"ТАҚИЯЛЫ ПЕРІШТЕ" 80-ге КЕЛДІ
2015 ж. 30 қазан
8462
0
Екі иығына екі жігіт мінгендей, жауырына қақпақтай, омырауы есіктей, білегі бесіктей баяғының батырындай, алып тұлғаны сексенге келді деп айтуға аузың бармайды. Сұңғақ бойлы, сұлу мінезді, сырбаз жанарынан от шашып, қия, құзды шолған қырандай қомданып тұр. «Қазақтың қайсары қайсы десе, міне!» - деп көрсеткендей, сөзі шымыр, басқан қадамы нық, қарымы қайтпаған ақсақалмен кездесудің сәті түсті. Баладай елпілдеп, жайдары қарсы алды. Жүрегінде қылдай кірбің жоқ, Періште десе, періште. Әлі, тұғырынан таймаған Қазақ өнеріне, оның ішінде кино әлеміне айшықты із қалдырған Әлімғазы Райымбеков «Жер жаннаты - Жетісуда» қазан айының 31-де сексен жылдығын кең көлемде атап өтпек.
Әлімғазы аға, сексенге толған мерейлі жасыңыз құтты болсын! Ақиық ақын, әнші композитор Кенен Әзірбаев:
Тай үйреттім тепсеңге,
Келді Кенен сексенге.
Екі Кенен тумайды,
Алатауға ексең де – депті. Сол Кенен ақын айтпақшы, сіздей алып тұлғаға қандай құрмет көрсетсек те артық болмайды. Жалпы, сексен қандай болады екен?
– Рақмет, балам. Елден бұрын құттықтап сен келдің, әйтпесе, ақын боласың ба? Жасымнан спортпен айналысқанның пайдасы, сексенді шыбын шаққан ғұрлы көріп тұрғаным жоқ. Сол баяғы жетпісте қалай болдым, сол қалпымдамын, көңіл сергек, ұйқы тыныш, бейнеттің зейнетін көріп жатырмын. Үйде отыра алмаймын, шақырған жерден қалмаймын, атым барда желіп жүрмін. Мына жаман немеремді «Жастар» спорт кешеніне күрес секциясына алып барам, «баяғыда бір кемпір түрім оттапты, көңілім баяғыдай» деген екен. Сол кемпір айтпақшы, жүзім әжім болғанмен, жүрегім жас жатқызбайды. Аллаға мыңда бір шүкір.
– Ең алғаш түскен киноңыз «Ән қанатында» қазақтың маңдайына біткен, біртуар палуан, алып күш иесі Қажымұқан Мұңайтпасовтың рөлін сомдадыңыз. Бұл екінің бірінің бағына бұйыра бермейтін бақ, кәсіби әртістерге бұйырмай сізге бұйырыпты, фильмге қалай шақырту алдыңыз?
– Қазақ «Жүгірген алмайды, бұйырған кетпейді» дейді. 1965 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Темірлан ауданында қазақша күрестен Қажымұқан атындағы жарыс өтті. Оған 16 команда келді. Соған мен де қатыстым, темірді ұршықша иіріп, жілігін шағып, майын ішіп жүрген кезім. Бойым тұнған қара күш, әйтпесе, арнайы күрестің соңына түсіп дайындалған емеспін. Бірақ та той-жиындарда күреске шығып бәрін жығып жүрдім. Бұл жарысқа, республиканың барлық аймағынан палуандар келіп бақтарын сынады. Менің жұлдызым жанып, бірінші орын алдым. Жүлдемді көтеріп ауылға келсем, колхоз бастығы «Жылқайдар Егінбаев шақырып жатыр» дейді, барсам, «Сен не бүлдіріп қойдың?» деп, дүрсе қоя берді. «Ештеңе бүлдірген жоқпын десем», «Мә, оқы» деп бір жапырақ қағазды қолыма ұстата салды. Алып қарасам, телеграмма. Қажымұқан рөліне кино пробаға шақырыпты. «Ойбай аға, барайын, жүз жылда бір туатын Қажымұқанды сомдау бақыт қой» деп бардым. Таңдау маған түсті, ойнап шықтым. Одан кейін, Олжас Сүлейменовтің сценарийі бойынша, режиссер Жәрдем Бәйтеновтің «Көгілдір жол» фильмінде шабанның рөлін сомдадым.
– Күні бүгінге дейін көгілдір экраннан түспей келе жатқан «Тақиялы періште» комедиялық жанр. Бұл фильмде сіз басты рөлді сомдадыңыз, киноның жұлдызына айналдыңыз. Фильмнің сценарийі сізге арналып жазылғаны рас па?
– Иә, бұл сценарийді Шәкен Айманов пен москвалық Житкин Яков екеуі жазған. Бұл фильмге түсемін деген үш ұйықтасам ойымда болған жоқ. «Алдыңғы киноларға түскен тиын-тебенімді алайын» деп, киностудияға барсам, дәлізде Шәкен аға тұр. Мені көре салып, «Бері кел» деп шақырып алды. «Ассалаумағалейкум, аға!» деп сәлемдескенім сол еді жетектеп кабинетіне алып кіріп, «Отыр» деді. «Бала сенің рөліңді жазып, нүктесін қойып, әкелдім. Тақиялы періште музыкалық комедия, басты рөлді өзің ойнайсың» деді. «Аға, мен әртіс емеспін, сіздің сеніміңізді ақтай алмасам, сізді ұятқа қалдырамын ғой!» - деп едім. «Оттама, шық кабинеттен, бірақ, ертең сағат 10-да осы арада бол, рөліңді аласың», деген соң «Жарайды» деп, дәліздегі орындыққа жамбасымды басып ойланып отырғанымда, ары өткен, бері өткендер «бірі шабан, тағы бірі бірдеңе» деп мені келемеждеп тұмсықтарын шүйіре қарады. Содан ызаға булығып, Шәкен ағаға қайта барып: «Мен киноға түспеймін, қайтамын» -дедім. Шәкен аға: «Елдің аузына екі елі қақпақ бола алмайсың, сөздерін естігің келмесе, құлағыңа мақта тығып жүр. Көп сөйлеме, киноға түсесің, дайындал» - деп райымнан қайтарды. Бұл фильмді жеті айдың ішінде түсірді.
– Жалпы, Шәкен ағаның мінезі қандай еді, кәсіби әртістер мен сіз сияқты тума талантқа қалай қарады. Жұмыс барысында қатал болды ма?
– Ол кісінің өзі де тума талант қой. Семейдегі Мұхтар Әуезов атындағы педогогикалық институтта оқып жүргенде студенттер қойған қойылымда Қозы Көрпешті ойнаған ба, соны көрген Ғабит Мүсірепов алып келіп, Алматыдағы Әуезов театрына орналастырған. Ол кісі Қалекей Қуанышбаевты өте жақсы көрді. Мінезі жұмсақ еді, әртістермен араласып кете беретін. «Мен бастықпын» деп даңдайсуды білмейтін, кішіпейіл, менмені жоқ адам еді. Кейбіреулер сияқты осқырып тұрмайтын. Үлкен бе, кіші ме жатырқамайтын балажан кісі. Актерға қоятын талабы, «Міне, сценарий оқы, жатта енді осы обараздың мінез-құлқын ашып бер, қылқым-сылқымды қой, таза жүрекпен ойна» деп талап қоятын.
– Ірілі-ұсақты 14 фильмге түсіпсіз. Араға 40 жыл салып «Тақиялы періште - 2» фильміне түсіп жатыр екенсіз. Шәкен аға, түсірген «Тақиялы періштеге жетпей қалады» деген қорқыныш жоқ па?
– Бұл киноны Ғұсман Шалабаев деген режисер түсіруде. 40 күн, күн-түн демей түсірді. Мен сол басты рөлді сомдаймын. Бір кезде Әмина Өмірзақова менің анам болып, маған әйел іздеді ғой. Енді, мен қартайған шағымда, Аңсар деген 30-ға келген сұр бойдақ ұлыма қыз іздеймін. Оқиға желісі қызық. «Әйел ал» деп қыңқылдай берген соң ол, бір негір келінді алып келіп, беташар жасап, келіннің бетін ашқанда мен талып қаламын. «Сүйегіме таңба салдың» деп үйлендірмей өзім келін іздеп ақырында «Сұлу» деген қызға үйленеді. Шытырман оқиға. Фильм барысында Шәкен аға түсірген «Тақиялы періштенің» эпизодтары қайталанатын сәттері бар. Жаман бола қоймас деген ойдамын. Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенемін» демеп пе еді. Жүз рет естігеннен бір рет көру ғанибет қой. Киноның бағасын көрермен беретін шығар, қәзірге ішкі кухнясын ашып айтпай-ақ, қоялық. Үміт басым, күдік те жоқ емес. «Шегірткеден қорыққан, егін екпейді» ғой балам.
– Бәрі сәтті болуына тілектеспін, 80 жылдығыңызды атап өткелі жатыр екенсіз, тойыңызға кімдер келеді. Қазыналы қарияның біріне айналдыңыз, Құдай көптік етпесін немере, шөберелердің саны қанша?
– «Әй, түбің түскір» қазақ малдың басын санағанмен, адам басын санамаған. Бәйбішем де көп құрсақ көтерді, сол балалардан тараған 20-дай немере 11-дей шөберем бар. Ал, сексен жылдығыма ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері қатыспақ. Тағы басқа да өнер тарландары мен белгілі тұлғалар келеді деп күтілуде.
Белес
ТАРЛАНБОЗҒА АЙНАЛҒАН ТАҚИЯЛЫ ТАЙЛАҚ
31 қазан күні Талдықорған қаласындағы Мәдениет сарайында қазақ киносы тарихында өшпес із қалдырған, «Тақиялы періште» деген атпен танылған Әлімғазы Райымбековтің 80 жылдық мерейтойы салтанатты түрде аталып өтті. Әлімғазы атамыз осы уақытқа дейін ұзын саны 14 киноға түскен. Шоқтығы биік «Тақиялы періштеден» бастап, кеңестік дәуірді айнытпай көз алдыңа әкелетін «Долана», «От оранған Орал», «Қан мен тер», «Дала гүлі», тағы басқа да туындыларымен жалғасады. Мұның ішінде саяси себептермен экранға шықпай қалғандары да баршылық. Десе де, Әлімғазы ақсақалдың өнердегі орны өзінше бөлек әлем дерсіз... Мерейлі кеш Әлімғазы Райымбековтің өмір жолын баяндаған бейнекөрсетілімнен басталды. Мұнан кейін облыстық мәслихаттың хатшысы Ермек Келемсейіт сөз алып, облыс әкімі Амандық Баталовтың ыстық лебізін жеткізді. – Бүгін мағыналы ғұмырыңыздың мәртебелі белесі 80 жасқа келіп отырсыз. Сізді мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз. «Қарты бар ел – қазыналы ел» дегендей, алдымызда сіздердей алдыңғы толқын абыз ақсақалдардың бары бізді қуантады. Ғибратқа толы өміріңізде қажырлылығыңыздың арқасында талай белестен өттіңіз. Шаруашылықта, спортта, киноөнерінде айшықты із қалдырдыңыз. Сіз сомдаған тақиялы періште фильмі шоқтығы биік классикалық туынды ретінде тарихта қалды. Бүгінде Гүлжауһар апа екеуіңіз өркен жайған алып бәйтеректей үлкен бір әулеттің арқа сүйері болып отырсыздар. Сізді Жетісу халқының үлгі тұтар ақсақалы ретінде құрметтейміз, – дей келіп, облыс басшысының атынан шапан жауып, ат мінгізді. Осындай жылы лебізді облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Ардақ Сыдық та білдірді. Ол басынан тақиясын тастамаған қазыналы қарияның облыстық ардагерлер ұйымының алқа мүшесі ретінде жастарды тәрбиелеуде барлық шараға белсенді қатысатындығын, жуырда «Батагөй» атты үлкен байқау өтіп, ондағы ең шешуші батаны Әлімғазы атаның бергендігін де тебірене айтты. Сонымен қатар ардагерлер ұйымы атынан Құрмет грамотасын табыс етті. Періште мінезді ақсақалды Астанадан ат арытып келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев та құттықтады. Өзінің жүрекжарды лебізінде Азат Тұрлыбекұлы Әлімғазы атаның көп жылдан бері «Ақ жол» партияның мүшесі болып табылатындығын айтты. – Біз көбіне жоғары лауазымды адамдардың мерейтойларын, тіпті, жыл сайынғы туған күндерін құттықтап әбігерге түсіп жатамыз да, керісінше, кеудесін соғып мақтанбай-ақ көп істерді тындырып, ұрпақ тәрбиелеп жатқан қарапайым азаматтардың қуаныштарын бөлісуді ұмытып кетіп жатамыз. Ал осындай қарапайым, абзал жандардың бірі Өзіңіз деп білеміз. Сіз қанша биікке шықсаңыз да кеудеңізді кермей, қарапайымдылығыңыз бен адамгершілігіңізді жоғалтпадыңыз. Біз Сізді осы қасиетіңіз үшін ерекше сыйлаймыз. Сонымен бірге көптен бері «Ақ жол» демократиялық партиясының қатарында жүргеніңіз үшін де алғысымды білдіргім келеді. Сексен деген асуды алып, ел-жұрттың тілеуін тілеген асыл Аға,өзіңізге тек қана мықты денсаулық, отбасыңызға амандық тілеймін. Еңбегіңіздің жемісін жеп, халқыңыздың құрметіне бөлене бергейсіз, – деген ыстық ықыласын білдірді халық қалаулысы. Сонымен бірге партия атынан атақты тарланбозға айналған «Тайлақ» ағасына ат мінгізді. Айта кетейік, сексеннің сеңгіріне жеткен қария бүгінде «Тақиялы періште – 2» фильміне түсуде. Осы мерейтойға фильмді түсіруге демеушілік жасап жүрген Алматы қалалық мәслихатының депутаты Ғұсман Шалабаев та арнайы келіп, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының ыстық сәлемін жеткізіп, мәдениет пен кино өнерінің дамуына қосқан үлкен үлесі үшін Қазақ Хандығының 550 жылдығына арналған естелік медальді омырауына тақты. Бұл кеште сондай-ақ, жауырыны жерге тимеген палуан Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы Республикалық тұңғыш жарыстың жүлдегері, Әлімғазы атамыздың шәкірті, еліміздің жеңіс туын шет елдерде желбіретіп жүрген қол күресінен Азия, Әлем кубогының иегері Әбдуали Тастан да ыстық ықыласын білдірді. Ал облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы, ақын Ахмет Кендірбек ізгі тілегін өлеңмен өрді. Мерейлі кеште «Талдықорған әуендері», «Сазген» фольклорлық- этнографиялық ансамбльдері өз өнерлерін тарту етті.А. ДІНИСЛАМ
qazaquni.kz