Н.Ә.Назарбаев
Еліміздің Парламенті қабылдаған заңға сәйкес, Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні 1 желтоқсанда мерекеленетін болды.
Еліміздің жоғары заң шығарушы органы мұндай шешімді ең алдымен Қазақтан Республикасында 1991 жылғы 1 желтоқсанда өткен Тұңғыш Президент сайлауымен байланыстырғаны белгілі. Ал бұл сайлаудың ерекшелігі неде еді? 1991 жылғы 1 желтоқсанда, алғаш рет өткен жалпыхалықтық сайлауда егемен Қазақстанның негізін салушы — Нұрсұлтан Назарбаев Тұңғыш Президент болып сайланды. Сайлауға қатысқандардың 98,78 пайызы жақтап дауыс беріп, Мемлекет басшысы ретіндегі сенімін Елбасыға жүктеді.
2015 жылғы 26 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында Қазақстан халқы өз таңдауын жасады. Мемлекет басшысы қазақстандықтардың зор сеніміне ие болды. Сайлау қорытындысы бойынша, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 97,7 пайыз дауыс жинап егеменді еліміздің Ұлт Көшбасшысы болып қайта сайланды.
Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуынан бастап мемлекеттік дамудың даңғылға түсуі жолындағы жұмыстардың басымы Н.Ә.Назарбаевтың есімімен байланысты, ерлігімен ұштасқан дүниелер екені даусыз. Сондықтан да Парламент қабылдаған Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігінің декларациясында: «Ата-бабамыздың ғасырлар бойы асыл арманы болып келген егемен Қазақстанды құру жөніндегі тарихи аманаты 1991 жылғы 1 желтоқсанда бірауыздан Мемлекет Басшысы болып сайланған Тұңғыш Президент — Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың басшылығымен іске асты. Республика Президентінің жетекшілігімен кең ауқымды экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалар жүзеге асырылды. Қазақстан мемлекеттілігінің негізін қалаушы — еліміздің Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаев халықты жарқын істерге жұмылдыру, қоғамдағы татулық пен келісімді нығайту, бүкіл халықаралық қоғамдастықтың ризашылығы мен құрметіне ие болған жаһандық және өңірлік бейбіт бастамалардың авторы ретінде елдің сыртқы саяси бағытын дәл айқындау ісіне орасан зор үлес қосты. Мемлекет Басшысының жан-жақты сараланған ішкі және сыртқы саясатының арқасында еліміз саяси және әлеуметтік-экономикалық сілкіністерге ұшырамай, дербес дамудың өтпелі кезеңіндегі қиындықтар мен сынақтарды еңсеріп, ілгерілеу мен өркендеу жолына шықты».
Бұл даусыз шындық. Өйткені, Қазақстан өз тәуелсіздігі жылдарында әлем мойындаған мемлекеттердің қатарына қосылды. Терезесі түгел елмен тең деңгейге жетті. Ғасырлар бойы бабалар армандаған тәуелсіздіктің туы көкте желбіреді. 150-ден астам елдермен дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, өзге мемлекеттердің даму жолдарын саралай келе, өзінің даңғылын таңдады. Шын мәнінде, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында тәуелсіз Қазақ елі қалыптасып, тарихымыз түгенделіп, тіліміз, дініміз және діліміз қайта оралып, мемлекетіміздің ұлттық рәміздері қабылданды. Қазақстанның шынайы егемендігін қамтамасыз еткен маңызды мемлекеттік актілерге қол қойылды. Мәселен, 1991 жылдың 29 тамызында Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлығы шықты. Бұның өзі Елбасының ерлігін жер-жаһанға паш еткізіп, кейіннен әлем мойындаған бастамаға ұласты. Ядролық қарусыз әлемге қарай қадам басқан жаһандық қозғалыстардың да бірден бір бастауы осындай Президент шешімінен туындаған еді. Сондай-ақ 1991 жылдың 25 қазанында Президенттің Жарлықтарымен Қауіпсіздік кеңесі және мемлекеттік қорғаныс комитеті құрылды. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы 1991 жылғы 16 желтоқсан күні қабылданды. Осы заң негізінде Қазақстан өзінің Тәуелсіздігін жария етті. Аталған заңның 1-тарауында: «Қазақстан Республикасы — тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет. Қазақстан Республикасы барлық мемлекеттермен өзара қатынасын халықаралық құқық принциптерi бойынша құрады. Өзiнiң мемлекеттiк тәуелсiздiгiн басқа мемлекеттердің тануы үшiн Қазақстан Республикасы ашық. Қазақстан Республикасының бүкiл территориясында Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдары, сондай-ақ ол таныған халықаралық құқық нормалары қолданылады. Қазақстан Республикасының территориясы қазіргі шекараларында бiртұтас, бөлiнбейтiн және қол сұғуға болмайтын территория болып табылады», — делінген.
Мінеки, осындай Алаш жұртының асқан асуларының баршасы, елдегі экономикалық-әлеуметтік және саяси реформалар, халықаралық және өңірлік бастамалар, жаһандық жасампаз істердің барлығы дерлік Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты болып отырғаны белгілі. Ендеше Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні — мемлекет мерейі.
Қазақстан тәуелсіздігі арқасында Тұңғыш Президенттің бастамаларына қолдау жасай отырып, қысқа уақытта көп биікті бағындырды. Еліміз көптеген Халықаралық іргелі ұйымдарға төрағалық етті. Дәстүрлі дін басшылары 3 жыл сайын Қазақстанда бас қосып, пікір алмасу алаңына айналдырды. Бұның өзі Елбасының ерлікке парапар істерінің нәтижесі болатын. «Алдымен — экономика, сонан соң саясат» қағидасы арқасында көпшілік қазақстандықтардың тұрмыс жағдайы жақсарды. Қазақстанда индустрияландыру саясаты қолға алынды. Оған инновациялық үрдіс қосылды. Мұның бәрі ел экономикасының мүлдем жаңа, басқа арнаға бұрылғанын айғақтайды.
Елбасы Н.Назарбаевтың жыл сайынғы жолдауларында сот жүйесін жетілдіру мәселесіне арнайы тоқталатыны баршаға белгілі. Құқық қорғау саласына арналған жиындарда да сот билігін дамыту жайын үнемі айтып келеді. Елбасының бастамасымен сот саласында орасан көп жұмыс атқарылды және атқарылып келеді. Сот жұмысының тиімділігі, шешімнің әділ қабылдануы, сондай-ақ, жедел және толық орындалуының қамтамасыз етілуі бұл саланы ілгерілетудің басты көрсеткіші болып саналады. Сондай-ақ, бұл көрсеткіш мемлекетті демократиялық тұрғыдан дамытудың әлеуметтік-экономикалық және саяси жаңару мен заң беделінің биік деңгейін айқындайды.
«Нұр Отан» партиясының XVI съезінде партия төрағасы, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық мемлекеттілікті нығайту және әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу үшін 5 институционалдық реформаны ұсынған болатын. Аталған реформалардың екіншісі тұлға құқығымен қатар меншік құқығын, шартты міндеттемелерді, соңғы нәтижеде экономикалық өсімнің негізі болатын кәсіпкерлік қызметтер үшін шарттарды қорғауға кепіл беретін заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес сот жүйесін жаңғыртуға бағытталған 11 мақсатты қадамды қамтитын «100 нақты қадам» Ұлт жоспары қабылданды.
Бүгінде Қазақстанда жалпыға бірдей құқықтық стандарттарға және қоғамның талап-тілегіне жауап беретін сот жүйесі орнықты, жергілікті соттар азаматтардың құқығы бұзылғанда жүгінетін сенімді қалқанға айналды. Елімізде құқықтық реформа аясында сот төрелігін жаңа заманға үйлестіріп, жаңғырту және оны әлемдік құқықтық жүйенің ыңғайына бейімдеу ісі мақсатты түрде Жоғарғы Сот Төрағасы Қ.Мәмидің абыройлы басшы, реформаторлық таланты арқылы жүргізіліп келе жатқаны тағы даусыз. Қазақстанның сот жүйесі азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғаудың тегеурінді тетігіне айналып отыр. Ендеше, сот реформасын жетілдірудегі жетістіктерімізде Елбасы Н.Назарбаевтың зор ауқымды ұсыныстарының үлесі мол, бұл – оның жеке азаматтық абырой-беделінің жоғарылығы.
2015 жыл Қазақстан үшін — Н.Ә.Назарбаев басшылық еткен мемлекеттік құрылыстың қазақстандық моделінің озық тәжірибесін айшықтайтын, тарихи сипатты бірқатар атаулы оқиғалармен елеулі.
Мемлекет басшысының «2050-Стратегиясында», «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында және «100 нақты қадам – Ұлт жоспарында» белгіленген мақсаттарының ауқымдылығы қоғамның бірігуі мен топтасуының жалпыұлттық факторы болып табылады.
Жалпыұлттық оқиғалар қатарының маңызды арқауы Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы, Конституцияның 20 жылдығы және Қазақ хандығының 550 жылдығы болды. Осылайша, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мен Тәуелсіздігінің 24 жылдығын мерекелеу мерейтойымен жалғасын табады.
Сондықтан да, Қазақстанда Тұңғыш Президент күні мерекесі де уақыт өткен сайын маңызы артып халықтың мерекесіне айналды. Өйткені, бұл да жаңғырудың, жаңашылдықтың белгісі ғана емес, өткеннің өнегесі, ұлының ұлағаты. Ұрпақ есінде солай сақталуы да тиіс.
i-news.kz