Арман Сқабылұлы: МӘСЕЛЕ БАЯН ЕСЕНТАЕВАДА ЕМЕС, ЭФИРДЕГІ ТІЛ ТАЗАЛЫҒЫНДА
2015 ж. 30 қыркүйек
10975
6
«Кімде-кім қазіргі уақытта ана тілін, өзінің әдебиетін сыйламаса, бағаламаса, оны сауатты, мәдениетті адам деп санауға болмайды» - деген екен заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов. Өткен ғасырда айтылған осы бір ұлағатты сөз, орнықты ой бүгінгі дамыған жиырма бірінші ғасырда да мәнін жойған жоқ. Керісінше, жылдар жылжып өткен сайын оның маңыздылығы артып келе жатқанын көреміз. Оған бүгінгі егеменді еліміздегі қазақ тілінің қажетті деңгейде күнделікті кең қолданыс таппай отырғаны, ана тілімізге деген немқұрайлы көзқарас нақты дәлел бола алады. Кеңестік кезеңнің соңын ала басталып, қазіргі күнге дейін жалғасып келе жатқан тіл жанашырларының жанайқайы да осыны көрсетеді. Басқасын қойып, бұқаралық ақпарат құралдары ішіндегі ең ықпалды деген өзіміздің ұлттық телеарналарда тілдің шұбарлануына көпшілік үлкен алаңдаушылық білдіріп келе жатқаны да жасырын емес. Соның бірі ретінде жақында ғана қоғамда қызу пікір-талас тудырған, «Қазақ үні» мен осы аттас ұлттық порталда жарық көрген белгілі ақын Қазыбек Исаның «Жанды дауыс» ботқа-шоуы Баянның баянсыз жарнамасы ма?» деген мақаласын атауға болады. Әлеуметтік желілерде осы мақалаға байланысты түрлі пікірлер айтылып, әркім өз деңгейінен «билік» айтып та жатыр. Кейбіреулер қызбалыққа салынып, көтерілген тақырыпты ұмытып, басқа бағытқа бет бұрып кетті. Әрине, қанша адам болса, сонша ой, соншалықты пікір болатыны түсінікті. Дегенмен, көзіқарақты, көкірегі ояу оқырмандар ана тіліміздің жағдайына шынайы жанашырлық білдіріп, салмақты ойларын ортаға салғанына куә болдық. Осыған орай, біз теледидар саласында көптеген жылдар қызмет еткен белгілі журналист Арман Сқабылұлымен болған әңгімені назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.
– Арман Сқабылұлы, бізде Құдайға шүкір, тіл мәселесі тұрақты көтеріліп келеді. Соның бірі ақын Қазыбек Исаның «Жанды дауыс» ботқа-шоуы Баянның баянсыз жарнамасы ма?» деген мақаласы болды десек қателеспейміз. Әңгіме телеарнаға тікелей қатысты болғандықтан осы саланы жақсы білетін маман ретінде өзіңізге қолқа салып келіп отырмыз...
– Түсіндім. Бұл мақала қоғамда үлкен пікірталас тудырғаны рас. Баспасөзде, әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, мыңдаған адамдар өздерінің ашық ойларын айтып қалды, әлі де айтып жатыр. Шынымды айтсам, бұл мақаланы мен әлеуметтік желіден көргенде көзіме жылы ұшырады. Өйткені бұл маған етене жақын, бұрыннан таныс, өзім тұрақты айналысып келе жатқан мәселе. Әлеуметтік желіде «пікір бөлісу» деген болады. Оған желіні пайдаланатын кез келген адамның құқығы бар. Мен де көптеген оқырмандар секілді өз ойымды білдірдім, сол үшін таяқтың бір ұшы маған да тиіп кетті деуге болады. Алдымен мынаны айтқым келеді, мен өзімнің «Ақ жол» партиясы өкілі немесе атқарып жүрген белгілі бір лауазым иесі ретінде емес, тек қана азамат ретінде, теледидар саласында ұзақ жылдар қызмет атқарған маман ретіндегі ойымды ғана білдіретінімді естеріңізге саламын.
Сонымен аталмыш мақаланың өзіне келетін болсақ, шынын айту керек, желіге қосылған көптеген адамдардың пікірі мақала авторының ойымен сәйкес келді, бір бағытта ұштасып жатты. Мақала дер кезінде, орынды жарияланды. Бірақ, кейбір оқырмандар мәселенің байыбына бара алмағанын байқадым. Өкінішке орай, ондайлар талқылау, пікір білдіру барысында мақалада көтерілген негізгі тақырыптың бағытын өзгертіп, жұмсартып айтқанда бұрмалап жіберді. Ал басты тақырып қазақ тілінің тура өзінде болатын. Дәлірек айтсақ, мемлекеттің, халықтың ақшасына шығарылып жатқан қазақша бағдарламада «Баян Есентаева неге қазақша емес, орысша сөйледі?» деген негізгі сұрақ тұрды. Қазір ұмытылып кетті, бұрындары «Ел болам десең, эфиріңді түзе» деген тележурналистер арасында мәтел болатын. Яғни, көпшілікке ұсынылған кез келген бағдарламаның сапалы, маңызды болуын меңзейтін ұран іспетті еді. Айтайын дегенім, кейбір түсініңкіремей қалған оқырмандарға мақаланың түп қазығы – қазақ тілі болғанын тағы да естеріне салғым келеді. Сонымен қатар, бағдарламаға қатысушылардың қалай болса солай киініп, өзін-өзі келеңсіз ұстауы көрермендерге теріс тәлім-тәрбие беретіндігі жайлы дер едім және осылай түсінуіміз керек-ті. Бірақ, бұрмалаудың барысында «Баян неге қазақша сөйлемейді» деген ауанға ауысып кетті. Тіпті, Баянның атынан «Мен қазақша білмегенім үшін кінәлімін бе? Қазақ тілін түбі үйренемін, үйреніп жатырмын» деген сияқты жауаптар да жарияланды. Оны өзі жазды ма, әлде басқа біреулер ұсынды ма, белгісіз. Баянның басқа бір жерлерде қай тілде сөйлесе де өз еркі, оған ешкім қарсы шығып отырған жоқ қой. Ал қазақша бағдарламадағы эфирлік тілдің тазалық мәселесі мүлдем бөлек. Сондықтан мақалаға қатысты дау-дамай көтергендерге мәселе Баян Есентаева да ғана емес, миллиондаған адамдар көретін эфирдегі тілдің тазалығында дер едім. Бір қызығы, аталмыш мақалаға еш қатысы жоқ, тек көпшілік қатарлы пікір білдірген мені «Мақаланы жазып, мен арқылы өзін жарнамаламақ болған» дегенге дейін барған. Құдайға шүкір, Есентаевасыз да менің өз жарнамам өзіме жетерлік. Үш күн бойы әлеуметтік желіде мақалаға еш қатысым жоқ мені аш бөрідей талағандарын менің балаларым, туыстарым, таныстарым көрмеді ме, оны оқымады дейсіз бе? Әрине, бәрі оқыды, көрді. Сол үшін ол емес, сотқа мен беруім керек еді ғой. Бірақ, мен ондай қадамға бармаймын, ондай деңгейге төмендей алмаймын. Екіншіден, бұл менің бұрыннан бергі ұстанған бағытым. Ұзақ жылдар телеарнада істегенде тіл тазалығы үшін күресіп келдім. Сол үшін мақтау да, даттау да естіген кездерім болған. Әлі де сол бетімнен таймаймын.
– Біздің телеарналарда тіл неге шұбарланып кетті?
– Оның бірнеше себептері бар. Соның бірі, осыдан төрт-бес жыл бұрын түрлі ток-шоулар, жеңіл-желпі музыкалық бағдарламалар белең ала бастады. Оның ішіне қазылар алқасы, пікір айтушылар деген желеумен орыстілділерді кіргізу әдетке айналды. Жеңіл әуен, жартылай жалаңаштанған арзан шоулар халыққа мәнді тәрбие бермейтіні өз алдына, ең бастысы, эфир тілі шұбарлана бастады. Бұған «Хабар» арнасында қызмет еткен бірқатар тіл жанашырлары бірден қарсы шықтық. Сол кезде дәл қазіргідей қатерлі індетке айналатынын анық білмесек те, мұның түбі жақсылыққа апармайтынын сезгенбіз, сондықтан қарсы болдық. Орыс тілі араласқан бағдарламалар жоғары жаққа есеп бергенде таза қазақ тілді болып кете берді. Бұған арна басшылары да көз жұмып қарады. Ал тіл жанашырларының пікірі назарға алынбады. Тіпті, Баян Есентаева жүргізген «Саз әлемі» хабарында қазақ жүргізуші орысша сөйлеп, залдағы орыс халқының өкілі қазақша жауап берген масқара көрініске де куә болдық емес пе? Осының бәрі қазақша бағдарламада орын алған жағдайлар. Тағы бір мысал келтіре кетейін. Ұмытпасам, 2013 жылы Баян Есентаеваның компаниясы «Хабар» арнасының тапсырысын алып, «Тракторшының махаббаты» атты көпсериялы фильм түсірді. Көркемдік кеңес мүшесі ретінде фильмнің сценарийін мен де оқып шықтым. Оқиға желісі Американың ба, Ресейдің бе бір киноларына ұқсастығын кеңес мүшелері де айтқан-ды. Өмірде ұқсас оқиғалар бола береді, ең бастысы, мен оқыған сценарий жүз пайыз қазақша болатын. Түсірушілерге мемлекеттік саясатты алға тартып, қазіргі ауылдардың дамып келе жатқанын көрсету керектігін де ескерттік. Таң қаларлығы, кейін түсірілімнің алғашқы нұсқасын көргенде төбе шашымыз тік тұрды. Біріншіден, фильмдегі ауылымыз адам танығысыз. Өңкей маскүнемдер. Әкімнің өзінің аузы арақтан босамайды, тексеріп келген комиссия мүшелерінің қойнына қыз салып беретін секілді былықтарға толы екен. Оған қоса, орыс тілі еніп кеткен. Мынандай киномен біз кімді тәрбиелемекпіз? Бірден қарсы болып, шығатын шығындарға қарамастан қайта түзеттірдiк.
Бұл туралы басшыларды да құлағдар еттік. Сөзім дәлелді болуы үшін сол кезде «Хабар» басшысына жазған хатымды сол қалпында ұсынып отырмын. Баян қарындасымның «керемет» дүниелер түсіріп жатырмын» дегеніне де жауап қой бұл. Өкінішке орай, аталған хаттан соң арна басшысының мұндай ашық сынға деген көзқарасы өзгерді. Өз басым мұны «ботқа-шоу» жасағыштарды қолдағаны деп түсіндім. Бір қызығы, кейіннен Көркемдік Кеңесте өз ойын айта алатын қазақтілді мамандар «көркемдік кеңесті оңтайлау» деген желеумен одан шеттетілді. Олар – арнаның бас режиссері М.Бидосов, Мәдениет және Білім арнасының директорының орынбасары Ж.Мүсәпір және Бас продюсердің орынбасары А.Сқабылұлы болатын. Бұның бәрін кім және қандай мақсатпен жасағанын нақты білмеген соң ешкімге күйе жаққым келмейді.
– Сонда бүгінгі күні көркемдік кеңестің күні қараң болғаны ма?
– Ашығын айтсақ, көркемдік емес «қуыршақ» кеңес болып қалды. Ал шын мәнінде әрбір саланы жақсы білетін, нағыз мамандар көркемдік кеңесте отыруға тиісті. Мысалы жазушы-драматург Дулат Исабеков сияқты. Тағы да сол сияқты мықты сазгер, мықты продюсер, шебер актер немесе майталман суретшілер Көркемдік кеңесте отырса ешкім ұтылмас еді.
– Қазақ бағдарламасында орысша сөйлегендердің қысылғанын көрмедік. Мемлекеттің тілге қатысты қазақ тілі кемінде «елу де елу пайыз» деген ереже бар. Ал бұлардың «жетпіс те отыз» дегені заңды ма?
– Ол енді заңгерлердің айналысатын мәселесі. Бұндай пайызды қайдан алып, қалай келіскенін анықтайтын құзырлы орындар бар. Бірақ, мақалада жазылғандай қазақ бағдарламасында орыс тілі мен қазақ тілін араластырып «ботқа» жасауға жол берілмеу керек. Бұл менің ойым, өзімнің ұстанымым. Сонау кеңес үкіметі кезінде де қазақ бағдарламасы мұндай масқараны көрген емес. Сағат Әшімбаев, Камал Смаилов, Шерхан Мұртазалар басқарған кезде эфир осылай ластанып па еді? Жоқ. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында да эфиріміз таза болатын. Серік Аббас-Шах, Қайнар Олжай сияқты белгілі журналистердің елге танымал бірқатар бағдарламалары шығып тұрды. Солардың бірінде дәл мынандай жағдай болған емес. Жалпы алғанда, мен қазақ қыздарының жақсы жағынан танымал болғанын қалаймын. Талантты продюсер Баянның да биіктен көрінуіне тілектеспін, тек қана тіл мәселесіне келгенде сақ болғаны жөн. Ол аз десек, телеарналардың тәрбиелік ықпалын үнемі ескеріп, «Біз қандай тәрбие беріп жатырмыз?» деген сұрақты басты назарда ұстаған жөн. Жалпы түркі халқының ғұламасы Махмұд Қашқаридың «Тәрбие басы – тіл» деген сөзін төрімізге ту етіп іліп қойсақ артықтық етпейді. Бізде ана тілін меңгермегендер баршылық. Бірақ, олар осы Баян сияқты қазақ бағдарламаларын бұзып жатқан жоқ. Мысалы, Аружан Саин. Оның да қазақшасы Баяннан айтарлықтай асып тұрған жоқ. Дегенмен таңғы жаттығуларын таза не қазақша, не таза орысша жүргізіп жүр. Қазақша бағдарламаға барып «маған 30 немесе 40 пайыз орысша бер» деген жоқ қой. Оған қоса демеушілікпен айналысады. Қор ашып, қаншама ауру балаларға қаржылық көмек көрсетті. Қателеспесем, сіздердің газеттеріңіздің «Жыл адамы – Жыл меценаты» атанды ғой. Сол сияқты Бауыржан Оспанов деген бауырымыз бар. Оған да қазақша сөйлегеннен орыс тілі оңтайлылау секілді. Бүкіл бір ауылды жұмаққа айналдырып, демеушілік жасаған. Арақ дегенді аластатып, ауылды тегін қымызбен қамтамасыз етіп, спорт мектебін салып, жастарды спортқа баулуда. Сол ауылдың Жәнібек Әлімханұлы деген өрені әлем чемпионы атанды. Сол Бауыржан Оспанов та сіздердің «Қазақ үні» газетінің бірнеше жыл «Жыл адамы – Жыл кәсіпкері» атанды. Мысалы, соларға ешкім «неге қазақша сөйлемейсің» деп жатқан жоқ. Олардың да аузынан «мен көп жұмыс атқардым» дегенді естімеппіз.
– Дегенмен телеарналар мемлекеттік тапсырысты орындайды, сол үшін қаржы бөлінеді. Қаржы бөлінген соң оның орындалуы қадағалану керек қой?
– Менің ойымша, сол жағы кемшін қалып жатыр. Мысалы, жаңағы «Жанды дауыс» қазақша бағдарлама. Министрлікке есеп бергенде қазақша деп айдар тағылып жіберіледі. Ал оның ішінде не болып жатыр, онымен ешкімнің жұмысы жоқ. Бөлінген қаржыны телеарна басшылары өздері шешіп, тапсырысты өздері береді. Егер жоғары жақта бойында қазақтың қаны, жүрегінде жалыны барлар отырса, дәп осылай болмас та еді. Бүгінгідей әлеуметтік желіде қазақтарды бір-бірімен айтыстырып қоймай, туындаған мәселені күнделікті жұмыс барысында реттер еді. Ашығын айтқанда бұл олардың тікелей міндеті.
– «Жанды дауыс» қайтсе де жалғасады» деп, айқайлағандармен бірге «Қазақ үні» мен Қазыбек Исаны сотқа беру – қазақ тілін сотқа берумен бірдей» деп әлеуметтік желіде орынды ой айтқандар бар..
– Бұндай шешуші пікір, тура төрелік министрлік тарапынан айтылу қажет еді. Өкінішке орай, басшылар жағының дауысын естіген жоқпыз. Жаңағы қазақ тілін «сотқа беру» туралыны мен де байқадым. Өте орынды пікір. Мәселенің мәнісін түсінген адамның сөзі бұл. Қазақ тілі үшін күрескен адамды немесе газетті сотқа беру – қазақ тілін сотқа берумен бірдей емес пе?! Олай болса, қазақ тілін сотқа беретіндей басымызға не күн туды? Абзалы – айтылған сынды дұрыс қабылдап, бәріміз бірігіп қазақ тілінің көсегесін көгертуге ат салысқанымыз дұрыс-ау деп ойлаймын.
Сұхбаттасқан Зейнолла АБАЖАН
"Қазақ үні" газеті
Көзқарас
«ТРАКТОРШЫНЫҢ МАХАББАТЫ» ТУРАЛЫ ПІКІР
Бұл сериалдың сценарийі американдық, қала берді ресейлік кинолардан ұрлап алынғандығын бұған дейін де айтқанмын. «Бұл күнде кімнен кім ұрламай жатыр» деп оны жылы жауып қойдық. Енді, міне, аталған сериалдың алғашқы сегіз бөлімі қолымызға тиген соң бір үміт, бір күдікпен қарай бастадық. Қазақ тілінде делінген сериалымыз орысша басталды. Алғашқы серия түгелдей орыс тілінде. Сценарий нұсқасын бекіткенде «Тракторшының махаббаты» түгелдей қазақ тілінде болған. Жарайды, мұны түсіру тобының «Еларнаға» жасаған «тосынсыйы» деп қабылдайық. Бірақ, мұндай «тосынсыйлар» арықарай тоқтаусыз жалғаса береді. Ең сорақысы, ауыл өмірін суреттейтін сюжеттер кез келген көрерменнің намысына тиетін кадрларға толы. Ауыл тұрғындары таң атысымен арақ-шарап сататын дүкенге жүгіреді. Қазір іздесең емге таппайтын «портвейн-таласпен» оразасын ашып, ауыздарына келгендерін айтып, көк майсаға аунап жатады. Маскүнемде қайдан оңған түр болсын. Бірінің шалбарының ауы жыртық (режиссер мұны «крупный планмен» қайта-қайта көрсетеді). Басты рөлдегі Берік Айтжанның носкиі жыртылып, башпайы жылтыңдап көрініп тұрады. Бұл да қайта-қайта көрсетіледі. Жыртық шалбар, носкимен ауылды қорлау мұнымен бітпейді. Ауыл әкімі келген қонақтарына жас қыздарды «сыйлап», арақ ішкізіп күтеді. Бір сөзбен айтқанда кішкентай ғана ауылдың адамдары шетінен алқаш, қыздары жезөкше. Осынау жүрек айнытатын көріністерге жолдың бойына тоқтай қалып (кешіріңіздер), ыңырсып «сиіп» тұрған еркекті қосыңыздар. Тоқсаныншы жылдары үлкен дау туғызған «Новая волнаның» режиссерлері де ауылды бұлай қорламап еді... Ол кезде ауылдың жағдайы солай болғаны рас. Ал, қазір жағдай басқаша. Ауыл имандылыққа бет бұрған. Ауыл жұмыс істей бастады. Арақ ішіп жүрген жастар ауылда қазір көрінбейді. Есентаеваның кино түсіру тобы «ауылдың иісі мұрындарына бармайтындықтарын» көрермен алдында тағы да бір дәлелдегендей. Сериалдағы оқиғалар Тәуелсіздік алғанына 20 жылдан асқан елде болып жатқанын, сол елдің Президенті ауылдың жағдайы жақсарып келе жатқанын жыл сайынғы Жолдауларында атап көрсетіп жүргенін ескерсек фильм авторларының ұстанған позициясы түсініксіз. Сериалдың сценарийі бекітілгенде жоғарыда айтылған жайттар мүлде болған жоқ. Оның үстіне Көркемдік кеңес «түсірілім үлгілі ауылда болуы тиіс» деген талап қойған. Ал, боқауыз сөздер, арақ-шарап жөнінде продюсер Гүлнұр Мамасариповаға мен жеке өзім ескерткенмін. Нәтижесінде, көркемдік кеңестің ескертулеріне ешкім пысқырып қарамаған, бекітілген сценарийде жоқ сюжеттер сериалға еніп кеткен. «Ескертулерін ешкім құлаққа ілмейтін Көркемдік кеңес қажет пе?» деген сауал туындайды осындайда. Жалпы, киноның идеология құралы екендігін ешкім жоққа шығармас. Ақпарат және Мәдениет министрлігі жыл сайын орасан қаржыны тәрбиелік мәні бар фильмдер үшін бөледі. Телеарна басшыларынан да осыны талап етеді. Көркемдік кеңес те осы мәселені қадағалап отыруы тиіс. Осы сериалға байланысты пікірлеріме кейбір әріптестерім «Ну и что? Нормально же!» дегендей жауап берді. Мүмкін шынымен де «Нормально!» шығар... Мүмкін мен «бүйректен сирақ шығарып отырмын»... Көріңіздер... Пікірлеріңізді айтыңыздар...Арман СҚАБЫЛҰЛЫ Бас продюсердің орынбасары
19 тамыз 2013 жыл