Ахметов ісі бойынша куәгер бюджеттен жүздеген миллион теңгені жымқырудың жүйесін жария етті
2015 ж. 20 қазан
2556
1
Әлжан Ақмолдаев Серік Ахметовтен пара алды деген болжамды эпизод бойынша сөйледі.
Тергеу нұсқасы бойынша, олар (Ә.Ақмолдаев пен С.Ахметов) «Металлургия-Металл-өңдеу» индустриялық паркіндегі тазалау ғимараты үшін құрылғы орнатуға арналған миллиардтан астам бюджеттік теңгені жымқыру кестесін ойлап тапқан.
«Нақты қай күні екенін білмеймін, бірақ, 2011 жылдың көктемінде, менің ұялы телефоныма сол кезде Қарағанды облысы әкімінің қызметін атқарған Ахметов Серік Нығметұлы хабарласты. Осы жерде нақтылай кетсем, мен Серік Нығметұлын шамамен 2005 жылдан бері танимын. Біз Серік Ахметов «Атамекен» кәсіпкерлер одағының төрағасы болған кезде танысқанбыз, бірақ, бүгін нақты қандай жағдайда танысқанымызды айта алмаймын. Сүйтіп, танысқан соң, бір-бірімізге байланыс телефондарымызды бердік (…). Содан кейін, Серік Нығметұлымен ара-тұра ресми шараларда, бірқатар конференцияларда, жиналыстарда кездесіп тұрдық, сонымен қатар, 2006 жылы ол ұялы телефоныма хабарласып, кеңселерді жалға беру мәселесі бойынша ақыл-кеңес сұрады. Ахметовтің содан кейін маған хабарласқаны есімде жоқ», – дейді Ақмолдаев.
Оның айтуынша, 2009 жылы Серік Ахметов мемлекеттік тексеріспен Ақмолдаев таныстырған нысанға келеді.
Біз Серік Ахметов «Атамекен» кәсіпкерлер одағының төрағасы болған кезде танысқанбыз, бірақ, бүгін нақты қандай жағдайда танысқанымызды айта алмаймын«Серік Нығметұлы мені таныды, мен бір-екі ауыз сөзбен нысанда қандай жұмыс атқаратынымыз, желі бойынша кәсіби жұмыс істейтін бірнеше компаниямыз бар екенін айтып бердім, сол жолғы кездесуіміз де осымен аяқталды», – дейді Ақмолдаев.
Оның ары қарайғы әңгімесіне қарасақ, 2011 жылы Серік Ахметов оған телефон шалып, Астана қаласы Ақбұлақ шағын ауданындағы бір мекен-жай бойынша кездесуге шақырған. Ол сол мекен-жайға келіп, екеуі кездеседі.
«Ол кезде мен бүкіл Қазақстан бойынша мердігерлер нарығына мониторинг жүргізетінмін, бізге қызықты болады деген көлемдерді тексеріп отыратынмын (…). Шамамен, 2011 жылы мен «ҚазГерҚұрылыс» ЖШС Қарағанды қаласындағы «Металлургия-Металл-өңдеу» индустриялық паркі инфрақұрылымының құрылысын салу үшін конкурс жеңіп алғанын білдім», – дейді Әлжан Ақмолдаев.
Ақмолдаевтың айтуынша, «ҚазГерҚұрылыс» компаниясымен ол бұрыннан қарым-қатынас орнатқан, сондықтан, олар жоғарыда айтылған жұмыстардың бір бөлігін субмердігер ретінде орындау үшін Ақмолдаев мүддесін таныстырып жүрген компания жарайды деген мәселені талқылаған, бірақ, ешқандай нақты келісім жасалмаған.
Біраз уақыт өткен соң мен Данияр Серік Нығметұлының баласы екенін білдім«Бірінші кездесуіміздің барысында инфрақұрылым жұмыстарының құрылысымен айналысатын кәсіби компанияның мүддесін танытып отырғандықтан, Серік Нығметұлы маған индустриялық парктің инфрақұрылым құрылысының жобасына енген жұмыстардың бір бөлігін субмердігер ретінде алуды ұсынды. Мен оған бұл нысан туралы жақсы білетінімді және ол маған өте қызық екенін айтып, «жарайды» деп жауап бердім. Бұл сөзіме Серік Нығметұлы: «Жақсы, сенімен кейінірек хабарласады» деп жауап берді. Бірақ, нақты кім хабарласатынын айтқан жоқ, кездесу өте тез аяқталды», – дейді сөзін жалғастырған Ақмолдаев.
Оның ары қарайғы сөзіне сенсек, біраз уақыт өткен соң Ақмолдаевқа Данияр есімді адам хабарласып, Серік Ахметовтің атынан хабарласып тұрғанын айтады да Әлжан Ақмолдаевты кездесуге шақырады. Екеуі Астана қаласында орналасқан «Дипломат» қонақ үйінің холлында кездеседі. Сол уақытта Ақмолдаев Даниярды танымаған. Оның айтуынша, Данияр шамамен 25-27 жастағы, орта бойлы, ықшам денелі, азиялық типтес азамат ретінде көрінген. Ерекше белгілері ретінде Даниярдың қолында тері ауруы байқалғанын айтады.
«Кейін, біраз уақыт өткен соң мен Данияр Серік Нығметұлының баласы екенін білдім», – дейді Әлжан Ақмолдаев.
Данияр Серік Ахметовтің ұлы екенін қайда білгенін Әлжан Ақмолдаев былай түсіндірген: «Досымның баласының Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен үйлену тойында Даниярды көріп қалдым, оны таныған соң кім екенін сұрадым. Маған Данияр Серік Ахметовтің ұлы екенін айтты».
Данияр ұсынған талапты ескере отырып, мен келісімшартты алу үшін сыйақы ретінде 600 млн теңге беруді ұсындым«Даниярмен бірінші рет кездескенде индустриялық парктің инфрақұрылымының құрылысы жөніндегі жобаға кіретін жұмыстардың тізімін көрсетті. Тізімде энергетика нысандары, жол құрылысы, әкімшілік ғимараттың, өрт сөндіру депосының, тазалау ғимаратының, су құбырлар желісі мен кәріз желісінің құрылысы және басқа да құрылыс жұмыстарының тізімі бар болды. Яғни, жалпы сомасы шамамен 15-16 млрд теңге болатын жұмыстардың бірнеше беттік тізімін көрсетті. Және маған субмердігер ретінде қызықты болатын жұмыстарды түртіп беріңіз деп ұсынды. Нысан таныс болған соң мен бірден шамамен 5 млрд теңге сомадағы бірнеше жұмысты белгілеп бердім. Осымен кездесуіміз аяқталды. Бірқатар уақыт өткен соң Данияр қайта телефон соғып, екінші рет кездестік. Екінші кездесу барысында ол мәселе пысықталғанын және мен мүддесін таныстырып жүрген компания мен «ҚазГерҚұрылыс» компаниясы тарапынан өзім тіркеп берген жұмыстардың субмердігері ретінде кеісімшарт жасалатынын, келісімшарт басмердігерде кідірмей, толық құны бойынша жасалатынын айтты. Және бұл мәселені шешу үшін оның мүддесін анықтап алу керектігін, яғни, мердігерліктің сомасынан кем дегенде 10 пайызды оның қолына беру керектігін айтты. Маған уақыт беріп, ойланып, қандай шартта келісетінімді айтуды сұрады», – дейді Әлжан Ақмолдаев.
Оның айтуынша, осымен екеуінің кездесуі аяқталған. Біраз уақыт өткен соң Ақмолдаев тиісті есеп жүргізіп, істің тиімділігін бағалаған.
«Менің есебім бойынша, жобаны толық құны бойынша жүзеге асырса толық көлемнің 22 пайызына дейін, яғни, шамамен 1 млрд теңгеден артық пайда табуға болатынын білдім. Данияр ұсынған талапты ескере отырып, мен келісімшартты алу үшін сыйақы ретінде 600 млн теңге беруді ұсындым. «Дипломат» қонақ үйінде өткен келесі кездесуімізде мен осы соманы айттым. Ол бұл сомаға келісті. Біраз уақыт өткен соң Данияр телефон шалып, «мәселе шешілді, «ҚазГерҚұрылыс»-пен кездесіп, негізгі келісімшартпен айналыса берсең болады» дегенді айтты», – дейді Ақмолдаев.
Содан кейін Әлжан Ақмолдаев «ҚазГерҚұрылыс» ЖШС-ның басшылығымен кездесіп, субмердігер ретінде келісімшарт жасау бойынша келісім алған.