ҚАЙРАТКЕР қалай «ЕҢБЕК СІҢІРЕДІ»?
2015 ж. 21 желтоқсан
7053
9
Ақпарат ағынынан белгілі болғандай, Тәуелсіздік күніне орай әртүрлі дәрежедегі мемлекеттік марапатқа ие болған 200-ден астам қазақстандықтардың арасында бір топ өнер өрендері «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алды. Олардың қатарында Медеу Арынбаев, Айгүл Иманбаева, Ғани Құлжанов, Саят Медеуов, Мұқасан Шахзадаев, Жанар Дұғалова және Тұрсынбек Қабатов бар.
Бүгінде өзін қайраткер санайтын қазақ көп: «қоғам қайраткері», «өнер қайраткері», «мәдениет қайраткері»... Бірақ олардың ол қайраткерлігі мемлекеттік марапатпен анықталған кезде, төсбелгі иелерін түстеп шығудың кемістігі болмайды. Себебі осы атақтың атауындағы «Қазақстан Республикасы...» – елдің бәріне ортақ ұғым. Оның үстіне «еңбек сіңірген» деген тіркесі бар атақ лайықты иегеріне табыс етілуіне ел президенті ғана емес, барша жұртшылық мүдделі болса керек. Сонымен, маңызды марапатқа ие болған өнер иелері «еңбек сіңіргендер» санатына лайық па? Қазақ өнері мен эстрадасы сахнасында біраз жылдардан бері танылып жүрген Медеу Арынбаев, Айгүл Иманбаева, Ғани Құлжанов, Саят Медеуов, Мұқасан Шахзадаев туралы тулап сөйлеудің реті жоқ: «еңбек сіңіретін» және осыған орай атақ алатын кездері келді.
Тек бұл атақ Мұқасанға берілсе, оның топтағы сыңары Нұрлан Қонысбаев неге қатардан қалыс қалды деген сұрақ тууы әбден орынды. Себебі өзіндік дауысымен ерекшеленетін Мұқасанның «еңбек сіңіргенін» құп көрсек те, ол соло-солист емес екенін барша жұрт біледі. Сахнадағы сыңары қалай ғана «еңбек сіңірмей» қалды екен? Егер «еңбек сіңіру» категориясы әлдебір үлкен жетістікке, мәселен,
«Түрківижен» халықаралық байқауының бас бәйгесін алып келген Жанар Дұғалованың атақ алу жағдайында берілген болса, бұл марапатқа қазақы қалыппен алабөтен сөз айтудың жөні жоқ. Қазақтың эстрада өнерін түркі дүниесінде дүркіреткен дүлдүл Дұғаловаға дау айтуға болмас. Әйтпесе қаншама талант иесі болса да, Жанардың «еңбек сіңіргеніне» небәрі бірер жыл ғана болған әнші екенін екінің бірі біледі... Ал егер «еңбек сіңіруді» ұзақ жылдар мысқалданған еңбекпен бағалар болсақ, қазақта атақ алар кезегін күтіп жүргендер аз емес. Олардың арасында сол атаққа жете алмай-ақ, басқа дүниеге кетіп қалғандар да бар. Осы
тұрғыдан алғанда, аталған екі топқа Тұрсынбектің қалай қосылғаны бірер қайырым селкем сөздің ұшығын суыртпақтайды. Талантты әзілқой жігіттің сайқымазақтар сахнасындағы өнеріне бұл атақ «аванспен» берілген болса керек... Әйтпегенде құрылғанына бес жыл болмаған Тұрсынбектің театры 20 жылдық тарихы бар «Шаншарды» шаң қаптырды деп айта алмайсың. Әлде сол «Шаншардағы» Уәлибек Әбдірайымовтың елге «еңбек сіңіру» мезеті әлі толысып-тумады ма? Ал сөйлер сөзі түгілі, тұрған бойдағы түрінің өзі күлкі тудыратын Жүсіп Ақшораев ше? Ол қашан «еңбек сіңіріп» болады? Жо-жоқ, «байдың малын байқұс қызғанған» емес, Тұрсынбек те «сіңірген еңбегінің» ақысын алсын. Оның сахнадағы бүгінгі өнеріне өзге сөз айту – көптің көңіліне топырақ шашумен бірдей. Бірақ Уәлибек пен Жүсіп сол өнерге кенде қызмет қылып па? Мәселе – осында. Мәселе – «қайраткерліктің» ұзын-қысқалығын, жуан-жіңішкелігін, үлкен-кішілігін бағамдап жүрген өкіметтің өлшемінде жатыр. Жанына жаққанын өзіне тартып, өзгесін өңменнен итеру – өнерге өлшем де, баға да бола алмайды. Әйтпесе Қабатовқа қаратып, басқадан бұрын «еңбек сіңіріп» қойдың деудің қисыны жоқ: алған атағы құтты болсын!
Тек бір ғана уайым бар: Жүсіп пен Уәлибекті «еңбек сіңірулерімен» құттықтайтын күн қашан туар екен? Әлде ел таныған тарландарға атақ алу (беру) артық болар. ...Ежелгі Ресей армиясындағы офицерлер арасында «наградой не унижен» деген сөз болған екен. Бәлкім, бүгінде сол сөздің құны қымбат па екен: «унижен» болғанша, «уважаем» артығырақ құрмет шығар...
Сырым ДАТОВ
(«DAT» №44 (315), 17 желтоқсан 2015 ж.).