Жақында отандық телеарналарға сұхбат берген Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев шешім қабылдауда ішкі сезімге жиісенім артатындығын айтты. «Әсіресе, өзім тағайындаған азаматтарды жұмыстан босатқан кезде қатты қиналамын», – деген Елбасы сенімге селкеу түсіртетін серкелер туралы ағынан жарылған. Бұл туралы Абай порталы Nur.kz сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.
«Ә дегенде әрине, тәжірибеге жүгінесің. Тағайындайтын адамдарды білесің, істеп жүргенін, кімнің қалай екенін... Бәрін таразыға салып, қайсысы деген кез шынымды айтсам мен үшін ең қиын мәселе осы. Біріншіден, өзім тағайындаған азаматтардың сол жұмысты істей алмай, жұмыстан босатқан кезде қиналамын. Себебі оның өзін ғана емес, балаларын, ағайын-туғандарын ойлаймын. Мынаның аяғы шалыс кетіп, барлығы қиналады-ау деп, мынаны қазір жұмыстан алып тастасам, өзі де, барлығы да қиналады-ау деп ойлаймын. Одан кейін нақ тауып, дөп тауып, ертең жұмыс істеп кететіні қайсысы екен деп, оған да қатты қиналатыным рас. Ал енді тиісті адамды тауып, орнына қою, ол да аз шешім емес», – деді президент.
Елбасының атап өтуінше, бір адам бірінші басшы болғанда өзін көрсете алады. Екіншісі өмір-бақи екінші орында тұрса, үшінші біреу үшінші орында өзін жақсы көрсетеді. Ал кадр таңдауда қателік жіберу бүкіл елге, мемлекетке зиянын тигізуі мүмкін.
«Мысалы, айтайық, Алматыдан Астананы осы жерге алып келу оңай шаруа ма? Ойлайсың, ертең ана жаққа ұшаққа отырып барайын деп. Барайын деп тұрасың ғой, бірақ бірдеңе саған «барма» деп тұрады – ішкі түйсік. Түйсік деген сөз, қазақта түйсіксіз екенсің деген сөз бар ғой. Түйсік деген бұл сөзге жатпайды. Меніңше, сезім деген дұрыс сияқты. Менде ол бар», – дейді мемлекет басшысы.
Иә, Қазақстан Тәуелсіздігін алған ширек ғасырдың ішінде ҚР билік басына түрлі саяси топтар келді. Ішкі саясаттағы Президент Назарбаевтың тәрбиелеп, қалыптастырған шәкірттері көп жағдайда сенімге селкеу түсіріп жатты. Про-президенттік фигуралардың мұндай еркелігіне ел түгілі Елбасының өзі қайран қалып, кейбірін жазалауға көшкенде жұрт «командадан» шығып қалған ойыншыларды ағаш атқа мінгізіп қойып қаралауға көшті.
24 жылда Қазақстандағы президенттік басқару жүйесі әбден орныққандықтан, елдегі билік орындарына кімдерді, қандай фигураларды қоюды Президент өзі шешетіні әмбеге аян. Президенттік басқару жүйесі дегеніміз дәл осы, міне. Ендеше соңғы жылдары үлкен ойыншылар қатарынан шығып қалған немесе сызылғандар кімдер?
1.Серік Ахметов:
Лауазым, мансабы: ҚР Премьер-министрі, ҚР Мемлекет қайраткері, э.ғ.д.
Не үшін айып тағылды: Аса ірі көлемде бюджет қаржысын жымқыру, қосымша 6 қылмыстық іс қозғалған. Тергеу жұмыстары аяқталмаған және қазіргі таңда оның қылмысына қатысты мәліметтер 326 томды құраған. 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
2. Аслан Мусин:
Лауазым, мансабы: ҚР есеп комитетінің бұрынғы төрағасы, ҚР Президент әкімшілігінің экс-басшысы, ҚР Мемлекет қайраткері.
Не үшін командадан шықты:
www.uralskweek.kz және «Адам bol » журналдарының болжамынша, Маңғыстаулық ақсақалдардың ел тізгінін батыстықтарға тапсыру туралы «жасырын хатына» қатысы барлығы әшкереленген-мыс. Сонымен қатар Аслан Мусиннің ұлы діни-экстримистік топпен байланысы анықталған. Осы үшін бірнеше уақыт үй қамаққа алынып, кейін Президенттің рақымымен, Қазақстанның Хорватиядағы елшісі болып тағайындалған.
3. Бақытжан Жұмағұлов:
Лауазым, мансабы: мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Білім және ғылым министрі (2012 жылдан бастап).
Саяси былықтары: “INSIDERMAN” интернет-басылымында “Министр Жумагулов подозревается в масштабном и беспринципном плагиате” атты материал жарық көрдi. Автордың (А.Құдайқұлов) айтуынша, Қазақстанның Бiлiм және ғылым министрi Бақытжан Жұмағұлов өзiнiң 1997 жылы қорғаған докторлық диссертациясын түгелге жуық өзге ғалымдардың еңбектерiнен ұрлап алған. 2013 жылы Қаржы полициясы білім министрі Бақытжан Жұмағұловтың орынбасары Саят Шаяхметовтың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Атқамінерге құрылыс компаниясының екі басшысымен ауыз жаласып бюджеттің 1 жарым млрд теңгесін қалтаға басқан деген айып тағылып отыр. Қыруар қаржы Өскемендегі 700 орындық кәсіптік мектепті салуға жұмсалуы тиіс екен. Осыдан кейін-ақ, Жұмағұловтың жолы болмай қойды.
4. Жақсыбек Құлекеев:
Лауазым, мансабы:
ҚР статистика агенттігінің төрағасы, ҚР экономика министрі, ҚР экономика және сауда министрі, республикалық бюджеттің орындалуына бақылау жасау жөніндегі Есеп к-тінің төрағасы. 2003 жылдың мамыр айынан ҚР Білім және ғылым министрі. Мемлекет қайраткері, ғалым, экономика ғылым кандидаты.
Не үшін айыпталды? Қазақстандық олигарх топтардың арасындағы кикілжіңнің құрбаны болып кеткен тағы бір фигура – Құлекеев еді. Ол «Қазақстан темір жолы» компаниясының басшысы болып тұрған кезде аса ірі көлемде пара алды деген айыппен темір торға тоғытылды.
5. Жақсылық Досқалиев:
Лауазым, мансабы: ҚР бұрынғы денсаулық сақтау министрi. ҚР МҒА академигі. ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденімен марапатталған.
Жазасы: 2009 жылы Президенттік компаниядан аластатылып, қаржы полициясы Жақсылық Досқалиевтің үстінен «қызмет бабын асыра пайдаланды» деген айып бойынша қылмыстық іс қозғаған.
6. Бауыржан Әбдішев:
Лауазым, мансабы: мемлекет және қоғам қайраткері, Қарағанды облысының әкімі.
Айыбы: 2014 жылы Қызметтік өкілеттілігін теріс пайдаланды деп айыпталған Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев қамауға алынған.
7. Талғат Ермегияев:
Лауазым, мансабы: ҚР Мемлекет қайраткері, ҚР Спорт және туризмнің экс-министрі. «Астана EXPO» ұлттық компаниясының экс-төрағасы.
Айыбы: Бүкіләлемдік көрменің бар қаржысын жеп қойған-мыс. Астана қаласындағы Алматы ауданының №2 аудандық сотының шешімі бойынша Талғат ЕРМЕГИЯЕВ мырза әзірше екі айға үйқамаққа алынды. Оған еліміздегі Қылмыстық кодекстің 176-шы бабының 4-ші және 6-шы тармақтары бойынша айыптар тағылып отыр.
8. Қажымұрат ҮСЕНОВ:
Онымен қоса, осынау ғаламат көрменің «тігісін жатқызып» жатқан құрылыс департаментінің экс-директоры, әлгі ұлы МАҚСАТ «қазақстандық Шумахер» атанғаннан кейін өз еркімен қызметінен бас тартып, әйтсе де «сол маңайдан» кете қоймай, там-тұмдап кеңесшілік қызмет атқарып жүрген Қажымұрат ҮСЕНОВ-те қамауға алынған.
Бұның сыртында жегені мен жымқырғандары миллиардтап есептелетін, Виктор Храпунов, Бергей Рысқалиев, Мұхтар Әбләзов т.б. ірі фигуранттар да бар. Қазақстан қазынасын тонап қашқан бұл қайреткерлер кезінде Елбасының командасындағы кадрлар болған еді.
Сонымен, Президентің ерекше қамқорлығының астында шалқып-тасып жүрген шенеуніктеріміз бірінің артынан бірі ұстала бастады. Тіпті, Президент Назарбаевтың өзі, Үкіметтің кезекті жиынында (ағайынды Рысқалиевтерді меңзеп) «Осынша уақыт тәрбиелейсің, адам қыласың саясатқа араластырасың, оларды баптайсың. Ал олар болса, соған масайып, банды құрып, сеніміңді быт-шыт етеді» дегені есіңізде болар. Иә, Елбасы сенген еркелерге не болып жатыр өзі – кейінгі кездері… Көп асаймын деп жоқ асаптының кебін кигендер үшін енді Президенттік команда «Бақ деген құс, тақ деген түске» айналған. Елді бір, Елбасын екі алдап соққандар енді олар бұрынғы мәнсабына қайта орала алмайды. Жоғарыдағы Президент айтқан, өзі тағайындаған серкелер осылар болса керек...
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Абай