ДАЛА ДАРЫНДЫ ӘБІШ ТЕ ӨТТІ ДҮНИЕДЕН...
2015 ж. 14 желтоқсан
6360
1
Ұлт руханиятының бір қабырғасы опырылып түсті. Қазақ әдебиетінің заңғар бір шыңы құлады. Халықтың қасиетті қарасөзі қара жамылды. Зергер суреткер, кемел қайраткер, Еңбек Ері, Халық жазушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбіш Кекілбайұлы өмірден озды.
Әбіш қаламынан туған «Үркер», «Елең-алаң» сынды эпикалық романдар мен «Бір шөкім бұлт», «Дала балладалары», «Күй», «Құс қанаты» секілді көптеген терең философиялық хикаяттар мен әңгімелер ұрпақ санасына ұзақ сәуле шашатын шын мәніндегі классикалық туындылар екені анық.
Түпсіз терең ойшыл, мінезі баладай, дарыны даладай, теңіздей тебіреніп сөйлеп берсе сөз құнын саф алтынға айналдырған дүлдүл шешен, көкейі сарқылмас жақұт қазына Әбекеңнің ірі мемлекет қайраткері ретіндегі қызметтік жолы еліміз тәуелсіздік алған жылдармен тығыз байланысты. Ол тұңғыш Мемлекеттік хатшы, Елбасы кеңесшісі және Сенат депутаты болды. Парламентте қазақ тілі мен ұлттық тарих, мәдениет мәселелерін көтерді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында: «Бостандық ұлтты бодандықтан да қатты сынайды» деп, жас мемлекеттің керегесі кең, уығы тең, шаңырағы биік болуына Елбасымен бірге барлық күшін жұмсаған Әбіш Кекілбайұлының кенеттен дүние салуы халықты қатты күйзелтті. Кейбір білікті замандастары айтқанындай, Әбіш еліміздің рухани тіршілігінде болсын, саяси-әлеуметтік өмірінде болсын қайталанбас құбылыс еді, айтқан сайын, қадалған сайын тереңдей түсетін тұтас бір әлем еді. Қазақ әдебиетін баяндаудан философиялық толғауға айналдырған, сырт баяндаудан кейіпкердің ішкі жан-дүниесіне түскен, кейіпкерлерінің табиғатына алты алаштың, қазақ ұлтының қарапайым азаматының да, ханының да тарихын сыйғыза жырлаған ұлы суреткер еді. Әбішпен бірге телегей-теңіз ой өлді. Үлкен кісілік кетті. Дегенмен, артына халқымен бірге жасайтын өлмес шығармалар қалдырып, зор азаматтық келбеттің, жазушылық еңбекқорлықтың, қайраткерлік пен терең ойшылдықтың, теңіздей тебіренген шешендіктің, алғырлық қасиеттердің жарқын үлгісін көрсеткен тау тұлғаның жарқын бейнесі ел жадында мәңгі сақталатыны даусыз. Халқы аман тұрса, жас ұрпақ та Әбіш Кекілбайұлының мол мұраларынан маржан теріп, ерен қаламгер бейнесін шырқау биіктерден көре беретіндігіне күмән жоқ...
Ұлы суреткердің денесі жексенбі күні Ұлттық пантеоннан сая тапты.
"Қазақ үні" газеті
Қазақ халқы Әбіш Кекілбайұлымен қоштасты
Елордадағы «Нұр Астана» мешітінде заманымыздың заңғар жазушысы, ҚР Еңбек Ері, Қазақстанның Халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының жаназасы шығарылып, «Көрме» кешенінде жазушыны ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Рәсімге Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың көңіл айту жеделхатын оқыды. – Қаралы хабарды естіген соң, Елбасы өзінің Тәуелсіздік дәуіріндегі серігі Әбіш Кекілбаевтың отбасына арнайы келіп, көңіл айтты, жеделхат жолдады. Соны оқып беруге рұқсат етіңіздер, – деді Сенат төрағасы. «Белгілі қаламгер, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбаевтың дүниеден өтуіне байланысты орны толмас ауыр қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын. Көрнекті жазушы, терең білімді, жаны таза азамат Әбекең тек қазақ халқының ғана емес, Алты Алаштың әлем алдында беткеұстар ірі тұлғаларының бірі еді. Ол табиғи дарынымен жастай танылды. Мазмұны терең, танымдық мәні зор көркем туындыларымен, қоғамның түйткілдерін тап басатын отты мақалаларымен, философиялық толғамдарымен қаламдас әріптестерінің де, қалың оқырманының да жан-жүрегін тез жаулап, мызғымас бедел иесі атанды», – делінген жеделхатта. Ақтық сапарға шығарып салу рәсіміне, сондай-ақ, ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Қабиболла Жақыпов, Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов, Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов, ҰҚК төрағасы Нұртай Әбіқаев, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев, Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов, ҚР Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин және өзге де зиялы қауым өкілдері мен мемлекет қайраткерлері қатысты. Атақты жазушы Астана қаласындағы Ұлттық пантеонға жерленді.Тұтас бір әлем едің
Қайран Әбеке! Алтай мен Алатаудай Биік едің, Сарыарқадай кең едің, Маңғыстаудай бөлек едің, Атыраудай терең едің. Шетсіз-шексіз Тұтас бір әлем едің. Сенің де кеткенің бе? Ешкімге опа бермейтін Мына жалған тірліктен Сенің де өткенің бе?! Әлде сенің өлімің де Қалың қазақ үшін Атаулы күн боп қалар Текті өлім бе?! Алдында жанып тұратын Қазақтың жарығы едің. Елің мен жеріңнің Халы мен күйін ойлап Қаншама күйініп, Қаншама жанып едің. Тамыры тереңге кеткен, Ұшар басы бұлтқа жеткен Алып едің. Дәл қазір Сенің өліміңнен Қара жер белдеуі Қайысқандай болып тұр. Таулардың белдері Майысқандай болып тұр… Қош бол, Әбеке! Ғұмыр бойы өзің Елім деп өттің ғой, Еліңнің белі Болаттай бекем болсын! Мәңгілік орның Бар қазақ тағзым етер Қасиетті мекен болсын! Әумин! Темірхан МЕДЕТБЕКҚазақтың бір алыбы
Жұма күні, Жұрттың неге естілді жылап үні. Қабырғаңды қайғыдан қайыстырып, Қайтты өмірден қазақтың бір алыбы
Тұтылғаны көктегі секілді айдың,
Жерден ауыр қоздайды жетім қайғым.
Майқы биден қап кеткен марқасқам ед,
Кемел ойлы Әбіші Кекілбайдың
Дүниеге ой салған дүр абызым,
Тіршілікте сен едің тірі аңызым
Өмір жолың айналып өнегеге,
Таңбаланап тариxта тұрады ізің
Ел-жұртыңның көңілі "Елең-алаң",
Сөнгегіне "Үркердің" сене ме адам?
"Ақырғы аялдамаға" жеткен күні,
Кете барды келмеске "Керек адам"
Қайтқан кісі келмейді кері қайтып,
Не жылатып кетеді,не мұңайтып.
Қарт Каспийдің толқыны тулап жатыр,
Қайғысына қазақтың көңіл айтып...
Мейірбек СҰЛТАНХАН
qazaquni.kz