Шоу-бизнес әлеміне тек мықтылар ғана ұзаққа аялдайды. Кей әншілер сахнаға жарқылдап шықса да, уақыт өте келе сөніп кете барады. Десек те, қазақстандық шоу-бизнестің төрінен ойып орын алған және әндерімен талай жылдар қуантып келе жатқан музыкалық топтар бар. Сomode.kz-ке сілтеме жасап, NUR.KZ ең ұзақ өнер көрсеткен отандық топтарды назарларыңызға ұсынады.
“Нұр-Мұқасан” тобы
Шығармашылық жолы “Бауыржан-шоу” театрынан бастау алған Нұрлан мен Мұқасанның ән айтқанына он бес жылдан асты. Бірі домбырамен ән айтып, бірі шапшаң қимылдап есте қалған жаңа әндерімен сахнадан әркез шығып тұрады.
«МұзАРТ» тобы
Бүгінде Сәкен Майғазиевті, Мейрамбек Беспаевты және Кенжебек Жанәбіловты танымайтын қазақ жоқ. Жігіттер әншілік мансабын 2001 жылы бастап, 15 жыл бойы жанкүйерлерін әдемі әнге бөлеп келеді. Топтың бұрынғы мүшесі Мақсат Базарбаев қазір жеке шығармашылығымен айналысып жүр.
«Жiгiттер» тобы
Бұл топқа елдің ықыласы ерекше. Отандық квартет тойдан да қалмайды, концерт беріп те үлгереді. Сахнада жүргеніне он жылдан асқан “Жігіттер” алғашында Шымкентте құралған, кейіннен Алматыға қоныс аударған.
«101» тобы
Қазақстандық топ 1996 жылы құрылып, жастардың махаббатын бірден жаулап алған. Жігіттер тіпті Юрмаладағы “Новая волна” байқауында бағын сынап қайтқан.
Ерік Тастембековтің шәкірттері бірте-бірте ауысып, жақында “101” тобының құрамы жаңартылды. Бұрынғы солистер Иван Бреусов пен Станислав Лиге жаңа топ мүшелері Ербол Жайлауов пен Х-factor жобасының жеңімпазы Қайрат Қапанов қосылды.
All Davay тобы
All Davay тобының жігіттері 1998 жылы тыңдарманның алдына шығып, әсем әндерімен талай арудың жүрегін жаралады. “Не отступай и не сдавайся” деп шырқаған бозбалалар бүгінде есейіп, аға буын әншілердің қатарын толықтырды. Қазір “алдавайлықтардың” саны екі жігітке қысқарды. Топта Шоқан Маратұлы мен Данияр Өзбеков қана қалды. Жігіттер жиі ән жаздырып, бейнебаян түсіреді. Сондай-ақ, спортпен белсенді түрде айналысатынын Instagram-да жариялап жүр.
Assyl тобы
Assyl тобы қазақстандық эстрададағы құрамы өзгермей ұзақ өнер көрсеткен жалғыз қыздар тобы. Қыздардың сахнаға шыққанына алты жылдан асқан. Әртістердің өнеріне тәнті болушылар күн санап өсуде. Топтың құрамы да көп өзгермеген. Жуырда бір ғана солистің орнына жаңа өнерпаз келді. Қазір Assyl-да Ғалия Мұратова, Ақерке Бүркітбай және Анар Аязбаева еңбек етеді. Топтың ерекшелігі – өнерпаздар электроқобызда ойнап, сахналық костюмдерімен де көзге түседі.
Rin’GO тобы
Rin’GO жігіттері көптеген халықаралық байқаулардан жүлделі орындарға қол жеткізген. Продюсер Алуа Қонарованың жетекшілігімен өнер әлемінде тамырын тереңге жайған топ өзге әншілердің мықты бәсекелесіне айналды. Он жылдың ішінде екі топ мүшесі ғана ауысқан. Қазір топта Данияр Өтеген, Батыр Байназаров, Аян Бірбаев және Әділжан Умаров өнер көрсетеді.
«Орда» тобы
Аталмыш топ 2000 жылы қазақ сахнасында бой көтерді. Ерекше стилін өзгертпеген жігіттер тыңдармандарына тосын сый жасаудан жалыққан емес. Олар “Тыйым салынған би” атты кино да түсірді, қазір K-Рop жобасын іске асыруда. Оразбековтер мен Беделхандар отбасының бастамасымен құралған топ жаңа белестерге қадам басты.