Қазақстан" газеті
Өкпек жел өрлеуге кедергі емес
2015 ж. 27 желтоқсан
2239
0