Назарбаев халықаралық қоғамдастықты жоғалып бара жатқан Арал теңізіне көмектесуге шақырды
2015 ж. 28 қыркүйек
4498
31
Орталық Азия елдері Арал теңізі мен Семей ядролық сынақ полигонының экологиялық проблемаларымен күресте көмек күтеді. БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші мерейтойлық сессиясы аясындағы «Пост-2015» саммитінде сөз сөйлеген елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді.
«Қазақстан мыңжылдықты дамыту мақсаттары мен міндеттерін орындауда жақсы жұмыс істеді. Бүгінгі күні атқарылған жұмыстар жайында айтуға болады. Біріншіден, біз мемлекеттілік негізін нығайттық, азаматтық қоғам дамуы үшін жағдай жасадық. Екіншіден, елдің ЖІӨ-сі 19 есе өсіп, біздің халқымыздың жан басына шаққандағы табысымыз 13 мың АҚШ долларына жетті. Үшіншіден, қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 71 жастан асып жығылады. Кедейшілік деңгейі 34-тен 4 пайызға, 11 есеге төмендеді. Ана мен бала өлім-жітімі деңгейі 65 пайызға азайды. Біз ЖИТС, безгек, туберкулез сынды аурулармен күресте айтарлықтай нәтижеге қол жеткіздік», – деді мемлекет басшысы.
Президент төртіншіден, Қазақстан парникті газдар шығарындыларын қысқартып, ғаламшарымыздың биологиялық алуантүрлілігін сақтау үшін қамқорлық жасап отырғандығын баса атап өтті.
«Біздер «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасын бекіттік. Жоғалып бара жатқан Арал теңізінің проблемасы тек біздің өңірге ғана емес, сонымен бірге бүкіл әлемге қауіп төндіруде. Оның тартылуы салдарынан жыл сайын 75 млн тоннаға дейінгі шаң-тозаң мен улы тұзды жел әуеге көтеруде. Бүгінде олар Еуропада, тіпті Антариктида да табылуда. Дүниежүзілік банктің қолдауымен біздер Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіре алдық», – деді Назарбаев.
Сонымен қатар елбасы Қазақстан БҰҰ-мен және халықаралық қоғамдастықпен бұрынғы Семей ядролық полигоны аймағын қалпына келтіруде белсенді ынтымақтаса жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті.
«Орталық Азия елдері өңірдің аталған экологиялық проблемаларымен күресу үшін көмек күтеді», – деді Назарбаев.